Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3343 0 пікір 4 Маусым, 2013 сағат 08:29

Қайрат Сарин, полковник: «Оны атқан біз. Себебі, ол халық жағына шығып кетті»

«Ұлым менің – Төребек»

Алматыда өткен 31 мамыр - Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарының күніне арналған рәсімнің кезінде тамаша азаматпен таныстым. Ол кісі - Жәнібек Ергенқұлұлы ТӨЛЕГЕН, Маңғыстау облысының осы аттас ауданының Жармыш ауылының тұрғыны. 2011 жылы 18 желтоқсан күні халық жағына шыққаны үшін басынан атылған Шетпе қаһарманы - Төребек ТӨЛЕГЕННІҢ әкесі.

«Ұлым менің – Төребек»

Алматыда өткен 31 мамыр - Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарының күніне арналған рәсімнің кезінде тамаша азаматпен таныстым. Ол кісі - Жәнібек Ергенқұлұлы ТӨЛЕГЕН, Маңғыстау облысының осы аттас ауданының Жармыш ауылының тұрғыны. 2011 жылы 18 желтоқсан күні халық жағына шыққаны үшін басынан атылған Шетпе қаһарманы - Төребек ТӨЛЕГЕННІҢ әкесі.

Жәкең қарапайым отбасыдан шыққан қара жұмысшы адам, әкесі Ергенқұл 2007 жылы 100 жасап дүниеден өтіпті. Отбасына түскен ауыр қайғыны қара нардай қайыспай көтергені көрініп тұр. Салмақты, сабырлы, сырбаз мінезді. Мұндай кісілерді қазақта "жер қозғалса да қозғалмайды" дейді. Салиқалы ойы мен пікірін ақылмен айтатын, сөзі мен ісінің алшақтығы жоқ, әрбір іс-қимылын тас түйін боп бекіп орындайтын адам екендігі бірден байқалады. Әңгімесінде Төребегін өлтіргендерге деген қылаудай кекшілдігі байқалмайтын мінезі оның терең парасаттылығын, мейірбанды жүрек иесі екендігін аңғартады. Жәкеңмен сұқбаттасу барысында Төребектей ер азаматты дүниеге келтірген, тәрбиелеген адам осындай болса керек шығар деп түйдім.
Осы танысу кезінде жазылған төменгі сұхбат-жазбаларымды ұсынамын.

«Жаңаөзен мен Шетпенің ашылмаған сырлары көп»

Осы әңгіме кезінде Жаңаөзен мен Шетпе көтерілісінің айтылмаған, ашылмаған сырлары көп екендігіне көзім жетті.
- Билікте отырғандардың менің Төребегімнен және басқа құрбандардан әлі күнге дейін қорқатындығын көріп жүрмін. Мен бір жаққа жолға шықсам болды, мейлі жеке жұмыспен болсын, ағайын-туған, достардан шақыру келсін, бәрібір. Үкіметтің адамдары айналшақтап үйге келе береді. "Қайда барасыз?", "Неге барасыз?", "Не жұмыспен барасыз?", "Бармауға болмай ма?", "Осы жақтан бітіруге болмай ма?" сұрай береді, - дейді Жәкең.

Жаңаөзен мен Шетпе оқиғасының куәлары, оны көзімен көргендер, олардың дос, туыс жақындары көрген білгендерін сұрасам айтады, бірақ куәлікке, ресми орындарға, баспасөзде аталмауын сұрайды. Қорқыныш пен үрейден, алдағы күнгі тұрмыс-тіршілігі үшін жасалуы мүмкін қиянаттардан қорқады. Мысалы, Төребекке оқ тиген кезде оған көмекке келген, оны ауруханаға арқалап жеткізген досының өзі осы үрей мен қорқынышта әлі күнге дейін жүр..

«Оны атқан біз, себебі ол халық жағына шығып кетті»

Төребек Жәнібекұлы 1982 жылы туылған, онжылдықты туған ауылында бітіріпті. 2002 жылы армиядан оралған соң Шетпедегі өрт бөлімшесіне жұмысқа орналасады. Кеден ісі жөнінен колледж бітірген. Осы қызметте өмірінің соңына дейін істеді, сержант болды. Қызметінде тек қана абыроймен ғана жұмыс атқарған, енді үйленемін деп жүр екен.

2011 жылдың 18 желтоқсанында "К-плюс" телеарнасының Жұлдыз деген тілшісі сұрақ қойған кезде қаладан Шетпеге әскерлерді бастап келген полковник Қайрат Сарин былай деп жауап берген: " Оны атқан біз, себебі ол халық жағына өтіп кетті".

Осы сөз - тарихи сөз боп қалды. Бұл сөз "К-плюс" телеарнасының қорында тарихи айғақ болып қалды.

"Әр заманның өз сұрқылтайы болады" деген қазақта сөз бар. Әр заманның өз Қодары болады. 19 ғасырдағы Жаяу Мұсаға Шорманның Мұстафасы, Ақан серінің Батырашы болған, 20 ғасырда Шәкәрімге Қарасартов, желтоқсаншыларға Есілбаев Қодар болса, 21 ғасырдың қарасартовтары болып Қайрат Сариндер болып отыр. Бүгінгі қодарлар билік пен байлыққа ие болып отыр, олар қазақ елі тәуелсіздік алған шақта өз халқына қарсы ашықтан ашық мылтық кезеніп оқ атып, сол үшін биліктің биік үйлерінде отыр.

Жәнібек Ергенқұлұлымен әңгімелескен - Сағат Жүсіп
Abai.kz

0 пікір