Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3933 0 пікір 27 Мамыр, 2013 сағат 12:59

Тұрсын Жұртбай. «Шәкәрім Құдайбердин деген ірі феодал» (жалғасы)

3.

Бірақ та Мұхтар үнемі жазықсыз жапа шекті, оған жасалмаған жауыздық, көрсетпеген қиянат қалмады, дос таба алмады, халық қолдамады және оны өзі сезінбеді, тұрмыста да жарым көңіл күй кешті, ылғи да от пен судың ортасында жүрді, жалғыз қалды десек – онда шындықтың бетін шымылдықпен бүркегеніміз және қиянат. Өкінішке орай бір кесе шайының өзін күдіктене ішетін секемшіл, жапа шеккен жасқаншақ жан етіп көрсеткісі келген дүниелердің пайда болғаны да рас. Мұхтарды қорлаудың ең оңай жолы бұл! Мұхтарды ешкімнің мүсіркеуге хақысы жоқ және ол өзін мүсіркетпеген де. Еркелесе – еркелеткен шығар. Бірақ басына шығарып, басындыртпаған. Өз есесін емін-еркін алып, емін-еркін төрде отырған. Қатты ренжітіп, өкпелесіп, ұзақ сілкілескен кездері бар. Ол – қатыгез дұшпандықтан, өмір сүруін көп көрген өшпенділіктен ада, таза пендешіліктен туған ұсақ реніштер. Мүмкін, кейбірінің тым ушығып барып басылуы да. Ал, Мұхтардың көзін жойып, атын өшіру үшін исі қауым бірігіп, қасақана қастандық әрекет жүргізді деу – оқиғаны өз ыңғайына қарай бұра, әдейі өршіте түсу үшін әрекеттенгендердің далбасасы.

3.

Бірақ та Мұхтар үнемі жазықсыз жапа шекті, оған жасалмаған жауыздық, көрсетпеген қиянат қалмады, дос таба алмады, халық қолдамады және оны өзі сезінбеді, тұрмыста да жарым көңіл күй кешті, ылғи да от пен судың ортасында жүрді, жалғыз қалды десек – онда шындықтың бетін шымылдықпен бүркегеніміз және қиянат. Өкінішке орай бір кесе шайының өзін күдіктене ішетін секемшіл, жапа шеккен жасқаншақ жан етіп көрсеткісі келген дүниелердің пайда болғаны да рас. Мұхтарды қорлаудың ең оңай жолы бұл! Мұхтарды ешкімнің мүсіркеуге хақысы жоқ және ол өзін мүсіркетпеген де. Еркелесе – еркелеткен шығар. Бірақ басына шығарып, басындыртпаған. Өз есесін емін-еркін алып, емін-еркін төрде отырған. Қатты ренжітіп, өкпелесіп, ұзақ сілкілескен кездері бар. Ол – қатыгез дұшпандықтан, өмір сүруін көп көрген өшпенділіктен ада, таза пендешіліктен туған ұсақ реніштер. Мүмкін, кейбірінің тым ушығып барып басылуы да. Ал, Мұхтардың көзін жойып, атын өшіру үшін исі қауым бірігіп, қасақана қастандық әрекет жүргізді деу – оқиғаны өз ыңғайына қарай бұра, әдейі өршіте түсу үшін әрекеттенгендердің далбасасы.

Оған 1939 жылы 3-наурыз күні өткен қазақ өнері мен драматургия туралы Жазушылар одағының пленумындағы М.Әуезовтің «көрсеткен қыры» дәлел. Бұл – одақтың төрағасы Ә.Тәжібаевтің – бұрынғы төраға С.Мұқановтың мысын басып, оны мінбеден ығыстырып, уақытша Семейге «ықтап кетуге» мәжбүр еткен тұсы. Сол жылы ақпанда М.Әуезовтің «Әбділда ақын» атты мақаласы жарияланып, «Мен қазақтың Гейнесімін» деген жолдарды ақындық өр рухқа бағалады. Міне, екеуінің арасына пенделік өкпе мен наразылық осы арадан туындаған сияқты.

Күні кеше түрмеден шыққан Мұхтарды бауырына тартып, жинағына алғысөз жазып, қатарға қосқан Сәбит қудалауға ұшырағанда «еруліге қарулы қайтарып», қол үшін берудің орынына, оны «мүйіздеп шығарған» Әбділданың сөзін сөйлеп, аспанға көтеруін, әрине, Мұқанов өзіне деген сатқындық ретінде бағалаған. «Өзінің тірі екенін» білдіру үшін пленумның қарсаңында С.Мұқанов «Айман-Шолпандағы» Көтібар бейнесі туралы «Көтібардың көтін ашпайық»– деген мағынадағы сыни мақаласын жариялады. Оған қарсы М.Әуезовтің «Жақсы сынға – жан пида» атты қарымта жауабы шықты. Алдын-ала баспасөз арқылы өзара «азу білескен» мұндай шарпысу мен көңіл-күй пленумның ширығып өтуіне де ықпал етті.

Пленумда бірінші болып С.Мұқанов сөз бастап, мақаладағы екпінмен «Айман-Шолпан» пьесасына елеулі сын айтты. Оған жауап ретінде Ә.Тәжібаев мінбеге көтеріліп, С.Мұқановқа «лайықты тойтарыс» берді. Екеуінің аражігіне сына боп М.Ақынжанов қағылды.

М.Ақынжанов: «... Ол (Мұқанов Т.Ж.) Әуезовті және оның «Айман – Шолпан» пьесасын дұрыс сынады. Біз бұл автордан толық сомдалған бейнелерді күтуге қақылымыз. Оның тарапынан жіберілген әдепсіздікті (нетактичность) Мұқанов өте дұрыс сынап отыр. Әуезовтің мақаласында өзіндік сын мүлдем жоқ, тек қана жеке бастың мүддесін күйттеген. Мұндай мақала, біз көріп отырған Әуезовтің мақаласы туралы Мұқановтың сөзі де ерегестен басқа ештеңе әкелмейді. Ештеңе бермейді, жас мамандарды өсіруге ықпал етпейді. Егерде өзара кикілжіңге құрылмаса бұл мақаланың пайдасы өте зор болған болар еді. Егерде Мұқанов жолдас ҚК(б)П-ның шешіміне сай айтса, онда жазушылар одағындағы көптеген кемшіліктерді ашып, құнды ұсыныстар жасап, не істеу керек, қалай істеу керек, өзге жолдастар не істеп жатыр, қандай тақырыпа жазу керек – деген мәселелер қозғалар еді. Біздің бүгінгі міндетіміз осы»,– деді.

Өз кезегінде М.Әуезов те мінбеге көтеріліп, бірден тақырып тізгінін қолға алып, Сәбитті түйреп өтті. Қыза-қыза келе пленумның күн тәртібіне өзгеріс енгізгісі де келіпті. Өзге-өзге, М.Әуезовтің кеңестік мәжілісті ықпалында ұстауға құзыры әлі жетпейтін әрі оған жол да бермейтін. Сондықтан да жарыссөзге шығушылар драматургті «өз орынына» қойып, екінші күні түсінік беруге мәжбүр еткен. Мұхтар Әуезовтің:

«Мен кеше бұл мәселені басқа күнге ауыстыру туралы ұсыныс жасағанда бұл жиналыстың бетін бұрып, бүйректен сирақ шығарайын деген жоқ едім және жалпы мәжілістің барысына тікелей қатысы жоқ еді. Тек «Айман-Шолпан» жөнінде, яғни, бір туындының негізінде жазылған тегі бір либретто мен сахналық шығармалар, ондағы фольклорлық сарындардың пайдаланылуы мәселелері жеке талқыланса, әйтпесе, жұрттың назары осыған ауып кетіп, негізгі жайлар ықтасында қалып қоя ма – деген ниеттен туған еді. Ал мен өзімнің мақаламда: композитор, сыншы, жазушы үшеуміз оңаша отырып өзара талқыға салайық, содан кейін барып мен тиісті өзгерістер енгізейін деген пікір айтқанмын. Ақынжановқа да осыны айтқанмын. Мақаланың бірінші жартысында мен шығарманың сахнаға лайықталуына байланысты тосын ұсыныстар жасағанмын. Онда режиссерға да, жазушыға да қатысты пікірлер бар. Менің айтпағым осы жайлар еді. Ал кейіпкерлерге, оның ішінде Көтібарға берілген Сәбиттің бағасымен мен келіспеймін. Көтібар – дастанның желісі бойынша фольклорлық тұлға, оған ешқандай қорғаушының қажеті жоқ, тек сезім түйсігімен ғана сынай қабылдау қажет. Бір шығарманың бойында әрі жылатып, әрі күлдіріп отыратын кейіпкерді көрермендер бір қалыпта қабылдай ала ма. Сәбиттің Ботагөз деген әдемі кейіпкері бар. Оны болыс зорлап атастырады, сонда мұны: қыз да ықтиярлы болды, болыс та оған ынтызар еді – деп түсіндіруге бола ма?

Мен көпшілікке: Көтібар батыр адам, сондықтан да оны арашалу керек – деген сықылды үстірт мәселені көтергендей көрінуім мүмкін. Бұл арада маңызды бір мәселе бар. Мен өзімнің мақаламдағы ширыға, кейбір тұстарда шектен тыс көтеріңкі леппен жазылғандығын мойындаймын, бірақ та Сәбит айтандай, Көтібардың көтін ашпайық деген мағына білдіретін емеуірін танытқамын жоқ... Шапшымай байыппен пікір алысайық. Енді мен неге бұлай шамырқана жаздым, соған келейік. Сәбит өзінің сөзінде: Әуезов сауатты драматург, сондықтан да пьесаны жазған кезде батырлар туралы зиянды, саяси тұрғыдан қате тұжырымды саналы түрде қайталаған – деп даурықты. Міне, осы даурығу менің есіме 30-31 жылдардағы топшыл сыншыларды есіме түсірді, сондықтан да менің де Сәбитті шаншып өткім келгені рас, алайда ондай пиғылдан бәріміздің де бас тартқанымыз жөн.

Өзінің сөзінде Ақынжанов маған: өзіне өзі сын көзбен қарамайды – деген мін тақты. Ол екеуміздің қателерімізді қалай түзетуіміз керектігіне ақыл қоспайды, сөйте тұра біреуміздің сөзімізді сипақтап, екіншіміздің сөзін сызып тастағысы келеді. Бұл екеумізді де тезге салатын тура бидің қылығы емес. Ал Исмайловтың пікірін қабылдаймын. Алайда Сәбиттің де қателіктері бар екендігін ашық айтамын. Неге екенін білмеймін, бізде осы уақытқа дейін сыни талдаудың орынына тас-талқанын шығаруға әуестік орын алып келеді. Тоғжановтан бастап Қаратаевқа дейінгілерде осындай зиянды сұғанақтық болды. Олар шығарманы талдаудан бастап авторына ауыз салатын және міндетті түрде оның авторын қылмыстық жазаға тарту туралы айып тағумен аяқталатын. Егерде әдеби олқылықтар жіберілсе, оның әдеби кемшілік екенін түсінбей, автор мұны қасақана солай істеп отыр деп мәлімдейтін. Сәбит те сондай дертке шалдыққан еді. Біздің жазушыларға әдебиет пен сынға мүлдем жат, оған үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жалған жала жапқанын мен жақсы білемін. Ал қазақ әдебиетінің кәнігі өкілі нақты мысалға жүгінбей, автор саналы түрде зиянкестік әрекетті қайталады деп айып таққанда, менің ойыма: «Еруліге қарулы» (как аукнется, так и откликнется) деген мәтел оралды, ол маған саяси қателіктер жіберді деп айып тақты, ал мен оған жауап бердім. Бұл туралы әлі асықпай пікір алысатын боламыз. Ал Ақынжановтың пікірімен мүлде келіспеймін...»,– деген сөзінен көп жайдың аңысы аңғарылады.

Өкінішке орай бұл «майданға» орта буындағы зиялылар да еріксіз тартылды. Бұл оқымыстылардың арасында орынсыз ырғасулар мен ешкікөзденген мінездерді, тіксінулерді туғызды, оның ақыры асқынып барып, ашық дұшпандыққа ұласты. Оны енді жасырудың реті келмес. 1940 жылдан бастап 1953 жылға дейін Мұхтар Әуезовтің шығармалары мен ғылыми еңбектерінің ресми құпия рецензенті Қажым Жұмалиев болды. Оның 25 беттік алғашқы «жабық пікірі» 1940 жылы мамыр айында Қазақстан Орталық Комитетінің бақылау және саяси-ағарту бөлімдерінің тартпасына түсті. Бұрын мұндай іске тартылмаған әрі өзінің тұлғалы, тік мінезін сақтағысы келген Қ.Жұмалиев «Шатқалаң» пьесасында Мирзоянның есімін атайтынын саяси қателікке жатқыза келіп:

«Жалпы алғанда ол 1932 жылы берген уәдесін орындай алды деп айта аламыз»,–деп қорытты.

Бұған көңілі толмаған сектор меңгерушісі Я.Пильчук:

«Жұмалиев өзінің нақты көзқарасын жасырып қалған»,–деп бұрыштама қойыпты.

Бұдан кейінгі тапсырмалардың саяси және идеологиялық бағыт-бағдары анықталып берілгендіктен де, «жабық пікірлер» бұдан көрі нақты дәйектерге негізделіп жазылған сияқты. Алғашқы жылдары өзінің «меншікті қара сыншысын» білмегенімен де барған сайын оның «сұлбасы» анықтала түсіп, ақыры ашық жеккөрінішке ұласты. Бұл «ырғасу» екеуі үшін де өкінішпен аяқталды.

Жоғарыдағы Қажым Жұмалиевтің «жасырып қалған көзқарасын» Әдеби құпияларды сақтау жөніндегі Бас басқарманың өкілі Баймұрзин 1940 жылы қаңтар айында тиісті орындарға:

«1940 жылдың аяғында Мәскеуде орыс тілінде жарық көрген Абайдың «Лирикалар мен дастандар» атты жинағына М.Әуезов жазған алғысөзде Шәкәрім Құдайбердин деген ірі феодал, «Алашорданың» көрнекті өкілі, 1917-1918 ж. Семей қаласындағы «Алашорда» сотының төрағасы, төңкерістен кейін мал-мүлкі тәркіленген бай, 1931 ж. Шыңғыстау ауданында кеңеске қарсы көтеріліс ұйымдастырып, осы көтерілісті басу кезінде оққа ұшқан адамды автор Абайдың шәкірттері қатарында оң пікір білдірген... Біз: Мұхтар Әуезов кітаптың алғысөзінде Абайдың ең таңдаулы шәкірті ретінде Шәкәрімді көрсетіп, өрескел саяси қате жіберді деп санаймыз... Шәкәрім Құдайбердин кеңес өкіметінің жауы болғандықтан, мақтауға тұрмайтындығын былай қойғанда, оның есімінің өзі баспа бетінде аталмауға тиіс деп есептейміз. Қазақ ССР-нің Главлиті сіздерден тиісті шара қабылдауды өтінеді»,– деп «астыртын» мәлімдеді.

Орталық Комитет бұл мәселені Жазушылар одағына жолдап, «Жеке жазушылардың әдеби туындыларын тексеру» тапсырылды. Әуезовтің шығармаларын «құпия бақылау» алғашында Балқашевқа, кейіннен «М.Әуезов жөніндегі маман» Қажым Жұмалиевке жасырын жүктелді. Әрине, Ә.Тәжібаев төрағаның орынбасары болып тұрғанда «құпия пікір» иесін М.Әуезовтің білгені күмән тудырмайды. Қаншама діні берік болса да, мұндай тапсырманы орындаудан ешкім де бас тарта алмайтын әрі «сексот» деген ат ол тұста кімнің де болса денесін түршіктіретін еді.

Міне, келер күндерге кесірін тигізген кесірлі ырғасудың ашық түрі, яғни, осы бір ілік-шатыстан басталды.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір