Жұма, 23 Ақпан 2024
Ел іші... 1940 4 пікір 16 Маусым, 2023 сағат 15:58

«Кублей» дауы: Орал әкімдігі жауапқа тартыла ма?

Бүгін Сенатта Үкімет сағаты өтіп, ауыл шаруашылығы саласындағы өнімдерді өңдеу мәселесі талқыланды. Саладағы қордаланған мәселелер ортаға салынды. Біз осыған дейін БҚО, Орал қалалық әкімдігінің мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отырған әйгілі «Кублей» зауытын әпербақандықпен жабуға әрекет етіп жатқаны туралы егжей-тегжейлі жазған едік. Бүгінгі Сенаттағы Үкімет сағатында «Кублейдің» де мәселесі шет қалған жоқ.

Қоғамда қызу талқы тудырған «Кублей» зауытына қатысты даулы әс әлі біржақты болған жоқ. Мәселе қордаланған үстіне қордалана түсуде. Біз бүгін оқырман талқысына «Кублей» зауытының директоры Талғат Берекешевтің, ҚР Ауылшаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев пен Сенатор Зәкіржан Кузиевтердің пікірін ұсынбақпыз.

Талғат Берекешов не дейді?

«Биыл ет бойынша мемлекетаралық ұсыныстар беретін халықаралық эпизоотиялық бюро (ХЭБ) Қазақстанның аусылдан еркін мәртебесін растаған жоқ. Оның себептері жоқ емес.

Бірінші мәселе, елдегі малдың негізгі бөлігі шағын пункттерде сойылады. Бұл пунктерде қан, сүйектерді қайта өңдеу жүргізілмейді. Себебі, шыған сою пункттері үшін крематор ұстау экономикалық тұрғыда тиімсіз. Сондықтан қалдықтар полигондарға тасталады, ол жерден аң-құстар ауру жұқтырып бүкіл Қазақстанға таратады. Осылайша инфекция жайылады.

Екінші мәселе, 2022 жылы Ресей өзінің ет өңдеушілерін қолдап, 200 000 тонна ірі қара малдың етін бажсыз әкелуге рұқсат берді. Ал 2023 жылы 100 000 тоннаға рұқсат етті. Біз ЕАЭО мүшесі болғандықтан және Ресей тарапынан ет пен дайын өнімді бажсыз әкеле алмайтындықтан, қазақстандық нарық көрші елдердің арзан өнімдеріне толды. Отандық қайта өңдеу саласы мемлекеттік қолдаусыз тоқырады.

Тағы бір үлкен мәселе, ет өңдеу саласын дамытуда ҚР Үкіметі бекіткен қаланың бас жоспарларына қайшы, қаланың жұмыс істеп тұрған өнеркәсіптік аймақтарында және зауыттардың санитарлық-қорғау аймақтарында тұрғын үйлердің ретсіз салынуы. Мәселен, «Кублей» консерві зауыты мен «Қарасу ата» ет комбинаты соның кесірінен жабылып қалу қаупінде тұр», - деді «Кублей» ЖШС бас директоры Талғат Берекешов.

Өздеріңізге белгілі, ұзақ уақыт бойына «Кублей» зауытының айналасындағы дау-дамай тарқамай келеді. «Кублей» ЖШС бас директоры Талғат Берекешов бүгінгі таңда құрылысы аяқталмаған үйлердің құрылысшылары мен үлескерлері зауытқа сотқа дейінгі арыз тастағанын айтты.

«Зауыт Орал қаласының бас жоспарына сай қаланың өндірістік аймағында орналасқан. Ол Үкіметтің қаулысына сәйкес болатын. 2020 жылы зауыттың көршілес учаскесіндегі зауытты құрылысшылар сатып алып, оны сүріп, орнына тұрғын үй кешенін сала бастады. Өндірістік аймақта 100 метрге дейін нысан салуға болмайды. Ол тұрғын үйді 42 метр қашықтықта сала бастады. Зауыт құрылысқа рұқсат берген жергілікті атқарушы органдарымен соттасты. 2020 жылы сот санитарлық аймақты растап, «Кублейдің» арызын қанағаттандырды. Өндіріс аймағында жақын жерде құрылыс салуға болмайтынын айтты», - деді ол.

Берекешов 2 жыл бойы Жоғарғы соттың коллегиясы үш рет қарап, соттың заңдылығын растап, қала әкімі мен қала сәулетшісі, құрылысшылардың өтінішін кері қайтарды.

«Жоғарғы сот құрылыс өндіріс аймағында рұқсат ететін құжаттарсыз салынып жатқанын айтты. Үлескерлік қаражат есебінен салынғанын жеткізді. Алайда 2,5 жылдан кейін Жоғарғы соттың өкілдігі бойынша іс қайта қарауға көшті. Барлық арыз қаралды, бірақ үшінші тараптың арызы ескерілмеді. Шешім 180 градусқа өзгеріп кеткен. Бірнеше ай бұрын Орал қаласының сотының судьясы екі санитарлық аймақты алып тастап, салынып жатқан құрылысты заңды деп таныды. Зауыт өндіріс аймағында емес, басқа аймақта орналасқан сияқты шешім қабылдаған. Менің ойымша, бұл қасақана жасалып отырған дүние. Сол жердегі құрылысқа жол беру үшін жасалып отыр. Оралда 32 жыл ішінде ауыл шаруашылығын өңдейтін бірде-бір зауыт салынбады. Біздің зауыт өз қаражатымызға салынды. Отбасын асырап отырған 750 адам қызмет ететін зауыттың ұжымы не істейді? 2500 адам жұмыс істейтін 31 жылдық тәжірибесі бар зауыт елдің ішкі нарығын консерві өнімімен 65 пайызға қамтып отыр. БҚО мен Ақтөбе, Атырау облысының 3 мың шаруасы малын қайта өңдеуге жіберу мүмкіндігінен айырылды. «Кублей» зауыты 10 мың тонна шикізат қабылдап, ауыл тұрғындарының қаржысын уақытылы беріп отыр», - деді ол.

(Сурет: Үкіметтің ресми сайты)

Министр Қарашөкеев не дейді?

Талғат Берекешов өңірдің өндірістік әлеуетін сақтау бойынша консервті зауыт негізінде мәселені тексеретін комиссия құруды ұсынды.

«Кублей» мәселесі жергілікті әкімшілік пен сот органдарының мәселесі біздің құзыретімізге жатпайды. Қолымыздан келгенше, қажет болған жағдайда көмек көрсетуге дайынбыз», - деді Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Ол өз сөзінде отандық өндірісті, кәсіпорындарды қолдау керек екенін айтты.

(Сурет: Сенаттың баспасөзі)

Сенатор Кузиев не дейді?

Жиында кәсіпкерлермен қатар, бірнеше халық қалаулылары соңғы уақытта өте күрделі мәселеге айналған «Кублей» зауытының тағдырын сөз етті.

Сенат депутаты Зәкіржан Кузиев «Кублей» зауытының мәселесіне қатысты пікірін білдірді. Ол 30 жыл бойы жұмыс істеп, халықты жұмыспен, республиканы өніммен қамтамасыз етіп отырған зауытты 100 пайыз қолдайтынын айтты.

«Зауыт директоры соттың екі шешімі бар екенін атап өтті. Олар оған қайта шағымданғалы жатыр. Біз қазір ол жайлы пікір айтсақ, артық деп ойлаймын. Бірақ менің жеке пікірім, біз мұндай зауыттарды қолдауымыз керек. Құрылысқа өндірістік аймақты берген әкімдікті жауапкершілікке тарту керек. Ол жерде өндірістік аймақ деп оған дейін анық көрсетілді. Қазақстанда ондай мәселелер өте көп. Жоспарын қарамай, неге жерді таратып береді? Оны сот шешімімен қарау керек. Мен зауытты 100 пайыз қолдаймын. Халық ол жерде жұмыс істеп жатыр. 30 жыл істеп жатқан зауытты біз қолдауымыз керек. Бірінші тұрғын үй тұрып, зауыт кейін салынған болса, әңгіме басқаша болатын еді. Ол жерге зауыт бірінші салынып отыр. Қазақстанда ондай мәселе өте көп. Әкімдік неге оны қарамаған? Құрылысшылар үй салып алып, кейін жағымсыз иіс туралы айтып жүр. Сот дұрыс шешім шығарады деп ойлаймын», - деді Кузиев.

Айта кетейік, «Кублей» ЖШС - 1992 жылы құрылған, жаңадан салқындатылған жылқы, сиыр, қой еті консервілер өндірімен айналысатын Қазақстандағы ең ірі қайта өңдеу кәсіпорындарының бірі болып табылады. Еуропаның жетекші  өндірушілерінің соңғы жабдықтары компанияға жоғары сапалы өнімдер мен керемет дәмдік сипаттамалар жасауға мүмкіндік береді.Кәсіпорын өнім өндірісі кезінде азық-түлік қоспалары мен ГТӨ жоқ 100% табиғи шикізат өнімдерін қолданады. «Кублей» ЖШС-нің барлық өнімдері ГОСТ, ҚР СТ, ҚР және Кеден одағының техникалық регламенттеріне және Ұйым стандарттарына сәйкес дайындалады. Өнімнің жоғары сапасын қамтамасыз ету үшін компанияда шикізат пен дайын өнімнің микробиологиялық, органолептикалық және физика-химиялық көрсеткіштерінің сапасын бақылайтын сертификатталған өндірістік зертханасы бар.

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Қауырсын

Әлімжан Әшімұлы 1542
Әліпби

Латын жайы

Бижомарт Қапалбек 1604