Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3585 0 пікір 18 Маусым, 2013 сағат 14:08

Қайдасың, Мағауия?

«Арай» журналына жаңадан жұ­мысқа тұрған кезім. Бір күні журнал қызметкерлері күншуақта темекі тартып тұрған еді.

«Арай» журналына жаңадан жұ­мысқа тұрған кезім. Бір күні журнал қызметкерлері күншуақта темекі тартып тұрған еді.
– Қалайсыңдар? – деген гүр еткен да­уыс естілді. Жалт қарағанбыз. Қияқ мұрт қойған, еңселі, иықты жігіт ағасы екен. Жанымдағылар жапырласып амандасты. Бұрыннан танитын секілді. «Гүлбайраш осында ма?» – деді де, ішке еніп кетті. «Ма­ғауия деген үлкен суретші, Гүлбайраш апай осы кісінің жары» десті, жаным­да­ғылар. Одан кейін Мағауия ағаны осы редакция қабырғасынан бірнеше рет көрдім. Кейін басқа жұмысқа ауыстым. Сон­да жүріп «қазақтың маңдайына біт­-­кен үлкен суретшісi із-түзсіз жоғалып кетіп­ті» дегенді естідім.... Нағыз кемеліне кел­ген шағында, нағыз бойындағы барды елін­е берер кезде жоғалды. Амал қанша? Өмір­де өз бағасын ала алмай кеткен, да­рын­ды жанның бірі де бірегейі, қыл­қа­лам шебері біз әңгімеге арқау етіп отырған осы Ма­ғауия Аманжолов еді. Пешенеге жаз­ғаны сол болды ма, дарынды суретші айдың-күн­нің аманында, шеберханасы­нан шық­қан бойда жоғалып кетті. Бұл – 1995 жыл­дың 15 тамызы еді. Содан бері оны көрген ешкім жоқ. Үлкен талант иесінің ойда-жоқта жоға­луына кім кінәлі, не әсер етті? Бұл – жұм­бақ. Дегенмен болжам жасауға болатын сияқты. Мағауия бір емес, бірнеше рет мемлекеттік деңгейдегі сыйлыққа ұсы­нылды. Біріншісі – Қазақстан комсомо­лы сыйлығы еді. Бірақ бәзбіреулер­дің та­рапынан тосқауыл қойылды. Сыйлық­­қа ұсынылғандардың қатарынан оның аты-жөні алынып тасталады. Екіншісі – Мемлекеттік сыйлық болатын. «Дала ди­дары» атты ұштағаны аламан бәйгеге түскен. Даусыз дүние еді. Оның құдірет­ті суретімен таныстар «сыйлық сенікі» дес­кен. Амал қанша, бұл жерде де батыраш­тар мен қотыраштар табылды. «Қарға адым жерде тұр еді менің бақытым, Ұстай алмадым, өткізіп алып уақытын. Сан­сырап, шаршап жүргенде, біреу тап келіп, Қақты да кетті айылы мықты, аты тың...» деп Мұқағали айтпақшы, Мемлекеттік сыйлық бұған емес, өзгеге бұйырды... Сексенінші жылдардың басында атақты «Ақтабан шұбырынды» картина­сын жасады. Іргелі дүние еді. Соның жалғасы ретінде 86-жылы «Құйын» деген сурет салды. Сол тұста кейбір көре ал­майтын, мұның талантына қызғаныш­пен қарайтындар Мағауияны «үш әріп­тің» адамдарына ұстап беру үшін, «әбүйі­рін құйын ашқан жалаңаш қыздың аяғының астына екі-үш сойыл-шоқпарды тастай сал. Қызыл империя солдаттары зорлаған екен деген түсінік береді. Суреттің ма­ңызын аша түседі» деп кеңес беріп, аран­датуға да ұмтылды. Мұндай пасық ойлы достардан жаны нәзік суретші күйзелмеді дейсің бе? Дос көріп, әріптес көріп жүр­гендердің арам пиғылын байқап, жан жүрегі жылады, әрине. Одан кейін тоқ­саныншы жылдардың басында «Түркия­ға апарып көрме өткіземіз» деп бірнеше түрік мұның он бес шақты картинасын көтеріп Түркияға алып кетті. Содан хабар болмады. Айдың-күннің аманында қан­­ша уақытын сарп етіп, жүйкесін жеп, ақ тер, көк тер боп салған бір топ туын­дысынан айырылып қалғаны, суретшіге үлкен соққы болды. Одан тыс, көре ал­майтындар мұның көзін ала бере, бірне­­ше мәрте салып қойған суреттерін тілгілеп кетті. Мұның бәрі жүйкеге, жүрекке салмақ түсірді. Амалсыз, ащы запыранды сыртқа төгу үшін, ащы сумен дос болды. Жұрт «ішіп кетті» десті... Бірақ оның құсалықтан ішкенін кім түсінсін... Сосын бір күні жоғалып кетті... Бәлкім, «қадірім­ді барымда түсінбегендер, жоқ болған соң талантымды бағалар» деп ойлаған­да болар-ау... Кім білсін? Мағауия Аманжо­лов 1949 жылы Қарқаралы өңірінде дү­ниеге келді. Әкесі малшы еді. Бәлкім, шетсіз-шексіз сағымға оранған далаға, көгілдір аспанға, көз ұшында бұлдыраған тауларға ғашық болу, оны ұғыну сол бала кезден, қой соңында жүрген тұста бас­талған шығар. Армияда Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербор) болды. Қолы босай қалса, шапқылап Эрмитажға баратын. Өнер әлемімен сонда кеңінен танысты. Армияда жүріп, «Мәскеуде оқысам» деген оймен бір топ суретін сондағы суретшілер даярлайтын оқу орнына жіберген. Көп ұзамай «сені оқуға қабылдаймыз» деген хат келді. Бірақ дәм-тұз бұйырмады ма, бұл Мәскеуге емес, Алматыға аттанды. Алатаудың ете­гінде орналасқан шаһарда оқыды, үйлен­ді, бала сүйді... Осында жүріп республика тұрмақ, Одаққа танылды. Қарымды суретші еке­нін танытты. Мойындатты. «Шексіз кеңістік, шетсіз кеңістік, біле тұра талай ұрысып, талай керістік. Мен де сендердей ақымақ екем ғой, мұнымыз енді ұлы кемістік» деп достарына, айналасында­ғыларға ренжігенде өстіп бір-екі шумақ өлең жазып қоятын еді. Ол тауға ға­шық болды. «Тауға тоймаймын» деген кере­мет картинасы бар. Мені ертіп, қыздарын жетелеп ертемен тауға шығып кететін. Күні бойы сурет салады. Ішіндегісін бүкпесіз ақтаратын. Иісі қазақтың да­нышпаны Абайды салды. Және қалай салды дейсіз ғой. Ешкім ұқсамады. Шо­қанды да салды. Көп ізденетін. Шоқа­н­ның суретін бір мұрағаттан тауып әке­ліпті. Дәл сондай етіп салған ешкім жоқ. Ма­ғауияның қайсы картинасын айта­йын. Көп қой. Амал қанша, осындай ас­қан да­-рын иесі барында бағаланбады. Қазір­де еске алып айтып жүргендер шамалы. Алда алпыс бес жылдығы келе жатыр. Қолым­­нан келсе көрмесін ұйымдастырсам, елдің есіне Мағауияның атын жаңғыртсам дей­мін» дейді жары Гүлбайраш Сүлей­мен­қызы. Уақыт жылжыр. Әлі-ақ келер ұрпақ өткенін бүтіндер. Сол кезде артына өлмес мол мұра қалдырған Мағауия Аманжо­ловтың да аты аталар. Үлкен дарын иесі болғанын бағалар.

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ, публицист-жазушы:

Мағауия ерте танылды. КСРО Су­ретшілер одағының мүшелігіне де қа­тарластарының алды болып қабылдан­ды.Мәскеудің көрмелеріне шығармала­ры бірінен кейін бірі қойылды. Ойлары то­сын өнер адамының өрнегі де бөлек бола­ды емес пе. Сондықтан оның айнала­сын­да қылқалам шеберлерінен бөлек – ар­тист, ақын-жазушы, журналистер де көп жү­ретін. Ол әрқайсысының тілін тауып, емін-еркін сырласатын. Қай-қайсысын да жан-жақтылығымен тәнті ететін. Өткен жылы бір басылымда Әлсейіт Ақпанбеттің шағын әңгімесі жариялан­ды. Онда гу-гуі басылмайтын, думаны елік­тіріп тұратын Алматы сыраханала­ры­ның біріндегі оқиға баяндалады. Бір-біріне дес бермей отырған жігіттер қысқа өлеңге бақ сынасады. Сонда сөзді әуелі әдеттегі­дей ақындар алады. Аяқ астынан шығар­ған шумақтарын жарысып оқиды. Бір кезде араларында отырған суретшінің де делебесі қозып шыдай алмай кетеді де:
Шексіз кеңістік, шетсіз кеңістік,
Біле тұра талай ұрысып, талай керістік.
Мен де сендердей ақын екенмін,
Мұнымыз біздің – ұлы кеңістік! – деп салады.
Міне, осылайша ақындардан ой оз­дырған азамат кім дейсіздер ме? Ол – Мағауия Аманжолов!
Мағауия көз көргендердің бәрінің айтуынша, ақын жүректі азамат еді. Ке­рілген кенептегі суреттері қалай сөй­лесе, тілі де дәл солай күмбірлейтін. Осы ойы­мызға жиырма төрт парақтық оқушы­ның көк дәптеріне жазылған мына бір шума­ғы нақты дәлел:
Туған жер өзіңді мен сағынғанда,
Бір адым жақындаймын ақындарға.
Бейнеңді оймен тартып салғанменен,
Мен бармасам, ол маған жақындар ма?!
Ол елін де, жерін де, қазағын да шы­найы көңілмен сүйе білді. Сол сезімін әсіре бояу, өтірік өрнексіз тап-таза, тұнба қал­пында, асқан шеберлікпен бейнелей­ді. Осы ерекшелігін былайғы жұрт қана емес, бейнелеу өнерінің майын езіп, дә­мін татқан хас шеберлердің өздері де айрық­ша бағалады. Және бір баса айтатын жай – әріп­тестерінің ешқайсысының дәті же­тіп бара бермейтін тақырыпқа батыл бар­ғандығы. Тоталитарлық жүйенің дегені болып, халықтың кешегі бастан кешкен ауыр тағдырын айттырмай, ауыздықтап отырған жетпісінші жылдардың өзінде «Ақтабан шұбырынды» циклына үн­дестіріп, қазағымның келешегі қалай болады деп асқан күйзеліспен ғұмыр кешкен аяулы арыстарымыз туралы «Құрылтай съезінің делегаттары Орын­борға барар жол үстінде» деген полотно жазуы, оны 1986 жылдың Желтоқсан көтерілісі қасіретіне ұластырып «Құ­йын­ды» қиюластыруы, солардағы діттеген ойын асқан нәзіктікпен астарлай жеткі­зіп, көркемдік кеңес пен тіміскілегіш түртпекшілердің ауыр тезінен орайын тауып өткізе білуі ғажап емес пе?!
Бірақ осы «ғажаптардың» қай-қай­сысы да жүрегіне азап жүгі болып артыл­ғаны күмәнсіз. Мәселен, әлгі көк дәп­тердің бір парағына: «Көңілді шайтан қылды-ау, шайтан өмір...» деп жазыпты. Сол жазбалары бітетін дәптердің со-ңында:
«Мысық қашса тырнағына сеніп,
Жоғары шығар ит жетпейді деп.
Мен неге жоғарыға секірмеймін,
Балағымнан тістер иттерді көріп...» – деген жолдарын оқыдық. Астында мерзімі көрсетілмепті. Өзімізше, бұл шумақ жо­ғалып кетер кезінің алдында кесте­ленген ойы болар деп ұқтық.
– Қайран, Мағауия! – дейміз біз бүгін. – Шеңберге сыймай тірлік кешіп, ше­берлігің әбден шыңдалған, қай тақы­рыпқа да именбей бара алатын тәуелсіз уақыттағы таңғажайып дүниелерің­ді көрсете алмай арманда кеткенің-ай!..
1996 жылы жарық көрген «Арай» журналының бір санында «Қайдасың, Мағауия?» деп іздеу салған мақала жазып едім. Әлі де сол ниеттемін. Сен өлмегендей көрінесің. Олай болатыны, өлгеніңді көрген, көмілгеніңді көрген пенде жоқ.
Бар бол, Мағауия!
 
Тұңғышбай Жаманқұлов, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, актер, режиссер:
– Қайсы бір жылдары ҚазПИ-де өнер­ге жақын, театрды сүйетін студент­тердің басын құрап үйірме ашып, қосым­ша жұмыс жасап жүрдім. Мағауиямен сол жерде жүріп таныстым. Оның сөзінен, ісінен бөлек жаратылған жан екенін бірден таныдым. Оның сөз саптауы, көзқарасы, жүріс-тұрысы, азаматтығы ұнады. Бір-бірімізге жақын жүрдік. Ол кезде Мағауия жас. Басын тауға да, тасқа да ұрып, ізденісте жүрген кезі еді. Ол өз қуатын сезетін. Ара-тұра «мен тегін адам емеспін» деп айтып та қоятын. Өзінің стилі жайында әңгімелегенді ұнататын.Кей кезде «Жалын» журналының мұ­қабаларына суреттері жарияланады. Жасыратын несі бар, соны бірге жуып жүрген кез де болды. Ол әрбір жарық көр­ген туындысына балаша қуанушы еді. Әрине, мен Мағауиямен қатты араласып кеттім деп айта алмаймын. Онымен жігіт, азамат ретінен гөрі, суреткер ретінде көп араластым, көп ақылдастым.Үнемі өнер жайында әңгіменің тиегін ағытып қойып, отырушы едік. Мен КазПИ-де не істеп жүрмін, оның шаруасы болмады. Өнерге деген ортақ бір үндестік болды ма, неге екені қайдам, әйтеуір маған жақын жүру­ге тырысты. Шеңберге сыймайтын талант еді. Үнемі қайнап жүретін. Ізденісі, ұм­тылысы көп-тұғын. Амал қанша? Қазір енді өткен шақпен сөйлеп отырмын. Бі­рақ ол із-түзсіз кетті дегенге көңілім сенбей­ді. Алыс сапарға кеткендей, қайтып ке­летіндей көрінеді де тұрады. Жаман айту­ға аузым бармайды. Мына жапон елін­де суреткерлерге тән бір мінез дейміз бе, дәстүр дейміз бе, бірдеңе бар. Кемеліне келіп, барын берген суретшілер кенет жоғалып кетеді де, басқа атпен, басқа стильмен екінші бір жерден жарқырап көрінеді. Бәлкім, біздің Мағауия да сон­дай жолға түсті ме екен? Басқа кеңістікке кетіп қалды ма, құдай біледі. Жұмыс басты болып кеттік. Әркім өзінің тірлігімен шапқылап кеткен бір заман болды. Сөйтіп жүргенде араға он-он бес жыл түсіп кетті. Ұмытпасам, театрда директор кезім бе екен, бірде Мағауия келіп тұр. «Портретіңді салдым» дейді. «Қалай?» деймін таң­-ғалып, суретші кейіпкерін шеберханаға шақырып, бірнеше сағат отырып, байқап, зерттеп барып салушы еді, сен қалай салдың?» деймін ғой. «Мен сізді білемін ғой» дейді жымиып. Бардым. Көрдім. Ұнады. «Жендеттер» деген спектакльдегі образым екен. Тек кейбір жерін жөндеу керектігін айттым. Біраз уақыт салып, тағы шақырды. Тастай қылып жөндеп, салып қойыпты. Терең ойлы, сұғыла түйсікті, сирек талант еді. Қазір ортамызда, Мағауия жоқ дегенге көңілім сенбейді. Бір күні жарқылдап келіп қолымды алып жататын сияқты болып тұрады.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

"Айқын" газеті

0 пікір