Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Әдебиет 2204 0 пікір 27 Мамыр, 2023 сағат 21:08

Зауре Төрехан: Қазақ балалар әдебиеті қай деңгейде?

Орыс және қазақ тілдерінде іркілмей жазатын азын-аулақ қаламгерлердің бірі – балалар жазушысы Зауре Төрехан кезінде Таупық Рымжанов негізін салған фэнтези жанрында өзін таныта білген тәуелсіздік түлеткен төл әдебиетіміздегі саусақпен санарлық үкілеген үмітті шығармашылық тұлғалардың бірі. Автор қаламынан қазіргі кезде «Біздің сүйікті қаламыз Алматы» және «Ел жүрегі – ажарлы қала Астана»,  Айша и Невидимые соседи», «Амина Туран в стране номадов» атты кітаптар өмірге келіп, жас оқырмандар тарапынан ыстық ықыласқа ие болды. «Алтын Қалам»,  Алтын Тобылғы» ұлттық әдеби алмандарында топ жарған балалар жазушысымен болған сұхбатты әдебиетсүйер қауымының назарына ұсынып отырмыз.


- Балалар кітабының еліміздегі нарыққа шықпай жатқанына не кедергі?

- Соңғы жылдары балалар кітабы нарығы айтарлықтай жанданып келеді, оған себеп жаңадан ашылып жатқан кітап баспалары. Кәсіпкерлер де, қаламгерлер де кітап шығаруды қолға алып, осы салада бетбұрысты өзгерістерді жасап жүргеніне бәріміз куәміз. Отанымыздың ең ірі, беделді баспаларын айтпағанда, менің көзіме ерекше түскендері: Steppe&World, Мазмұндама, Qasym баспа үйі, Amal books, Tentek, Zerde және тағы басқалары. Ол баспалардың барлығы өз авторын іздейді, кітаптарын басып шығаруға әзір.

Алайда, бәрі ойдағыдай, мәселе шешілді, ақын-жазушылар өздерінің кітабын еркін шығара алады деп айта алмаймыз. Оның себептері көп, бірақ ең егізгі екі себебін айтайын. Алдымен, қаламақының мардымсыздығы немесе мүлдем төленбеуі. Авторға қаламақы тиісті деңгейде төленбесе, ол адам қалай өмір сүреді, өзінің қажеттіліктерін қалай өтейді? Әркімнің отбасы, бала-шағасы, зейнеткер әке-шешесі бар емес пе, сол себепті көптеген талантты, ойлы, айтары бар авторлар жан бағумен айналысуға мәжбүр. «Сағат – ұры шықырлаған», уақыт су сияқты көзді ашып жұмғанша өтеді де кетеді, жазылмай қалған кітаптар, кітап оқымаған ұрпақ өсіп-өнеді.

Меніңше, бұл мәселенің шешілуі үшін, екі жол бар. Бірінші, кітаптардың саудасын қыздыру керек, Олимпбеттің орнына кітаптың жарнамасы әрбір жерден лап етіп, халықтың көзге көріну керек. Екіншіден, теледидарда, БАҚ әнші-спортшыларға ден қоя бермей, ақын-жазушылардың шығармашылығы туралы көбірек айтылу керек. Сонда, қаламгердің аты да шығады, беделі де өседі, жеке өмір туралы емес, адамзаттың, қазақтың мызғымас құндылықтары да насихатталады.

Екіншіден, қаламгер мен баспаның арасын дәнекерлейтін әдеби агент институтының жоқтығы. Әдеби агент белгілі бір жанр, бағытты таңдап, сол сегментте шығармаларымен көзге түскен қаламгерлердің шығармаларын оқып, өзіне авторлар пулын жинау керек. Осылайша сол авторлардың шығармаларын еліміздегі баспаларға, шетелге ұсынып, авторға қызмет етеді, ал автор өзінің гонорардан, роялтиден агентке 20% төлеп отырады. Бұл екі жаққа да пайдалы, әдеби агент менеджер ретінде өзінің нанын тауып отырады, ал қаламгер таза шығармашылықпен айналысады.

- Ең алғашқы балаларға арнап жазған туындыңыз туралы айта кетсеңіз?

- Менің ең тұңғыш кітабым «Әмина Тұранның көшпенділер еліне саяхаты» атты роман-фэнтезиім. Оны 2014 жылы жазып, Алтын Қалам бәйгесінің бас жүлдесін алдым. Осылайша Алматыкітап баспасының көзіне түстім. Олар мені танысуға шықырып, нәтижесінде баспаның тапсырысымен балаларға арналған екі деректі повесть жазып шығардым. Олардың бірі 2016 жылы шыққан «Біздің сүйікті қаламыз Алматы», екіншісі 2017 жылы шыққан «Ел жүрегі – ажарлы қала Астана». Екі кітап та үлкен таралыммен жарық көріп, халықтың көңілінен шығып, тез арада сатылып кетті. Содан соң 2018 жылы «Амина Туран в стране номадов» орыс тілінде, ал 2022 жылы Steppe&World баспасынан қазақ тілінде жарық көрді. Урбан фэнтези жанрында жазылған «Айша және Үй пірлері» атты кітабым 2017 жылы жазылған, бірақ ол кітап, бұйырса, биыл ғана басылып шығады. «Күйекөбелектер шаһары» ертегілер топтамасы өткен жылы наурызда, ал түрік тілінде Ыстамбұл қаласында қараша айында жарық көрді. Биыл Мазмұндама баспасының тапсырысымен американың атақты Who Q («Кім? Не? Қайда?» сериясы) аясында «Санжар Асфендиаров кім?» деген кітап жарық көретін болады. Ол кітаптың шығуына көмек берген, әрі менің ғылыми кеңесшім болған белгілі тарихшы, Санжартанушы Алмас Жүнісбай мырза.

- Қазақ балалар әдебиеті дамымай қалды деген пікірге қалай қарайсыз?

- «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» деп естіп өстік қой, сол рас екен. Осы дүниеде өзгермейтін, қатып қалған ештеңе жоқ. Отыз жылда туралап қалған балалар әдебиетінде енді-енді ғана оң өзгерістер байқалып келе жатыр, одан да жақсы болады деп сенеміз, ол үшін күшімізді де, уақытымызды да аямауымыз керек. Сең жүрді, енді мұз құрсауын жарып, кәдімгідей жүргізіп әкету керек. Оған қаламгерлер де, баспалар да дайын, тек белсенді іс-әрекет керек. Әліптің артын бағайық!

Abai.kz

0 пікір