Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2222 0 пікір 17 Маусым, 2013 сағат 05:11

Галина сәбиін бесік жырымен тербеткісі келеді

Отанымыздың мемлекеттік саясатында геосаяси салмағы зор біздің облыста ұлты өзге отандастарымыздың мемлекеттік тілді меңгеруге деген ынта-ықыласы жыл санап арта түсуі, бұл ішкі-сыртқы тұрақтылықты нығайтуға қызмет ететін өте маңызды қоғамдық-саяси фактор.
Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының бізге жақында берген мәліметіне қарағанда, 2012-2013 оқу жылында ұлты қазақ емес 471 оқушы мемлекеттік тілде білім беретін мектепте білім нәрімен сусындаса, 749 орыс өрені һәм ұлты өзге 258 балдырған қазақ тілінде тәрбие алған. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда көш ілгері көрсеткіш. Немерелері мен ұл-қыздары мемлекеттік тілдегі мектеп-балабақшаларға баратын ата-аналардың арасында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елена Тарасенко, «Қазармапром» АҚ-ның бас директоры Станислав Качало сынды танымал тұлғалар бар екендігін біз бұрындары жазғанбыз. Сондай-ақ мемлекеттік тілді меңгеруге ден қойғандардың арасында өз әріптестеріміз, яғни журналистер де баршылық. Мәселен, солардың бірі алдағы күзде шыға бастағандығына 95 жыл толатын Батыс Қазақстан облыстық «Приуралье» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Галина Самойлова.

Әлқисса, Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық-саяси «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттеріне қоса, аудандық газеттердің басын қосып отырған «Жайық Пресс» ЖШС-ның биылғы мекемелік Наурыз-думаны өтіп жатқан-ды. Әр ұжымның өкілдері өз өнерлерін көрсетіп әріптестер ел жайлауға көшкендей мәре-сәре. Бір кезде шараны жүргізуші жігіт, – «Приуралье» газетінің тілшісі Галина Самойлова Абайдың әні «Желсіз түнде жарық айды» шырқайды,-дегенде жұрт сілтідей тынды. Әрине, Галяның өзімізбен күн сайын қазақша амандасатындығына құлақ та, көз де үйренген. Алайда Абайдың әнін нақышына келтіріп шырқау таңсық көрінгені рас. Ән аяқтала келе Наурыз-думанға жиналған қауым ду қол соқты. Содан бері Галя әріптес-қарындасымызды емен-жарқын әңгімеге тартуды ойлап жүргенбіз. Соның сәті төл мерекеміз –Журналистер күні қарсаңында түсті.

– Ақтөбе шаһарында өмір есігін ашқанмын. Әкемнің бүкіл туысқаны Оралда тұратындықтан 1996 жылы осы қалаға отбасымызбен қоныс аудардық. Әкем Олег Анатольевич жұмысшы табының өкілі, ал анам Наталия Георгиевна – балалар дәрігері. Мен 2005 жылы Оралдағы №20 мектепті тәмамдап, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетіне орыс тілі-орыс әдебиеті бойынша оқуға түстім. Бүгіндері грант жүйесі бойынша БҚМУ-дың магистратурасында оқимын. Жалпы өзім мектепте оқып жүргенде орыс тілі мен орыс әдебиеті бойынша пәндік олимпиадаларға жиі қатысып, филология бағытында білім-білігімді нықтай бердім. Оның үстіне керемет педагог, орыс тілі мен орыс әдебиетін оқытудың нағыз шебері Кофанова Вера Павловнаның жетекшілігімен біз мектепте «Школьная жизнь» атты газет шығарып тұрдық. Бұл менің сөз өнеріне деген ынта-ықыласымды арттыра түсті. Негізі әу баста сіңлім Оля екеумізді әдебиет әлеміне анам жетеледі. Анам бізге 2-3 жасымызда Пушкин ертегілерін оқып беретіндігі әлі күнге дейін жадымда. Мен бастауыш класта оқып жүргенде біздің үйде «Әлем халықтары ертегілерінің антологиясы» атты кітап болды. Осы жинақта маған қатты ұнаған төрт дәруіш туралы қазақ ертегісі бар-ды. Өз басым қазақ әдебиетінің табалдырығын оқырман ретінде осылай аттадым. Ал менің қазақ тілін меңгеруге деген қызметтес апайларға және Альбина, Дамира, Динара секілді қызметтес құрбыларыма өте ризамын,-деп бір қайырды Галя әріптесіміз. Мұнан кейін Галя алдынан Абай әлемі қалай ашылғандығын баяндауға көшті.

 – Жетінші класта оқып жүргенде қазақ әдебиеті пәні бойынша «Абай жолы» романынан «Үйіне асыққан бала» атты үзінді өттік. Бұл тарауда бала Абайдың өзінің Жиренше досымен медреседен үйіне сағынышпен оралып келе жатқандығы, үйіне асыққан болашақ ұлы ақынды әжесі Зере мен анасы Ұлжанның қарсылауы суреттеледі. Бұл оқығанымыз хрестоматиялық үзінді болғандықтан енді менің аңсарым романды түгел оқуға ауды. Менің бағыма орай «Абай жолы» біздің үйде бар болып шықты. Маған әсіресе, Қодардың өлімі, Абай мен Тоғжанның өмір жолдарының екіге айрылуы, кейін Абайдың Әйгерімге жолығуы, ұлы ойшылдың өмірінің соңғы кезеңінде ол шеккен қат-қабат қайғы-қасірет қатты әсер етті. Ал 10-11 класта мені Мағжанның махаббат лирикасы еліктірді. Қазір өзім биылғы Наурыз мейрамында сыйлыққа алған Мұхтар Мағауиннің шығармалар жинағын оқудамын. Егерде маған әлі мағынасы беймәлім сөздер ұшырасса, қазақша-орысша сөздікке жүгінемін.
Менің ойымша, мемлекеттік тілді меңгеру нағыз, шынайы қазақстандық екеніңді дәлелдейтін басты шарттың бірі. Оның үстіне ұлты өзге отандастарымыздың қазақ тілін үйренуі, Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай барша қазақстандықтың ынтымағын нығайтып, ырысын молайтуға қызмет ететіні шүбәсіз, – дейді бойжеткен.

Өзі де, жаны да сұлу біздің бүгінгі кейіпкеріміз тағам дайындау, іс тігу, гүл өсіру секілді үй шаруасын үлкен ынта-ықыласпен атқарады екен. Жақында ғана жиырма беске толған Галяға осыдан бір ай бұрын Санкт-петербургтық өзі заңгер, өзі кәсіпкер жігіт құда түскен. Осы рәсімнен кейін Қазақстанның болашақ күйеу баласы қалыңдығын Нева жағалауындағы қалаға саяхатқа шақырғанда Галя оған қазақтың басты ұлттық тағамы ас пісіріп берген екен. Енді болашақ отағасына біздің Галя қазақша үйретіп жүрген көрінеді.

– Құда түсу барысында күйеу жігіттің жағы қазақы салт-дәстүрге сай менің құлағыма сырға салды. Келешек келін, болашақ ана болғандықтан осы күні мен «Мюзикола» тобының әншісі Карина Абдуллина шырқайтын бесік жыры бағытындағы «Әй-әй, бөпемді» үйренгім келіп жүр,-деп жымиды сұңғақ бойлы славян сұлу. Біздің қыздың жүрегіне мейірімділігі және мәдениеттілігі арқылы жол тапқан күйеу жігіт енді Нева бойындағы сұлу шаһар Санкт-Петербургке ерке сылқым Ақжайықтың аруын әкетпек.

Abai.kz

0 пікір