Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3520 0 пікір 17 Маусым, 2013 сағат 05:14

Ұлттық қолөнер Ырзаның ырысы болып отыр

Бұл күнде ине сабақтап, кесте тiккен жанды кездестiру қиын.
Сондайда ою ойып, сырмақ сырған, түн қатып, талай түскиiздiң басын қайырған кезiндегi алтынқол әжелерге қайран қаласың.
Өрнегiн қиыстырып, кесте бiзiн қол ермек еткен жандардың өнегесiнен қа-зiр кiмдер үлгi алды? Әсiресе, ұлттық бұйымға келгенде, ондай өнегелi ұрпақтың қатары аз ба деп қаласың.
Iстiң адамы үшiн ерiншектiк жат. Икемдiлiкпен үндесетiн ою-өрнек те тiгiншi шыдамдылығын шыңдайды. Жасыратыны жоқ, көненiң көзi, қария әжелер бiр күнде бiрнеше сырмақ сырса да, ешкiм таңғалмайтын. Өйткенi, мұндай қасиет сол кездегi әр әйелге тән болды. Бәрi де – бес саусағынан шеберлiгi көрiнетiн iскер. Ең бастысы, өз дүниесiн қадiрлеген қасиеттi жандар. Ал қазiр ұлттық бұйым көрсек болды, құрақ ұшып, риза боламыз. Оның өзiндiк себептерi де бар…

 

Бұл күнде ине сабақтап, кесте тiккен жанды кездестiру қиын.
Сондайда ою ойып, сырмақ сырған, түн қатып, талай түскиiздiң басын қайырған кезiндегi алтынқол әжелерге қайран қаласың.
Өрнегiн қиыстырып, кесте бiзiн қол ермек еткен жандардың өнегесiнен қа-зiр кiмдер үлгi алды? Әсiресе, ұлттық бұйымға келгенде, ондай өнегелi ұрпақтың қатары аз ба деп қаласың.
Iстiң адамы үшiн ерiншектiк жат. Икемдiлiкпен үндесетiн ою-өрнек те тiгiншi шыдамдылығын шыңдайды. Жасыратыны жоқ, көненiң көзi, қария әжелер бiр күнде бiрнеше сырмақ сырса да, ешкiм таңғалмайтын. Өйткенi, мұндай қасиет сол кездегi әр әйелге тән болды. Бәрi де – бес саусағынан шеберлiгi көрiнетiн iскер. Ең бастысы, өз дүниесiн қадiрлеген қасиеттi жандар. Ал қазiр ұлттық бұйым көрсек болды, құрақ ұшып, риза боламыз. Оның өзiндiк себептерi де бар…

 

Астанада дәстүрден танбай, қолөнердiң қадiрiн арттырып, заманауи технология тiлiмен үндестiрiп жүрген кәсiпкерлерiмiздiң бiрi – Ырза Тұрсынзада.
Ине мен жiптi жанына серiк еткен кейiпкерiмiз қөлөнерге бала кезден құштар.
Әжесi Тұрарбай кимешек шетiне маржандай өрнек салып, жылтыратып тiккенде қызыға қарайтын. Баланың ынтасын байқаған қария мұны қасына шақырып алып, паршадағы жылтыр жiптердi суыртып қояды екен.
Ырза жiптi барынша ұзын алып шығады. Онысы – бiр рет сабақтасам дегенi. Ал әжесi: «Мынау – жалқаудың iсi. Сен кестең тез жүрсiн десең, жiбiңдi қысқа сабақта» дейдi екен. «Соның мәнiсiн мен кейiн түсiндiм», – дейдi өнегелi iстiң шеберi.
Қазақ кесте тiгудiң мәнiсiн қыз тәрбиесiнiң құрамдас бөлiгi деп қараған. Алты ұлдың iшiндегi жалғыз қызға әжесi тiгiншiлiктi ғана үйретiп қоймай, «қызым, iсiң мiнезiңе сай болсын. Iсiңе қарап, үлкендер қандай екенiңдi бiледi. Үлкендi сыйла. Жақсының сарқытын iшсең, жаман болмайсың» деп ұлағатты сөзiн үнемi айтып отыратын.
Жақсының сарқыты дегенде мына жайт еске түседi.
Ырзаның әкесi Тұрсынзада Есiмжанов – есiмi елге белгiлi ақын. Шығармашылық адамының үйiнен қадiрлi қонақ үзiлсiн бе? Қазақтың маңдайына бiткен талай марқасқалар осы үйден дәм татады.
Бiрде әкесiмен бiрге өзiнiң сүйiктi жазушысы Ғабит Мүсiрепов ерiп келедi. Ырзаның 7-8 сыныпта оқитын кезi. Мәз болып қуанғаны сондай, анасымен бiрге дастархан жаяды. Бiраздан соң ет тартылады.
Қоңыр үнге салып, баяулата сөйлейтiн Ғабең әңгiмесiн айта отырып басты мүжидi. Сосын миын алып, әркiмнiң табағына қасықпен сала бастапты. Кезек Ырзаға келгенде, есiк жақта тұрған қыз жүгiрген күйi барып, Ғабеңнiң қолындағы қасықты алмастан, аузын тосып, миды жеген екен. Әжесiнiң «жақсының сарқытын iшсең, жаман болмайсың» дегенiн ырымдаған түрi.
Ертесiнде әкесi: «Балам, кеше Ғабеңдi ыңғайсыз жағдайға қалдырдың. Сөйтуге бола ма екен?» десе, қыз: «Мен әдейi ырымдап жедiм. Ағаларым сияқты асқарлы болсам деп армандаймын» дептi.

 

Ол құрақ құрағанды жаны сүйетiн.
Таңнан-таңды атырып, көрпе тiгiп отыра бередi.
Кеңес өкiметi кезiнде де Ырза жас болса да, қазақы бөлме жасауға жаны құмар болыпты. Ескi сандықты сәндеп, құрақ көрпе тiгiп, әйтеуiр, анасының тiгiн машинасын ерте иемденген.
Бiрде анасы қымбат жапондық матадан тiгiлген перде алып келедi. Терезеге iлiнген перде Ырзаның көңiлiнен шықпайды. Анасы жұмысқа кеткен кезде ол перденi алып, қырқып, қайтадан сәндеп тiккен екен. Әбден тiгiп болғаннан кейiн ғана: «Анашым не айтар екен» деп ойланады.
Кешкiсiн жапондық пердесiнiң түрiн көрген анасы: «Ойбай-ау, мынау не iстеп қойған деп» шыж-быж болады. Сонда әкесi: «Матаның қымбат-арзанын қайтейiн, бiрақ перде ендi сәнiне кiрiптi» деген екен. Келiнiнiң қарсы келмесiн бiлген әжей де: «Болды, бұзып-жармаса, қайдан iстiң мәнiсiн бiлсiн. Осылай үйренедi. Тиме!» деп бiр-ақ бұйырыпты.
– Iсмерлiк – қазаққа тән қасиет. Кесте, сырмақ, құрақ көрпе болсын, көз майыңды тауыса отырып бiтетiн iс. Тiгiншiлiктi икемi бар адам ғана меңгередi. Әсiресе, ұлттық бұйымдарды бүгiнге сай етiп қайта жаңғыртып, тiгу күн өткен сайын сұранысқа ие. Маған дос-жарандарым: «Ырза бiзге шетелдiң кәкiр-шүкiрiнен гөрi, өз қолыңмен жасаған дүниеңдi ала келсең» деп өтiнiш айтады. Халықтың ұлттық бұйымға деген қызығушылығы Астанада осы кәсiптi жандандыруға себеп болды. Бiраз ойланып, оның са-пасына аса мән берiп, заманауи стильмен ұштастырдым. 2009 жылдан бастап қыздың жасауын, үйдi қазақша сәндеу бойынша «Алтын Орда» компаниясы жұмыс жасап келедi, – дейдi кейiпкерiмiз.

Ырза Тұрсынзаданың мамандығы – биология пәнiнiң мұғалiмi. Ұлттық өнерге жастайынан қанық кейiпкерiмiз қыз жасауын, кестелi ұлттық киiмдер, қазақы той көйлегi, бөрiк, кеудеше тағы басқа да бұйымдар жасайды. Үй сәндеуге де сұраныс күштi.
Өз iсiне аса ыждаһаттылықпен қарайтын Ырза апай әр бұйымды тiгерден бұрын оның тарихын зерттейдi. Бұл тiгiлетiн бұйым жаңа заманға сай жасалса да, оның түпкi негiзi, тарихи тамыры сақталса дегенге саяды.
«…Ана көрген тон пiшер» демекшi, Ырза Тұрсынзада iсмерлiгiмен аз уақытта тек алыс-жақындарын ғана емес, шетелдiктердi де тәнтi еттi. Алысқа жиi шығып, әлемдегi моданың тыныс-тiршiлiгiн бақылап қайтады. «Маржан тiзiп, оюмен өрнектеген дүниеге шетелдiктер де қатты қызығады. Қолына алып бастарын шайқап, ризашылықтарын жасыр-майды. Сән мен сапаны шертiп тұрып таңдайтын атақты дизайнерлер қазақы дүниелердiң көп элементтерiн өз үлгiлерiнде көрсеткiсi келетiндiгiн айтып, ұсыныс та жасады. Сондықтан, бұл бұйымдардың матасы мен әсем тастарын қымбат болса да, шетелден арнайы тапсырыспен алдыртамын», – дейдi тiгiншi.

Iсмердiң әр дүниесi көздiң жауын алады.
Ырза Тұрсынзада «Қыз Жiбек» фильмiн қайталап көруден жалыққан емес. «Мен одан қазақтың бар болмысын, қасиетiн сезiнемiн» деген кейiпкерiмiз. Жуырда ол «Қыз Жiбек» атты дөңгелек төсек пен екi жасқа арналған жаңа авторлық дүниелер жасапты.
Қазақтың жанына дөңгелек дүние жақын. «Бұрышта жын-шайтан тұрады» деп ырымдаған ата-баба үйiн де, үстелiн де тегiнен-тегiн дөңгелек етпеген. Сол ырымды ұстанған кейiпкерiмiз «Қыз Жiбек» атты екi жасқа арналған төсегiн бiрнеше көрмелерге қойыпты. Бұл авторлық жобаға қазiр сұраныс күштi.
Ол тапсырыс алған кезде, тұтынушының салт-дәстүрден қаншалықты хабардар екенiн байқап көредi. «Маңғыстаулықтар дәстүрдi дәрiптеуде алдына жан салмайды» дейдi ол батыс өңiрде салт-дәстүрдiң көп реңi сақ-талғанын мақтанышпен жеткiздi.
Дәстүрге сай қыз жасауын қазiр де бередi. Бiрақ дәстүр деген аты болмаса, бұл жасаудың реңi солғын, бояуы бұлыңғыр. Өйткенi, қызының төсек орнын қазiр көбiсi шетелдiң жиһаздарымен, қымбат төсек-орынмен ауыстырған. Амал нешiк, бүгiнгi дәстүрдiң болмысы осындай.
– Қазақ қызына қолдан тiгiп, түйе-түйеге тиеген қоржынның мәнiсi зор. «Анасын көрiп, қызын ал» дегендей, ана осы рәсiммен қызына қаншалықты тәрбие бергенiн, ауылының қандай екенiн жеткiзген. Бiр сөзбен айтқанда, бұл қоржын – оңды-солды дүние шашу емес, екi жақтың бiр-бiрiмен етене араласуы үшiн жасалған жоралғы.
Қазақтан қалған қай рәсiм, дәстүрдiң астарында айтылмаса да, астармен жеткiзiлген тапқырлық жатыр. Мiне, ұлттық бұйымның басты ерекшелiгi осы, – деген кейiпкерiмiз дәстүрдi бүгiнгi заманның тынысымен үндестiре бiледi.
Iсмер бастаған қыз-келiншектер қыз жасауын 1-2, кейде тiптi, 3 айға дейiн жасайды екен. Алдымен «Махаббат көрпесi», одан кейiн әсем тастармен көркемделген қос жастық, екi жер жастық, үкi жастық, құда қоржын, қыз әмияны, бата кiлем, төркөрпе, күйеу көрпе, шай көрпе, тағысын тағы деген-дей кете бередi. Ең соңында, бәрiн әдемiлеп салу үшiн шабадан жасалады. Ол да матадан, таспаларды қолмен көмкеру арқылы тiгiлген.

Қыз әмияны – Ырза Тұрсынзаданың айтуынша, XVII-XVIII ғасырларда байлардың алтын-күмiс, жауһар тас салып, бiр-бiрiне сыйға тартқан бұйымы. Қыз ұзатылғанда да қолданылған. Сондықтан қазiргiдей шетел-дiк пудлиярдан гөрi, қазақы әмиянмен қызға тарту жасаған әдемi көрiнбек.
Бiздiң «Үкi жастыққа» көзiмiз ерекше түстi. Үлкендер «қызымның жа-сауын үкiлеп апардым» деп жатады. Үкi – қазақ үшiн қасиеттi құс. Сондықтан құс қауырсынындағы бедердi құран сөзiне балаған халық «көз тимесiн» деп баланың бесiгiне, бас киiмiне таққан. «Сондықтан мен де салт-дәстүрдi ұлықтап, «Үкi жастыққа» ерекше мән бердiм. Үкiнiң боялған түр-лi-түстi қауырсындарын шетелден тапсырыспен алдыртамын», – дейдi автор.
Бiз бұл орайда, Ырза Тұрсынзаданың өз iсiне қандай отандық тауарларды пайдаланатындығын сұрап қалдық. Жастықтардың iшiне салатын мамықтарды Қарағанды зауытынан, ал киiздердi Талғар зауытынан тапсырыспен алдыртады екен.
Бiз қолдан тiгiлген кестелердiң iшiнен «1967, 1953 жылы тiгiлген» деген жазуларды көзiмiз шалып қалды. Сөйтсек, iсмер апайымыз алыс-жақын жерлердi аралап, мұндай көне дүниелердi жинауды да жақсы көредi екен. «Бұлар сатылмайды. Оларды Оңтүстiк өңiрлерден өзiм iздеп жүрiп тауып алдым. Жастық-көрпелерге қосып, сәндеп сақтайтын боламын. Өйткенi мұндай дүниелер қазiр азайып кеттi», – дейдi апайымыз.
Елбасы Н.Назарбаев шағын және орта бизнес өкiлдерiн қолдау мақсатында шетелдерге iс-сапары кезiнде олардың таңдаулы дегендерiн бизнес-элитаның құрамында ертiп жүредi. Солардың бiрi болған Ырза Тұрсынзадақызы Елбасының арқасында көп жерлердi аралап, көргенiн ай-тып қалды. Ұлттық бұйымдарымызды алыс-жақын шетелдерге алып шығып жүрген де осы кiсi екен.

Abai.kz

0 пікір