Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 20987 0 пікір 5 Маусым, 2013 сағат 06:09

Мұхтар Кәрібай. «Неге біз осы...»

(Оралхан Бөкей «Атау кере» романы туралы баян)

 

Ұлттық сөз өнері зергерлеріміздің бірі, қай шығармасы болсын оқырманды бейжай қалдырмайтын қарымды қаламгер Оралхан Бөкейдің соңғы туындысы – «Атау кере» романының атының өзі бірден елең еткізеді. Өйткені «атау кере» сөзі  ел ішінде адамдардың күнделікті қарым-қатынасында қолданыла бермейтін, сирек жағдайда, шанда бір ашынған ахуалда, болмаса шарасыздықтан айтылатын салмақты, зілді, ауыр ұғым. Шығармашылығында жеңіл мазмұн кездеспейтін Оралханның дәл осы күрделі тақырыпқа барып, әрі оны өзінің дәстүрлі шеберлігіне тән деңгейде ширатып,  ширықтыра отырып жазғаны заңдылықтай қабылданады.

Романның басты үш кейіпкері Таған, Ерік, Айна - замандастар. Ерік пен Айна ерлі-зайыпты. Алайда, олардың үшеуі – шығармадағы үш негізгі арнаны құрайды, үшеуі - үш әлем, үш категория. Бұлардың барлығын тылсым тағдыр, айналып келгенде біраз уақыт бір шаңырақта өмір сүруге жолықтырған еді.

(Оралхан Бөкей «Атау кере» романы туралы баян)

 

Ұлттық сөз өнері зергерлеріміздің бірі, қай шығармасы болсын оқырманды бейжай қалдырмайтын қарымды қаламгер Оралхан Бөкейдің соңғы туындысы – «Атау кере» романының атының өзі бірден елең еткізеді. Өйткені «атау кере» сөзі  ел ішінде адамдардың күнделікті қарым-қатынасында қолданыла бермейтін, сирек жағдайда, шанда бір ашынған ахуалда, болмаса шарасыздықтан айтылатын салмақты, зілді, ауыр ұғым. Шығармашылығында жеңіл мазмұн кездеспейтін Оралханның дәл осы күрделі тақырыпқа барып, әрі оны өзінің дәстүрлі шеберлігіне тән деңгейде ширатып,  ширықтыра отырып жазғаны заңдылықтай қабылданады.

Романның басты үш кейіпкері Таған, Ерік, Айна - замандастар. Ерік пен Айна ерлі-зайыпты. Алайда, олардың үшеуі – шығармадағы үш негізгі арнаны құрайды, үшеуі - үш әлем, үш категория. Бұлардың барлығын тылсым тағдыр, айналып келгенде біраз уақыт бір шаңырақта өмір сүруге жолықтырған еді.

Таған кешегі от ауызды, орақ тілді, жалындап тұрған жас аспирант. Үлкен білімнің жолына түсіп, әлі көп ешкім бара қоймаған тың, батыл тақырыптарда ғылыми еңбек жазып жүрген жас ғалым. Бүкіл болашағы алда көрініп, барлық жас ізденімпаздарға тән ерекше ынта-жігер, үміт-сеніммен еңбегіне құлшына кірісіп, ерте көзге түсіп, жоғары оқу орындарында студенттерге лекция оқитын. Алайда, кеңестік жүйедегі барша саналы жандарды сан мәрте сансыратқан қасаңдықтар алдынан шығып, тауы шағылады. Жазып жүрген еңбектерінің барлығы жарамсыз, тіпті зиян деп танылып, еңбегі еш кетеді, жанбай жатып сөндіруге ұмтылатын айналасынан, ортадан түңілгенде, сол кезеңдегі зиялы қауым өкілдерінің біразының басынан өткендей, ең ақырғы жұбаныштай көрінген ащы суға алданудан бұл да қашып құтыла алмады. Сөйтіп жүргенінде, жұмысынан, дос-жараннан, жары мен баласынан айырылады, одан кейін мүлде құрдымға құлаған. Бір кезде алдында жәудіреп отырған жас студенттерге айтсам, жеткізсем деген арманда кеткен көп жайттарды енді арақтың буы жеңген сәттерінде өзімен-өзі қалып, тыңдаушысы жоқ лекцияларын ақтарады келіп. Йә, оның айтам дегені көп еді. Жас ғалым келе жатқан жаңа заманның елесін, жылымық лебін сезініп, өзін еліне, қоғамға қажетті адам санап, ғылым жолындағы ізденіс-жаңалықтары арқылы мысқалдай болса да пайдасын тигізуді парыз санайды. Соған байланысты қоғамдағы ескірген көзқарастарды, әлеуметтік, шаруашылық саладағы көп жайттарды түпкілікті өзгертуге жаңа бағыт, тың жол тапқандай жалындайтын. Алайда, алдынан шыққан асусыз қамал-кедергілерге тап болып, ойындағы адал арман-тілектерінің жүзеге аспауына көне алмаған алмаған арақкеш аспиранттың ендігі тыңдаушысы жоқ лекцияларының «НЕГЕ БІЗ ОСЫ..?» деп басталуы да содан.

«Сұм өмір абақты ғой саналыға» деп ақын Мағжан баяғыда-ақ айтқан қатал өмірдің таяғы мұның да басына келіп тиген аспиранттың түсіне алмайтын, ал түсінгенін айналасына жеткізгісі келетін түйткілдері көп-ақ : «Неге біз осы өтірік сөйлейміз, өтірік күлеміз, қысқасы - өтірік өмір сүреміз, а? Неге біз осы өзіміздің бұл әлемге артық, түкке де керегіміз жоқ бейшара мүскін екенімізді мойындамаймыз... неге біз осы қатыгез де, қасиетсіз болып кеттік».

Таған – қандай қоғамның болмасын ажырамас бөлшегін құрайтын зиялы қауым өкілі, соның ішінде жеке бастық пасық мүддеден мүлде биік тұрған, елін, ұлтын алға бастырсам дейтін адал, таза, озық ойдың адамы, біз айтып отырған романдағы үш арнаның прогрестік, дамушылық, қазіргі тілмен айтқанда демократиялық мазмұнын білдіреді. Бірақ «әркімге еңбегіне қарай, әркімге қабілетіне қарай» дейтін әдемі ұранды жариялағанымен, ең алдымен саналы, қабілетті деген мүшелерінің көзін құртуға тырысқан тоталитарлық жүйеде Тағандар азшылық, Тағандар әлсіз, ең бастысы қауіпті санатқа жатады. Оларды құртудың, қудалаудың сан-түрлі амал-тәсілі ойлап табылғаны мәлім, соның бірі «атау кере» аталып, талай жақсы мен жайсаңның түбіне жеткен арақ болатын. Әйтпесе, бір партияның диктатындағы барған сайын құлдырап бара жатқан тоталитарлық қоғамда ең алдымен ұлттық қасиеттердің, адамгершілік болмыстың жоғалып бара жатқанына қарсы дауыс көтерген Тағандардың: «біздер тарих-ананы қатты ренжіттік, өз ұлтымыздың тарихын кісенде ұстадық, киесі ұрады деп білмедік. Шала-жансар оқулыққа сендік, шала сауаттыларға сендік, шабына от түссе де айтайық: өкімет басында отырғандардың бар-барлығына сендік, олардың ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс болды. Міне сондықтан да халық адасты... адам жадынан, есіне айрылды», - деп келетін батыл лекциялары тыңдаушыларға мемлекеттік жүйенің тоқырағандығын, басқару тетіктерінің тозғандығын айқара ақтарып беретіні белгілі. Жалпы, кеңестік жүйенің «химиялық қаруына» айналған алькаголді ішімдік жекелеген адамдардың ғана емес, тұтас бір ұлттардың азып-тозуына дейін жеткізгені сібір халықтарының тағдырынан әбден мәлім жайт. Мұндай қыл көпірден қазақтардың аман өтуі дәстүрлі тағамының құрамында ежелден айран, боза, қымыз сынды ашыған сусындардың болуы, яғни ағзаның дайындығынан ғана құдай сақтаса керек.

Тағанның теория, ғылым жүзінде зерттеп, талдап, енді мемлекеттік ауқымда жүзеге асырылуы керек деп санап жүрген шаруашылық жүйесіне қатысты өзгерістердің кей түрін оның жерлесі Ерік жеке бір үйдің мысалында іске асыра бастаған. Шығармадағы басты үш арнаның бірін құрайтын - Ерік Тағанның ауылдасы, екеуі бір мектепті аяқтап, бірге өскен, Ерік Алматыдағы дене тәрбиесі институтын аяқтаған, қара күштің, қайраттың иесі, уағындағы спортшы балуан. Таған сияқты ғылымды қумағанымен, бір басына жетерлік ақыл-айласы бар, бойында қулық-сұмдықтың талай құпиясын сақтаған. Айырмашылығы - ол өз бойындағы барлық күш-жігер, қарым-қабілетін тек қана жеке басына жұмсайды. Дәл осы ой-пиғылмен елден, жұрттан безініп, Алтайдың адам жете алмас бір қуысында оңаша тірлік етеді. Сол жапанға жалғыз шешесі – кержақ орыстың қызы Нюра, ендігі Нүрке кемпірді, әйелі Айнаны алып келген. Бала кезінен жоқтықты, жетімдікті көріп өскен, әкесі қазақ, ал шешесі ата-анасының қарғысын алса да қазаққа күйеуге шыққаннан кейін мұсылмандықты қабылдаған кержақ қызы.  

Ерік өзінен озғандарды, суырылып алған шыққан шешенсігендерді өлердей жек көреді, ол студент кезінен бері «мейманасы тасығандардың мысын басу, басына бақ қонғандарды басындырмау үшін жаралғандай» бойын соқыр қызғаныш билеген қараниет, пасық жан.  Ғылым-білім, мәдениет-өнер жолындағылардың бәрін еңбексіз күн көретін арамтамақ санап, зиялы атаулыны ата-жауындай көреді.  Бір кезде өзінен тым биікте тұрған, ғылым мен білімде қатарластарына дес бермеген аспирант кластасы Тағанның араққа ғана жеңіліп, алқаш атанып, ендігі бір жұтым сыра үшін мұның құлы болуға дайын екендігін көргенде төбесі көкке жеткендей қуануы да сондықтан. Аярлығының шексіздігі сонша - бір ауылда бірге өскен досының бейшаралық кейіпке түсіп, қамқорлыққа мұқтаж күйін көре тұра, атының артына мінгізбестен ауылдан қиян тауға қарай жаяу салпақтатады, ол аздай енді оны өмір бойы құлдықта ұстауды ойлайды.

Өзіне қажеттінің барлығын ақшаға сатып алуға болады деген дүлей сенімге келіп, біржола байлықтың түбіне түскен. Бұл мақсатына жету үшін Ерік Алтайдың жомарт табиғаты аямай бертін бар байлықты: жан-жануарын, аң-құсын, қарағай, балын, егер мүмкін болса тауын тас-топырағымен, орман-тоғайын тамыр-жапырағымен қаладан вертолетпен келетін тамыры Прохор деген дәл өзіндей сұмдарға сатып жіберуге дайын. Мұның бойында туған жердің табиғатына жан ашу, елдің қажетін ойлау, жұрттың алға басуына немесе мемлекеттің мүддесіне қызмет ету дейтін сезім-түйсіктің нышаны да жоқ. Тіпті туған анасы мен жарына да жаны ашымайтын, түпкі мағынасын өзі де түсіне бермейтін беймәлім мақсатына ерекше тоңмойын, тасырлықпен ұмтылады. Шығармада шартты түрде біз талдап отырған үш арнаның ішінде зиянды, кері тартқан, регрестік, әділдікке емес зұлымдыққа, қайырымға емес қиянатқа, дамуға емес анархияға апаратын апатты бағыттың уәкілі. Бәлкім, бұған артында қалар ұрпағының да керек еместігі сондықтан. Ерікте бала да жоқ.

«Атау кере» елімізге нарық заманы енді ғана келе бастаған уақытта жазылғанын ескергенде, автордың Ерік бейнесі арқылы қоғамда «бәрін сатуға, бәрін сатып алуға болады» деген көрсоқыр, аса қатерлі, адамдыққа да жаратылысқа да қайшы көзқарастың жаппай етек алуынан алдын-ала сақтандырғаны хақ. Ал, Еріктің ақырында бүкіл тірлігі баянсыз болып, тіпті адам емес, жәндік-сонаға айналып қорлық, мазақ күйде өлуі заңдылықтай қабылданады. Иә, ол өзі таңдап алған оңай жолдың, жат, арамза тірліктің құрбаны болды. Табиғат ананың омырауын суалғанша сорып, жаратылыс тегін беретін байлықты өзгеден бұрын, өзгелерден тез тартып алу үшін Ерік қолынан келгенін аянбады, тіпті сонау мұхиттың арғы жағындағы тұқымы бөлек, өлермен, тойымсыз шетелдік еркек араларды алдырып, олардың жергілікті «жеңілтек» аналықтармен будандасуынан түрі бөтен, түсі суық қауіпті бір ұрпақ пайда болды. Бұлар қылшығы бұзылмаған, жайқалып, тұнып тұрған майшелпек, әрі бөтен аймаққа келісімен айналадағы өсімдік атаулының шырынын таусып біткенше тыным таппайды.

Өзі де «будан» тұқымға жататын ұлының қанағатсыз тірлігін жақтырмаған шешесі Нүрке кемпірдің: «жат жұрттық ешқашан жарытқан да, жерсінген де емес, бүгін балын берсе, ертең уын ұсынады...» - деген ескертулері еленбей, ақырында кемпірдің ажалы да сол шетелдік аралардан келген.

Жалпы, шығармада аралардың тірлігі кең ауқымды символикалық мәнге ие болып, қажетті сәттерде әрдайым адамдардың әрекетімен философиялық тұрғыда ұштастырыла бейнеленеді. Бірлесіп өмір сүру жүйесі мен еңбек тәртібі дамып жетілудің шегіне жеткізілген осынау ерекше еңбекқор жәндік иесінің тірлігі роман сюжетінің ажырамас бөлшегін, басты арқауларының бірін құрай отырып,  шығарманың терең идеяларын жекізудің шебер құралына айналған – «Араларда биліктің барлығын омарташыға беріп, солардың құлақкесті құлына айналғанын ұғар зерде жоқ еді. Алайда дүниенің кілтін өз қолына алған адамзат төбесінен бақылап, басқарып тұрған бір тылсым күш барын сезбей жүр ме екен... ».

Сондай бір күштің барына түйсігі жетпей жүргендіктен болар, Таған мен Ерік туып өскен ат төбеліндей ауыл тайлы-таяғы қалмай маскүнемге айналып, ертеңгі күні не боларына алаңдаған Нүрке кемпірдің аузымен айтылған: «ел азарда ер-азаматы – атақ қуғыш тақ құмар, қыз-келіншегі дүние қуғыш бақ құмар келеді» - деген авторлық тұжырымның әлеуметтік мәні уақыт өткен сайын өзекті бола түскендігін көз жетуде.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, туындыдағы тұғырлы үш арнаның бірі – сұлулық пен әдемілік, жастық шақтың қас-қағымдай жарқын сәттерінің белгісі, ізгілік пен қайырымдылық, сезім мен махаббат қуаты Айна образы арқылы бейнеленеді. Онсыз өмірдің мәні, демек шығарманың да сәулесі болмас еді. Айна Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі үлкен-кішілі ауыл, қалалардан орта мектепті аяқтай сала Алматыға аттанатын мыңдаған албырт жастардың өкілі. Ауылдың, әке-шешенің тәрбиесін көріп өскен бұйығы қыздың мінез-қылығынан мін табу қиын, ал сыртқы сұлулығы қапысыз. Тілерсегіне түскен қалың қара шашын қақ тарап, маңдайы жарқырап жүрген жас студент қыз талай жігіттің көз құртына айналып, меселін қайтарған. Тіпті, институттың мұғалімдеріне дейін, әсіресе география пәнінің оқытушысы бурыл шашты ағайының пиғылы бөтен. Ақыры, қыр соңынан қалмаған «ұстазының» қысымына шыдамаған Айна оқуын тастап АХБК-ға жұмысқа тұрады. Азиялық бет-әлпетіне көк көздері ерекше жарасатын сымбатты Ерікпен сонда жүргенде тіл табысып, кейін оған тұрмысқа шығады.

Айна - құдай қосқан қосағына жан-тәнімен, ақырына дейін берілетін қазақ әйелдерінің дәстүрлі типінің жарқын өкілі, айнасы.  Ол күйеуінің артынан еріп, айдаладағы тау арасына барып бірге тұрып, табиғаты қатал ортада жан бағудың барлық қиыншылықтарын қайыспай көтерісіп, сал болып қалған ауру енесін қабақ шытпай бағып-қағады. Арада жылдар жылыстап өткенде барып, жастай қосылған күйеуінің кейін ауылдан, адамдар ортасынан безініп, бұған түсініксіз болып бара жатқан күйкі тірлігі, тоңмойын мінезі, тіпті өзіне әйел ретінде қарауды қойған мейірімсіздігі, қыл аяғы жар қызығына да зар болып, жастық, қызулық ғұмырының қараң тартып бара жатқаны, Еріктің анау ауылдан итше ертіп келген, өзін бір жерден көргендей, досына деген қатыгездігіне әбден көзі жеткенде ғана көп-көп ойларға беріліп, көкірегі қарс айырылады. Иә, Айнаның Тағанды аспирант кезінде көргені рас-ты. «Студенттік өмірінің ішінде, әсіресе есінде қалғаны – үнемі бір ой үстінде жүретін қара бура шашты, кірпіктері қолмен қондырғандай үлкен қара көзін қоршап тұрған аспирант еді. Жалғыз-ақ рет көрсе де өмір бойы есінде қалған. Кей кезде түсінде көріп, қиялында қалған аспирантты шақырып жатып оянатын мезеттері де болған».

Айна көп жағдайда өмірде әлеуметтік орын таба алмайтын, содан барып әйелдік бақыттың да бағамына жете бермейтін қазақ қыздарының жинақталған типтік образы. Оларға оқушы, әсіресе студент кезінде жөні түзу бағыт беруі тиіс ұстаз болса, нәсіпқұрмар бурыл шашты ағайларының түрі анау.

Нүрке кемпір ұлының құлдықта ұстау ниетімен ертіп келген Тағанның Алтайды аузына қаратқан әйгілі Мақажан ақынның немересі, сталиндік қуғын-сүргін заманда өзін ажалдан алып қалған Көкен мен Аналықтың баласы, текті атаның ұрпағы екендігін білісімен, оған жанашырлықпен қарауды өтелмеген парызы санайды. Енесіне әйелдік мейіріммен Айна да қосылады. Осылайша, үлкен қалаларда ғылым мен биліктің құлағын ұстаған қатыгез, сұрқия ортадан ұлтын ойлағаны үшін ғана қудалауға ұшырап, құрдымға құлаған жас қазақ ғалымы Таған ізгілік қасиеттерден айрыла қоймаған қарпайым адамдардың қамқорлығы арқасында араққа уланған ес-ақылын қайта жинай бастайды. Құлдыраудан көтеріліп, енді алда барша саналы пенделердің маңдайына жазылған бітіспес майдан жолына түсу аралығындағы бейтарап, қатерлі өтпелі кезеңде Таған басынан өткен қорлық-мазақ өміріне намысы оянып, жанына батқан бір сәтте өлімге де бас тігеді. Оны ажалдан алып қалған Айнаның өтініші бойынша енді қайтып арақ ішпеуге еркектік ант берген еді. Сонау бір кезде Алматыдағы студент бозбала атаулының аузының суын құртып, енді күйеуінен қалмай Алтай тауында таңның атысы, күннің батысы тыным таппай тіршілік қамымен жүрген сұлу келіншекті ер-жігіт ретінде Тағанның іштей ұнатуы табиғи, әрине. Алайда басқа бір шаңырақтың иесі болып отырған бөтен әйел жөнінде одан арғыны ойлауға басқа болса да, Таған бармас. Тек қана аспирант кезіндегі алдында отыратын жәудіреген студенттердің арасынан көргендей ме...

Мінеки, шығарманың шап-шағын құрамдағы кейіпкерлерінің қуатты типтері, ең алдымен олардың ішкі әлемі барынша кең ауқымды қамти тұра, қат-қабат тағдыр айдап бүгінгі тіршіліктері тар кеңістікте тоғысқандықтан да, оқиғалардың өрбу, шарықтау барысы қас-қағымда өтеді.

Жалғыз ұлымен тіл табыса алмаған Нүрке кемпірді шетелдік аралар үйірі талап, көп ұзамай көз жұмады.  Мұсылмандық қабылдап, ақырғы күндеріне шейін бес уақ намазын аза қылмай келген кержақ қызы Нюра Фадеевна-Нүрке кемпір өмірден озар соңғы сәтінде екі саусағын біріктіріп шоқына бастайды. Мұны көрген Айнаның жаны түршігеді. Ерік болса әлі өлмеген шешесін жерлеуге асығады. Шарасыздықтың жар қабағына жеткен Айна шетелдік аралар омартасын өртеген соң, Қатын өзеніне секіріп  ағып бара жатқан жерінен бұл жолы оны Таған құтқарады. Адасып келген өмірінің өкініштерін асау  ағын алып кеткендей есін жиған Айнаның өзін өлімнен, қапастан құтқарушысына иен тауда тастап кетпей ауылға алып апарыңызшы деген тілегін ішкіліктен арылған, сергектік пен саналылық тартыс жолына қайта оралған Таған орындауға азаматтықпен бел буады. 

Осылайша, жеңіліс пен жеңіс, түңілу мен үміт, қиянат пен қайырым, аярлық пен адамдық, марғаулық пен махаббат арасындағы тартысты күрес, өткен тарих пен бүгінгі нақтылықтың ажырамас аясындағы ұлт тағдыры мен келешегі таразыға тартылған романның кесек-кесек идеяларының түйіні кульминациялық сәтіне жетіп, ширақ та шымыр тарқатылады. Шеберлік құдыреті дегеніміздің құпиясы да осы болса керек!     

Ташкент, маусым 2013 жыл

Abai.kz

0 пікір