Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 2950 0 пікір 17 Маусым, 2013 сағат 20:31

Ханкелді Әбжанов. Тарих телеарнасы ашылса…

 

Тәуелсіздік пен мемлекеттіліктің бір де болса бірегей нышаны – төл тарихтың бары мен жоғын бұрмалаусыз, боямасыз, тек ақиқат биігінен зерделеу. Мұндай талаптың тарихты түзуші ғылымға да, сұранысты туындатушы тәуелсіздік пен мемлекеттілікке де бірдей қатысы бар. Өткеннің тәжірибесі мен тағылымы қаншалықты әділ зерттелсе һәм насихатталса, тарихи санасы оң қалыптасқан халық бүгінгі үдерістің соншалықты белсенді әрі өскелең субъектісі бола алады екен. Демек, тарихи сананың кемелдігі болашаққа берілген кепілдік, ал әлжуаздығы ұлттық қауіпсіздікке төнген қатермен пара-пар.

 

Тәуелсіздік пен мемлекеттіліктің бір де болса бірегей нышаны – төл тарихтың бары мен жоғын бұрмалаусыз, боямасыз, тек ақиқат биігінен зерделеу. Мұндай талаптың тарихты түзуші ғылымға да, сұранысты туындатушы тәуелсіздік пен мемлекеттілікке де бірдей қатысы бар. Өткеннің тәжірибесі мен тағылымы қаншалықты әділ зерттелсе һәм насихатталса, тарихи санасы оң қалыптасқан халық бүгінгі үдерістің соншалықты белсенді әрі өскелең субъектісі бола алады екен. Демек, тарихи сананың кемелдігі болашаққа берілген кепілдік, ал әлжуаздығы ұлттық қауіпсіздікке төнген қатермен пара-пар.

Әлемдік және отандық тарихтың сабақтарын тереңнен толғаудың тамаша үлгісі – Елбасымыздың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы. Жолдаудағы үш тараудың алғашқы екеуі: «Қалыптасқан Қазақстан» және «ХХІ ғасырдың он жаһандық сын-қатері», ондағы пайымдар мен тұжырымдар толығымен тарихқа сүйенгенін көреміз. Соңғы 15, 20, 60, 100, 150, 300 жылда орын алған өзгерістер мен қайшылықтарды алға тарта отырып, Президентіміз Қазақстанда шешілуге тиісті міндеттер парадигмасын талдайды. «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жүзеге асыруда қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктелетінін былайша түйіндейді: «Тағылымы мол тарихымызбен, ұлы бабалардың ұлағатты өмірінен алар тәлімімізбен біз алдағы асулардан алқынбай асамыз». Тарих тағылымы мен тәлімін замана талабына сай кәдеге жаратудың пәрменді үш тетігі бар: Біріншісі – үдерісті заң күшімен, материалдық-қаржылай, кадрлық-ұйымдық шешіммен мемлекеттік реттеу; Екіншісі – ғалымдардың қарымымен кәсіби зерттеу; Үшіншісі – білім, өнер, БАҚ жүйесімен еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін қамтып, санасына, жүрегіне сіңіру. Енді осылардың әрқайсысына кеңірек тоқтала кетелік, айтар ұсыныстарымыз да бар.
Қазақстанда тарихты оқыту, зерттеу, насихаттау мемлекеттік саясат пен практикадан бір сәт тыс қалған емес, жинақталған тәжірибе де баршылық. Сонда бөгесін, осалдық неде? Кадрлық-ұйымдық мәселеде тарихтан PhD даярлау қарқыны өте төмен. Егер осылай жалғаса берсе, 10-15 жылдан кейін ЖОО-лар мен Ғылыми-зерттеу институттарында (ҒЗИ) қызмет істейтіндердің басым бөлігін магистрлар құрауы әбден мүмкін. Мәселен, соңғы 3 жылда біздің институттың бірде-бір магистрі PhD-ға оқуға түскен жоқ. Білім және ғылым министрлігінің қаперіне саларымыз: Қазақстанда антрополог мамандарды даярлау тоқтады. Ертең қаңқасы табыла қалған тарихи тұлғаларымыздың бейнесін қалай қалпына келтіреміз? Антрополог мамандығын игеру үшін алдымен биология немесе медицина факультетін бітіру керек. Ал мұндай бакалавр ешқашан тарих факультетіне магистратураға қабылданбайды. Ереже рұқсат етпейді. Қысқасы, тарих ғылымының тұтас саласы жабылу қарсаңында. Кеңестік жүйемен жоғары білім алған, бірақ кандидаттық диссертация қорғап үлгермегендер ҒЗИ-ларда аз емес. Жасы ұлғайып кеткендері, отбасына байланғандары енді PhD дәрежесін ала алмайды. Сонда бұлардың маңдайына жазылған тағдыр кіші ғылыми қызметкер, ғылыми қызметкер деңгейінде қалу ғой. Араларында майталман мамандар жүргенін ескеріп, үздіктеріне аға ғылыми қызметкер дәрежесін беруді заңдастыруды сұраймыз.
Оқытудағы бөгесін – жоғары оқу орындарында (ЖОО) педагогикалық жүктеменің шамадан тыс көптігі. Кредиттік жүйеде ол 350 сағаттан аспайды деген сөзді ғасыр басындағы Білім және ғылым министрінің аузынан естіген едік. Іс-жүзінде 700 сағаттан кем түспей тұр. Нәтижесінде оқытушы 6-7 пәннен дәріс оқуға мәжбүр. Бұған айлығы төмен оқытушының қосымша жұмысқа жегілуін, толтыратын, жазатын қаптаған қағаздарын қосыңыз. Тап қазір студентке сапалы тарихи білім беру осы себепті қиынға соғуда. Енді зерттеулер туралы. Тарихтан ҒЗИ-лар екі қалада ғана – Астана мен Алматыда шоғырланған. Ал облыстардағы ғылыми-интеллектуалдық әлеуетті игі іске жұмылдыру үшін жергілікті билік қолдауы қажет екенін әрі ол тамаша нәтижелерге қол жеткізуге болатынын Қарағанды, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан өңірлерінің тәжірибесі көрсетіп отыр. Өлкетануға бейжай қарайтын әкімдер де бар. Қозғаусыз жатқан осы әлеуетті жер-жерде іске қосу тек орталық биліктің ғана қолынан келеді. Тарихи өлкетану жанданбай, Отан тарихының біртұтас жаңа келбетін түзу бекер әурешілік.
«Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру барысында республикалық және жергілікті қоғамдық кеңестер құрылған еді. Оған билік өкілдері, ғалымдар, мамандар кірді. Сол тәжірибені қайта жандандыру керек сияқты. Мәселен, Мемлекеттік хатшы жанынан, облыстық, қалалық әкімдер жанынан ұлт тарихы бойынша қоғамдық кеңестер құрылып, билік пен ғалымдар қауымының ізденісін үйлестірсе, нұр үстіне нұр болар еді. Жалпытарихты зерттейтін қазақстандық ғалымдардың ізденістері үйлестірілмей отыр. Мұнсыз ежелгі және орта ғасырлар, жаңа дәуір мен қазіргі заман бойынша әлем тарихының оқулықтарын жазу қиынға соғады. Шетел оқулықтарымен жастарымызды оқыту жарға соқтыруы бек мүмкін. Мәселені оңтайлы шешудің бірінші қадамы ретінде іргелі оқу орындарының бірінің құрамында жалпытарих бойынша бастамашыл-ұйымдық орталық құрғанды жөн санаймыз. Уақыт өте келе соның негізінде жалпытарих ҒЗИ-ы ашылып қалар.
Тарихи білімді насихаттауда іске қосатын мүмкіншіліктер бар. Нақтырақ айтсақ, кеше ғана ашылған «Білім», «Мәдениет» телеарналары ақпараттық кеңістіктегі лайықты орындарын тауып отыр. Ендеше тарих телеарнасын неге ашпасқа? Ресейде «Бірінші тарих арнасы» жұмыс істеп тұрғанын әріптестерім жақсы біледі. Сол арқылы архивтер мен кітапханалар қойнауындағы, тарих ғылымы саласындағы, жекелеген зерттеушілер зертханасындағы өзекті ақпараттар, жаңалықтар қалың қауымға жол тартып жатыр. Біздің де азаматтар осындай жұмысты атқара алатынына кәміл сенемін. Тарихи білімді жұртқа жаю ғалымның аты мен хатын ардақтаумен қатар жүргені абзал. Әрине, сапалы зерттеулердің бәріне сыйлық (Мемлекеттік, Күлтегін сыйлығы, Ш.Уәлиханов сыйлығы, т.б. сыйлықтар) беру мүмкін емес. Дегенмен, ресми сыйлық конкурсына қатысса да бәйге алмағандарды бизнестің әлеуметтік қолдауымен «Үздік монография», «Үздік жаңалық», «Үздік мақала», «Үздік ғалым», «Жыл ғалымы», «Үздік оқу құралы» авторы деп ұлықтау қажет тәрізді. Бұл да қоғамдық пікірдегі ғалымның беделін көтеруге септеседі.
Тарихты оқыту, зерттеу, насихаттау ісіндегі іркілістерді тек сыртқы фактормен түсіндірсек, қатты қателесеміз. Тарихшылар қауымы әлемдегі, елдегі модернизациялау қарқынына ілесе алмай қалатынын мойындауымыз керек. Әлеуметтік-кәсіби тұрғыдан кемелденудің, жетілудің орнына осыдан 15-20 жыл бұрынғы білім қорымен жүрген әріптестеріміз бар. Өкінішке орай, бұларды ҒЗИ-да кездестіруге болады. Ежелгі және ортағасырлық тілдерді білетін тарихшылар жоқтың қасы. Осыдан да шығар кәсіби тарихшы болмай-ақ, тарихи өзекті тақырыптарға том-том кітап жазушылар пайда болды. Ұлттық тарих ғылымының абыройын асқақтатқан Ә.Марғұлан, Е.Бекмаханов, С.Ибрагимов, Г.Дахшлейгер, Б.Сүлейменов, Е.Масанов, Т.Елеуов, Ә.Тұрсынбаев тұсында тарихшылар үйін «қонағы» билемеген еді. Жақсылық көрсек те, жаманшылық көрсек те өзімізден болып тұр. Тәуелсіздік пен тарих – тамырлас. Тәуелсіздіксіз тарих оңалмайды, тарихсыз тәуелсіздіктің қадір-қасиеті ашылмайды. Ендеше біздер, тарихшылар, ұлы міндетке сай еңбек етейік.

Ханкелді Әбжанов,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры

"Ана тілі" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3516