Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2689 0 пікір 12 Маусым, 2013 сағат 19:37

Марат Уатқан: Саяси реформалардың қажеттілігі өткен ғасырда пісіп-жетілген

– Елдегі қызмет тарифтерінің ай сайын қымбаттауында қандай экономикалық негіз немесе үкімет белгілеген астыртын айла бар деп ойлайсыз?
– Қателеспесем, қызмет тарифтерінің шектеулі бағасы осыдан төрт-бес жыл бұрындары өндіруші кәсіпорындар ұсыныстары негізінде жеті жылдық мерзімге тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының (ТКШ–ЖКХ) тарифтерін модернизациялау туралы үкіметтің жобасында белгіленген болатын. Алайда қоғамдық ұйымдар тарапынан қаншама сұраныстар болғанымен, бүгінгі күнге дейін ол тарифтердің құрамы қандай негізде қалыптасатыны туралы үкімет тарапынан ешқандай мәлімет берілмей отыр. Бұның өзі, орысша айтқанда – «прозрачность», қазақшасы – экономиканың «мөлдірлігі», яғни көпшілік жұртқа ел экономикасының хал-ахуалы қандай жағдайда екенін толық білуге мүмкіншілік бермей отыр. Мәліметтердің қалың жұртшылық алдында жабық болуы, әрине, өзіңіз айтып отырған «астыртын айланың» барын растайды.
– Ал әйелдердің зейнет жасын өсіру мен зейнеткерлік қорларды біріктіру және осымен бірге «халықтық АйПиО» бағдарламасын шұғыл жүргізудің астарында қандай байланыс болуы мүмкін? 

– Елдегі қызмет тарифтерінің ай сайын қымбаттауында қандай экономикалық негіз немесе үкімет белгілеген астыртын айла бар деп ойлайсыз?
– Қателеспесем, қызмет тарифтерінің шектеулі бағасы осыдан төрт-бес жыл бұрындары өндіруші кәсіпорындар ұсыныстары негізінде жеті жылдық мерзімге тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының (ТКШ–ЖКХ) тарифтерін модернизациялау туралы үкіметтің жобасында белгіленген болатын. Алайда қоғамдық ұйымдар тарапынан қаншама сұраныстар болғанымен, бүгінгі күнге дейін ол тарифтердің құрамы қандай негізде қалыптасатыны туралы үкімет тарапынан ешқандай мәлімет берілмей отыр. Бұның өзі, орысша айтқанда – «прозрачность», қазақшасы – экономиканың «мөлдірлігі», яғни көпшілік жұртқа ел экономикасының хал-ахуалы қандай жағдайда екенін толық білуге мүмкіншілік бермей отыр. Мәліметтердің қалың жұртшылық алдында жабық болуы, әрине, өзіңіз айтып отырған «астыртын айланың» барын растайды.
– Ал әйелдердің зейнет жасын өсіру мен зейнеткерлік қорларды біріктіру және осымен бірге «халықтық АйПиО» бағдарламасын шұғыл жүргізудің астарында қандай байланыс болуы мүмкін? 
– Премьер-министрдің айтуына қарағанда, үстіміздегі жылы ел бюджетінің жыртығы 2,4 млрд АҚШ долларын құрайтын көрінеді. Алдағы жылдары бұл көрсеткіш еселеп артуы мүмкін екенін ескерсек, үкімет қаражат үнемдеудің бір көзі ретінде – әйелдердің зейнет жасын өсіру арқылы жүзеге асыруды көздейтін сияқты. Зейнетақы қорларын біріктіру – бұл салаға үкіметтің бақылауын күшейтуге деген ниетін білдіреді. 
Ал «АйПиО» бағдарламасына келетін болсақ, халықтың қолындағы қаражатты инвестицияға тарту арқылы ел экономикасын жандандыру, дамудың даңғыл жолына түсуді көздейтін игі ниетті білдіргенімен, жүзеге асыру жолдарында көптеген шикіліктер барлығы тұсау болып тұр. Бұның ең бастысы – жоғарыда айтылған экономиканың мөлдірлігінің жоқтығы. 
Мысалы, құнды қағаздарын биржалық айналымға шығаратын компаниялар қандай табыстар әкелетіні туралы жылдық есептері айқын болуынан бастап, онда жұмыс істейтін басқарушы менеджерлердің адамгершілігіне дейінгі қатысты барлық іс-әрекеттері қоғам алдында айна-қатесіз көрініп тұруы шарт. 
Бұлардан тыс, бұл компаниялардың қызметі парламентке тікелей тәуелді бақылау палатасы мен қоғам өкілдерінің назарында болғанда ғана жемісті болмақ. Өкінішке орай, әзірге мұндай жетістіктермен мақтана алмаймыз. 
Сондай-ақ «ЭКСПО-2017» өткіземіз деп алашапқын болудамыз. Бұл – өте қымбат жоба. Құйылған қаражаттың қайтарымы болмайтынын бұған дейін де іске асырылған басқа балама жобалар нәтижесіне қарап-ақ айтуға болады. Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта ел экономикасы құдайдың берген шикізатын сыртқа тасымалдаудан басқа тындырған түгі де жоқ. Сонда «экспомен» әлемге қандай жетістігімізді паш етпекпіз?! «Лего» ойыншығы сияқты құрастырылған бір Астананы көруге туристер легі ағылып келмейтіні белгілі емес пе?!
Мейлі бюджет жыртығын жамайық, мейлі «экспо» өткізейік, бұл шаралардың барлығы дерлік елде сыбайлас жемқорлықтың гүлдене түсуінен басқа берер несібесі шамалы. Халықтың қалтасын қағудың амалы.
Ал егер осы «АйПиО», тарифтердің өсуі және «ЭКСПО» көрмесі арасындағы байланысқа тоқталар болсақ, мұның барлығының басын тағы да қаржы тапшылығынан туған жанталасқан әрекет қана біріктіреді. Мәселен, биылғы жылға бюджеттен рухани салаға бөлінген қаражаттың күрт қысқаруы да елдегі қаржы тапшылығынан туған ебедейсіз қадам. Ал осы қысқартулар мен халықтың «қалтасына түсу» жағдайлары Қазақстан үкіметінің экономикалық басқару тетіктерінен бейхабар екендігін білдірсе керек. Әйтпегенде білікті үкімет экономикалық қиыншылықтан халықтың есебінен емес, экономикалық тетіктерді пайдалану және оларды реттеу арқылы құтылудың амалын жасар еді. Ал біздің үкіметтің әзірге істеп отырғаны – халықты қанау ғана.
– Мамандардың пікіріне қарағанда, 1997 жылы Әкежан Қажыгелдиннің үкіметі жүргізген зейнеткерлік реформасын кейінгі үкіметтер дұрыс алып жүре алмады деген пікірлер бар. Соның салдарынан арада 15 жыл өткенде кезекті реформа жасау қажеттілігі пайда болған сияқты. Осы тұрғыдан алғанда, кезекті реформа зейнеткерлерді әлеуметтік қамсыздандыру мәселесін шешуден бұрын, елдің тығырыққа тірелген экономикасын тірілтудің амалы болып тұр деген ойға не пікір қосар едіңіз?
– Өте дұрыс айтасыз. Әкежан Қажыгелдин үкіметінің жақсы бастамасы аяқсыз қалды. Кейінгі жасақталған үкіметтер зейнетақы қорларында қордаланған қаражатты ел экономикасын дамыту ісіне қосу арқылы зейнетақы қорын да одан әрмен молайтуы тиіс еді. Бұл өз кезегінде саяси реформаларды да жүзеге асыру шартын талап етеді. 
Қалыптасқан жаңа саяси жағдай «жас түріктердің» «ДВК» қозғалысын өмірге әкелді. Қозғалыс жетекшілері түрмеге қамалып, қуғынға ұшырағаннан кейінгі үкімет басшылары саяси реформалардың қажеттілігі туралы ауыз ашуға батылы бармайтын жағдай қалыптасты. Қазір өкімет те, халық та осы қалыптасқан «жағдайдың» құрсауында күн кешуде.
Саяси реформаларсыз әлеуметтік қамсыздандыру мен экономиканы тірілтудің амалын ғана емес, ел ішіндегі жалпы тұрақтылықты сақтап тұруымыздың өзі неғайбыл күйде. Егер еске түсірсек, Қажыгелдин үкіметі зейнеткерлік реформасын бастағанда, қор биржасы мен бағалы қағаздар нарығын қатар жүргізуді қолға алған еді. Негізінен зейнетақы қорларындағы халықтың салымы осы институттар арқылы ашық айналымға түсіп, зейнетақы қорларында жинақталған қаржы пайыздық үстемеге ие болуы керек еді. Өкініштісі сол – Қажыгелдиннен кейінгілер ел экономикасын «көлеңкелі секторда» жүргізуге ынталы болды. Ал бұл дегеніңіз жемқорлық пен талан-таражға жол беретін бірден-бір кесапат еді. 
– Иә, сіз айтқандай, бюджетте былтырғы жылға белгіленген әлеуметтік шығындар бұрнағы жылдармен салыстырғанда едәуір төмен. Ал есесіне біздің елде негізгі бюджетті құраушы сектор – мұнай өндіру көлемі жыл сайын өсуде. Осы қарама-қайшылыққа қандай баға берер едіңіз?
– Сарапшылардың пікіріне қарағанда, бюджеттің кіріс бөлігінің 45 пайызы мұнайдан құралады. Қалған бөлігін экономиканың басқа салалары береді. Расында, ресми деректер бойынша, мұнайдың өндірілуі мен сатылу көлемі жылдан-жылға өсу қарқынын көрсетуде. 
Мұнайдан тыс экспорттық шикізаттар: түсті және қара металдар, қорғасын, хром, бағалы металдар, қалайы, т.б. өнімдерден тұрады. Әлеуметтік шығындардың жыл сайынғы кемуі, тиісінше, бюджеттік кірістің кемуінен туындайды. Егер біздің экспорттық әлеуетіміз жыл сайын артып отырса, бюджеттің кіріс жағы неге кенде қалады?
Яғни, бұл арада екі бірдей кілтипан бар: не біздің ресми статистикамыз жалған, не экспортқа кеткен өнімнен түскен қаржының үлкен бір бөлігі оффшорларда шөгіп қалуда.
Әлем экономикасы дағдарыста тұрған бүгінгі жағдайда мұнайдан басқа шикізаттарымызға сұраныстың азаюы себебін – басқа да шикізаттан түсуге тиісті кірістің кему қарқыны мұнай өсімінен түсетін кіріс қарқынынан әлдеқайда көп екенінің қайшылығы деп түсіндіруге болады. Яғни, біздің экспорттық саясатымыз мүдделі топтардың жемсауымен байланысты деген сөз.
– Айтпақшы, сіз осы қыстан басталған «халықтық АйПиО» бағдарламасына орай акция сатып алдыңыз ба?
– Жоқ. Біріншіден, жабық экономика жағдайында үстел астында жүретін мұндай ойынға қатысуға зауқым жоқ. Екіншіден, «халықтық АйПиО» бағдарламасын толық мәнде қамтамасыз ететін экономикалық және қаржылық саясаттың алғы шарттары бізде қалыптаспаған. Үкімет елдің қалтасындағы азын-аулақ қаражатын «суырып алғысы» келеді, бірақ оның қайтарымына қатысты қисаптың қалай жүретінін білмейді. Осы жағдайда «АйПиО» ойыны сізді қызықтыра ма? 
– Сіздің дәлелдеуіңізден кейін, расында да, «АйПиО»-ға салған елдің ақшасы желге ұшып кетті ме деп қорқып қалдым. Содан да болар, ел экономикасына инвестициялық жәрдем болады деген «АйПиО» бағдарламасының да тығырыққа тірелгені. Таяуда қаржы министрі Жәмішев пен вице-премьер Келімбетов баспасөз бетінде осы тұрғыда өзара тәжікелесіп қалды. Бұл аталмыш бағдарламаның шикілігінен туған кикілжің бе, жоқ әлде үкіметтің бұл тұрғыда ортақ пікірі жоқтығының белгісі ме?
– Екі пікірдің де жаны бар. Ортақ пікірдің жоқтығы – олигархтық топтардың мүдде қайшылығының әсерінен туған десем, артық айтқандық болмас. Үкіметтегі «АйПиО» бағдарламасына тікелей жауап беретін екі лауазым иесі теңізге шығып кеткен кеменің артынан «суға кетеді-кетпейді» деп тәжікелесіп жатса, біздің қаржы-экономикалық блоктың жағдайы шынымен-ақ жетіскен екен.
– Ал тарифтердің қымбаттауы, зейнетақы реформасы, «АйПиО» бағдарламасы Қазақстанда өтетін «ЭКСПО» көрмесін қаржыландыруға бағытталған деген қара дүрсіндеу пікірге қандай тұжырым айтасыз?
– Қара дүрсін болса да, бұл шындыққа жақын пікір дер едім. Көрмеге, ресми дерек бойынша, 2,5 миллион еуро жұмсалатынын ескерсек, алдағы төрт жылдың ішінде бұл қаржы бірнеше есе өсетініне күмәніңіз болмасын. Алдағы уақытта «ЭКСПО» жұтатын осы жыртықты жамау үшін, зейнетақы қорларын қосып, салымшылардың ақшасы мемлекеттің қарауына өтпек. Ал бизнесте мемлекет дегеніңіз жетіскен кәсіпкер бола алмайды. 
– Ал елдегі экономиканың негізгі базисі мен берік тұғыры саяси реформа болмаушы ма еді? Бәлкім, біздің елдің экономикасы осы реформаның кешеуілдеуінен тығырыққа тіреліп тұрған шығар?
– Әлбетте! Экономиканы тұрақты және қарышты жүргізу үшін, демократиялық, халықтық басқару қатынастарының әлемде қалыптасқан ашық әдісі болуы керек. Бізде ондай жағдай мүлдем жоқ. 
Анығында, бізде саяси реформалар жүргізудің қажеттілігі өткен ғасырдың өзінде-ақ пісіп-жетілгендігі – тәуелсіздік жылдарғы жаңа тарихымызға белгілі жағдай. Мен бәс тігуге бармын: үкімет басшысы Серік Ахметов экономикалық ілімдермен қаруланған нағыз мемлекеттік дәрежедегі менеджер болса, ол талаптардың ауадай қажет екенін ішінен сезіп, қыстығып жүруі тиіс. Ал олай болмаса, ол кезіндегі колхоз төрағалығынан алысқа кете алмаған басқарманың бірі ғана болғаны.
Ең өкініштісі – билік қойылған талаптарға жауап беруге, қордаланған мәселелерді шешуге құлықсыз. Біз, азаматтық қоғам өкілдері, күрделі саяси реформалар жасауды емес, тек қана ең өзекті деген әлеуметтік талаптардың орындалуын ғана айтып жүрміз. Билік осының өзін жүзеге асыруға ыждаһатсыз, әлде оның қажеттілігін көрсоқырлықпен түсінбейді. Егер ел экономикасы осы бағытпен күйреп, әлеуметтік жағдай тым тығырыққа тірелер болса, ертеңгі күніміз қалай боларын ойлаудың өзі қорқынышты. Жоғарыда отырған шенеуніктердің бұл жағдай туралы хабары болмаса, аңсап жеткен тәуелсіздіктің өзіне зар болатын күніміз жақын сияқты.
– Сіз Алматыда маусым айында өтетін қарсылық митингісін ұйымдастырушы белсенділердің бірісіз. Ендеше оған дайындық қалай жүруде?
– Дайындық толық көлемде жүріп жатыр. Сәуірдің 27-сінде болған минингте келесі митинг 1 маусымда болады деп жарияланды. Кейін ақылдаса келе, балалар мерекесімен жарыспай, маусымның 15-інде өткізейік деп келістік. Белгіленген тәртіп бойынша қалалық әкімдікке өтініш берілді. Енді сол өтініштің жауабын күтіп отырмыз.
– Белгілі қоғам белсендісі Қанағат Тәкееваны қудалау сол митингіге қатысты жағдай деген ойға қосыласыз ба?
– Біздің ойымызша, тікелей қатысы бар. Қанағатты бірде РУВД-ға, бірде Қаржы полициясы мен сотқа шақырып әуре-сарсаңға салып қойды. «Билік өкілінің намысына тиді» деген баптың Қаржы полициясына қандай қатысы бар екені мүлдем түсініксіз. Оны айтасыз, біз жұмыс жасап жатқан кеңсеге кеше өрт сөндірушілер келіп, лаң салып кетіпті. Бақсақ, біреу газдың иісі шығады, от жанып жатыр деп шағым түсіріпті. Шағым түсірушінің өзі бұл дүниемен баяғыда қош айтысқан адам екен. Билік өкілдерінің бұндай арсыздықтарға баруына таң қалғаннан басқа амалыңыз қалмайды екен.
– Қорыта айтқанда, экономист-маман ретінде ел экономикасын сауықтыру үшін, бірінші кезекте қандай алғы шарттар жасалуы тиіс?
– Мамандардың айтуына қарағанда, біздің елде салықтың 40 пайызы ғана бюджетке түсетін көрінеді. Бұл көрсеткіш бойынша, біз кеңестік елдер арасында ең соңғы орындарды иеленетін көрінеміз. Алдыңғы қатардағы Беларусь салықтың 70 пайызын жинайды екен. Сондықтан ел экономикасын сауықтыруды шаруашылық субъектілері қызметінің қоғам алдындағы жариялылығын қамтамасыз етуден бастау керек. Бұл өз кезегінде сыбайласқан жемқорлыққа да тосқауыл бола алады. Менің ұсынып отырғаным – қарапайым ғана экономикалық тетік. Бірақ «жариялылық» деген термин билік үшін тротилмен бірдей болып тұрған сияқты.
– Сұхбатыңызға көп рахмет! Көзімізді біраз ашып тастадыңыз.
Сұхбаттасқан
Бақытгүл МӘКІМБАЙ

Abai.kz

0 пікір