Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2711 0 пікір 16 Маусым, 2013 сағат 18:34

Ұлттық тарих: Сарайшық су астына кетіп барады

ҚР Мемлекеттік хатшысы

Марат Тәжиннің,

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы

 қоғамдық кеңесінің төрағасы,

UNESKO ісі жөніндегі Ұлттық комиссиясының төрағасы

Иманғали Тасмағамбетовтың

Назарына!

 

Жолым түсіп, жақында Сарайшық қаласының орнына табан тіредім. Тарихи орынды көруге деген іңкәрлік, бабалар тарихына деген құрмет сезімі осы қадамыма себеп болған еді. Алайда көне қаланың орнына барып, тарихи жәдігермен танысу барысында көңілім су сепкендей басылды. Бұл - тарихи орынның мен күткендей маңызды болмауынан емес, бүгінгі ұрпақ тарапынан қамқорлықтың жоқтығынан туындаған еді.

ҚР Мемлекеттік хатшысы

Марат Тәжиннің,

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы

 қоғамдық кеңесінің төрағасы,

UNESKO ісі жөніндегі Ұлттық комиссиясының төрағасы

Иманғали Тасмағамбетовтың

Назарына!

 

Жолым түсіп, жақында Сарайшық қаласының орнына табан тіредім. Тарихи орынды көруге деген іңкәрлік, бабалар тарихына деген құрмет сезімі осы қадамыма себеп болған еді. Алайда көне қаланың орнына барып, тарихи жәдігермен танысу барысында көңілім су сепкендей басылды. Бұл - тарихи орынның мен күткендей маңызды болмауынан емес, бүгінгі ұрпақ тарапынан қамқорлықтың жоқтығынан туындаған еді.

Біріншіден, көне қала орнын тауып бару да оңайға соқпайды. Жолда кездескен тұрғындардан сұрай отырып, ауыл арасындағы тас төселмеген топырақ жолдар арқылы жеттік. Жолдың бойына екі-үш жерге қалашыққа баратын нұсқаулықтар орналастыру да ешкімнің ойына келмегендей. Бұл мәселелер жергілікті туризм және спорт басқармасының құзыретіндегі дүниелер емес пе? Осындай құнды дүниемізді өзгеге таныта алмау, туристерді қызықтыра алмау жарнаманың жоқтығын білдірсе керек.

Археологиялық қазба жүргізілген қалашықтың бір бөлігі сым қоршаумен қоршалған. Есік алдына, көне Сарайшық қаласы орнының мемлекет қамқорлығында екендігі жазылған. Жартысынан көбі құлап жатқан қоршаудың ішінде ауылдың қарасирақ балалары монета, садақ ұшы сынды жәдігерлерді теріп алып, келген-кеткен қонақтарға 200-300 теңгеге сатып жүр. Бұл тарихи жәдігерлердің арнайы орында жинақталмай, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатқанының айғағы.

Қалашықтың қабырғалары үгітіліп, жақын жылдары жойылуға шақ тұр. Кімнің идеясы екені белгісіз, 4 адамның бас сүйегін көрмеге қойғандай тізіп қойыпты. Жанында адамның сүйектері шашылып жатыр. Бұл барып тұрған қорлық болып көрінді. Ата-баба аруағын құрметтеуден қалып, оны аяқ астына тастайтын ұрпаққа айналғанымыз ба?! Тарих деректері бойынша осы жерде жеті ханның сүйегі жатыр (Мөңке Темір (1266-1282 ж.ж), Тоқтағу (Тоқты) (1291-1312 ж.ж.), Жәнібек (1343-1353 ж.ж.), Әмір Оқас (14 -1447 ж.ж), Қасым Хан (1511-1518 ж.ж), Шаһ Мамай (1549-1554 ж.ж), Жүсіп Хан ( 1549-1554 ж.ж)). Бұл қаңқалар бәлкім сол бабаларымыздікі болар?! Кенесарының басын елге алдыра алмай жүрген кезде Қасым хан бастаған ұлы хандарымыздың басын осылай қорлап жүрген жоқ па екенбіз? Бас сүйектер хандардікі болмаса да батыр бабаларамызға тиесілі екені даусыз. Тарихта өзіндік із қалдырып, осы жерді болашақ ұрпаққа аманаттап кеткеніне берген жауабымыз осы ма? Қойнауы байлыққа толы бұл өлкені жанын салып қорғаған бабалар аманатын келешек ұрпаққа қалай жеткізбекпіз?! «Мемлекет қамқорлығы» деген сөз тек қағаз жүзінде қалғаны ма? Әлде алтынның қолда барда шынымен қадірсіз болғаны ма? Облыстың тарихи-мәдени құндылықтарын көз қарашығындай қорғап, оны өзгелерге танытуы тиіс Мәдениет басқармасы қайда қарап отыр! Сарайшық қаласы орнына келген бетте осындай мазасыз ойға оралды.

Жайық өзенінің асау толқындары да Сарайшықтың тарихи қабырғаларын мүжіп, жыл өткен ішке жайылып келеді. Осылайша, қазақ тарихының небір асылдары су астына кетіп, мәңгілікке жоғалуы мүмкін. Осы жерге бөгет жасау қомақты қаржыны талап етсе, өзеннің екінші жағасын тереңірек қазып немесе арнаны өзге жаққа бұрып, толқынды қаладан алыстатуға болар еді.

Қорыта келгенде, көненің көзі, бабалар өркениетінің дәйегі болған Сарайшық қаласының сақталып қалуына үлкен қатер төніп тұр. Сыныптай сырғыған уақыт тезінде материалдық құндылыққа маңыз береміз деп, рухани байлығымыздан айрылып қалмайық! Болған жәйтті көзбен көргеннен кейін қазақтың бір баласы, елдің азаматы ретінде үнсіз қала алмадым. Тарихымызды қалай құрметтесек, тарих сотында ұрпақтар бізге сондай баға береді. Бас сүйегіміз шашылып, далада қараусыз, ұрпаққа елеусіз қалудан сақтасын!

Астана қаласының тұрғыны - Сәкен Есіркепов

Abai.kz

0 пікір