Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 8017 0 пікір 13 Маусым, 2013 сағат 05:01

Ғаламтордың ғажайыптары

ХХІ ғасырдың байланыс құралдары – интернет пен ұялы телефон қолданысы ақпаратты жылдам алу және оны қажетті нысанға сапалы жеткізудегі адамзат үшін жасалған игі жаңалық десек, қатты қателеседі екенбіз. Таяқтың екі ұшы бар секілді, бұл арада да олар екі түрлі мақсат мен мүддеге құрылыпты. Біз соның жақсы жағын көріп, ІТ технология жетістіктерін тиімді пайдалануға тырысамыз. Ал  интернет пен ұялы байланыс Пентагонның туындысы көрінеді. Нақтырақ айтқанда, өткен ғасырдан бастап АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік басшылығы ғалым­дарға дұшпанның іс-қимылын оған білдірмей, мықтап қадағалай алатын құрылғы ойлап табу жөнінде тапсырма беріп, мұндай жобаларды ұдайы қаржылан­ды­рып отырған. Нәтижесінде, өзіміз қаламасақ-тағы, бүгіндері жерсерігі арқылы біздің барлық іс-қимылымызды жіті бақылауға мүмкіндігі бар интернет пен түрлі буында­ғы ұялы телефондар дүниеге келіп жатыр.

 

ХХІ ғасырдың байланыс құралдары – интернет пен ұялы телефон қолданысы ақпаратты жылдам алу және оны қажетті нысанға сапалы жеткізудегі адамзат үшін жасалған игі жаңалық десек, қатты қателеседі екенбіз. Таяқтың екі ұшы бар секілді, бұл арада да олар екі түрлі мақсат мен мүддеге құрылыпты. Біз соның жақсы жағын көріп, ІТ технология жетістіктерін тиімді пайдалануға тырысамыз. Ал  интернет пен ұялы байланыс Пентагонның туындысы көрінеді. Нақтырақ айтқанда, өткен ғасырдан бастап АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік басшылығы ғалым­дарға дұшпанның іс-қимылын оған білдірмей, мықтап қадағалай алатын құрылғы ойлап табу жөнінде тапсырма беріп, мұндай жобаларды ұдайы қаржылан­ды­рып отырған. Нәтижесінде, өзіміз қаламасақ-тағы, бүгіндері жерсерігі арқылы біздің барлық іс-қимылымызды жіті бақылауға мүмкіндігі бар интернет пен түрлі буында­ғы ұялы телефондар дүниеге келіп жатыр.

 

Абонент әрқашан қосулы

Бүгіндері ұялы телефон – бұл тек бай­ла­ныс құралы немесе фотоаппарат пен бейнекамера ғана емес, сонымен қатар радиомаяк. Ұялы байланыс жайлаған мұқым территория операторлардың кешенді станциясы немесе мұнарасымен қамтылған. Мұндай әр мұнараның нақты тіркелген орны, мекенжайы болады. Техникалық ақпаратты анықтауда белгілі бір ұялы телефонның нөмірі ғана емес, сонымен қатар ол байланысқа шығып тұрған оператор антеннасының да мекені анықталады. Демек, байланысқа шыққан адамның әлгі мұнараның оңтүстігінде, солтүстігінде, батысында немесе шығы­сын­да тұрғаны өздігінен белгілі болады. Сондай-ақ ұялы байланыс қызметін ұсына­тын компанияның техникалық құрал-жаб­дығы арқылы радиомаяк белгісінің қуаты да өлшенеді, соған байланысты абоненттің сөйлесу барысында қайда жүргені: көшеде ме, әлде ғимаратта ма, не болмаса авто­кө­лікте отыр ма, оны да нақтылауға мүм­кіндік бар. Шалынған қоңырауларды үздіксіз бақылауда абоненттің 300-ден 500 метрге дейінгі жүріс маршрутын да түзуге болады екен. Осылайша бүгінгі заман­ның адамы ұялы телефон арқылы хабарласқанда немесе интернетке кірген­де минут сайын артына электронды із қалдырып жатқанын байқамайды да. Шындап кіріссе, кез келген адамның қайда жүргенін осы «ізі» арқылы бір минуттың ішінде түрлі техникалық құралмен оп-оңай тауып алуға болады. Міне, осындай элект­ронды іздер соңғы кездері әлемдегі көпте­ген атышулы қылмыстық істердің бетін ашуда көмегі көп тиіпті.

Электронды себет

Кәсіби мамандардың айтуынша, қандай да бір адамды табу үшін оның ұялы телефоны үнемі қосулы болуы да шарт емес. Тек бір рет байланысқа шықса бол­ғаны. Егер бір рет қоңырау шалып, чипті лақтырып тастаса да, ол адам көпке тасада жүре алмайды. Өйткені сол бір қоңырау арқылы анықталған нөмірдің ұялы байла­ныстағы электрондық себетте тіркелген барлық ақпаратын анықтап алуға болады. Сөйтіп, ол нөмірмен сөйлескендердің бар­лығы тергеуге алынады. Алайда жеке­лей адамдар өз бетімен ұялы байланыс опера­торы арқылы із кесе алмайды. Заңды тұр­ғыда бұл іске тікелей құқықтық құрылым­дар араласса ғана, ол мүмкін. «Байланыс туралы» ҚР заңы бойынша ұялы байланыс операторлары тек аталған заң нормалары тәртібіне сай жазбаша толтырылған проку­ратура және тергеу органының, оперативтік іздеу қызметі субъектілерінің сұрауына  қарай осындай қызмет көрсете алады.

Жалпы, көпшілік үшін ұялы байланыс нарығында «ашқыш» деген ақылы қызмет­тің барын да еске сала кетелік. Егер біреу жасырын нөмірмен қоңырау шалса, онда ол туралы мәліметті жоғарыда аталған заң­дық негізде ғана білуге болады, яғни құ­қық­­тық құрылымның сұрау салуын өтінуі­ңіз керек, бір сөзбен айтқанда, бұл істің машақаты көп. Ал егер сіз ұялы байланыс операторлары ұсынатын қызмет түрі «ашқышқа» ақы төлеп, қосылсаңыз, онда ешқандай сұраусыз, бас ауыртуынсыз өзі­ңіз­ге жасырын қоңырау шалған адамның нөмірін еш қиындықсыз анықтай аласыз. «Ашқышты» қостырсаңыз болғаны, сізге жасырынып хабарласқан барлық адамның нөмірі өздігінен ашылып тұрады. Мәселен, Beeline операторы бұл қызмет түріне айына 1000 теңге ақы алады.

Негізінен, нөмірді анықтау немесе тың тыңдау бойынша ұялы байланыс операто­ры қызметкерлерінің көмегіне жүгінуге болады екен. Мұндай қызметтің құны 500-ден 2000 доллар аралығын қамтитын көрінеді. Әрине, ол заңсыз болып табыла­ды. Сондықтан күннен-күнге аталған на­рық­тың «қара базар» аясы тарылып бара­ды. Себебі ұялы байланыс оператор қо­жа­йындары ақпараттың сыртқа жылыс­тап кетпесі үшін қауіпсіздік қызметін ұдайы күшейтіп отырады. Бірақ мамандардың айтуынша, бұл да үлкен кедергі емес.

Ұялы телефондағы сөз қалай тыңдалады?

Қалай дегенмен де құқық қорғаушылар біздің ақпаратымыздың құпиялылығына 100 пайыз кепілдік бере алмайды. Өйткені олар ІТ саласының маманы емес, сондық­тан олар әр күн сайын аталған салада дү­ниеге келіп жатқан тың технологиялардың мүмкіндігін нақты пайымдай бермейді. Коммерциялық тыңшылық әрқашан та­быс­ты болып есептелген. Сол себепті биз­нес үшін осындай мақсаттағы құрал-жаб­дықтар шығару өте тиімді деп сана­ла­ды. Көбіне бизнес ортаның ақпараты құнды екені белгілі. Хаккерлер және тағы басқа кәсіби тыңшылар, негізінен, осы таптың маңын торуылдайды. Сөйтіп, өзі куә болған мәліметті әлгі кәсіпкердің бәсекелесіне саудалауда көп пайдаға кеңеле алады.

Жалпы, бүгіндері қаласаңыз кез келген абоненті тыңдауға мүмкіндік бар. Оны ұйымдастыру үшін қажеттінің барлығын техникалық дүкеннен сатып алуға болады. Бұл ретте, ең оңтайлы әрі арзан құрал – құйтақандай «қоңыз». Оны телефонға орнату 5-10 минут қана уақытыңызды алады. Ол телефон батареясынан қуат алып, үнемі өз қызметін қалтқысыз атқара береді. Бұл құрылғы телефондағы әңгімені ғана емес, сонымен қатар қалтада, жұмыс столында жатқанда да айналадағы барлық дыбысты қабылдап, ол адамның бүкіл іс-қимылынан хабар жеткізеді.

Тыңдаудың ең күрделі әрі қымбат тәсілі – абонент аппараты мен оператордың ретрансляциялық антеннасы арасындағы GSM-белгісін ұстап алу. Бүгіндері опера­тор­лардың көбісі желідегі белгінің барлы­ғын таңбалап тастаған. Сондықтан қажетті белгіні ұстап алу үшін керекті абоненттің жеке нөмірі мен sim-картасының кодын білу қажет. Ол үшін ұялы байланыс желі­сінде жұмыс істейтіндерден осы ақпаратты сататын қолайлы адамды іздеу керек. Бұл тәсілдің тағы бір қиындығы –  телефондағы әңгімеге ортақтасу үшін ретрансляция антеннасы мен абонент аппараты арасын­дағы аймақта болуыңыз тиіс, бұл іс егер телефон иесі көлікпен жүйткіп бара жатса, тіптен қиындай түседі.

Телефондағы әңгімені «ұрлаудың» ең озық тәсілі – ішкі бөлшекті алмастыру, яғни сыртқы қорабы бәз баяғыша өзінікі болып қалады, бірақ ішкі құрылысының орнына тыңдау құралы орнатылады. Бұл процесс те көп уақытты алмайды. 5-30 минутқа дейін. Осылайша модернизацияланған телефондағы сөздер GSM, WI-FI, 3G неме­се Bluetooth арнасы арқылы қажетті адам­ға ешқандай қиындықсыз жетіп отырады.

Бірнеше буынды қамтитын қазіргі телефондар өзінің операциялық жүйесімен шағын компьютерден кем емес екені бел­гілі. Соңғы кездері смартфондағы мәлімет­терді ұрлау үшін арнайы зиян келтіретін бағдарламалар кеңінен қолда­ныла бастап­ты. Вирус sms-хабарламасы немесе пошта­ңызға түскен хат түрінде болады екен.

Ғаламтордағы торуыл

Интернет-технологияның қарыштап дамуы 2003 жылдан бастап әлеуметтік желілер бойынша дүмпу орнатты. 2013 жыл­дың басында әлеуметтік желілерге тіркелушілер саны жер шарындағы адам санымен теңескен: 6 миллиардтан астам. Оның тең жартысы Facebook (АҚШ, тұтынушысы – 1 млрд), Tencent QQ (ҚХР, 784 млн) және Scype (Эстония, 663 млн), Google (АҚШ, 500 млн) және Twitter-ге (АҚШ, 500 млн) тиесілі. Осы жағынан алғанда, ғаламтор бүгінгі адам өмірінің ажырамас бір бөлігіне айналып отыр. Бі­рақ бұл арада да барлық іс-қимыл бақы­лауға алынатындығын естен шығармаған жөн. Бір-ақ мысал келтіре кетейік. АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік агенттігі телекомму­никациялық компанияларды абоненттер­дің барлық іс-қимылынан хабар беретін ақпараттарды беріп отыруға міндеттеген. Бір сөзбен айтқанда, 99 миллион ұялы байланыс абоненті және 22 миллион Verizon стационарлық нөмірін пайдала­нушылар ешқандай ескертусіз бақылау объектісіне айналған. Ағылшынның Guardian газеті тілшісінің қолына осындай ақпарат ілініпті. Бұл хабар елді дүр сілкін­дірген. Бірақ билік бұл мәліметті жоққа шығармаған, мұның барлығы лаңкестікпен күрес мақсатында жасалып жатқанын айтып отыр. Демек, бұл – «лаңкестікпен күрес» деген желеумен жер шарындағы кез келген адамның интернеттегі барлық іс-қимылы бақылауға алына алады деген сөз. Мамандардың айтуынша, интернет қалай пайда болса, сонымен бірге ондағы сайттарға, желілерге енушілердің барлық ізін бақылайтын бағдарламалар да қоса әзірленген. Осындай құпия бағдарламалар мен шифрларды қолына тигізген баз бір хаккерлер біреудің поштасы түгіл, банк шотындағы ақшаны да электронды жолмен «ұрлап» әкетуде.

Жалпы, хаккерлердің айтуынша, интер­­неттегі барлық мәлімет із-түссіз еш­қашан жоғалып кетпейді. Мәліметті өшір­дім деген күннің өзінде, ол ақпарат бұлт­тары арқылы  компьютердің бір жерінде сақта­лып қалады. Сондықтан бұл арада кез келген интернетті пайдаланушының пошта және агент кодын білсеңіз болғаны, оның баяғыда өшіріп тастаған мәлімет­терімен де қанығуға мүмкіндік бар екен. Бұдан шыға­тын қорытынды – құпия мәлі­меттерді еш­қа­шан электронды құралға сеніп тапсыруға болмайды.

Сақтықта қорлық жоқ

Ақпараттық «жыртқыштың» көздейтін негізгі «жемтігі» – кәсіпкерлер үшін, ең дұ­ры­сы – маңызды кездесулерде ұялы теле­фонын өшіріп қою немесе оны көліктің ішін­де қалдырған дұрыс. Бұл арада теле­фон­ды тек сөндіріп қана қоймай, оның батареясын да алып тастауды ұмытпаған жөн. Бәрінен бұрын, бұл арада техниканың тілін техни­ка­мен дөп басқан жақсы. Бүгін­дері «қоңызды іздегіш» деген арнайы құ­рыл­ғы бар. Ол телефоныңыздағы «қоңыз­ды» оп-оңай тауып алады. Одан кейінгі тағы бір тиімді құрылғы – ұялы байланысты тұншықтырғыш. Бұл – сымсыз байланыс арна­ларын қорғауға арналған әскери аппарат. Ол белгілі бір радиустағы радио-сигналдарды бүтіндей тұншықты­рып тас­тауға қауқарлы. Оны келіссөздер бары­сында өзіңізбен бірге алып жүруге болады, әрі қажет кезде оны кеңсеңізге ор­на­тып қойсаңыз артықтығы жоқ. Ал интер­неттегі шабуылшылардан қорғану­дың сауатты жолы – жұмыста кәсіби білікті ІТ-маманын ұстау.

 

ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК

Әлем бойынша ұялы байланыс қызметін тұтынушылар 6 миллиардтан астам, бұл – жер шарындағы адамзаттың 82 пайызын қамтитын көлем. Интернетке ешқандай кедергісіз шығуға мүмкіндік беретін смартфонды пайдаланушылардың саны көп емес – 600 млн адам. Бұл компьютердегіден қарағанда ұялы байланыстағы интернеттің бірнеше есе қымбатқа түсуімен байланысты болуы да мүмкін.

1995 жылы дүниежүзінде ғаламторды пайдаланушылар 16 миллион адам болса, 2000 жылы бұл көрсеткіш 361 миллионды құраған, ал 2005 жылы – 1 млрд 018 миллион, 2012 жылдың аяғында оның саны 2,4 миллиардтан асыпты. Интернетті көптеп тұтынушылар қатарына Қытай елі жатады екен (611 миллион). Ал ең аз тұтынушы – КХДР, өйткені бұл елде интернет қолданысына қатаң тыйым салынған.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2260
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3541