Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 4300 0 пікір 14 Маусым, 2013 сағат 05:06

Ахметбек Нұрсила, кәсіпкер: Демеуші кімді демеуі керек?

– Мейрамханаларда сыра ішіп отырған бауырларыңызды қымызханаға бет бұрғызсам деген арманыңыз қаншалықты орындалуы мүмкін? Сол жолда қандай шаруалар атқарылуда?

– Мейрамханаларда сыра ішіп отырған бауырларыңызды қымызханаға бет бұрғызсам деген арманыңыз қаншалықты орындалуы мүмкін? Сол жолда қандай шаруалар атқарылуда?

–  «Күштінің арты диірмен тартады» деген рас. Шетел өзінің сырасын біздің әр дүкеніміздің сөресіне самсатып, мейрам­ханаларындағы жастарымызды тамсантып қойғанына да біршама жыл болды. Қанымызға, ділімізге сіңіп бара ма деп қорқамын. Мыңдаған жылдар бойы, сол сыраның орнына қасиетті асымыз, сары балдай қымызды ішіп өскен бабаларымыз екі беті нарттай болып, Сексенбей, Тоқсан­байларды дүниеге әкелдіріп еді. Қазіргі кезде әлемдік медицина сыраның ерлер­дің потенциясын төмендететіндігін, ал қымыздың керісінше жоғарылататындығын дәлелдеп отыр. Қазақтың қаны бұзылмаса, атасынан қалған асты ішсе, дені сау болса деп армандайсың. Әзірге арманымыз сол арман күйінде қалып отыр. «Әттең тонның келтесі-ай» дегендей, қолдың қысқалығы бұл арманның орындалуына кедергі болып тұр. Жалғыздың үні шықпайды. Тыртыңдап өзімізше шаруамызды істеп жатырмыз. Үкіметтен көмек болмаған соң, биыл банктен коммерциялық несие алып, түйе, жылқы сатып әкеліп, зауыттың жоба­сын жасап жатырмыз. Алла қаласа, биыл қысқа дейін зауытты салып, зауыт жанынан  қымыз-шұбат ішіп, атқа мініп, садақ атып, ит жүгіртіп дем алуға болатын шағын эт­ноауыл жасау жолында қимылдап жатыр­мыз. Егер осы жобам іске асатын болса, мен арманымның орындалуы жолында тағы бір ірі қадам жасаған болар едім. Өйт­кені қазір халықтың жағдайы жақсар­ған. Әсіресе Алматы сынды ірі қалалардың маңындағы тұрғындарда ақша бар. Бірақ олар баратын дұрыс жер жоқ болғасын, әрдеңені жағалап кетеді. Егер этноауыл жұмысын бастаса, адамдардың келетініне сенемін. Бұл тиын табуды көздеген бизнес-нүктесі ғана емес, ұлттық құндылығымызды насихаттаудың бірден-бір жолы болады деп ойлаймын. Осы арқылы кешегі сайын даланың егесі болған қазақтың бүгінгі қабатты үйге қамалған ұрпағы бабасының салт-дәстүрін жадында жаңғыртар еді. Бала-шағасын ертіп келіп киіз үйде жатып демалып, қымызы мен шұбатын ішіп, атқа мініп, сейіл құрып, садақ атып жүрсе жа­ман ба? Және сырттан келген шетелдік қонақтарымызға мақтанышпен көрсетер едік. Егер Құдай қолдап тірлігіміз алға ба­сып жатса жаман болмас еді. Меніңше, ол күн де алыс емес сияқты. 

– Алматы қаласының әр жерінен қымыз сататын шағын дүңгіршектер ашып қоюға да болатын шығар. Қазір Дөнер сататын дүңгіршектерден аяқ алып жүре алмайтын күнге жеттік. Қолжетімді болса қымыз да көп ішілер ме еді деген ой ғой.

– Иә, қымызханаларды көбейтсек деген де ой бар. «Дариға, арманым көп неғылайын» деген ән жолдарындағы сияқ­ты, арман көп. Негізі, жаман әдетпен, жаман қылықтармен күрескенде тыйым салу әдісімен күрескен дұрыс емес. Жаман әдеттен жирендіру үшін соның орнын баса алатын жақсы әдет ұсыныңыз. Халтураға жолама деп мың қақсағанша, классиканы тарту етіңіз. Жаман музыканың орнына жақсы музыка ұсына білсек, бұл жолдағы күрес жемісті болмақ. Осы жайды ескере алсақ, әлемнің бәрі дерлік ішетін сыраның орнын қымыз басар еді. Шөліңді  қандыра­ды, шаршағаныңды басады, жүйкеңді қал­пына келтіреді, деніңе саулық сыйлайды.

Қаланың шуынан, даңғазасынан, жұ­мыс­тағы керістен шаршаған адамдар жүйкесін қалпына келтіретін сусын іздейді. Күнде кешкілік жұмыстан кейін, демалыс күндері әңгімелесіп отыру үшін де сусын­дардың орны ерекше. Бізде, Аллаға шүкір, бабаларымыз мұраға тастап кеткен осын­дай тамаша сусынымыз бар. Бірақ қымыз­ды брендке айналдыра алмағанды­ғы­мыз­дың салдарынан жастарымыз денсаулыққа зиянды алкогольсіз энергетикалық сусын­дарды ішіп жатыр. Мұның да зияны туралы айтудай-ақ айтылып жүр. Алайда дәл сол сусынның орнын басатын басқа сусын ұсына алмағандықтан, оның денсаулыққа зиянды екендігін қанша рет айтсаңыз да әсерсіз болады. Біз осы жолда үлкен қа­дам­дарға барып, қымыз өндірісін барын­ша дамытып, сапалы қымыздың әр дүкен­де тұратындай деңгейге жеткізуіміз керек. Қымыз-шұбатыңыз санаулы жерде сатыла­тын болғандықтан, әркім іздеп жүре ал­май­ды.

–  Белгілі академик Төрегелді Шарманов «тұздағы йодтың аздығы біздің тұз өндірушілердегі ұяттың аздығының кесірінен болып тұр» деген еді бір сөзінде. Жұрттың қымыз сатып алудан қорқуын немен байланыстыруға болады?

– Қазақта «Егер саған қымыз көмектес­песе, еш нәрсе көмектеспейді» деген сөз бар. Жамбыл бабамыз айтқандай «ауруға ем, сауға қуат дәрі – қымыз» ғой бұл жа­рық­тық. Жұрттың қымыз сатып алудан қорқатынына, меніңше, екі себеп бар. Бі­рін­­шіден, «Ауру батпандап кіреді, мысқал­дап шығады», «Ауру қалса да әдет қалмай­ды» дегендей адам деген пенде болған соң, жаман нәрсені тез қабылдап алғанға жақын тұрады. «Баламды карта ойнауға үйретіп бер, темекі тартуға, арақ ішуге үйретіп бер деп, болмаса казино ойнауды үйретші деп» ұстаз іздеп жүрген адамды көрдіңіз бе? Жоқ. Өйткені ондай жаман нәрселер тез кіреді де, жақсы, пайдалы нәрсе оңай қабылдана қоймайды. Оларды кіргізу үшін көп насихат керек. Жетпіс жыл бойы сыраны сіміріп, жаман әдет бойға әбден жайлады. Оны енді мысқалдап шығару керек. Ауру болса да, әдет болса да қалдыратын кез келді. Екіншіден, қы­мыз, шұбат ішіме жақпайды деген сөздерді жиі естиміз. Олай болатыны  қазір қымыз бен шұбатты ауылдардан қолданылған  бос құтыларға, басқа да үлкенді-кішілі ыдыстарға құйып, машинаның жүк салғы­шы­на салып, қайнаған ыстықта алып келе­ді. Дұрыс ашымаған, бапталмаған, тазалы­ғы күмәнді қымыз бен шұбат ішке жақ­пай­тыны рас. Сол себепті де адамдар қолдан қымыз сатып ала бермейді. Жеке адамдардың үйінде ашытылған қымыздар әрине күмәнді. Өйткені әркім әрқалай баптайды. Біреуінің пісуі кем болса, екіншісі дұрыс ашытыл­ма­ған. Ал үшінші біреулер су қосып сатады. Ал зауыттың қымыздары біркелкі болады. Өйткені жеке адамдар сияқты емес, зауыт­тың жауапкершілігі бар. Олар өздері қа­лып­тастырып отырған сауда белгісінің аты­на кір келтірмеу үшін барынша таза болуды көздейді.

– Жаз айларында жылқысы барлардың барлығы дерлік бие байлайды. Ал қыстың күндері әркім бие сауа бермейді. Ендігі сұрағымыз сіздер өндіретін қымыздың саудасында қыс пен жазда қаншалықты айырма бар?

– Ежелден табиғатпен етене өмір сүрген қазақ баласы жаз шыға аузымыз аққа тиді деп жатады. Осы кезде қымызмұ­рын­дық жасап, мәз-мейрам болып қала­ды. Енді заман талабына орай және қазіргі мүмкіншілікті пайдаланып (жем-шөп жинап, қора салып дегендей) биелерді қазақша айтқанда кенже туғызып (күз айларында құлындатып деген сөз), қыста да бие саууға болады. Негізі, қымызды дала халқынан гөрі қаланың қапырық, газды ауасын жұтатын, жүйкесі жұқа, арпа­лыста өмір сүретін қаланың халқы ішкені дұрыс. Және де қыста қымыз бен шұбаттың адам ағзасын шынықтыратын, иммуни­тетін көтеретін қасиетін пайдалан­са, адам суыққа төтеп беріп, тұмау-сұмау­ды еле­мей­ді. Ал біздің саудамызда қыс пен жазда алып бара жатқан айырма болмайды.

– Меценат – деген жақсы ат. Өнерге демеушілік жасау, атымтайлық – қазақтың қанында бар қасиет. Мысал үшін айтсақ, Есенқұл қажы Маманов 1913 жылы қазақ романдарына ең алғашқы бәйгені жариялап, бар шығынын өзі көтерген. Қазір бізде қалталы азаматтар баршылық. Бірақ солардың демеушілігі кемдеу екені жасырын емес. Кейбіреулерінің демеушілігі жарнама үшін де жасалатындай. Осы жайындағы ойыңызбен бөліссеңіз.

– «Өзің үшін ғана өмір сүрсең, өзі үшін оттаған хайуан болғаның» деген Абай атам. Болмаса «Малда да бар жан мен тән, ақыл-сезім болмаса, тіршіліктің несі сән, тереңге бет қоймаса» деген де тағы сол Абай атамыз. Абай атамыздың өлеңдерін, қара сөздерін оқып, оны түсіне алған қазақ баласы меценат болмауы мүмкін емес, меніңше. Көп адамдар «Өмірге пәлсапалық көзқараспен қараймын» – деп айтып жатады. Меніңше, пәлсәпалық көзқарас деген сөз – өмірдің өткінші екенін, о дү­ние­ге жинаған-тергеніңді алып кете ал­май­тыныңды, шамаң жеткенше жақында­рыңа, еліңе жақсылық жасау керек екенін түсіну, сол жолда қызмет істеу. Абай атамыз маңайындағы талантты жастарды тәрбие­леуге, оқытуға бар күш-жігерін жұмсаған ғой. «Шәкәрімді оқыта алмадым, уәдемді орындай алмадым» деп қатты өкінген екен өмірден өтерінде. Өкінішке қарай, біздің қоғамда осы демеушілік «модаға» айнал­май жатыр әзірге. Халықпен өнер егіз. Қазақ халқы ықылым заманнан бері өнер­ді, өнер иелерін құрметтеген. Жарнама үшін жасайтындар деп айтып қалдың. Оның несі жаман? Жаман аты шығып жат­қандар да аз емес. Ал олар жақсы атым шықса екен деп ойлайды ғой. Бізде сол жарнама үшін де жақсылық жасау жағы кем болып тұр емес пе? Небір миллиар­дерлер бар. Қолынан бір тиын шығармай­ды. «Форбес» журналында жүргендердің қайсысы қазақ руханиятына қайырым жасапты? Бірер жігіттер бар, атымтайлы­ғымен, жомарттығымен сүйсінтіп жүрген. Қолында барын бөліскені үшін оларға деген құрметім ерекше. Ұлтты ұлт ретінде сақтап қалатын бірден-бір құндылық сол – өнері емес пе? Өзің өнерлі болмасаң, өнер жолында жүрген өнерпазға қамқор бол. Сонда сен де ұлттың өнерінің өсуіне үлес қосқан боласың. Ол дегеніңіз ұлтқа қызметтің бір парасы болып саналады. Мен өз басым меценаттықты осылай деп бағалаймын. Онсыз да жағдайы керемет эстрада әншісіне көлік мінгізу демеушілік емес. Ол өзің айтқандай жарнама, мақтан­гершілік болуы мүмкін. Демеушілік деген – аты айтып тұрғандай демеу. Мұқтаж салаға көмектесуіміз керек. 

– Ұлттық құндылығымыз – дәстүрлі өнерді қолдап жүресіз. Эстраданың заманында киелі өнерімізді сақтап қалу үшін қай жол нәтижелі болады деп ойлай­сыз?

– Қоғамға ықпал етуде, өскелең ұрпақ­ты тәрбиелеуде өнердің, әсіресе ән өнері­нің маңызы өте зор. Жуырда ұлттық өнер жолында жанын салып қызмет істеп жүрген Ерлан Төлеутай бауырымыздың мақаласы жарияланды. Ерлан бауырымызша айтар болсам, соңғы жиырма жыл бойы ақпарат­тық соғыс тасқынының астында қалып, рухани контузия алып шыққан адамзаттық, ұлттық құндылықтармен қаруланбаған біліксіз, өресіз буынның мемлекет идеоло­гиясына қол сұға бастағанын, биліктің басқару тетіктеріне қолдары жете баста­ғанын көріп отырмыз. Бұның соңы мемле­кет үшін орны толмас өкініштерге алып келуі мүмкін. Өйткені жат мәдениеттің ықпалында өсіп-өнген маргиналданған, мәңгүрттенген, оның үстіне тобырлық мә­де­ниеттің шылауында жетілген міскіннен ешқашан да мемлекетшіл тұлға шықпайды. Ол ешқашанда өз ұлтының арман-аңсарын түсіне алмайды, ешқашанда ұлт рухания­тына күзетші бола алмайды. Мұндай тоғышар пенделер барлық құндылықтарды шоу деңгейінен арыға көтере алмайды. Әр әннің, әр әншінің деңгейі де бар, оны тың­дайтын тыңдарманның да деңгейі бар. Ән тау десек, эстрадада әнсымақ төбешіктер толып жатыр ғой. Оған шығу да жеңіл. Ондай әншілер де көп. Ал әннің эвересі  мәңгі жоғалмайтын, тозбайтын Ақан сері, Біржан сал, Абай атамыздың әндері сияқты классикалық өнер туындылары ғой. Оларды орындап, осы заманға жеткі­зіп кеткен Ғарифолла, Жүсіпбек сынды алып­тарымыз, Жәнібек, Қайрат, Мәде­ниет­тей ағаларымыз, олардың ізін басып келе жат­қан Рамазан Стамғазы, Сәуле Жанпейісова, Еркін Шүкімән, Ерлан Төлеу­тай мен Ерлан Рысқалилардың да еңбегі шексіз. Осылар айтатын әндер әндердің төресі, мәңгілік әуендер. Ал олардың өзде­рі – нағыз әнші­лер. Эстрадада жүрген көп әншілер бір күндік көбелектер ғой.

– Бірер жыл өзге елде болды­ңыз. Қазанда қайнап жатқандағы сезіну бөлек, елімізге сырттай қарағанда не байқадыңыз?

– Не нәрсенің де бағасы, парқы салыстырғанда білінетіні рас. Екі жылдай тағдырдың жазуымен Қытайдың оңтүсті­гін­дегі Гуанжоу деген қалада тұрып келдім. Талай елде, талай жерде болып жүрміз. Ал енді Қытайдың дамуы таңғалдырмай қоймайды. Адамдардың еңбекқорлығы, өкіметтің жасап жатқан шаруасы керемет енді. Тақтайдай жолдар, зәулім ғимарат­тар, сағатына 350,  400 шақырым жыл­дам­дықпен жүретін пойыздар, өңделіп жайқалған егін алқабы,  бәрін айтып жет­кізу мүмкін емес. Салыстырмалы айтқанда олар бір машинамен алға қарай зулап бара жатқан ел де, біз ат арба мініп, айқай шумен, аспай-саспай елдің соңында келе жатқан ел сияқты көрінеміз. Алып ел ғой, бәрін өздері шығарады, біздің елмен салыстыру, әрине, жөнсіздеу де шаруа.

– Бізде кәсіпкерлікті, әсіресе ауыл шаруашылығын дамыту үшін не керек деп ойлайсыз?

– «Егер біреудің қарны ашып тұрғанын білсең, сен оған балық берме, қармақ беріп, балық ұстауды үйрет» деген мақал бар. Біздің кәсіпкерлер, әсіресе ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкер­лер менеджмент, маркетинг, бизнесті ұйымдастыру, заман талабына сай жүргізу жайын жақсы меңгере алмағанбыз. Біз әлі күнге шетелдің етінен шұжық жасаймыз, шетелдің сүт өнімдерін, көкөністерін сатып аламыз. Қазақтың бәрі жалқау, қолынан іс келмейді деп айта алмаймыз. Дегенмен біз етті, сүтті, көкөністі дамыған елдердей өндіре алмай отырмыз. Америкада 5% ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін адамдар қалған халықты ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Ал бізде 50% халық ауылда тұрады, ал біз өнімдерді әлі күнге шеттен тасимыз. Сондықтан біздің ауыл шаруашылығымен айналысатын мамандарды, кәсіпкерлерді шетелдерге апарып тәжірибе жинату ке­рек, шетелдерден мықты мамандар әкеліп кәсіпкерлерді үйрету керек. Сонда ғана біз солармен бірдей өнім өндіріп, тайталаса аламыз.

– Біздің өсіп келе жатқан жас ұрпақ кімді үлгі тұтуы керек деп ойлайсыз?

– Енді ол әркімнің ой-өрісіне байланыс­ты. Әркім өз биігінде армандайды. Ұяда не көргенін кім біледі. Мен ұлтымыздың сапа­лы ұлт болуы үшін әр баламыздың білімді болғанын қалаймын. «Тәрбиесіз берілген білім қауіпті» болмағы тағы бел­гілі. Сондықтан олар тәрбиелі, елін сат­пайтын ержүрек, жерін қорғайтын батыр болса. ХХІ ғасырда адам бесаспап болуы керек. Әр саладан хабардар болуы шарт. Бұл сөзімді әрнәрсенің басын бір шалсын дегені несі деп түсінбеулеріңізді сұраймын. Өзі білімді, өзі тәрбиелі, өзі отаншыл, мемлекетшіл болса қандай керемет. Мен сондай ұрпақтың өсіп келе жатқанына сенемін. Қазіргі жастардың көзі ашық, көкірегі ояу. Бірақ бәрі керемет деп те айта алмаймын. Кері тәрбиенің жетегінде кетіп жатқандар да жоқ емес. Қорыта айтқанда, жаман ел болмаспыз деп ойлаймын. Әрқайсымыз қазақ үшін бір нәрсе жасай алсақ, жаман болмаспыз. Тәрбиенің алды осы болсын. Біреуге елік­теп, біреуді үлгі тұту әркімнің өз шаруасы. Бірақ бәріміз Абайды оқуға міндет­тіміз.

Бес парызды орындау өзің үшін керек. Ал Аллаға деген құлшылықтың үлкені қайырым мен мейірім деп білемін. Алланың жаратқан бір пендесіне көмек қолын созу, оны мұқтаждықтан шығару, аузына су тамызу да – сауапты іс. Кейбір адамдардың  қолынан осындай кішігірім көмек жасау да келмей тұрғаны жасырын емес. Қазақтың әр баласы бір-бірімізге бәсекелес ретінде қарамай, керісінше дос, бауыр бола білсек деп армандаймын. Бір-бірімізді қолдау арқылы біз ұлтымыздың сапасын арттырамыз. Арам судан алыстап, өзіміздің ұлттық сусынымызды, қымызымыз бен шұбатымызды ғана ішейік. Сол арқылы тоқсанда тоқалына ұл таптырарлық қауқары бар, денсаулығы мықты ұлт ретінде мақтана аламыз.  Біздің басты мақсатымыз жеке адам ретінде баю емес, ұлт ретінде көбею. Ол үшін әр қазақтың дені сау болуы керек. Осы жолда еңбек етсек, тапқан нанымыз адалынан болар.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1574
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2268
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3577