Сенбі, 9 Желтоқсан 2023
Көршінің көлеңкесі 2051 10 пікір 3 Тамыз, 2023 сағат 14:04

Қытай КСРО-ның тағдырын қайталай ма?

Бәріміз білеміз, өз билігін тастүйін еткен Си Цзиньпин Қытайдың Жоғарғы әскери басшылығының төрағасы болып табылады.

Тамыз айының басындағы басты жаңалық Қытайдың атом қаруына жауап беретін екі ірі офицер ауысты. Оның бірі – ҚХАА (Қытай халықтық азаттық армиясы) Зымырандық әскерінің қолбасшысы генерал Ли Ючао мен оның орынбасары Лю Гуанбинь. Екеуі де жұрт алдына көптен шықпауы көңілге күдік ұялатып келген еді. Енді бәрі айқын болды. Босаған орынға бұған дейін ҚХАА Әскери Теңіз күштерінің басшысының орынбасары қызметін атқарған партияның орталық комитетінің мүшесі Сюй Сишэн жайғасты.

Жаз басталғаннан бері әуелі сыртқы істер министрі Цинь Ган көзден таса болды. Ол бір айдан бері әлі жұрт алдына шыққан жоқ. Араға бірнеше апта салып, оның орнына оған дейін тап осы орынтақты иеленген Ван И тағайындалғандығы мәлім болды. Бірақ қытай жағы Цинь Ганның неге доғарысқа кеткенін түсіндірген де жоқ.

Әскери саясатқа зор әсері бар бұл ауыс-түйістердің бұрын жоспарланған аяқ астынан бола салғандығы, қытайтанушы саясаткерлер мен сарапшыларды әрі-сәрі еткені де жасырын емес. Оларда қарап қалмай бұл соңғы он жыл көлемінде болып көрмеген жоғарғы шенділер арасындағы «әскери тазарту» деген өз пікірлерін білдірді.

Нью-Йорк саяси Институтының Азия қоғамына қатысты сыртқы саясат пен ұлттық қауіпсіздік мәселесі бойынша ғылыми қызметкері Лайл Моррис: «Бұл тазалаудың зор маңызы бар…өйткені, қытай жағы өзінің атом қаруы стратегиясында соңғы он жылдағы терең өзгерістер жасауын қолға алып отыр. Си Цзиньпин ҚХАА қатысты өз бақылауын берік орнықтыруға қол жеткізе алды. Сол себепті бұл процесс аяқталды десек те болады. Бірақ оны алаңдатып отырған басқа нәрсе, партия қатарындағы тамырын тереңге жайған сыбайлас жемқорлық. Сол себепті партия әскерилердің қаржылық еркелігіне бұдан былай еш көз жұмып қарай алмайды» деген ой айтады. Си Цзиньпин қылбұрауды қатты салуды қолға алғанын бұған дейін «жалпыға ортақ гүлдену үшін» миллиардер мен әртістер қауымын қатты қыспаққа алуынан аңдаған болатынбыз.

Жоғарыда айтқанымыздай Си Қытайдың Орталық әскери кеңеске жетекшілік ететін Жоғарғы әскери басшылықтың төрағасы болып табылады. Өткен айдың соңында болып өткен басқосуда Си төраға әскери саланың үнемі партияның қатаң бақылауында болуы керектігін баса сөз еткендігін Қытай мемлекеттік БАҚ кеңінен жазды.

ҚХАА Зымырандық әскерінің қолбасшысы мен оның орынбасарының қызметінен кетуі Қытайда соңғы он жылда орын алып отырған ірі өзгерістердің заманы туғандығын аңғартады. Бір қызығы қызметінен қуылған екеудің одан кейінгі тағдыр жайында Бежін жұмған аузын ашпаса, керісінше гонконгтік South China Morning Post басылымы әлі екеуіне және генерал Лидің тағы бір орынбасары Чжан Чжэньчжунға қатысты сыбайлас жемқорлық бойынша тексеріс жүріп жатқандығын мәлім етті. Жаңа тағайындаулардың барлығы да  ҚХАА құрылғанына 96 жыл толған 1 тамызда Бежіндегі Орталық әскери кеңестің штаб-пәтерінде өткен салтанатты жиында мәлім етілді. Сюй Сишэн бастаған бір топ жоғары шенділер әскери шені жағынан жоғартылады. Сонымен қатар аппараттың бір қатар мүшелері өлім жазасына кесілді. Бұның бәрі съезд алдындағы тазалау деп танылып отыр.

Моррис генерал Лидің бұл құлдырауын 2014 жылы болған әскери өзгеріспен байланыстырады. Ол кезде де Орталық әскери кеңестің төрағасының қос орынбасары Сюй Цайхоу мен Го Босюн сыбайлас жемқорлық бойынша жазаға тартылып, өмірбойы түрмеде жазасын өтеуге кесілген болатын. Ал, Сюй сотқа жетпей көз жұмған болатын.

Қытай жанталаса қарулануға көшіп, әскери іргетасын бекемдей бастады. Бірақ оның аяғы КСРО-ның кебіне ұшырай ма деген сауалды алған тартады саясаткерлер мен сарапшылар.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

10 пікір