Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Не дейді?! 1228 15 пікір 6 Маусым, 2023 сағат 16:25

Сатыбалды түрмеде отырып 6 миллиард теңгенің мүлігін сатып алған

Сурет: Болат Шайхинов

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің отырысында сотталған кәсіпкер Қайрат Сатыбалдының қамауда отырған кезінде 6 миллиард теңгеге сатып алу-сату мәмілесін жасағанын айтты.

Депутаттың айтуы бойынша, ол Алматыдағы Hilton қонақүйінің 160 қызметкерінің арыз-шағымын тыңдап қайтқан екен. Қонақ қызметкерлері қонақүйді Қайрат Сатыбалдының өз күшімен 10 жылға жуық уақыт салған заңды иесі Шолпан Каранеевадан рейдерлік жолмен тартып алғанын айтыпты. Мұны 2020 жылдан бастап Шолпан Каранееваның өзі ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында ашық жеткізіпті.

Депутат жазбасында: «АБЛИ Құрылыс» компаниясының құрылтайшысы Шолпан Каранеева былай дейді: Осыдан төрт жыл бұрын (2019 ж) франчайзинг келісімімен Hilton қонақүйін салған. Құрылысты аяқтау үшін «Capital Bank Kazakhstan» АҚ-на қонақүйді кепілге қойып 4 миллиард 200 миллион теңге сомасында қарыз алған. Короновирус пандемиясы басталған 2020 жылы Hilton қонақүйі қызметін уақытша тоқтатқан.

Сол кезде президент кәсіпкерлерді тұралап қалмау үшін банктерге төлемдерді уақытша тоқтатуға бұйрық берген. Ал «Capital Bank Kazakhstan» АҚ президент бұйрығын пысқырмаған. Банк тарапы өтінішке жауап бермей, қонақүйді «Заңгер» коллекторлық агенттігіне береді. Ал «Заңгер» қонақүйдің нарықтағы құны 9,5 миллиард теңгеден асса да, оны бар болғаны 5,1 млрд теңгеге бағалап, «Байдала» ЖШС-не сатып жіберген», – деді.

Ал Шолпан Каранеева «Байдала» компаниясының артында Қайрат Сатыбалды тұрғанын айтып, «Рейдерлік басып алу әрекеті» деп аппеляциялық сотқа шағымданғанымен, оң нәтижеге қол жеткізбеген.

Мақсат Толықбай сондай-ақ: «Қайрат Сатыбалды ұсталып, дүние-мүлкі тәркіленген кезде біздің құзырлы органдар DoubleTree by Hilton қонақүйін де Қайраттың тәркіленген мүліктерінің қатарына қосып қойған. «АБЛИ Құрылыс» компаниясы «Біз «Байдала» ЖШС-мен соттасып жатырмыз, бұл қалай Қайрат Сатыбалдыға өтіп кетеді, іс әлі қаралып жатыр ғой?!» деп арыз түсіргеннен кейін Қайрат пен «Байдала» арасында ылдым-жылдым келісімшарт (договор купли-продажи) жасалады. Түрмеде! Ол жерге нотариусты қалай кіргізіп жүр, түрмеде отырған Қайраттың қалтасында 6 млрд теңге қайдан жүр?! Бұл жерде де заңсыздық көп.

Ендігі схема былай: қонақүйді Қайрат Сатыбалдының атынан мемлекеттік активке өткізіп жіберіп, арзан бағада аукцион арқылы өз атына аударып алғысы келетін басқа мүдделі топтар қатты жұмыс істеп жатыр. Қайрат Сатыбалды ұсталса да, рейдерлік әрекет жалғасып жатыр» дейді шағымданушы», деп жазды.

 

Ақпарат көзі: Massaget.kz

Abai.kz

15 пікір