Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5554 0 пікір 4 Маусым, 2013 сағат 18:08

Дәрігер қателік жіберсе, демек, оның білімін әлі де болса жетілдіру керек деген сөз

Ержан ӨТЕУЛИЕВ, Алғашқы медико-санитарлық көмек және реабилитациялық қалыптастыру медицина мамандары қауымдастығының президенті, медицина ғылымының кандидаты:

 

Ержан ӨТЕУЛИЕВ, Алғашқы медико-санитарлық көмек және реабилитациялық қалыптастыру медицина мамандары қауымдастығының президенті, медицина ғылымының кандидаты:

 

– Ержан Сәбитәліұлы, таяуда елімізде халықаралық деңгейде дәрігерлер Конгресі болып өтті. Жалпы маңыздылығы жағынан алып қарағанда, бұл сонау 1978 жылы елімізде әйгілі академик Төрегелді Шармановтың ұйытқы болуымен өткізілген, әлі күнге дейін әлем елдерінің денсаулық сақтау саласы сол бойынша жұмыс істейтін Алматы Деклара­ция­сы қабылданған Конферен­циядан кем түспеген секілді. Әңгімемізді осыдан бастасақ.

– Былтыр алғаш қолға алынған бұл конгресс биыл екінші рет өткізіліп отыр. Оның негізгі мақсаты – алғашқы медико-санитарлық көмек көрсету саласында қыз­мет етіп жүрген  медицина қызметкер­ле­рінің мәртебесі мен олар жайлы ақпа­­рат­­тық танымды арттыру және дәрігер­лерді әлемде болып жатқан медицинаның соңғы жаңалықтарымен қамтамасыз ету. Ол үшін біз еліміздің түкпір-түкпірінен, сон­дай-ақ әлем елдерінен білікті маман­дар­ды шақыртып, денсаулық сақтау сала­сындағы еңбек жолын енді бастаған мамандарға сол білікті, білімді әрі осы салада қаншама жылдық тәжірибесі бар дәрігерлермен өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасауымыз шарт.  Конгресс сол мақсатта, осындай ұлы мұратта ұйымдас­тырылды. Шынын айтуымыз керек, бұрын дәрігерлерді біліктілігін арттыруға мәжбүрлейтін болса, бір қуанарлық жағ­дай бүгінгі таңда дәрігерлердің өздері ақпараттық танымдық деңгейлерін артты­ру үшін осындай Конгресс ұйымдастыруға мүдделі. Себебі осындай басқосуларда мамандар денсаулық сақтау саласындағы жаңа тәжірибелермен алмасып, сондай-ақ осы салаға қатысты елімізде соңғы жылдары қабылданған заңдар мен түрлі қаулы-қарарларды да қарастырады. Мы­са­лы, осы Конгресте алғашқы медицина­лық көмек көрсетудің практикалық мәселелері, яғни дәрігерлердің күнделікті жұмыс барысында ұшырасатын емдеудің жаңа тәсілдері, диагностикадағы жаңа әдістер, сонымен қатар жалпы алғашқы медико-санитарлық көмек көрсетуге енгі­зі­ліп отырған жаңа заңнамалық өзгерістер талқыланды. Себебі кез келген заңнаманың тиімді не тиімсіздігі оның жұмыс істеу барысымен анықталады емес пе?.. Біз жалпы биылғы Конгресте диспансери­зацияны күн тәртібіндегі өзекті мәселе етіп қойдық. Диспансеризация негізі 1978 жылы біздің елімізде әйгілі академик Төрегелді Шармановтың ұйытқы болуы­мен өткен Дүниежүзілік Дәрігерлер Конг­ресінде бірауыздан қабылданған Алматы Декларациясының негізгі ұраны болды. Осы Конгресс барысында біз сол нәрсені қайта жаңғырттық деп кеуде қаға қойма­сақ та, осы диспансеризациялаудың жаңа тәсілі төңірегінде өткен жылдың 26 жел­тоқ­санында дүниеге келген бұйрықтың дайындалуына ұйытқы болған едік. Әри­не, Денсаулық сақтау министрлігінің тіке­лей бұйрығымен.

– 2012 жылдың 26 желтоқ­санында шыққан бұйрықты ерекше атап көрсетіп жатқаныңызға қарағанда, оның диспансериза­ция, яғни алғашқы дәрігерлік көмек көрсету саласына әкелген бір жаңалығы болып тұрғаны ғой, демек?

– Әрине, бұл бұйрықтың көптеген жаңалықтары болып тұр, соның ішінде ең бірінші атап көрсетерлігі, мұнда дәрігер­лер­дің алдына нақты алгоритм қойылады. Айталық, мысалы, бұрынғы бұйрықта дәрігерге «мынадай ауру түрінде науқастан осынша анализ аласың, дәрігер қадаға­лауына осынша рет келесің» дейтін болса,  қазіргі бұйрықта әлгіндей жағдайлар сақтала отырып, тағы да қосымша әдістер қамтылады. Ең бастысы, мұнда орта буын медицина қызметкерлерінің рөлі анық­тал­ды. Ал бұрын әр медицина қызметкерле­рінің міндеттері жеке-жеке жазылмай, жалпы айтыла салған болатын. Ал қазір әр қызметкердің функциясы мен рөлі өз ал­дына қарастырылады, яғни орта буынды медициналық қызметкерлер, жалпы тә­жіри­белі дәрігер немесе тар салалық дәрігерлер не істейді солар жеке-жеке көрсетіледі. Түсінікті болу үшін айта кетсек, мұнда орта буынды медициналық қызмет­кер  деп отырғанымыз медбикелер мен фельдшерлер болса,  жалпы тәжірибелі дәрі­герлер – терапевт немесе отбасылық дәрігерлер, ал үшінші бірі кардиолог, эндокринолог, окулист, т.б  деген секілді нақты бір саланың маманы. Жаңа бұйрық бойынша осылардың әрқайсысының рөлі анықталды. Сонымен қатар бұл бұйрықта дүниеге сәби әкеліп, ұрпақ өрбітуге қабі­летті жас аралығындағы әйелдердің жүктілігіне кері әсер ететін және еш әсері жоқ  ауру түрлерін анықтау мәселесі де қамтылды. Осылардың барлығы таблица түрінде көрсетіле отырып, әр таблицаға қосымша алгоритм жүреді. Алгоритмде әр сырқат түрінде қай дәрігер не істеуі керек, қандай әдістерге сүйенуі шарт, оның нәти­желі болған жағдайында және нәтижесіз жағдайында не істеу керек, яғни қандай маманға бағытталады соның нақты бағы­ты көрсетіледі. Былайша айтқанда, меди­цина қызметкеріне бүгінгі таңда «жаңадан велосипед ойлап табудың», яғни не істей­мін деп дағдарудың қажеті жоқ, тек қана осы бұйрықты оқып, танысса болға­ны, онда барлығы тайға таңба басқандай көр­сетілген. Мұның тәжірибеге енгеніне көп болған жоқ, өткен жылдың желтоқса­нын­да басталды, сондықтан енді оның нәтиже­сі азаматтардың денсаулығын қорғауда қаншалықты өз тиімділігін көрсетті, соның барлығы осы биылғы Конгресте талқыла­нып, мүмкін жаңа заңнамалық толықты­рулар қажет пе, емес пе, сол мәселеге де­йін қамтылды. Денсаулық сақтау министр­лігі тарапынан атқарылып отырған бұл шара – өте өзекті әрі дер шағында атқарылып отырған іс. Ал аталған бұйрық дәрігерлер тарапынан тәжірибе барысында халық денсаулығын сақтауда өзінің нәтижелі екендігін көрсетті. 

– Жоғарыда айтып өткеніміз­дей, 1978 жылғы Алматы Декла­рациясын қабылдауға мұрындық болған Конференция сол заман­ның қажеттілігінен туған дәрі­герлік кеңес болғандай. Себебі сол кезге дейін дүниежүзінде бес жас­қа дейінгі балалардың 15 мил­лиондайы алғашқы дәрігерлік көмектің болмауы кесірінен көз жұмғанға ұқсайды. Әлемнің 140 елінен делегация қатысқан сол Конференцияда бірауыздан қабылданған Алматы Деклара­циясы жаңа туған сәби перзент­ханадан үйіне оралысымен оның және анасының жағдайын дәрігерлердің үйіне барып қадағалауына қол жеткізген. Ал енді техникасы мен технологиясы көш ілгері дамыған бүгінгі медицина несімен мықты?

– Ең бастысы, бүгінгі таңда ақпарат алмасу, науқастарды тіркеуге алу, емдеу – барлығы да автоматтандырылған. Мыса­лы, бұрындары біз тәуліктеп күтетін ана­лиздер нәтижесі осы автоматтандырылудың арқасында бүгінде бар болғаны 15-20 минутта белгілі болады. Сонымен қатар тағы бір ауыз толтырып айтарлық үлкен бір жаңалық – телемедицинаның жетілуі. Осының нәтижесінде шалғай орналасқан елді мекендердегі мамандар орталықтағы тәжірибелі әрі білікті деген дәрігерлерімен тікелей байланысқа шығып, тіпті шұғыл операцияларға кіруге дейін қол жеткізе алады. Яғни ауылдағы науқасқа сол жақ­тың жергілікті дәрігерлері ота жасайды, ал оларды білікті мамандар орталықта оты­рып қадағалап, кеңес береді. Мұның қан­шалықты тиімді екенін өздеріңіз бағамдап жатқан боларсыздар. Неге десеңіздер, біріншіден, біздің еліміз өте кең, сол дархан­ далада тұрғындар өте шашыраңқы орна­ласқан. Ал әлдеқалай жағдай туа қалса, мәселен, адамдар аяқ асты ауыра қалса, олардың барлығын бірдей орталыққа жеткізу мүмкін бола бермейді, кейбірінің халі жолды көтермейді деген секілді. Осы ретте телемедицина – таптырмайтын әдіс. Денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесі деп аталатын дәл қазіргі таңдағы  жетістігі де азаматтарға барынша тиімді қызмет көрсетуге көшті дей аламыз. Нақты айтсақ, азаматтарымыз қай жерде емдел­гісі келеді, порталға тіркеле отырып, өзіне аурухананы таңдай алады. Және де ол бойынша әр адамға кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсетіледі.

– Мұндай жағдайда науқас адам кезекті ұзақ күтіп қалмай ма? Науқастың халі мүшкіл болса ше?

– Оған бөлек жағдай қарастырылған, яғни жедел жәрдем арқылы жеткізілген ауруы асқынған науқас болса, оған шұғыл көмек көрсету жағдайы бөлек қарастырыл­ған. Ешқандай кезек күтпейді, порталдың оған еш кедергісі жоқ.

– Бұл енді медицинаның бүгінгі жақсы жетістігі, ал осымен қатар қанша жерден техника мен техно­логия дамып жатса да, адамдар бүгінде мамандардың бірыңғай техникаға сүйеніп, соның кесірінен бұрынғыдай мықты, білгір мамандар азайып кетті деген пікірді алға тартуда, бұған не дейсіз?

– Меніңше, бұл жалпылама айтыла салған сыңаржақ пікір секілді. Қанша дегенмен жеті немесе тіпті тоғыз жыл осы медицина саласында білім алған жандарға білікті маман деп қарау дұрыс дер едім мен. Ал ендеше неге жоғарыдағыдай сауал туындап жатыр? Біріншіден, бұл біздердің қандай да бір мәселеге біржақты қарауымыздан. Яғни, біздіңше, қашанда ауру асқынса дәрігер жаман, ал сол дәрігер айтқан нұсқауды орындамайтындығымыз ескерілмейді. Көрдіңіз бе, мәселе қайда жатыр дерсіз?!. Мысалы, дәрігер науқасқа емделу күні мен ем қабылдаудың ретін көр­сетеді. Айталық, өкпенің қабынуы, яғни пневмонияны алайық. Оған дәрігер күніне алты реттен он күн пенициллин қа­был­даңыз дейді, сосын қақырықты жібі­тетін дәрілерді тағайындады делік, оның қай сағатта, ас ішер алды, не соңында ішу керектігін, күндік мөлшерін, емделу кур­сын тағайындайды. Алайда науқастар не істейді, сол курстың жартысын қабылдар-қабылдамас ауруының беті қайта бастаса болғаны, ем қабылдауды тоқтатады да қояды. Ең қауіптісі  – осы, себебі емделе бастаған кезде бойдағы ауру антибиотик­тен сақтану формасына еге болады да, осы ретте науқастар жазылдым екен деп қате тұжырымға келеді. Шын мәнінде, бұл дерттің егесін алдауы, яғни науқас емдеуді тоқтата қойса, ол ойда-жоқта қайтадан бас көтеріп, бұрынғыдан да бетер күшейеді де, ойда-жоқта сол адамды алып жығады. Солайша бір кездері болмашы аурудың асқынуын біздің көпшілік азаматтарымыз өзінен емес, дәрігерден көреді. Бұл біздің қоғамымыздың жаппай «асқынған дерті» болып отыр. 

– Әрине, мұндайды жоққа шығара алмаймыз, әйтсе де бізде диагнозды дұрыс қоя алмау деген де проблемалар бар ғой, тіпті бүйрегі ауыратын адамға бауыр ауруы деген диагноз қойып, нәтижесінде дертті емдемей, дерт үстіне дерт жамап жататын кездер аз емес. Кейде тіпті соңы өлімге ұшыратып жатқан өрескел жағ­дай­­ларды дәрігердің кінәсінен демей не дейміз?

– Дұрыс айтасыз, диагностика – өте маңызды мәселе. Осы ретте қателесіп жата­тын дәрігергер де жоқ емес, ол жалғыз біздің елімізде ғана емес, әлемдік тәжі­рибеде бар нәрсе. Алайда қазір еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселеге кәдімгідей көңіл бөліп жатыр. Қалай дейсіз ғой? Қазіргі таңда қай жерде дәрігер тарапынан қателік жіберілген болса, сол жерге тіпті десант түрінде барып оқытуға дейін жағдай жасалған. Яғни кез келген қателік республика немесе штаб деңгейін­де көтеріліп, қателікке ұрынған дәрігерді бір айлық, болмаса одан да көп мерзімге білімін жетілдіруге қаржы да бөлінеді, жағ­дай да қарастырылады. Өйткені  дәрі­гер қателік жіберсе, демек, оның білімін әлі де болса жетілдіру керек деген сөз.  Бұл бір, екіншіден, бір жерде орын алған қателік екінші бір жерде тағы қайталан­басын деген мақсатта осылай етіледі. Соңғы екі жылда осы жағы қатаң назарға алынды.

– Ержан Сәбитәліұлы, сіз эндок­ринология саласында білікті де білімді маман ғана емес, сонымен қатар білікті ұстаз да екенсіз.  Олай болса, қазіргі кезде заманға сай дәрігер маман даярлау қалай жүзеге асып жатыр?

– Бүгінде ең жаңа тәсіл симуляциялық технологиялардың жайына тоқталғым келе­ді. Симуляциялық технология дегені­міз не? Айталық, сіз өзіңіздің жақыныңызды ешқашанда әлі біліктілігіне көз жетпеген жас маманның қабылдауына, яғни экспе­риментіне бермейсіз ғой? Алайда маман дайындау керек, яғни жас кадр түрлі ауру­ларды емдеуді тек теория жүзінде ғана емес, тәжірибе түрінде меңгеруге тиіс қой. Егерде біз болашақ дәрігерлерді адам­дармен тікелей байланысқа түсірмесек, онда ол ертеңгі күні науқастарды қалай емдемек? Міне, осы тұрғыда қазір түрлі аурудың жағдайына ене алатын манекен­дер жасап шығарылды. Симуляциялық технология деп отырғанымыз сол, яғни болашақ маманның алдына белгілі бір аурудың бағдарламасы жүктелген мане­кенді береді де, соны қалай емдеу керек­тігін білікті маман көрсетеді және оның өзін сынайды. Мысалы, әлгі интерактивті манекенге бауыр ауруының бағдарла­ма­сын жүктейсіз, ол тура адам секілді ауы­рып, тура сондай белгілер береді. Анато­миялық жағынан әлгі манекеннің адамнан титімдей де айырмашылығын таппайсыз. Өзі босанатын манекендер де, тіпті босану кезінде патологиялық жағдайға ұшырай­тын да манекендер бар қазір. Оларды елімізге АҚШ-тан, Еуропа елдері немесе Израильден алып келеді. Бұл медицина ғылымының ХХІ ғасырдағы дамуының нәтижесі деп айта аламыз. Сондықтан бола­шақ маман оған «қуыршақ» деп қарай алмайды, олай қарауға құқы жоқ. Біз бүгінде болашақ дәрігер мамандарды осы симуляциялық жолмен түрлі сынақтар­дан өткізіп, дәрігерлік қызметке кірісуіне жолдама беріп жатырмыз. Қысқасы, бүгін­де мемлекет болашақ дәрігерлердің барынша жақсы білім алып, тәжірибеден өтуіне қаржыны да, мүмкіндікті де аяп жат­қан жоқ.

– Аға, біз әңгімемізді алғашқы медико-санитарлық көмек көрсету мәселесінен бастадық. Сол ретте бір мәселенің шетін шыға­рып қалдыңыз, яғни азаматтары­мыздың өз денсаулығына салғырт қарап, бірақ соны дәрігерден көреді дедіңіз. Осы тұста көкейге бір сауал кеп тірелді, яғни кез келген дертті асқындыра түсуде біздің менталитетіміз де рөл ойнамай ма деген. Шыны керек, бізде «өзіне-өзі диагноз қою» деген бір әдет бар, яғни, қазақ үшін екі-ақ ауру бар: «суық тиген» немесе «көз тиген» деген. Осының да өз кезегінде зияны бар дей алар ма едіңіз?

– Әрине, өте дұрыс айтасыз. Тіпті «қа­зақтар дәрігерге өлерінен бір сағат бұрын келеді» деген де бір анекдот секілді әңгіме бар ғой. Ол негізсіз емес. Яғни қазақ бауыр­­ларымнан дәрігер ретінде қай жері­ңіз ауырса да, дәрігерге бірден жүгінуін өтінер едім. Себебі біз – ауруды әбден асқын­дырып, дәрігерге әбден болары бо­лып, бояуы сіңгенде бір-ақ келетін халық­пыз. Оған дейін біз өзіміз бір ем қолда­намыз, қала берді таныс, дос, көрші-­қо­лаңға жүгі­неміз, оған болмаса тәуіп жағалаймыз, сөй­тіп жүріп қаншама айлар, тіпті жылдар­ды өткізіп аламыз. Талай жандар солай ауруын асқындырып  ең соңында басқа үміт қалмады дегендей, алдыма жығылған кездері болды. Әрине, ауру енді басталған кез бен асқынған кездегі ем-шараның нәтижесі екі бөлек қой. Бірақ егер ем қон­баса, уақытты босқа өткізіп алған науқас­тың өзі кінәлі емес, кінәлі дәрігер болып шыға келеді. Былайша айтқанда, кім жа­ман, дәрігер жаман. Жер шарында қазақ­тан басқа дәл мұндай халық жоқ шығар, сірә. Сондықтан да айтарым, денсаулық – ең басты байлық, ендеше оған біржақты қарамай, әр адам өз денсаулығына жаны ашырлықпен қараса. Әрине, дәрігерлердің де тарапынан кетіп жатқан кемшіліктерді жасырмаймын. Сондықтан да айтарым, біз қанша жерден миллиондап қаржы құйсақ та, қазақ «өзіне-өзі дәрігер» болуын қоймаса, денсаулық сақтау саласындағы проблемаларды жоя алмаймыз. Яғни елі­міз­де ауру түрлері де, аурулар саны да азай­сын десе, онда ең алдымен өзінен бастасын. Сондай-ақ дәрігер де алдына келген адамға бейжай қарай салмай, өзінің жақыны деп қабылдауы шарт. «Ауру­дың табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсе-ші» деп ойлайтын дәрі­гер ғана нағыз дәрігер. 

Abai.kz

0 пікір