Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3880 0 пікір 5 Маусым, 2013 сағат 13:06

Хабиба Елебекова: Өткенді білмей, келешек өркендемейді

Бұл шаңыраққа әр келген сайын сұмдық бір толқынысты күйді бастан кешемін. Уақыт-ағзамның ағысын кері бұрып, дәл бір ғасыр кейін шегінгендей әсерленемін. Себебі, бұл табалдырыққа кімнің табаны тимеді десеңізші! Қазақтың небір марғасқалары осы шаңыраққа келіп, берекелі дастарқаннан дәм татты. Алаштың айтулы азаматтары айналып өтпейтін бұл үй шынымен-ақ тарихтың тірі куәгеріндей. Сан саусақтың табы қалған көне қабырғалар тарих тереңінің тағылымын толғайтындай. Әрине, уақыт дегенін жасамай тұрмайды. Қазір ол арыстарымыздың бірі де жоқ. Барлығы бақилық болған. Бірақ бір қуантарлығы – мұнда кеше мен бүгіннің арасындағы сол рухани байланысты үзбей, өткеннің тағылымын бүгінге жеткізуші бір жан бар. Ол – Жүсіпбек Елебековтей ән арысының аяулы жары, тарихтың тағылымын тамыздық етіп, ошағының отын өшірмей отырған шырақшы, ғасыр талғамындағы ғұмыр иесі Хабиба Елебекова апамыз. Тоқсан жеті жылдық ғұмырында әженің көрмегені, басынан өткермегені жоқ. Тарихтың талай сәулелі һәм тауқыметті жылдарының жалғыз тірі куәгері. Әр амандаса барған сайын өткен күннің жаңа парағын ашқандай, қазақ өнері мен мәдениеті, әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан жандармен қауышқандай қобалжимын. Әдемі әңгімеге деген құштарлық бүгін де кейуананың есігін қақтырды. 

Бұл шаңыраққа әр келген сайын сұмдық бір толқынысты күйді бастан кешемін. Уақыт-ағзамның ағысын кері бұрып, дәл бір ғасыр кейін шегінгендей әсерленемін. Себебі, бұл табалдырыққа кімнің табаны тимеді десеңізші! Қазақтың небір марғасқалары осы шаңыраққа келіп, берекелі дастарқаннан дәм татты. Алаштың айтулы азаматтары айналып өтпейтін бұл үй шынымен-ақ тарихтың тірі куәгеріндей. Сан саусақтың табы қалған көне қабырғалар тарих тереңінің тағылымын толғайтындай. Әрине, уақыт дегенін жасамай тұрмайды. Қазір ол арыстарымыздың бірі де жоқ. Барлығы бақилық болған. Бірақ бір қуантарлығы – мұнда кеше мен бүгіннің арасындағы сол рухани байланысты үзбей, өткеннің тағылымын бүгінге жеткізуші бір жан бар. Ол – Жүсіпбек Елебековтей ән арысының аяулы жары, тарихтың тағылымын тамыздық етіп, ошағының отын өшірмей отырған шырақшы, ғасыр талғамындағы ғұмыр иесі Хабиба Елебекова апамыз. Тоқсан жеті жылдық ғұмырында әженің көрмегені, басынан өткермегені жоқ. Тарихтың талай сәулелі һәм тауқыметті жылдарының жалғыз тірі куәгері. Әр амандаса барған сайын өткен күннің жаңа парағын ашқандай, қазақ өнері мен мәдениеті, әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан жандармен қауышқандай қобалжимын. Әдемі әңгімеге деген құштарлық бүгін де кейуананың есігін қақтырды. 

– Апа, ашаршылық жылдары туған­да­рыңыздан түгелдей айырылып, жал­ғыз қалдыңыз. Жастық шағыңыз жа­қын­дарыңызды жоқтаумен өтті. 37-нің зұл­матын да көзіңізбен көрдіңіз. Абай атамыз айтпақшы, Сіз ішпеген у бар ма?
– Қарағым, мен қазақ қасіретінің бар­лығын дерлік көрдім. Ашаршылық жыл­дары әулетіміздегі 17 жаннан қу басым қуарып жалғыз өзім қал­дым. Ол бір қиын кезең еді. Әкемді Аты­рау­ға жер аударып жіберді. Айдауда жү­ріп аштан өлген. Әкеміздің інісі бір ұл, екі қызымен қолымызда болушы еді, олар да аштықтан кетті. Күләнда деген үлкен апайымыздың да шаңырағы аштықтың салдарынан ойран болды. Күйеуі мен екі баласына аш тиіп, қайыр сұрап жүріп бақиға аттанды. Ақтоғай ауданында еңбек етіп жүрген Харира деген апайым мен мұғалім жездемнің де түбіне аштық жетті. Аштан өлген кісінің моласы жоқ қой, бір уыс топырақ бұйырмай, сүйектері далада шашылып қалды (Апа көзіне жас алып, біраз үнсіз қалды).
Дүние опасызсың, көрген сайын,
Білмейсің армандының хал мен жайын.
Қайғының қасіретті қанын жұтып,
Мен қалдым артыңызда әкетайым.

Әкемнің қырық жеті келген жасы,
Адамның не көрмейді ғазиз басы.
Құртты ғой мына заман түк қалдырмай,
Қалмады-ау нәр болатын ішерге асы.

Сұм заман, сұмырай заман, улы заман,
Зар жылап, жетім қалды-ау, байғұс балаң.
Қай жерде қалдың екен, қайран әкем,
Шашылған сүйегіңді қайдан табам?! – деп кейде өлеңдетіп қоямын. Жылаймын егіліп... Әкем Қарақбай халық арасында өте сыйлы, беделді адам болған. Жұрт аты­мен атамай, «жақсы аға» деп құрмет тұтқан. Сол заманда-ақ Жер жүзінің географиясын жетік білген екен. Өзін-өзі үнемі оқытумен, жетілдірумен өткен жан. Әншілігі мен саятшылығы қандай ғажап еді! Небары 47 жасында қайтыс болды. Сонда баласына ма, әлде адам қатарына қоспады ма, әйтеуір ешбір жан маған «әкең қайтыс болды» деп айтқан емес. «Әкең аштан өліпті» деп қойып қалатын. Екі шешемнің, әпкелерімнің, жалғыз бауырымның да аштық әкелген ажалын естірткен солар. Естігенде, есеңгіреп қалдым. Тіпті, жоқтап жыламадым да. Керең кісідей міз бақпай отырып аламын. Содан бір күні іштегі шемен боп қатқан қайғыны өк­сік­пен шығарғым келді. Бірақ жас шық­пайды. Жұрт көзінен тасаға, тауға барып өксіп-өксіп жылап аламын. Жылап жатып, айдалада ұйықтап қала­мын. Тауда жыландар көп жүреді ғой. Сонда қорқуды да білмейді екенмін. Міне, балалық балғын шағымда замана тарихының ең ауыртпалық жылдарын осылай өткіздім. Көрдік те, тарттық та талай тауқыметті. Кейде, өткенімді көз алдымнан өткізіп отырып, өзімнің осы қажырлылығыма, қаншама қазаны әйел де болсам қайыс­пай көтерген мықты­лығыма таңғала­мын.
Жүсекең де нәубет жылдарының сал­қы­нын сезінбей қоймады. Туған-туысын Қарқаралы мен Семейде жүрген жері­нен Алматыға өзі жинап әкелді. Әйтпесе, бәрі қырылатын еді. Әкесі кейін осында қайтыс болған. Тағы бірде қарындасы мен інісінің Шу бекетінде жүргенін естіп, соларды іздеп барады. Ол кезде по­йыздың нақты уақыты жоқ, ұзағырақ тоқтап тұра беретін. Сәбира Майқанова айтады: «Сонда Жүсекең, тері ағып, ерсілі-қарсы­лы жүгіріп, туғандарын ұзақ іздеді. Бірақ таба алмады. Әбден күдерін үзіп, пойыз­дың үзеңгісіне «уһ» деп отыра бергенде, арқасында арқалаған шоқпы­ты бар інісі Жүнісбек пен қарындасы Бану жайбара­қат келе жатыр», – дейді. Жүктерін дереу лақтыртып, пойызға мінгізгені сол еді, отарба да зу етіп жүріп кетіпті. Міне, ажал­дың жоқтығы.
Менің бір жақсы жерім, құдайдың құді­реті, өткен күндерім бүгінгідей көз алдымда тұрады. Ел ұмытып қалдық дейді ғой. Мен ешқашан ұмытпаймын, санамда барлығы сайрап жатады. Кейде ұйықтай алмаймын, көз алдымнан сол зұлмат заман көлбеңдеп өте береді. Жүсекеңмен өткен бақытты күндерім емес, ата-ана, туған-туыстан айырылған тауқыметті тағдырым ойдан кетпейді. Таңға дейін кірпік ілмей шығатын кездерім болады. Ұйықтап кетсем, бейіттің ішінде жүремін. Ылғи соларды ойлаймын, сондықтан шығар. Кейде жатып жылап та аламын.
– Дәлилә деген әпкеңіз де өнерден құр алақан болмаған деседі. Қазақ қыздары арасында Мәскеуде домбыра­мен ән шырқаған тұңғыш қазақ қой?
– Иә, әпкем Дәлилә Оңғарбаева үл­кен әнші әрі керемет сұлу болған. Оның сұлулығын көреміз деп жан-жақтан кісілер келіп, сөйлесе алмай, сырттай тамсанып кетіп жүреді екен. 1927 жылы Мәскеудің Үлкен театрында домбырамен ән салған бірінші қазақ қызы. Алғашқы театр шымылдығын түрген «Еңлік-Кебек» трагедиясындағы Еңліктің де тұңғыш орын­даушысы. Жұбайы Құсайын Кебекті ойнайды. Құсайын да оқыған, көзі ашық жігіт еді. Бірақ Қызылордадағы театрға қызметке келген соң Дәлилә ол жақтың шаң-тозаңына, ыстығына шыдамай, қайта-қайта ауыра береді. Дәрігерлер: «Тез арада кетпесеңіз, жағдайыңыз мүш­кіл» деген соң, елге қайтуға тура келеді. Құсайынның әкесі өте ауқатты болған. Екеуі елге келгенде, байлардың мал-мүлкін тәркілеу науқаны басталып кетіп, барлығын жер аударып жібереді. Дәлилә күйеуімен, екі шешесі, жалғыз бауырымыз Рымбайды алып, Ресейдің Кемерова деген қаласына қоныс аударады. Сон­дағы босқындармен бірге, үлкен ла­шықты арасын арнайы бөлме ретінде бөлек-бөлек бөліп, өмір сүреді. Іле ашар­шылық басталып, халық баудай қырыла­ды. Аман қалғандары бет-бетімен босып кетеді. Татар дәмім бар екен, әулеттен жалғыз мен ғана қалдым. Жақындарының бірінен соң бірінен мәңгілікке көз жазып қалған әпкем, қайғыдан іштей мүжіле береді. Оның үстіне, Қызылордада бас­тал­ған ауруы қосылып, жағдайы тіпті на­шарлайды. Бірде моншаға жуынуға барса, шешкен киімін ұрлап кетіп, жа­лаңаш қалады. Сонда әпкем: «Мынау жақ­сы ырым емес екен, осылай жалаңаш болып қалатын шығармын», – деп қатты ренжіпті. Іле ауруханаға түседі. Көп ұзамай қайтыс болады. Мұның барлығын маған әкемнің немере інісі Фазылдың келіншегі Күлшім жеңгем айтып берді. Дәлилә қайтыс болған уақытта, олар да сол Кемеровада болыпты. Сонда апайым үне­мі мені есіне алып: «Қапаным қайда қал­ды, қай жерде өлді екен?» деп көп уайым­дапты. Бірақ бізге көрісуді жазбапты.
Бұл нәубет жалғыз менің әулетім ғана емес, бүкіл халықтың басына қара бұлт үйіріп, қайғыға салды ғой. 1932 жылғы аштық, 1937 жылғы репрессия. Бірауыз сөзі үшін талай арыстарымыз абақтыға жабылды. Арыдағы ол қасіретті айтпа­ған­да, Семей полигоны қандай трагедия?! Абайдың кіндік қаны тамған қасиетті жер­ге ядролық сынақ жасап, бірнеше дүр­кін болған улы жарылыстан балалар кем­тар болып туды. Өзіне-өзі қол жұм­сап, асылып өліп жатқан жігіттерді көр­дік. Бірауыз сөз айтуға шама келмеді ғой. Сонау бір жылдары «Ғасыр қасіреттері» де­ген тақырыпта деректі фильмге арнап сце­нарий жазған едім. Тарихымыздың қасі­ретке толы жылдарын өзімше көркем­деп қағаз бетіне түсірдім. Өткен күннің мұндай қайғылы кезеңдері қалай дегенде де кино тілінде сөйлеуге тиіс, күндердің күні оған да кезек келер... соған сене­мін...
«Уақыт – емші» дейді ғой. Бірақ қанша жыл өтсе де, сол қасіретті күн көз алдымда тұрады. Ескіргенмен тозбайтын, кө­мес­­кіленгенмен жоғалмайтын, қайтадан соғып отыратын дерт қой бұл. Жан жарасы бәрібір жазылмайды. Бірақ соған қа­рамастан, 31 мамырды – аштан қырыл­ғандар мен жазықсыз жапа шеккендер, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп қаулы қабылданғанын естігенде есім кете жыладым. Ең болмаса аза тұтып, бүкіл халық болып боздақта­ры­мыз­ды еске алатындарына қуандым. Әке-шеше, туыс-туғаным үшін маған да көңіл айтқандай әсер етті. Иә, өмір деген тоқтамайды екен, жалғаса береді, өте береді. Мағжан ақын айтпақшы:
«Өтеді өмір, жүрекке шер байланады.
Өтеді өмір, жүрек көмірге айналады.
Өтеді өмір, бітеді жыр, жүрек күл.
Жырсыз жырау, тиіп қырау, солды гүл».
– Апа, үнемі сөзіңізді Мағжанның өлеңімен түйіндеп отырасыз. Жалпы, өзіңіз Мағжанды көріп пе едіңіз?
– Мағжанды көргенім жоқ. Әміренің өзімен де жүздесе алмадым ғой. Ол 1934 жылы қайтыс болған. Ал мен Алматыға 1935 жылы келдім. Ол уақытта тым жас болдым, ұялшақтығым бар. Таным дең­гейім теңеспейтіндей тартыншақтап жүрдім. Бірақ ақын өлеңіне деген махаббатым өте ерте оянды. Ол уақытта Мағ­жан­ның кітабы жоқ. Бұрынырақта араб қарпімен шыққан жыр жинағы Сапекеңнің (Сапарғали Бегалин –авт.) үйінде ғана бар. «Әкеп берші, айналайын! Сен сұрасаң береді» деп Жүсекеңе жалынып жүріп алғызамын да, бас алмай оқимын. Ізден­ген, оқыған жастарды Сапекең де жақсы көреді: «Ой, мына Хабиба өткен нәрселерді білгісі келіп тұрады. Жақсы екен» деп риза болатын. Мағжанның өлеңдері терең ғой. Үлкен астар, фило­со­фияға құрылады. Ақынның сол жұм­бақ­ты­ғына ғашық болдым. Ұнаған шумақ­тарды жаттап жүретінмін. Жас ұлғайған сайын біразы ұмытылды. Бірақ соған қарамастан, қазір де Мағжанның 37 өлеңін жатқа айтамын.
– 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнері мен мәдениетінің онкүндігінде Сәкен Сейфуллин де болыпты. Ақынмен кездесіп, сөйлесе алдыңыздар ма?
– Сөйлескенде қандай! Қойылым­да­ры­мыз сәтті өткеннен кейін, екі айлық жала­қымызды беріп, бізге арнап арнайы дүкен ашты. Ол уақытта Алматыда сауда орта­лығы деген атымен жоқ. Барлығымыз дүкен аралауға шықтық. Баруын барсақ та, не аларымызды білмей, тосылып тұ­рып қалдық. Сонда Сәкен марқұм жа­ға­лай елдің барлығына киім таңдасып кө­мектесті, ақыл-кеңесін айтты. Өзі сон­дай сәнқой, сұлу, сырбаз, сері жігіт еді ғой. Сәкеннің таңдауымен алған Шәкен Аймановтың сондағы макентошы мен қара қалпағын киіп түскен суреті біздің үйде бар. Әйелдер жағына да көмегін аямады. Сәбираға: «Үстіңдегі киіміңе жо­лақты шәлі жарасады» деп, етегі сан түрлі түспен көмкерілген шарфты алғыз­ды. Маған: «Сенің өңіңді мына алқызыл гүлді жасыл мойынорағыш жақсы ашады» – деп кеңес берді. Біз де сол тарихи күннен естелік болсын деп, Сәбира екеуміз Сәкен аға таңдап берген мойын­орағыш­тарымызбен суретке түсіп едік. Ол жәді­гер де мұрағатымда сақтаулы.
– Онкүндікке дейін дауылпаз ақын­ды көріп, кездеспедіңіз бе?
– Жоқ, есіміне қанық болғаныммен, декадаға дейін Сәкен ағаның өзімен көп араласып, сөйлесе қойғаным жоқ. Бірақ әйгілі күйші Әбікен Хасенов Сәкеннің сұлулыққа деген құштарлығы, өміріндегі кейбір қызықтары жайлы үнемі айтып, күліп отыратын. Әбікен мен Сәкен – бір ауылдың тумалары, жерлес адамдар. Өнерге алғаш қадам басқан жас күйші Алматыға келгенде Сәкеннің үйіне тұрақтап, өнердегі даңғыл жолын баста­ған. Театрға жұмысқа орналастырған да Сәкеннің өзі еді. Онда Алматы кіп-кіш­кен­тай, бергі бетінен қаланың арғы шетіне жылдам жететінсің. Көшеде таныс адамдарды ұшырату да аса қиын болмайтын. Арнайы айдап дайындалатын су бар ғой. Театрдың маңайында сондай құрылғы болатын. Сол жерден барар-кетер жолында Әбікен үнемі су ішіп, шөлін қанды­рады екен. Бір күні жұмысқа бара жатып бір стақан суды алдына алып, ой үстінде тұрған Сәкенді көреді.
Бұл көрініс қайтар жолда да айна-қатесіз қайталанады. Сәкен тапжылмас­тан бағанағы орнында әлі тұр. Шөл қан­дыратын жерде осылай күнұзақ тұ­­ра­­тынын бір емес, бірнеше рет көрген соң, шыдай алмай бір күні сұрадым дейді Әбікен: «Сәкен-ау, кешке дейін неге тапжылмай осы орныңызда тұрасыз, суы­ңыз­­ды ішіп, кетіп қалмайсыз ба?». Сонда Сәкен: «Сусынды құйып беріп тұрған орыс келіншектің қолы керемет, суды айдаған уақытта тіпті ғажап болып көрінеді. Сол сұлулықтан ажырап қалмау үшін кешке дейін осында тұрамын, кеткім келмейді» депті. Сәкен әдемілікке құштар еді. Өзі де сондай әдемі, ер-азаматта Сәкеннен асқан сымбатты, сұлу жігіт болмайтын. Көрген кісінің көзі тоятын. Тіпті, артына қарағанда да өзгеше бір паңдықпен бар денесін беріп бұрылатын көрінеді. Мойныма әжім түседі дейді екен.
– Алаштың ардақтысы Нығмет Нұр­мақов­пен де дәл осы жолы жүздестіңіз­дер емес пе?
– Онкүндік бітті. Елге қайтардың алдында екі-үш күн демалыс берді. Сондай бір күні Қаллеки келіп: «Жүсіпбек, Нығмет Нұрмақовқа барып, сәлем берейік! – деді. Нұрмақов ол кезде жауапты қызмет­те – ВЦИК хатшысының орынбасары. Жүсекең келісе кетті. Кетуге ыңғайлана бергенде, бұрылып: «Хабиба, сен де жүр!» деген еді. Жүсекең: «Хабибаны қайтеміз, екеуміз-ақ бара бермейміз бе?» – деп бірден өзінің қарсылығын білдірді. Жас­тау кезім, ұялшақтығым бар. Әйтеуір ме­нің де ол жаққа онша барғым келмеді. Сонда Каллеки тұрып: «Ей, Жүсіпбек! Сен Хабибаны ештеңеге араластырғың келмейді. Мұның жаман әдет екен. Немене, Хабиба Нұрмақовты күнде көріп жүр ме? Есінде қалады ғой, барсын, көрсін! – деп ұрсып тастады. Жүсекең Қаллекиді өте қатты сыйлайтын, өмірінде бір ауыз қарсы сөз айтып көрмеген. Сөйтіп, мені өздерімен ерте кетті. Үш қа­бат­ты үй екен. Алдында полиция қыз­меткерлері тұр. Елден келіп тұрғаны­мызды айтып, мән-жайды түсіндіріп, үшінші қабатқа көтерілдік. Қоңырауын басып едік, тағатсыздана күтіп тұрған болу керек, есікті бірден ашты. Алыста жүріп сағы­нады ғой, бізді құрақ ұша қарсы алды. Орта бойлы ғана, өте сымбатты, сал­мақты адам екен. Келіншегі балаларымен қаланың сыртына демалуға кетіпті, үйде жалғыз өзі. «Төрлетіңіздер! Қазір шай ішеміз» – деп, дастарқан қамы­на кірісіп кетті. Жүсекең маған: «Сен құй» деп ымдап қоя­ды. Бірақ менің ұялшақ­тығым сондай, шәйнекті қолыма алып шай құйып беруге шамам келмеді. Әйгілі Нығмет Нұрмақов­тың қолынан осылай шай ішіп едік. Әңгі­месі салмақты, жақсы адам екен. Қалле­ки, Жүсекең – үшеуі отырып ұзақ әң­гі­­мелесті. Нығмет Нұр­мақов Жүсекең­нің жерлесі, Егіндібұлақ жақтың тумасы болса, зайыбы Зүпнін – Қарқаралының қы­зы. Әкесі менің әкемнің жақын ара­лас­­қан жолдасы болатын. Нығмет пен Зүпніннің үйлену тойында Жүсекең де болып, әннен шашу шашыпты. Оны кейін өзі айтып отыра­тын. Біз 1936 жылдың көктемінде кездес­сек, арада бір жыл өтер-өтпестен 1937 жылы ұсталып, атылып кетті ғой есіл ер. Кейінірек Сәкен, Мағжандарды ұстады. Сорлы қазақтың көрмегені жоқ.
– Зүпнін Нұрмақкелінімен, Сәкен Сейфуллиннің зайыбы Гүлбаһрам апайлармен репрессиядан кейін араласа алдыңыздар ма?
– Арыстарының абақтыға жабылып, атылып кетуі аздай, әйелдері де қасірет­тен көз ашпады. Зүпнін кейін Алматыға келді. Бірақ азап сейілмей, Карлаг ла­ге­рінде 17 жыл өмірін өткізді. Сәкен Сейфуллин­нің жары Гүлбаһрам да көп қасірет шекті. Алматыда болғанында кездесіп, пікірлесетінбіз. Кейін қайтыс болды. Сәкеннен қалған жалғыз тұяқ – Аян есімді ұлы бар еді. Сол баланы кезінде Сәкеннің туған інісі Нығмет жау­дың баласы деп, бауырына басудан бас тартады. Ағасынан қалған ұрпақ солай жат қолында қаза тапқан. «Баланы алып қалмады ғой, мына Нығмет. Кейін ақта­лып, кі­тап­тары қайта басылып шыға баста­ғанда, туған ағам ғой, ақшасын маған да беріңдер» – деп келгенін Гүлбаһрам кеудесіне өксік тығылып, өкініштен өртене жаздап, жиі айтып отыратын.
– Алаш арыстарынан тағы кім­дермен дәмдес, пікірлес болдыңыз?
– Әлімхан Ермековті көрдім. Біздің үйде бірнеше мәрте қонақ болды. Бірде Әлімхан Ермековпен бір дастарқан басында қонақта отырғанда, үлкен ұлым Ақанның қымызға түкіріп жібергені бар. Сонда не істерімізді білмей, көпшіліктің алдында ыңғайсыз жағдайға қалдырған баланың тентектігін тыймаққа оқтал­ғанда, Әлімхан аға тоқтатып: «Ештеңе етпейді, тимеңдер, бала ғой» – деп бізді саба­мызға түсірді. Одан кейін де Жүсекеңнің арнайы шақыруымен үйімізге бірнеше рет келіп, қонақ болып, дастарқанымыздан дәм татты. Өзі өте шешен, тауып айтатын, қалжыңға да шебер болатын. Өткен ғасырдың 20 жылдары Лениннің алдында Қазақ өлкесінің жай-күйі мен шекарасын белгілеу мәселелері жөнінде үлкен баяндама жасайды. Қоныстандыру мәселесін батыл көтеріп, өзінің нақты ұсыныстарын айтады. Сонда Әлімхан уыздай жап-жас жігіт, небары 19 жаста ғана екен. 40 минуттық регламентті ұзартып, мінберде бір жарым сағат сөйлепті. Отырғандар шешендігіне қатты риза болса керек. Әлімханның баяндамасынан кейін жер иелену жөніндегі көп жоспар кейін шегеріліп, Орынбордың айналасымен ғана шектелген екен. Бүгінгі байтақ жеріміз үшін біз Әлімхандай, Әлихандай арыстарымызға қарыздармыз. Есімдерін жадымызда мәңгілік сақтауға тиіспіз!
– Шәкәрімнің ұлы Ахат та осы үйде болыпты...
– Иә, Ахат Шәкәрімұлы Жүсекеңмен өте жақын араласқан, дос болған. Жүсекең концертпен Семей жаққа барғанда, ол қайдан да болсын іздеп келіп, қайтқанша бірге жүреді екен. Ахат та біздің үйде болған. Кезінде Шәкәрімнің өлеңдерін таудың баурайына апарып, жерді қазып тығады да, соны бір кішкентай балаға: «Мына жерді ұмытпай есіңе сақтап ал, кейін сұрағанда көрсетерсің», – деп қат­ты тапсырады. Бірақ жеті түннің ішін­де көрген мекеннен әлгі бала адасып қа­лып, тығулы жәдігер сол қалпы табылмайды. Осыны да Ахат айтып отырушы еді. 
– Нығмет Нұрмақов, Әлімхан Ермеков, Сәкен Сейфуллин сынды біртуар азаматтарымызбен етжақын аралас­қан Жүсіпбек Елебековтің жағдайы репрессия жылдарында нендей күйде болды? Қудалау көрмеді ме?
– Ол кезде біз ескі үйімізде тұратын едік. Балаларымыз жас. «Маған ауыз үйге жерге төсек салып бер», – дейді. Бірақ ұйықтамайды, түн күзетіп шығады. Машинаның даусы шықса болды, ұшып түрегеледі. «Не болды? Неге ұйықтамай­сың?» – деймін мен де шошынып. «Жай» – дей салады салғырт қана. Ашып ештеңе айтпайды. Ұйқы-күлкіден қалып, қатты жүдеп кетті. Тура шоқ үстінде жүргендей жаны мұрнының ұшына келгендігін ке­йін барлығы басылып, іс түзеле бас­таған кез­де бір-ақ айтты ғой. «Пәлен жер­де пәлен­дей қонақта болыпсың, сонда кім­дер не сөйледі? Барлығын тәпіштеп баянда» – деп жауап алып, қинапты. Сонда Жүсекең: «Әрине, болғаным рас. Бірақ олардың әңгімелеріне араласқан емес­пін, менің білетінім – ән салу. Басқасы есімде жоқ» – деп құтылады екен. Түк шықпаған соң әлгілер: «Мұны аузыңнан шығарушы болма! Егер біреуге айтар болсаң, отбасыңмен бірге құртамыз» – деп қорқытыпты. Сондықтан бұл қиналы­сын ешбір жанға айтпаған, тіпті маған да тіс жарған жоқ. Мәселенің мән-жайын кейіннен барып бір-ақ айтты. Атақтары таудай бола тұрса да, өз қара басының амандығын ойлап, бірін-бірі көрсетіп, бірін-бірі айдатып жіберіп те жатты ғой талайлар. Е-е-е, қу өмір-ай десейші!..
«А, құдайым, аққа жақ,
Өзіңе аян мен нақақ.
Аққа деген жағыңның,
Абыройын ашпай жап.
Мені ұстатып айдатып,
Зығырданын қайнатып.
Масайрасып, мәз болып,
Қуанғанды өзің тап!» –
дейді Мағжан ақын. Мағжан да сондай іштен шыққан опасыздардың сатқын­дығының құрбаны болып кетті ғой.
– Осындай зұлматты көзіңізбен көрдіңіз. Не түйдіңіз? Жастарға айтары­ңыз бар ма?
– Басымыздан өткен небір қиын­шы­лық­тарға қарамастан, мен өмірде бақыт­ты адаммын. Тауқыметті болса да, тарихтың сәулелі сәттерінің куәсі болдым. Ұлтымыздың келешегі үшін өлшеусіз еңбек сіңірген талай арыстарымызды көзіммен көріп, дәмдес, пікірлес, мүд­делес болдым. Менің бақытым – Жүсе­кеңдей жаны асыл адамға жар болғаным, сондай жанмен тағдырымның тоғысқаны. Мендегі ендігі мұрат – шамам келгенше, білгенімді артыма қалдырсам, ұрпақ ғұмырлық ғибрат алса деймін. Мұның бәрі тасқа басылған тарих қой, өлмейді. Бір өкініштісі, жастарымыз тарихты терең біле бермейді. Сондықтан да, айналайын қызым, өткенді білмей, келешек өркен­демейтінін ұмытпаңдар! Жассыңдар ғой. Жас та болса жасампаз, ізденімпаз бо­лың­дар. Мағжанның сенген жастары сен­дерсіңдер! Осыны естен шығармаңдар! Енді халқымыз мұндай зұлматты көр­мейтін болсын. Жазықсыз жапа шегіп, на­қақтан оққа ұшқан, қасірет­пен көз жұм­ған боздақтарымызға тағзым етемін.


P.S. ...Көздерінде от ойнар,
Сөздерінде жалын бар,
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемін!
Тау суындай гүрілдер,
Айбынды Алаш елім дер,
Алтын Арқа жерім дер,
Мен жастарға сенемін!
Мен сенемін жастарға,
Алаш атын аспанға,
Шығарар олар бір таңда,
Мен жастарға сенемін!
Апа өлең оқыды. Сөз соңын, әдеттегіше Мағжанның сөзімен түйіндеді. Бізге үлкен міндет артып, осылай шығарып салды. Дана қарияның сөзінің астарында қандай салмақтың жатқанын сезінсек те, неге екенін білмейміз, жүрек түкпірінде бәрібір «Мағжандай марғасқа ағалар артқан сол сенімге саймыз ба? –деген жалқы сауал мазалай берді... Біз Сіздерге қарыздармыз!

Назерке ЖҰМАБАЙ.

"Қазақ әдебиеті" газеті

0 пікір