Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
46 - сөз 2779 5 пікір 11 Тамыз, 2023 сағат 14:27

Абай туралы заңгерлер не дейді?

Абай туралы заңгерлер арасында алғаш тоқталып, сөз қалдырған академик Салық Зиманов болса керек.

Менде өзімнің «Алаш заңгерлері» атты кітәбімда 19 ғасыр заңгерлері қатарында Абайды атадым. Абайдың заманы Ресейдің қазақ жерін толық жаулап, қазақтың дәстүрлі билік жүйесі, оның ішінде билер соты да бар, европалық құқық жүйесіне көшіп жатқан кез. Ендігі жерде қаласаңда қаламасаңда жаңа жүйе, жаңа заң талабына бағынуың керек. Абайдың «қайран елім, қазағым, қайран жұртым» деп келетін өлеңінде, «өзімдікі дей алмай, өз малыңды» дейтін жолдар сол кезеңді бейнелесе керек.

Абай саналы өмірін болыстыққа арнап, талай дау-шарға араласады. Сол тәжірибесінің арқасында қазақ даласына орыс заңгерлері жазып берген жаңа заң, ереженің кем-кетік тұстарын тез аңғарып, әйгілі Қарамола сьезінде ережеге өзінің 74 поправкасын енгізеді. Қазіргі заманмен салыстырсақ, Парламент депутатының заң шығарушылық функциясын атқарды десе болады.

Кеше үлкен жолда көлік рөлінде болып фейсбукке кіруге де, пост жазуға да қолым тие қоймап еді, бүгін таңмен шолып отырып Елеужан Серімов ағамыздың мына жазбасына тап болдым. Елеужан аға Абайдың белгілі дауда (сот процесінде) сөйлеген сөзіне, яғни шешендік қырына тоқталыпты. Ары қарай Елекеңнің жазбасы:

М. Әуезовтiң «Абай жолы» романында бейнеленетiн Салиқа қыздың дауындағы төбе би ретiнде Абайдың айыптай сөйлеген сөзiн, сөз сөйлеудiң классикалық талабына сай, мәтiндi кiрiспе бөлiм, негiзгi бөлiм, қорытынды деп бөлiп көрелiк.

(Кiрiспе бөлiм):

« – Уай, жағалай жұртым! Ортаңа менi қойыпсың. «Тетiгiмдi тап, тынымымды бер» деп қойыпсың. «Сынға салдым, жарықшағыма жамау бол, сына бол» деп сенiпсiң. Арылып өтер жөнiм бар. Бiр айтарым, Тобықтыдан туғаныммен екi бауыр, екеуiнiң iсiңе Тобықтының тұрғысынан қарар деме. Тағы бiр айтарым, бар қазақта жесiр дауы — жетi ықылымнан келе жатқан дау. Заман озып, заң тозатыны рас па? Содан ба, болмаса дау бiреу болғанымен, дауа көп болғандықтан ба, әйтеуiр бiздiң тұсымызда, дәл осы заманымызда бұл халыққа сын болғандай. Келеге сын, нәсiлге сын болғандай деп түсiнемiн. Мiне, ағайын, сенiң алдыңда өзiме осында асу қып атаған екi тұғырым бар. Айтар билiгiмнiң қыбласын осыдан ұқ дер едiм. Бұдан басқа, баспалап бағар, өзге себебiм жоқ. Барлап барар, сендер қамыңнан өзге бағытым жоқ.

(Негiзгi бөлiм):

«1. Әуелгi түйiн — Салиқа қыз басы. Жақсы жол — елге жора. Мен, баяғың ненi желеу, ненi жамау тапқанын бiлемiн. Жаңа ұрпақ жаңа тiлекпен келедi. Жас боп туып, жетпестен күңiренiп өтем деп келмейдi. Жаңа күн өзiнiң жаңа жорасын, жаңа тiлегiн жас көңiлiмен айтады. Оған құлақ iлмеген елдiктiң дауасын таппай, аласын табады. Бұл қыз болса, тағдыры бiр жазалаған қыз. Теңiнен айырылып, тiлегiнен кесiлген қыз. Ата-анасы, қайын жұрты бiр атаған орнынан жас көңiлiн тапжылтпай табылған-ды. Бiрақ өмiрге екi өлiм бұйырған тәңiр тағдыры да жоқ. Сабатар тiлегi сол қыз басына екiншi өлiмдi қанды ноқта қып ұсынып отыр. Бұл ақ ноқта емес, қайта айтамын — қан ноқта. Қыз өлiмге бар, бұл өмiрге жоқ. Жиын отырған жұрт, бәрiң де — апа-қарындас, қыз-қыршын бар. Төрт арыстың жиыны, жора болсын деймiн кейiнгiге. Бiр жанға екi күймек — әдiлет емес. Алғашқыда саған берген еркiн, халық, ендi қыздың өзiне берсiн. Қыз басы — Сыбаннан азат. Бұл — менiң бiрiншi байлауым.

2. Сыбанда да жазық жоқ. Өлiм — ел жазасы емес, ер қазасы, дауа жоқ. Мал бергенi, ақ тiлекпен қызығын күткенi анық едi. Бiрақ өлiм орнын өз олқысымен толтыру керек. Салиқа қыздың қалың малы жеткен, ақы адал мал болатын. Керей, оны алдың. Бiр алмадың екi алдың. Басында алғаш алған қалың малың да аз емес едi. Елу түйенiң пұлы. Кейiн қызыңды ықтиярына қарамай, «қартаң кiсiге барады, қатын үстiне барады» деп сылтауратып, тағы алдың, тағы да көп алдың. Бұл тұста Сыбан жазықты емес, араныңды ашқан, Керей, сен жазықтысың. Ендеше, адал бата, ақ малдың орайына қыз иесi Керей Сабатарға екi қыздың қалың малын берсiн. Алғаш алғаны елу түйе, кейiн еселеп алғаны жиырма бес түйе екен. Мен әрi Сыбан алдындағы, әрi өзiнiң қызының алдындағы жазығы үшiн Керейге тағы жиырма түйе айып кестiм. Сөйтiп, Керей екi қыз қалың малын жүз түйе қып қайырады. Қожагелдi мен Шақантай Сыбан алдында айыпты екi ата тең тартады. Бұл екiншi түйiн.

3. Мен бес күн бойында, осы қыз дауынан туған шығын-шабуылдың екi жағын да шолып танып, қолыма жиып отырмын. Барымта қуғын үстiнде Керейдiң екi жүз жылқының ақысы Сыбанға ауысқан. Жүз жетпiс жылқының тобы Керейге ауысқан. Сол барымта малы, көзi барының көзi боп, көзi жоғы әр жылқының тұяғы бiр бестi боп, екi жаққа ерсiлi-қарсылы қайта ауыссын.

(Қорытынды бөлiм):

Мiне, ағайын, ел бiрлiгiнiң тiлегiнен туған, менiң талабым, тоқтау сөзiм де осы. Мен болдым».

Төбе би Абай әрi кесiм-билiк шығарар судья, әрi айыптаушы бейнесiнде сөйлейдi. Әкесi Құнанбай билiк айтуға баладайынан баулыған Абай даулы iстiң қыр-сырына әбден жетiк. Сұңғыла шешен Абай ел iшiнде ынтымақтан айырар алып-қашпа әңгiме туындамас үшiн ең әуелi позициясын айқындап алады. Абай сөзiнде классикалық айыптау сөз элементтерiнiң бәрi де бар: болған iстiң мән-жайына әбден қанығып, ақиқатқа көзiн жеткiзiп, келтiрiлген дәлелдемелердi анықтап, қылмыстық iстi сарапқа салып барып үкiмді негiздейдi. Ел бiрлiгi тiлегiнен туған iстiң тәрбиелiк жағы да Абайдан қалыс қалмайды. Күнәкер жағы жазаланып, қызын сатқан құныкер жағы да жазасын тартады.

Абзал Құспан

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар