Жұма, 29 Наурыз 2024
Білгенге маржан 4209 3 пікір 9 Маусым, 2023 сағат 12:48

Қазақтың тұңғыш спорт комментаторы

Тұңғыш қазақ тіліндегі спорт комментаторы, Қазақстан спортының құрметті қайраткері, тележурналист, С. Бердіқұлов атындағы сыйлықтың иегері Сұлтанғали Қаратайұлы Қаратаевты көпшілік біле бермейді. Өмірінің біраз жылын қазақ тілін және де спорттың қазақ тілінде сөйлеуіне жанашырлық танытып, сол үшін қыруар жұмыс атқарған. Кеңестік кезеңде спортты қазақ тілінде сөйлету былай тұрсын, жалпы қазақ тіліне деген көзқарастың қиын кезеңіне қарамай алғаш қазақ тілінде алғаш репортаж жүргізген.

Сұлтанғали Қаратайұлы 1936 жылы 23 маусымда Ақтөбе облысының бұрынғы Қарабұтақ (қазіргі Әйтеке би)  ауданына қарасты Ақкөл ауылында дүниеге келген. Әкесі Қаратай «Ақкөл» ұжымшарын алғаш ұйымдастырып, көп жыл сол ұжымшарды басқарған. 1942 жылы Ақтөбе облысының Қарабұтақ аудандық әскери комиссариатынан майданға шақырылып, 1943 жылы Воронеж түбінде қаза тапқан. Анасы Айдана жан-жарының майданнан ормалмауынан құса болып, ауруға шалдыққан анасынан 5 сыныпта оқып жүрген кезінде айырылған. Тұл жетім қалған жеті баланың бірі -Сұлтанғали Қаратайұлы аға-жеңгесі Молдағали мен Алтынның қолында тәрбиеленеді. Мектепте оқып жүрген кезінде «Қарабұтақ» ауданының «Колхоз» жолы газетінде алғаш мақалалары жарық көрді. Кейін «Лениншіл жас», (қазіргі «Жас Алаш») пен «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінде жиі мақалалары шығып тұрған. Мектепте оқып жүрген кезінде бокс, шахмат, дойбы, жеңіл атлетика сияқты спорт түрлеріне қатысқан. Сегізінші сыныпты бітіргеннен кейін, лагерьге дене шынықтыру жетекшісі ретінде жіберіледі. Спортқа алғаш бауыр басу осылай басталған.

1956 жылы орта мектепті үздік бітіріп, 1957 жылы Қазақтың С.М. Киров атындағы мемлекеттік университетінің ( қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) филология факультетіне оқуға түсіп, 1962 жылы үздік дипломмен аяқтайды.

Өмірлік жары Мәрияш Рамазанқызын 1959 жылы студенттік сапармен Өзбекстанның Самарқанд қаласында өткен Орта Азия және Қазақстан университеттерінің студенттері арасындағы конференциясында жолықтырған екен. Ол конференцияда фразеологизм тақырыбында баяндама жасап, Өзбекстан мемлекеттік университет ректораты құрмет грамотасымен марапатталған3. Ана тілі газетіне берген сұхбатында «Бізді табыстырған Самарқанд қаласын ойласам, әлі күнге дейін жүрегімде жылылық пайда болады. Алғаш таныстығымыз үлкен махаббатқа ұласты» деп айтып кеткендей Мәрияш Рамазанқызымен отасып, үлгілі отбасын құрып, бала-шағасына да жақсы тәрбие беріп өсірген.

С. Қаратайұлының «Өткендерім мен өткелдерім» атты қысқаша өмірдерегінде «...Университетті бітірісімен жолдама алып, Жамбыл облысында орта мектепте мұғалім болдым. 1963 жылдан бастап бірыңғай журналистікке ден қойдым. Әуелі Қазақ радиосында, содан соң Қазақ теледидарында қызмет атқарып жүріп, хабар ұйымдастыру мақсатымен Қазақстанның барлық облысын араладым. 1964 жылы радиода тұңғыш рет ашылған штаттық орынға – қазақ тіліндегі спорт комментаторлығына тағайындалдым..» деп көрсеткен.

15 жылға жуық Қазақ телерадиосында қызмет атқарады. Алғаш журналистік қызметі радиодан басталып, теледидарға жалғасады.

1980 жылы КСРО журналистер Одағына мүшелікке қабылданады.

1993-1996 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитеттің жетекші маманы болып қызмет атқарған. Бұл жерде де бірталай жер сілкінісіне қатысты мақалалар жариялап отырған.

С. Қаратайұлы 2000 жылы 27 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Туризм және спорт жөніндегі агенттігі сарапшылар алқасының шешімі бойынша  «Сейдахмет Бердіқұл» атындағы сыйлықтың лауреаты атанады.

2003 жылы Қазақстанның құрметті спорт қайраткері атанады. 2004 жылы «Елдің құты-қария» деп аталатын кітабы шыққан. С. Қаратайұлы 60 жасында журналистер арасында әуесқой композитор атағына ие болған.

60-қа жуық әндері жинақталып, нотаға түсіп республикалық, облыстық газеттерде жарық көрген. 2006 жылы «Көңілімді ән тербеп» атты әндер жинақ кітабы жарыққа шықты. Онда «Президенттің олимпиадашыларға ақ батасы» атты маршы, «Тәуелсіздік туы» атты өлеңі, «Оқушылар Спартакиадасының Әнұраны», «Жеңімпаздар вальсі», «Құрдастар вальсі», «Сусын берші сұлу қыз», «Туған өлкеме», «Ақтөбем» т.б. өлеңдері сонымен қатар патриоттық рухта жазылған арнаулары жарыққа шыққан. Қазақстан спорт журналистикасының көшін бастаған, спорт жарыстарына барып, көргендерін қалың оқырманға ұсынып, шығармашылық еңбегінің нәтижесінде футбол, хоккей бағдарламаларын тұңғыш рет қазақ тілінде шығарды.

2006 жылдың 24 шілдесінде Ақтөбе облысы Әйтеке би аудандық мәслихатының хатшысы Қ. Ниязовтың №47 шешімімімен С. Қаратайұлына «Әйтеке би ауданының Құрметті азаматы атағы» туралы куәлігі берілді.

Зейнетке шыққан соң, отбасылық біраз қиындықтарға тап болады. Ет жақын туыстарының арасында бірнеше адам көз жұмып, оған кәрілік қосылып  С. Қаратайұлының денсаулығын едәуір күйзелтіп жіберді. Осындай жағдайлар С. Қаратайұлының денсаулығына әсер етіп, 2018 жылы 27 ақпанда 82 жасында қайтыс болды.

2013 жылғы 20-27 наурыз айының № 12 (1166) «Ана тілі» газетінде «Сағыныш хаттары» атты мақалада «... Айтпақшы, ағамыз өзінің бір тілегін жеткізді. Осы күнге дейін оның үйінде спортқа қатысты мыңнан аса кітаптар, шежіре материалдар жинақталып қалған екен. Сұлтанғали аға солардың барлығы ертеңгі күні қараусыз қала ма деп уайым қылады екен...» делінген.

Сол жылы  Сұлтанғали Қаратайұлының «Қараусыз қала ма деп уайым еткен» жеке қорының құжаттары Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивіне мемлекеттік сый ретінде өзінен қабылданды.

Тапсырған құжаттарына ғылыми-техникалық сараптау жасалып жеке қорына №2463 нөмірі берілумен қоса 1-тізімдеме жасалды. Тізімдемеге бөлімдерінде 1954-2015 жылдар аралығын қамтитын құжаттары енген. Ғылыми жүйеге келтірілген 1 ден 137-ге дейін сақтау бірлік (іс) орналасқан және оның ішінде қағаз түріндегі фотоқұжаттар бар. Қор иесінің жеке түскен фотоқұжаттары және қосымша өзін қызықтыратын тақырыпта жинаған жеке тұлғалардың фотоқұжаттарымен қоса тізімдемедегі істер құжаттардың мазмұн-мағынасына қарай  «С. Қаратайұлының өмірбаяндық құжаттары», «С. Қаратайұлының қызметіне қатысты құжаттар», «Хаттары», «С. Қаратайұлының шығармашылық құжаттары», «С. Қаратайұлы туралы әртүрлі құжаттар», «Фотоқұжаттары», «С. Қаратайұлының жинаған құжаттары» деп бөлімдерге топтастырылып мемлекеттік архивтің сақтау қорына қабылданды.

Ғ.А. Меңілбаева,

Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінің жеке тектік архивтермен және тарихи-құжаттық топтамалармен жұмыс жасау бөлімінің жоғары деңгейдегі білікті маман: архивисі

Abai.kz 

3 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1570
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3564