Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Білгенге маржан 2175 1 пікір 27 Шілде, 2023 сағат 13:20

Өр Алтайдың жауһары – Қанас көлі

Сурет: Әлеуметтік желіден

Әлем саясаткерлері мен ғалымдары және жазушылары сондай-ақ,  тарихшылары «Ұлы Дала» деп көгілдір Дунайдан Алтайға дейінгі аралықты айтқан. Қазақстан осынау ұлан-ғайыр жазықтықтың кішігірім бір бөлігі ғана деуге болады.

Бұл орасан зор аймақта қаншама ұлттар мен ұлыстар ерте заманнан өмір сүріп келеді. Осы аймақтың бір шетіндегі түркі елдерінің кіндік бесігі атанған Алтай тауы өзінің ғажайып табиғатымен, құт-берекесімен ежелден бұл өңірді қоныс еткен жұрттардың жүрегінде аяулы махаббаттай сақталған.

Осы Алтай тауының көрші Қытай еліндегі бөлігінде, көктен қарағанда жақұттай жалтырап жатқан бір айна көл бар. Міне бұл – алыс-жақынға аты әйгілі Қанас көлі. Егер Қытайдың мемлекеттік картасы шығысқа қарап тұрған әтешке ұқсаса, Шыңжаң өлкесі осы әтештің құйрық тұсында. Ал, Алтай тауы осы құйрық тәрізді аумақтың төбесінде тұр.

Қанас көлі Тыва тілінде көрікті де сырлы көл деген мағына береді. Дегенмен, кейде қазақ сөзі секілді көрінеді. Кейбіреулер «Тау шатқалындағы көл» деп аударып жүрсе, тағы біреулер оны «Төбе билердің зәмзәмі» деп те тәржімалаған. Қанас көлі ғажайып көркімен ғана әйгілі емес, көл түбінде «түйені түгімен, биені бүгімен» жұтатын құбыжық бар деген аңызбен де бүкіл шартарапқа аты шыққан. Қанас өзінің қайталанбас ерекшеліктерімен де қымбат. Егер таратып айтсақ, ол Сібір Тайгасының Қытайға сұғынып жатқан таңғажайып көрікті бөлігі деуге болады. Қытайдан Солтүстік мұзды мұхитқа құятын Еуразия кеңістігіндегі ең ірі Ертіс дариясының үлкен тармағы болып саналатын Буыршын өзенінің бастау алар тұсы осы ара деуге болады.

Тағы бір айтарымыз, Ресей Федерациясындағы астанасы Қызыл (Красный) қаласы болып келетін Тыва республикасын қоспағанда Тыва жұртының үлкен бөлігі осы Қанас көлінің айналасына қоныстанған. Бұл өңір адамзаттың егіншілік өркениетінен бұрын көшпелі елдер мәдениетінің тірі мұражайы десек артық айтпағандық.

Қанас жер шарындағы ең үлкен Еуразия материгінің кіндік тұсында орналасқан. Төрт төңірегі адам аяғы жете бермейтін, аң-құсы сирек, қарлы, ит тұмсығы өтпейтін қалың жынысты орман. Осындай иен алқаптардың қоршауында тұрғандықтан, күні бүгінге дейін байырғы қалпы мен жұмбақ күйін сақтап қалған. Қанастың экологиялық жүйесі ерекше таза, әлемде тұқымы құрып, жоғалуға айналған өсімдіктер мен жануарларды осы арадан кездестіруге болады. Біріккен Ұлттар Ұйымының осы араға келген қызметкерлері: «Бұл ара – жер шарының  ашылмай қалған ең соңғы бір жұмбақ өлкесі», - деген екен.

Қанас өңірінен 200 мың жылдың алдындағы төрт мұз дәуірінен қалған ерекше бөлек сүнгілерді, мұз қадаларды, мұз оймаларын және үшкіл мұз тау құздарын сондай-ақ, мұзды көлді қызықтай аласыз. Қанас көлінің төңірегін ақ қар, көк мұз жапқан да, ал бел ортасынан етегіне дейін ну орман бүркеген таулар қоралай қоршап жатады. Көк төбелері мен текшелерінде, шалғынды сайларында сылдыраған мыңдаған бұлақ ағады. Егер әсірелеп айтсақ, бұл арада көк аспан, айна көл, қазбауыр бұлт және жасыл орман бірегей көрініс тауып, тұтасып кеткен. Көлдің «құбылмалы көл» деген атауы да бар. Өйткені көл беті кейде көкпеңбек болып жатса, бірде аппақ болып көрінеді. Тіпті, кейде қып-қызыл болып тұрса, қайсыбір уақытта қоңыр күрең болып кетеді. Су деңгейінен 2030 метр биік келетін мұз басына салынған самалдыққа шығып айналаңызға қарасаңыз, жоғарыда айтқан тұтас көріністі көріп қайран қаласыз.

Ал енді, көл құбыжығына келетін болсақ, оған қатысты тывалардың арасындағы аңыз ерекше қызықтырады. Аңызда айтылатын көл құбыжығы – төтенше үлкен су мақұлығы көрінеді. Ол көл жағасына келіп су ішіп тұрған малды жұтып қояды екен-мыс.

1996 жылы Жаңа Зелландиялық ғылыми экспедиция көлдің екінші айналмасында ұзындығы он метрге жуық келетін алты қызыл балықтың қатарласа жүзіп, көлде қызыл белдеу қалыптастырғанын байқаған. 1998 жылы осы өңірдің бір малшысы салмағы 48 келі келетін балықты ауға түсірген екен. Бұл соңғы жылдардан бері байқалған ең үлкен қызыл балық ретінде есептеледі. Алып қызыл балық – солтүстіктегі суық өзен-көлдерде жасайтын, өте сирек кездесетін ет қоректі балық түрі. Осы  балықтардың салмағы 3-4 тонна келеді. Ол өте жыртқыш, әккі, ұзақ уақыт судың терең ортасында жасырынып жүреді. Балықтану ғалымдары алып қызыл балықтың тұқымы жер шарында құрып кетті деп есептеген екен. Дегенмен, олардың із-дерегі ойламаған жерден Қанас көлінен табылып отыр. Қанас көлінің ең терең шұңғылы 188,5 метр. Көл суының көбі еріген қар-мұз суы. Қалай ойласақта, мұндай суда тегі қандай құбыжық өмір сүруі мүмкін? Сол құбыжық деп жүргеніміз үлкен қызыл балық емес пе екен?

Не десек те, Қанас көлінде ғажайып мақұлық болған деген аңыз және оны біреулер көріпті деген әңгіме әлемнің шартарабынан жұртшылықты қызықтырып, көлдің көркін көруге кейінгі жылдары туристтердің белсенділігін арттырып келеді.

Тыва жұрты

Қанас алқабы – Қытайдағы қалың тывалардың аса көп қоныстанған мекен-жайының бірі. Негізінен Қанас көлінің жағалауындағы ауылдарда, Жаңа Тыва деп аталатын көптеген қыстақтарда және жаға-жиектен сәл қашықтау орналасқан Ақ қаба, Қом елді мекендерінде тұтас шоғыр болып өмір сүреді. Айтуларына қарағанда, бұл тывалар – Шыңғыс хан Қытайға жорық жасағанда жарадар болған және дімкәс сарбаздардың осы арада қалған ұрпақтары көрінеді. Олар қазақша майын тамызып, мақал-мәтелмен сөйлейді. Қалай дегенмен, түркі – қыпшақ жұртына жатады ғой. Бұлардың сөздерінен аздаған диалектіні аңғаруға болады. Мысалға айтатын болсақ; Ыдырыс сөзін – Ыдырыш немесе Өзен сөзін – Дария, Орман сөзін – Тоғай деп атайды. Дария және Тоғай сөзі қазақтарда да бар. Қазақтар секілді той-томалаққа өте құмар ел.

Тывалар қалың ағашты тау шатқалдарында мал бағып, аң аулап күн көреді. Жұрт оларды «бұлт арасындағы тайпа» деп те атайды. Олар тұрған жерлерде көптеген балбал тастарды, жартас суреттерін көрсек, олардың арасынан әлі күнге дейін тасаттық беру салтын жиі кездестіруге болады. Тілдері Алтай тілдері жүйесінің түркі-қыпшақ семьясына кіреді. Ауылы аралас, қойы қоралас қазақ руларымен жиі араласып, құда-құдандалы болып жатады. Айналадағы барлық нәрсенің киесі бар деп ойлайды. Тывалар өздерінің ұлттық ойындарын бәйге, күрес, садақ ату жарыстарын жиі өткізіп тұрады. Қары қалың суық айларда аяқтарына көбінесе шаңғы байлап жүреді. Шаңғы қар жауған кезеңнен бастап сыртқа шыққанда олардың қасынан тастамайтын ең керекті көлігі болып есептеледі.

Жалпы, көрші Қытай елі - көп ұлтты мемлекет. 9 миллион 600 мың шаршы шақырым мемлекет аумағында елу алты ұлт бірге тұрмыс кешуде. Қытайдағы ұлттардың арасындағы ең көбі Хан (Хансулар немесе Қытайлар деп аталады) ұлты. Бұлардың саны осы елдегі халықтардың тоқсан екі пайызын құрайды. Бұл елдегі ұсақ ұлттардың көпшілік бөлігі түркілерге жатады. Бұлар көбінесе Алтай мен Тарбағатай аймақтарында, Шыңжаң өлкесінде тіршілік етуде.

Бейсенғазы Ұлықбек

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

1 пікір