Сенбі, 2 Желтоқсан 2023
Қайнайды қаның... 2158 5 пікір 9 Тамыз, 2023 сағат 12:52

Қазақ қоғамына төнген жаңа қауіп - Ресейдің соғыс символдары!

Қостанайда кейінгі кездері сепаратистердің қатарын Ресей басқыншыларының «азаттық соғысын» дәріптеушілер толықтырып жатыр.

Жақында осындағы орыс этникасы басым Рудный деген қалада жеңіл автокөлігіне талай жұртқа жеккөрінішті көрінетін атақты «Z» таңбасын жапсырып алып, тайраңдап жүрген «дядя Вованың» тілектесі жағасы жайлауда, тайраңдап жүрген көрінеді. Оны ұлтжанды қазақ жігіті ұстап алып: «Бұл бізде соғысты насихаттаудың белгісі болып табылады, сондықтан алып тастағаның жөн» десе, әлгі мықтың: «Қазақстанда бұған тыйым салатын заң жоқ», деп бой бермейтін көрінеді. Шақырған полиция да дәрменсіз. Мұны да аз десеңіз, облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі аталмыш жүргізуші тарапынан ешбір құқық бұзушылықтың орын алмағандығын салтанатты түрде мәлім етті. Бұған енді күлесің бе, әлде, жылайсың ба?

Дегенмен, кейінгі кездері осынау қиын түйінді шешуге деген бір жақсы ниет байқалады. Жақында еліміздің Бас прокуратурасы осы соғысты ашық насихаттайтын символ есебіндегі «Z», «V» белгілерін, кезінде жұрттың бәріне жексұрын болған «Георгий лентасы» дегендерге тиым салу жөнінде бастама көтерді деген ақпарат шыққан. Әрине, бастама заң емес, ол құқықтық негізге ие болғанша біраз уақыт керек. Оның үстіне, бұл ойымызды жаулық ретінде қабылдаған қызылкөз Ресей тарапынан «тәйт» деген емеурін байқалған секілді. Арада күн өтпей жатып, аталған ақпаратты терістеген ресми жауап жария болды.

Алайда, Ресейдің тәуелсіз Украинаға қарсы бастаған соғысын өз атымен атап, оның белгілерін өз елімізге таралуына тосқауыл қою – бұл қазақ қоғамының талабы! Сонда ғана өздерін Ресейде жүргендей еркін сезініп, сол соғыстың символын көліктеріне қыстырып қоймаса, бойына ас батпайтын ниеті бұзықтардың аузына құм құйылып, жолы біржолтата кесілер еді.

Керек десеңіз, Ресейдің соғыс символдарына тыйым салмаудың арты ертең Қазақстанның азаматтық қоғамында түрлі әлеуметтік араздықтарға себепші болатыны анық!

Жайберген Болатов

Abai.kz

5 пікір