Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 2552 0 пікір 17 Маусым, 2013 сағат 20:12

«Ұраным –Алаш!»

(Осы тақырыппен Семей қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы кітапханада «Кітапхана түні» мәдени шарасы өткізілді)

 

         «Алаш» сөзі бүгінде «қазақ» деген ұғымға балама ретінде  пайдаланылып жүргенмен, түпкі мағынасы әлде қайда кең екені баршамызға мәлім. Кешегі деп айтайық, «алты алаштың заманында» деп айтылатын сөз тіркесіндегі  алты алаштың құрамында негізгі тарихи деректерде кездесетін қазақтың үш жүзі мен қырғыз, қарақалпақ, құрама жұрты кіреді. Ал, одан арғы «он алашқа» өзбек, башқұр, ноғай, татар кірсе керек.

         Әңгімеміз «Алаш» сөзінің тарихы туралы емес, бүгініміз туралы болып тұр. «Алаш» десе сауатты жұртшылық, әсіресе билік төңірегіндегілер, миығынан күліп, оны «ұлтшылдық» ретінде қабылдайды және өздерін ұлтшылдықтан жоғары тұрған тұлға сезініп, саған ұлтшылдықтың балалық ауыруымен ауырған дімкәс ретінде қарайтынын қайтерсің! Мен кеше ғана сол биліктің құрамында болған, азғана жылдар емес, зейнетке шыққанша бар қызметтік ғұмырымды өткізген адаммын. Бүкіл Семейдің шенеуліктері мені сыртымнан «Алаш!» деп қыжыртып,  мазақтайтынын да білемін.

(Осы тақырыппен Семей қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы кітапханада «Кітапхана түні» мәдени шарасы өткізілді)

 

         «Алаш» сөзі бүгінде «қазақ» деген ұғымға балама ретінде  пайдаланылып жүргенмен, түпкі мағынасы әлде қайда кең екені баршамызға мәлім. Кешегі деп айтайық, «алты алаштың заманында» деп айтылатын сөз тіркесіндегі  алты алаштың құрамында негізгі тарихи деректерде кездесетін қазақтың үш жүзі мен қырғыз, қарақалпақ, құрама жұрты кіреді. Ал, одан арғы «он алашқа» өзбек, башқұр, ноғай, татар кірсе керек.

         Әңгімеміз «Алаш» сөзінің тарихы туралы емес, бүгініміз туралы болып тұр. «Алаш» десе сауатты жұртшылық, әсіресе билік төңірегіндегілер, миығынан күліп, оны «ұлтшылдық» ретінде қабылдайды және өздерін ұлтшылдықтан жоғары тұрған тұлға сезініп, саған ұлтшылдықтың балалық ауыруымен ауырған дімкәс ретінде қарайтынын қайтерсің! Мен кеше ғана сол биліктің құрамында болған, азғана жылдар емес, зейнетке шыққанша бар қызметтік ғұмырымды өткізген адаммын. Бүкіл Семейдің шенеуліктері мені сыртымнан «Алаш!» деп қыжыртып,  мазақтайтынын да білемін.

         Амал қанша, біздің тәуелсіздіктен кейінгі жиырма жыл ғұмырымыз ұлтсыздану жолы болды десем, артық айтпағаным. Өткеніме топырақ шашайын деп отырған жоқпын, көп жылдар сол ортада жүріп, көзімнің анық жеткенін айтайын деп отырмын. Біздің қазіргі билік ұшар басынан төменгі етегіне дейін қазақы ұлттық мінезден жұрдай, өзіндік ұлттық бет бейнесі жоқ, дүбара, жалған жалпақшешей, жалтақ, маргиналдардан тұратын билік. Әсіресе, бұның орта буыны – аудандық, қалалық деңгейін осы індет жайлаған. Жалпы, ҰЛТСЫЗДАНУ басшылықтан, әкімшіліктен бастау алып, олардың отбасылары, туған-туыс, құда-жекжат, көрші – қолаң, дос-жаран, атқосшылары арқылы жалпақ жұртқа жұқпалы аурудай тарайтындығын жоққа шығаруға болмайды. Олардың біреуінің баласы қазақша оқымайды, қазақ мектебіне беруге арланады. Содан соң, ұрпақ алмасқан сайын жат болмыс, бөтен тіл, бөгде мәдениет күшейіп, өз ұлтының тілі мен ділі, салт дәстүрі әлсіреп, жойыла бермек.

         Олар дастархан басындағы басқосуларда «қайран тілім-ай, қазағым-ай!» деп күңіреніп, ет бауырлары езілгенде, рас екен деп ойлап қалуыңыз мүмкін.

         Өкінішке орай, біздегі ұлтсыздану үдерісінің аса тез қарқынмен жайылып бара жатқандығы да, оған биліктегілердің, олардың айналасындағылардың, бизнес және оның төңірегіндегілердің мұрындық болып отырғаны да рас. Бұл сұмдық  үдеріс, қазақты қазақ етіп отырған ең соңғы тірек – ұлттық рухтың әлсіреп, жойыла бастарына алып келері анық.

         Интернационализмнің астарын айналдырып «халықтар досығы» дейтін күмәнді саяси сайқалға көйлек қып кигізген бүгінгі тірлігімізге не шара!

Кешегі Советтер Одағы жүргізген «интернационализмнің» бірақ мақсаты бар болатын, ол – жер шарын орыстандыру болды. Қазақстанда осы үрдіс әлі тоқталмауда.

         Себебі, біз жиырма жылда дінді қалай бетімен жіберсек, ұлттық идеологияны да солай бетімен жібердік. Идеологияда бос кеңістік деген болмайды. Болса оны басқалар толтырады. Ұлт өзінің рухани қазынасы – мәдениеті мен салт-дәстүріне, тілі мен діліне немқұрайды қараса, онда жаңағы бос қалған кеңістікті басқалардың жаулап алғаны.

          Міне, идеологияда мемлекеттік тұғыр мен қоғамдық көзқарастың өзегі осы болу керек. Күні кешегідей халық идеологияға емес, керісінше, идеология халыққа, оның ұлттық және мемлекеттік мүддесіне, тәуелсіздік  мақсатқа қызмет етуі керек.

         Керек десеңіз, бұл – ең басты фактор. Кез келген ел, кез келген ұлт өз мәдениетін, өз тілін, өз рухын қолдайды, оны жат әрекет пен әсерден қорғайды. Мұның маңызы, біле білсек, қолға қару алып, өз Отанын қорғаудан бір де кем емес.

         Бізге ұлттық идеологияны ойлап табудың қажеті жоқ. Бізде ұлттық идеологияның берік қаланған ірге тасы да, дайын қабырға ұстыны да, керек десеңіз, бүгінгі күн талабы тұрғысынан жасалған әртүрлі жобалары да жеткілікті.

         Ұлттық идеологияның ірге тасын қалаған – Ұлы Абай, туы да сол Абай болмақ. Ал қабырғасын тұрғызған – Алаш ардагерлері. Алаш идеясы жалғыз қазақтың идеясы емес, Қазақстан халқының идеясына айналғанда ғана Мәңгілік Ел боламыз. Сондықтан, алдымен билік Алашқа бетін бұрмаққа керек.

         Осы мақсатта қаламыздағы Абай атындағы кітапхана өзінің 130 жылдық мерейтойы қарсаңында «кітапхана түні» кешінің тақырыбын «Ұраным – Алаш!» деп алған еді.

         Бұл кештің беташарын Әміре Қашаубаев атындағы филормонияның  «Бибігүл» ұлт аспаптар оркестрі өзінің дүбірлеткен күйлерімен бастап, республикаға танымал әншілер Баян Сағымбаева, Мафруза Өтеуленова, Салтанат Сыбанбаева, Нұрлан Көшеров, Әлия Бөженовалар Семей аспанына қалықтата ән самғатты.

         Осы кештің алтын арқауы – «Дариға-ай» жастар театры қойған «Абай мен Михаэлистің кітапханадағы кездесуі» атты қойылымы болды. Қойылымның режиссері осы театрдың директоры Амангелді Бахтинов. Қырық жастағы Абай ролін артист Еркебұлан Нұғыманов аса сәтті шығарды деп ойлаймыз. Өзі де кемел шағына келіп қалған Еркебұлан Абай бейнесіндегі парасаттылық пен кеңдікті, өз қадірін білетін нық сенімділікті, ортасынан, тіпті сол орыс зиялыларының өздері қолы жетпес биіктікті бір көріністе-ақ сездіргендей еді.

         Осы кезекте қойылымдағы шенеунік бейнесін келістіре шығарған Рауан Бейсенұлының шеберлігін айта кетпесек болмас. Кішкентай рөлдің соншама сенімді шыққаны сондай, өткен ғасырдың шенеунігінен бүгінгі заманымыздың шенеунігін жазбай таныдық.

         Ал Дәурен Төлеубаевтың Михаэлисі біз үнемі суретінен көріп жүретін көзәйнегі шақырайған қабасақал емес, жанарына мұң ұялаған, орыс халқының қасіретін арқалаған, мұңды да қоңыр нағыз орыс интеллигентін таныдық.

         Сол сияқты Ғалым Тасболатовтың Баймағамбеті, Ертуған Құрмашевтың Кітапханашысы шағын да болса ешкімге ұқсамайтын кейіпкерлер болғаны қуантады.

         Қойылым соңында өлкеміздің ардақты тұлғаларының бірі Төкен Ибрагимов жазушы Мұхтар Әуезовтың  Абай туралы монологін оқыды.

         Осыдан соң кеш тізгінін дәстүрлі әншілер алып, Толу Сембаев, Бақыт Үдербаева, Қайрат Хабимолдин, Гүлшат Еруова, Гүлдана Ноғайбаева, Алтын Смасейітова, Айнұр Әбілқасымова, Бақытжан Түгелбаевтар әннен маржан шашқандай әсер қалдырды.

         Осы кештің тағы бір ерекшелігі – Алашорда өкіметінің Алаш гимнінің  сонау өткен ғасырдың 18-20 жылдарында бүкіл алаш айтқаннан кейінгі ғасырға жуық үнсіздіктен соң, тұңғыш рет ресми түрде осы кеште хормен шырқалуы болды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында бұл гимнді үлкен өнер танушы-сазгер Ілия Жақанов ағамыз ұзақ зерттеген екен. Нотаға түсірген композитор Бауыржан Жақанов; Әнді түпнұсқамен салыстырып, редакциялаған Қазақ ССР-інің халық артисі, дирижер, профессор Алдаберген Мырзабеков екен. Хорға дайындықты бастаған марқұм Сағынай Тезекбаев еді. Ол да ұлттық рух десе ішкен асын жерге қоятын Алаштың ардақтысы еді. Кенет басталған хор кенет үзілді. Япырмай, мынау ән Алаштың өз тағдырындай болды-ау деп жүргенде, Алматыдан әкесінің жерлеуіне келген Сағынайдың ұлы Олжас әкесінің ісін жалғап, Алаш гимнін жұртшылық алдына жарқырата алып шықты!

         Кештің енді бір бөлігі «Қайым-Алаш» ескерткішінің алдында жалғасын тапты. Онда қаламызда тұратын ақындар Александр Кузнецов, Николай Никитин, Сәтжан Қасымжанұлы, Мирас Құсайынов, Мұратбек Сұлтанбеков,Кенжебек Байгужинов, Дәмеш Омарбаева, Нұржан Өмірбаевтар Көктүрік, Алаш, Отан; Қазақстан туралы  өлеңдерін оқыды.

Кеш соңында «Еураз-шоу» ән-би театры ұлттық-алаштық-көктүріктік дәстүрде өрілген қиіз үй алдындағы кеңформатты концерттік өнерімен жұртшылықты тәнті етті.

СЕМЕЙ, ТУЫҢ – АБАЙ, ҰРАНЫҢ – АЛАШ!

Құсмілия НҰРҚАСЫМ, Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1570
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3564