Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3965 0 пікір 25 Маусым, 2013 сағат 03:38

Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, тарих ғылымдарының докторы, профессор: «Репрессияның ашылмаған «аралдары»

 – Мәмбет аға, Алаш орда тарихын жетік білетін адамсыз. Қабырғалы қазақтың жар­ты­сынан астамы опат болған өткен ғасырдың 1921 және 32 жылдары аралығында бол­ған аштық, одан кейін иісі қазақтың қаймағын сыпырып кеткен 37 жылғы қуғын-сүргін ке­зе­ңі сізге таныс.Қуғын-сүргін дегенде біз кө­бі­­не саяси көзқарасы қызыл империяға қайшы келген зиялыларымыздың жапа шек­кенін еске аламыз. Ол кезде қызылдардың қырына тек би­лік тұтқасын ұстағандар ғана емес, ағарту­шылық жолда жүрген ғалымдар да ұшырады емес пе?

 – Мәмбет аға, Алаш орда тарихын жетік білетін адамсыз. Қабырғалы қазақтың жар­ты­сынан астамы опат болған өткен ғасырдың 1921 және 32 жылдары аралығында бол­ған аштық, одан кейін иісі қазақтың қаймағын сыпырып кеткен 37 жылғы қуғын-сүргін ке­зе­ңі сізге таныс.Қуғын-сүргін дегенде біз кө­бі­­не саяси көзқарасы қызыл империяға қайшы келген зиялыларымыздың жапа шек­кенін еске аламыз. Ол кезде қызылдардың қырына тек би­лік тұтқасын ұстағандар ғана емес, ағарту­шылық жолда жүрген ғалымдар да ұшырады емес пе?
– Иә, оның рас. Жалпы, репрессия та­рихы – ауқымды тақырып. Оның түрлі ба­ғытта­ры, салалары бар. Біз соны салалап зерт­те­геніміз жөн. Мәселен, репрессияның ашыл­май жүрген бір бағыты – биліктің ға­лымдарды қудалауы. Бұл ретте ауызға ал­дымен ХХ ғасырдағы ұлттық ғылым бағыт­тарының негізін қалаушы Алаш зиялылары оралады. Кеңестік билік оларға байланыс­ты репрессия жүргізген уақытында зиялылар­ды ғалым ретінде емес, саяси көзқарастары үшін қудалады. 30-жылдары жаңадан қалыптасып келе жатқан ұлт зиялыларының қызметі мен міндеті принциптік өзгерістерге ұшырады. Қазақ қоғамының қандай бағытта дамуы мен мазмұнын анықтау кеңестік биліктің қолы­­на көшті. Қазақ зиялылары ХХ ғасырдың ба­сында осы міндеттерді өздері атқаруға ты­рыс­ты, бі­рақ бұл міндеттен олар біржола ығыс­ты­рыл­ды. Реформалау және оның маз­мұнын бел­гілеуде билікке тартылған қазақ аза­мат­тарына тек орындаушылық міндет жүк­телді. Осыны түсінген Алаш зиялылары ендігі жер­де тек ағартушылықпен айналысу­ға, ғылым­ға ден қоюға мәжбүр болып, өзде­рін осы са­лада танытуға тырысты. Өйткені олар­ға мем­ле­кеттік басқару ісінде өз қабілеттерін та­нытуға біржола шек қойылды. Патшалық билік се­кілді кеңестік билікте де зиялылардың көз­қарастарын сепаратистік деп бағалады.
1917 жылы желтоқсанда өткен ІІ жалпы­қазақ съезі оқу ағарту комиссиясын құрды. Төрағасы болып А.Байтұрсынұлы бекітілді, оның құрамына М.Дулатов, М.Жұмабаев, Т.Шонанов сынды тұлғалар кірді. Сонда қабылданған бағдарлама бойынша ендігі жерде оқулық жазу мәселесі күн тәртібінде тұрды және жазды да.
Ағартушылықтың негізгі қызметі – ұлт­тық дүниетанымды, сананы, бірегейлікті қа­лыптастыру. Ұлт зиялылары жазған оқу­лықтары арқылы ұлтты оятуға, көкейіне ой салуға, түрткі жасауға ұмтылды. Репрессия Қазақстанға ғана емес, жалпы, Одаққа тән құбылыс. Мәселен, Ресейдің өзінде ғалым­дарды қудалау 20-жылдары басталды. Осы жылдары Ленинградта бір топ орыс ғалы­­мы ұсталды. Бұл – Ресейдегі «академиялық іс­тің» бастамасы. Сол репрессияның құрбанда­­ры академик С.Платонов, Е.Тарле, Н. Лихачев, М. Любавский сияқты көрнекті ғалымдар еді. Репрессия Ленинградта 1929 жылы баста­лып, «академиялық іс» бойынша 100-ден астам адам абақтыға жабылды. Бір айта кетерлігі – Ресейдегі репрессияның өз бағыты, маз­мұны болды. Мысалы, С.Ф. Платоновқа: «Қа­зан революциясын, социалистік идеяны қабылдамадың, патшалық монархиялық құрылысты жақтайсың» деген айып тағылды. Яғни ғалымдар болшевиктік ұстанымды қабылдауы керек болды. Бейтарап қалған ғалымдарды билік өзіне қарсы күш деп та­ныды. Осылайша репрессия Ресейде ті­келей пар­тиялық таптық көзқарас тұрғысынан жүрді.
– Ал бізде қалай болды?
– Қазақстанда қудалау басқаша сипатта жүргізілді. Қазақ ғалымдарынан да больше­виктік көзқарасты қабылдау талап етілді, сонымен қоса «буржуазиялық ұлтшылдық көзқарастасың деп, сондай-ақ қазақ ұлт­шыл­дары» деп айыптады. 30-жылдары реп­рессия құр­бандары болған ғалымдардың бірі һәм бірегейі – филолог ғалым Құдайберген Қуан­ұлы Жұбанов. Ғалымды Б.Қаратаевтың із­ба­сары, інісі деп атауға болады. Қ. Жұбанов­­тың қатарластары 20-жылдардың аяғына та­ман ел ісіне араласа бастайды. Бұл буын алдың­ғы буын ағалардың ықпалында қалыптасты. Қ.Жұбанов қатарластары сол кезде жарық көрген қазақ газеттерін оқып өсті. Әсіресе, оларға «Қазақ» газетінің әсері үлкен болды. Ғалым «Көсем» газеті мен «Тез» деген қол­жазба журналын шығарды. Тергеу материал­дарында Қ.Жұбановтың шығарған газетте­­рін ұлтшылдық сипатта, жастарға буржуазия­­лық көзқарасты насихаттады деп айып та­ғылған.
1930 жылдары Қ.Жұбановтың Ұлттық тілді жаңа сапаға көтеру, әкімшілік және ғылыми тілге айналдыру арқылы жалпыұлт­тық мүддеге қызмет етуге деген ұмтылысы бай­қалады. Ғалым саяси қызметпен айна­лыспағанына қарамастан 1937 жылы 19 қа­рашада қамауға алынады. НКВД офицері­нің дайындаған қаулысында «Қ.Жұбановтың белгілі дәрежеде құнды болып табылатын жеке кітапханасы бар. Сондықтан оған тән кітаптардың бәрі де сот шешіміне дейін НКВД-ның комендатурасына тапсырыл­-сын» делінген. Мұнымен қатар тінту кезін­де 12 жазу дәптері мен бір бума түрлі қолжазба алынған.  
– Тек Жұбанов қана емес, өзгеде «елім, жерім» деген ғалымдар түрлі себептермен қудаланды, абақтыға қамалды емес пе?
– 110/20 тергеу ісі бойынша «қазақ ұлт­шыл­дары» деген желеумен Ж. Сұлтанбеков, Т.Шонанов, Т.Жүргенов сынды ұлт қай­раткерлері жауапқа тартылды. Телжан Шо­нановты Мирзоянға қазақ тілін оқытатын оқытушы етіп бекітіп, Мирзоянды өлтіруді ойлаған деген айып тағылған. Мұны жасаған контрреволюциялық ұстанымдағы қазақ зиялылары. Яғни Шонанов өз әйелі Қазақ мемлекеттік университетінің студенті Шах­зада Шонанованы пайдаланып, уни­вер­ситетте өрт ұйымдастырды деген. Шахзада Шонанова Бақытжан Қаратаевтың інісі Асқар Қаратаевтың қызы. Алғашқы жолдасы Ыдырыс Мұстамбаев болған. Университет лабораториясын өртемек болдың деген айыппен сотталған. Өрт 1935 жылы 20-21 қазанда болған. Тергеу құжаттарында өртті ұйымдастыруға Қ. Жұбанов та қатынасты делінеді. Ақиқатын айтар болсақ, Қ. Жұбанов сияқты ғалымдардың жауапқа тартылуы логикалық тұрғыдан негізсіз, қылмысын дә­лелдейтін бірде-бір дерек жоқ. Соған бай­ланысты 1957 жылы 8 ақпанда Кеңестер Од­а­ғы Жоғарғы сотының әскери коллегиясы ғалымның ісін қарап, оған тағылған айыпты жала деп таниды. 30-жылдары ағартушы­лық, елдік ұстанымдағы ғалымдарға жасалған шабуылдың бұл бір ғана көрінісі.
Қазақстандағы репрессияның бір ерек­шелігі – қудалау перманентті, яғни үзіліссіз жүрді. Бірде ашық, бірде жабық күйінде үз­діксіз жалғасқан қудалау 1920 жылдары бас­талып, 1990 жылға дейін созылды. Осы ара­лықта талай қазақтың арда азаматтары жа­зықсыз жапа шекті. Қамалды, атылды, ит жеккенге айдалды. Негізсіз жала жабылып ұс­талғандардың бірі – тікелей Голощекин­нің тапсырмасы бойынша 1933 жылы Мәскеуге командировка барысында ұсталған қазақ қайраткері Ыдырыс Мұстамбаев еді. Алма­тыға алып келгеннен кейін тергеу жұмысы басталады. Оған «Түрік халық партия­сын құрдың» деген айып тағылады. Партия­ның мақсаты – тәуелсіз Тұран мемлекетін құру деп көрсетіледі.Тағы бір қудаланған адам – Есмағамбет Исмаилов әдебиеттанушы ға­лым ретінде танымал. Қазіргі М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер институтында ғылы­ми қызметкер болған. Е.Исмаиловтың алғаш тұтқындалған жыл – 1933. «Түрік халық пар­тиясын» құруға қатысты деген айып тағыл­ғанымен, ол дәлелденбегендіктен қайта­дан босатылады.
1933 жылы ұсталған зиялыларға олар іс­темеген істі мойындату үшін ОГПУ тергеу­шілері түрлі жауыз әдістер қолданған. Ол туралы Иса Тоқтыбаев жазған. Оның өзі де 1933 жылы Мәскеуде әскери академияда мұғалімдік қызмет атқарып жүріп «ұстал­ғандардың» бірі. Осы жылы неге белсенді қайраткерлер ұсталды дегенге келсек, бұл Голощекиннің әдейі жасаған ісі еді. Өйткені 1931-33 жылдардағы Голощекин өз қателігі­нен болған аштықтың себебін қазақ зия­лы­ларына жаба салуды көздеді. Иса Тоқтыбаев 1933-54 жылдар аралығында үздіксіз қуда­лауда жүрді. Атылмады, аман қалды, бірақ өмірінің көп бөлігі қуғында өтті. Кейін Сталин қайтыс болғаннан кейін ОГПУ тер­геушілерінің тұтқынға алынған жазық­сыз­дарды қалай қудалағаны жөнінде жазды. «Осы ретте ОГПУ тергеушілерінің жасаған мынадай бір жағдайды ескертуге тиістімін. Сол тұстағы бұл мекеме тергеушілері «адам болса болғаны, ал оған таңылатын іс табы­лады» деген ұстанымды басшылыққа алды. Репрессия құрбандары мұны жақсы біледі. Қазақстан ОГПУ-НКВД тергеулері ұйым­дастырған 1933-1954 жылдары басынан-аяғына дейін жүріп өткен тұлғалардың бірі осы – Иса Тоқтыбаев. Ол Ф.Голощекин ұста­нымдарына ашық қарсылық көрсеткен. Оны тұтқындау туралы ОГПУ орындарына тап­сырыс берген Голощекин болатын. Респуб­ликада қате жүргізілген саясаттың кесірі­нен аштыққа ұшыратқан өз кінәсін оппозиция­лық күштерге аударып салуды көздеді. Ал Иса Тоқтыбаевтың тікелей өзіне «басқа көрші елдерге ауа көшкен қазақтардың көшін ұйымдастырдың» деген айып таңылды. Бұл жөнінде И.Тоқтыбаев 1956 жылы Кеңестер Одағы коммунистік партиясының ХХ съе­зінің президиумына жолдаған шағымын­да: «Кәрі мылжың, мақтаншақ Ф.Голощекин­нің айтуы бойынша тергеушілердің маған тақ­қан айыбы бүтіндей жала болатын. Қазақтар­дың Қазақстаннан тыс елдерге көшуін ұйым­дас­тырдың деген кінә ойдан шығарылған. Мен ешқашан да және ешқандай жерде Қа­зақстаннан басқа өңірлерге қазақтардың көшіп кетуін ұйымдастырған емеспін. Мен бұл істі қалай атқармақпын, егер қазақтар­дың басқа елдерге ауа көшуі кезінде Ленинград қаласында тұрып, Қазақстан территориясы­на аяқ баспаған болсам?», – дейді. ОГПУ тергеушілерінің жоқ жерден «қамауға алын­дың ба кінәлісің, кінәлі болмасаң боласың» деп қоқан-лоқы жасап отырған.
– «Болмағанды болды» деп үркіте отырып қол қойдырып алу, қызыл империяның кәнігі әдісі емес пе?
– 1950 жылдары жүргізілген қудалау сая­саты тарихшыларды да айналып өтпеді.
Е.Бек­­ма­ханов, Б.Сүлейменов сынды қай­раткер­лер қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби тарихшы­лар болатын. Алғашқы буын тарих­шылардың бойынан ұлт тарихын жазуға де­ген құлшы­нысты анық байқайсың. Олар қазақ тари­хын объективті, ғылыми тұрғыдан қорытуға тырысты. Бірақ ол кездегі билік олардың бұл қызметін ұлтшылдық деп ба­ғалады. Б.Сү­лейменов Е.Бекмахановтан 48 күн бұрын ұсталған, бұл – тарихшылардан Бекмаханов қана қуғынға ұшыраған деген жаңсақ пікірді жоққа шығарады.
Тергеу материалдарынан байқалатыны – осы екі тарихшының тегіне қатты «үңі­летіндіктері». Е.Бекмахановты ханның тұ­қымы десе, Б.Сүлейменовті байдың баласы деп көрсетеді. Тарихи деректер Б.Сүлей­меновтің әкесі 5 жасында сүзектен, анасын 8 жасында белгісіз біреулер өлтіріп (әкесі өл­ген соң жастай қалған шешесін әмеңгер­лік салты бойынша өзгеге қоспақ болады, бұған келіспеген анасын аттың құйрығына бай­лап өлтірген) қайтыс болады. Осы тарихшыларға байланысты тергеу жұмыстарының әділдік іздеу емес, қайткен күнде де кінә тағу мақ­са­тымен жүргізілген. Б.Сүлейменов қайсар, өжет азамат еді. Ашуы келген тұста тергеушіні астындағы орындықпен ұрған. Ол екінің бірінің қолынан келе бермес нәрсе. Сотта өз кінәсінің жоқтығын ашық айтады. Әрине, біз тілге тиек еткен бір-екілі ғана ғалым адам-­дар. Тізе берсек көп қой. Сол қызыл империя­ның қырына ілігіп, қуғын-сүргіннің құрбаны болған, жазықсыз жапа шеккен арыстары­мызды ардақтап, халықтың есіне салып, дәріптеп отыру – біздің һәм келер ұрпақтың парызы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616