Жұма, 23 Ақпан 2024
Талқы 3359 34 пікір 5 Шілде, 2023 сағат 13:52

Путинсіз Қазақстан

Сурет: orda.kz

Еліміз саяси өзгерістердің қарсаңында тұр. Әңгіме 2019 жылдағыдай бірінші президент өз орнына екіншісін тағайындайтындай өзгеріс жайлы емес. Әңгіме мемлекеттің саяси жүйесінің табиғатын түбегейлі өзгерту турасында болмақ. Әсіресе, қазір Украинадағы өркениеттер арасындағы қақтығысты бүкіл әлем бақылап, нәтижесіне алаңдап отырған уақытта бұл мәселе өте өзекті болып тұр. Алдағы саяси транзиттің мәнін түсіну үшін 1991 жылдан бері жүріп өткен жолымызға қысқаша шолу жасасақ.

Назарбаев кезеңінің қорытындылары

Совет Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстанда мемлекетке тән барлық формальды институттар құрылды. Ата-бабаларымыздың жерін сақтап қалдық, экономикамыз нарықтық қатынастарға көшті, елімізде ұлтаралық татулық сақталып, азаматтық соғысқа жол берілмеді. Мұның өзі үлкен жетістік, себебі КСРО-дан шыққан республикалардың барлығы осылайша мақтана алмайды.

Алайда, президент билігін есепке алмағанда, егеменді елдің негізін құрайтын басқа саяси институттардың бәрі де құрғақ сөз болып шықты. Парламент, үкімет, сот, жергілікті өзін-өзі басқару, бұқаралық ақпарат құралдары, партиялар – барлығы президент пен оның әкімшілігінің қатаң бақылауында қалып тұр. Тек атқарушы билікке сүйеніп тұрғандықтан мемлекетіміздің негізі тұрақсыз.

Сондай-ақ экономикамыздың аса монополияландырғанын, шикізатқа қатты тәуелді екенін айтуымыз керек. Үкімет орындары бұрыңғыша нарық қатынастарына араласып зиян келтіреді, еркін бәсекеге және инвестицияларға жол берілмейді. Сол себептен өркендеуіміз тоқтап, бұқара халықтың жағдайы жақсармады. Егемендігіміз болса нығаймады, ел іргесі мықты боп қалыптаспады. Ғылыми тілімен айтқанда, әлсіз мемлекеттер (fragile states) қатарынан шықпадық.

Егемендік дегеніміз не? Қазақстанның нақты жағдайы қандай?

Осы жағдайда саясатта да, экономикада да, қауіпсіздік саласында да Қазақстан мен Ресей арасында тығыз байланыс орнаған. Бұдан туындайтын мәселе қалың экспорт-импорттан келер зиян да емес, өйткені әлемдегі кез келген көрші мемлекеттер алыс-беріс сауда бойынша өзара тәуелді. Мәселе біз экономикалық саясатымызды өзіміз дербес жүргізе алмай отырғанымызда және біздің «ұлы» көршіміз агрессиялық және империялық саясатын жүргізіп отырғанында. Біздің әскери, ақпараттық, т.б. салалардағы қауіпсіздігіміз осал хәлде. БҰҰ-дағы Украинадағы соғыс бойынша және басқа да дауыс берудің өзі көрсеткендей, сыртқы саясатта да өз ұлттық мүддемізге сай ұстанымымыз жоқ.

Ең айқын мысал – 2022 жылғы Қаңтар трагедиясы. Қанды оқиғаны халықаралық мамандарды шақырып, тәуелсіз тергеу жүргізуден президент Тоқаев бас тартты, ал биліктің өзі шығарған қорытындысы сенім туғызбайды. Оның үстіне Қаңтар қырғынына қатысты сот отырыстары құпия өтті. Дегенмен, Қаңтар трагедиясы бірінші және екінші президент арасындағы тартыстан туындағаны айдан анық. Нәтижесінде, жерімізге шетелдік қарулы қол кіріп, Путин қолдаған адам еліміздегі билік таласының жеңімпазы атанды. Бұрыңғы замандағыдай, билік етү жарлықты («ярлык на княжение») Кремль тапсырды.

Таңдау жасайтын уақыт туды

Біз Ресейге тәуелді екеніміз жаңалық емес. Бәлкім, ескі жараны тырнаудың қажеті жоқ шығар. Көп жағдайда амалымыз бен жүрер басқа жолымыз шамалы болғандықтан, үндей алмадық. Алайда, жер шарындағы соңғы оқиғалар түбегейлі өзгерістер дауылы жақындағанын байқатады. Путиннің режимі күн санап әлсіреп барады, ертең немесе жыл өте құлауы мүмкін. Ресей Федерациясының тағдыры қандай болатынын білмейміз. Бұл ең алдымен олардың өздерінің шаруасы деп ойлаймын. Бірақ бұл өзгерістер бізге тікелей әсер ететіні анық. Ашығын айтқанда, мәселе мынада: Путиннің дәуірі аяқталған соң не болмақ? Біз Ресейге тәуелді боп қала береміз бе, әлде енді шығысымыздағы «ұлы» көршіміздің бодандығына кіреміз бе? Әлде нағыз егемендігімізді орнату үшін мың жылда бір келетін тарихи сәтті пайдаланамыз ба?

(Бірінші бөлімнің аяғы)

Егеменді Қазақстан қандай болуы керек?

Мақаламның бірінші бөлімінде Путин кеткен соң Қазақстанның нағыз егеменді ел болуына мүмкіндік туады деп айтқанмын. Осы орайда ұлттық егемендік деген ұғымды нақтылап алсақ. Менің қарапайым түсінігімде, егеменді мемлекет – ол өз жолын өзі таңдайтын ел. Қазақстан қандай болуы керек? Бұл жайында біртұтас пікір жоқ және болуы да мүмкін емес. Біреулер бізге жалпы адамзат құндылықтары мен адам құқығы сақталатын дамыған демократиялық мемлекет құру керек дейді. Екіншілері ислам дініне арқа сүйейтін мұсылман ел болуымыз керек деп ойласа, үшіншілері Жошы хан Ұлысынан, тіпті көне заманнан қазақтардың ерекше өз жолы бар деп есептейді. Одан қалса, Совет Одағын аңсайтындар әлі де көп.

Біз әртүрліміз, дүниетанымымыз да әртүрлі. Менің де құндылықтарым мен пікірім бар және олар мені білетіндерге мәлім деп ойлаймын. Бірақ бұл жерде мен оларды басқалар қабылдауы тиіс деп отырған жоқпын. Мәселе тіпті менің не басқа біреулердің пікірінде емес. Мәселе халықтың еркін таңдауына жол ашуда. Бұл процеске сырттағы «ұлы» көршілер мен «көкелер» араласпауы керек. Жаңа, әділетті Қазақстанның қандай болатынын қазір Ақорда кабинеттерінде отырғандар да шешпеуі тиіс. Олардың бар міндеті – халықтың өз еркі мен пікірін білдіруіне жағдай жасау ғана.

Не істемек керек?

Бұл сұраққа әртүрлі жауап болуы мүмкін. Меніңше, бізге ең алдымен жаңа Ата Заң керек. Авторитаризм жүйесіне арнап жазылған, қырық жамау болған қазіргі Конституцияны қайта өзгертудің еш мәні жоқ. Еліміздің Конституциясын жасаудың ең заңды жолы – кезектен тыс Құрылтайды немесе Конституциялық жиналысты шақыру. Жаңа Ата Заңның мәтінін жазу барысында консенсусқа келу қиындаса, 1993 жылғы Конституцияны негіз етсе де жарайды. 30 жыл бойы жинақталған тәжірибе мен сабақтарды ескере отырып, жаңа білімді мамандардың көмегімен оны жетілдіруге болады.

Еліміздің нақ жанашыры болсақ, мемлекет егемендігін бірінші орынға қоюымыз керек. Қоғамдағы қалған проблемалардың бәрі (жемқорлық, әлеуметтік теңсіздік, ана тілміздің тағдыры және т.б.) Қазақстан шынайы егеменді болмаса, шешілмеген түйін болып қалады.

Ақорданың қазіргі «иелеріне» келер болсақ, оларға болашақ ұрпақ алдында үлкен жауапкершілік жүктеліп тұр. Ең бірінші кезекте жауапкершілік президент Қ.Тоқаевтың мойнында. Шынайы егемендікке жету жолымыз ауыр сынақтар, тіпті қантөгіс арқылы өте ме, әлде ізгі құндылықтар жолында ұлт ретінде есейгендігімізді және ауызбіршілігімізді таныта аламыз ба – қазіргі билік басындағыларға тікелей байланысты.

Бәлкім, бұл олардың ең маңызды тарихи миссиясы болар. Путиннен кейін орыс «көке» болмайды, халық енді шетелден жерімізге әскер кіргізіп қойып, қарап отырмайды. Бүгінгі билікті осы қалпында сақтау үшін саяси технологиялар мен көзбояушылық та көмектеспейді. Тарих кітаптарында халықтың алғысына емес, қарғысына лайық болып қалғысы келмесе, өткен қателіктерді қайталамауы керек.

Билік басындағылар ұлттық диалогке дайын екенін көрсетуі керек. Ол үшін қайтадан Ұлттық Кеңес (НСОД) сияқты мәнсіз орындарды құрудың керегі жоқ. Қайталап айтайын, билік біздің орнымызға ештеңе шешпеуі керек, ол тек оңтайлы жағдай жасауға міндетті. Ең алдымен осындай мәселенің бар екенін мойындау және оны шешуге нақты ұмтылысты көрсетуі қажет.

Сондай-ақ саяси қудалауды тоқтатып, тұтқындарды босатып, әділетсіз сотталғандарды ақтап, жат жерге көшуге мәжбүр болғандардың елге оралуына жағдай жасау керек. Сан жағынан бұл шешім халықтың аз бөлігіне байланысты болғанымен, оның азаттыққа және азаматтық қоғамға игі әсері зор боларына сенемін.

P.S. Осыдан 22 жыл бұрын «Таңдау жасайтын уақыт» атты мақалам шыққан. Онда еліміздегі демократия және әкімдерді сайлау туралы мәселелер көтерілген болатын. Артынан мақаладағы кейбір идеялар 2001 жылы құрылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ДВК) қозғалысының Үндеуінде орын тапты. Сондағы біздің саяси реформаларды жүргізү жөніндегі шақыруымызға президент Н. Назарбаев құлақ аспады, керісінше, қуғын-сүргін саясатына кірісті. Кезінде сол идеялар неліктен жүзеге аспады дегенге нақты жауап жоқ. Мүмкін бізге ұйымшылдық пен ауызбірлік жетіспеді, немесе элита билігі мен ақшасынан айырылғысы келмеді. Мүмкін қоғамның саясатқа немқұрайлықпен қарағаны не басқа да себептер болған шығар. Енді алдымызда тағы да таңдау тұр. Біз бұл тарихи мүмкіндікті болашақ ұрпағымыз үшін пайдалануымыз керек.

Ғалымжан Жақиянов

Abai.kz

34 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Қауырсын

Әлімжан Әшімұлы 1542
Әліпби

Латын жайы

Бижомарт Қапалбек 1602