Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Жаңалықтар 11093 0 пікір 12 Маусым, 2013 сағат 11:48

Мұхтар Шаханов. Сөзі мен ісіне айырма салғандар – шындығын жоғалтып алғандар

(Жаңа ұстаным хақында)

(Жаңа ұстаным хақында)

Қазіргі кезеңде, Қазақстанда, ақын да, жазушы да, ғалым да, саясаткер де жетіп артылады. Өкінішке қарай, солардың көпшілігінің сөзі бір басқа да, ісі бір басқа. Әр адамның сөзі мен ісінің сәйкес келмеуі, бір бағытта болмауы, ол пенденің екі жүзді екендігін аңғартады. Мысалы, Қазақстан Жазушылар Одағының 777 мүшесі бар. Соның 7-еуі ғана елдік, ұлттық, тілдік және өзге рухани күрестерде бізбен бірге. Егер олардың 70-і қасымызда жүрсе, ұлтсызданған, космополиттенген, тіпті заңдастырылған ұрыға айналған биліктегі кейбір топтар, біздің көп ұсыныстарымызға мойын бұрған болар еді. Енді елдік мүддеден бойын аулақ ұстап жүрген сол ақын-жазушылардың кез келгенінің кітабын ақтара қалсаңыз ұлт туралы, тіл туралы, өзге рухани құндылықтар туралы өлеңдері немесе жазбалары аз емес. Сол мүдделерді биліктен талап етуге келгенде, түрлі себептермен жаңағылардың бәрі дерлік, үстелінің астына жасырынып қалады. Себебі, өзінің немесе ұл-қызының, немерелерінің қызметтері бар. Яғни, «билікке қырын келіп қалармын» деп қауіптенеді. Қызмет, бала-шаға бізде, біздің айналамыздағы адамдарда ғана жоқ сияқты. Сөзі мен ісіне айырма салғандар – шындығын жоғалтып алғандар. Осындай күрделі шақта, елімізде шындығын жоғалтқан адамдардың тым көбейіп кетуі, тіпті, рухани саланың өзінде, әдебиет, өнер қайраткерлерінің сөзі мен ісі ашық түрде екі бағытқа жол алуы ұлт қасіреті екені даусыз.

Ал мына үзінді өлең менің бүгінгі дәуірдегі ақындық ұстанымым. Мұнда тек ақындық қуат төңірегінде ғана ой өрілгенімен, ұстаным барлық салаға бірдей тиесілі. Мейлі жүз жерден талантты болсын, егер ол адам шындығын жоғалтып алса, ондай ақынның, ондай жазушының, ондай ғалымның, ондай ұстаздың,  ондай саясаткердің ел үшін құны көк тиын. Біз, қазіргі кезеңде барлық салада осындай көзқарас қалыптастыруымыз қажет. Онсыз Қазақстанда қанатын кең жайған жалған бөспелік пен жағымпаздықты, жеке адамға табыну қасіреті мен жемқорлықпен өтірік күресуді және өзге пенделік ағымдарды мүлде тоқтата алмасымыз хақ. Енді ұстанымға жол берелік:

 

«Өлең құрау – ақындықтың көп қырының бір түрі.

Тек сол үшін оны ардақтау, жөнсіздеу һәм күлкілі.

Дәуірі мен билігіне саналғанмен алымды,

Ұлтын сатқан ақындар бар, бірақ жыры дарынды...

Ерлігі жоқ, елдігі жоқ, аузы ғана белсенер,

Сөзден ісі алшақ жатса, оған қалай ел сенер?

Неге бүгін ұлт мүддесі науқас жандай теңселер?..

Мұндай шақта ақындық күш тек шындықпен  өлшенер.

 

Нағыз ақын әр кезеңде өзін қағып үлестен,

Рухани мүдде шыңы – шындық үшін күрескен.

Шындық кәусар ақындыққа болу керек асыл ән,

Шындықты айтып ер Махамбет айырылған басынан.

«Ақындар аз сын сағатта сөзден ісі зорайған»,

Десектағы «Абай қашан жол іздепті оңайдан?»

Ел, ұлт жайлы сырларымен,

Жыры биік тұрғанымен,

Ісі үшін мен Махамбетті биік қоям Абайдан!

Бұл ақындық ұстанымым қалыптасқан талайдан...

 

...Шындығы жоқ пенделерді басар уақыт көшкіні.

Даңққа мойын созғанымен,

Том-том өлең жазғанымен,

Шындығы өлген ақындардың ақын емес ешбірі!

Шындығы өлген мінезсіздік болмақ кімнің мақтаны?

Қазір барлық салаларды мінезсіздер қаптады.

Басшыларға жағымпаздық бұл кезеңде дара күш,

Содан ақынсымақтардың көбі «туфли жалағыш»...

 

Шыншыл ақын болу деген – азаптың ең азабы,

Сол азапқа төзе білу – ғажаптың ең ғажабы…

Басты мақсат – өз халқыңның сан ғасырлық ағысын,

Жеңісі мен жеңілісін, тілін, рухын, намысын,

Жүрегіңнің санасынан, елегінен өткізу,

Және оның қасіретін,

Ұлтқа, тілге бас иетін,

Қалың елге жырмен, іспен, мінезіңмен жеткізу.

Жеткізе алмай дірілдесең... ол – шошыну, тосылу,

Үркектердің, қорқақтардың қатарына қосылу.

Ондайлардың маңдайына мәңгілікке сор қатқан,

Ешқашанда шыншыл ақын шыққан емес қорқақтан!..

…Ақынға егер ойына сай шындық парқы қонбаса,

Одан үлкен өріс күту, жеңіс күту далбаса…»

Abai.kz

0 пікір