Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Билік 2844 17 пікір 30 Мамыр, 2023 сағат 13:17

Тоқаев пен Лукашенконың айтысы: Кремльдің түпкі мақсаты не?

Мәскеуде өткен ЕАЭО-ның кезекті отырысында Қазақстан президенті Тоқаев одақ ішінен одақ құрып, «бір мемлекетке» айналған Ресей-Беларусьтің идеясын қолдамайтынын өз сөзінде атап көрсетті.

«Біздің ойымыз «бір Ресейдің төңірегіне жиналу емес, тек экономикалық мақсатта тең құқылы одақтас болу», - деді мемлекет басшысы.

«Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде Беларусь пен Ресейдің одақтастасуы – мән беріп, ескеруіміз қажет дүние.

Одақтың тұжырымдамалық және идеологиялық негізі өте маңызды. Беларусь пен орыс халқының тарихи қалыптасуы, мәдени, тілдік, діні ортақ. Әлемдік саяси тарихта бірегей прецедент немесе феномен аталады. Ол ортақ саяси, заңдық, әскери, экономикалық, валюталық, мәдени, гуманитарлық кеңістігі бар, одақтас үкіметі бар, одақтас парламенті бар «екі ел – бір мемлекет» формуласы бойынша мемлекеттер. Кешіріңіз, тіпті ядролық қарудың өзі екі елге ортақ. 

Бірақ ЕАЭО-дағы басқа одақтас мемлекеттер Қазақстан, Қырғызстан және Армения ұсынған интеграцияның жөні бөлек», - деген болатын Тоқаев.

Осыдан кейін Ресейлік БАҚ-қа, «Москва. Кремль. Путин» бағдарламасына пікір айтқан Беларусь басшысы Александр Лукашенко ашықтан-ашық, «одақтас мемлекетке» қосылуға шақырды. «Бізге қосылсаңдар, ядролық қаруларың болады», - дейді ол.

«Мен Қасым-Жомарт Тоқаев дәл осы мәселеге қатысты (Ресей мен Беларусьтің «одақтас республикасына» - ред.) алаңдап отыр деп ойламаймын. Өздері білсін. Қазақстанның өзге мемлекеттермен дәл біздікіндей, Ресей мен Беларусьтікіндей тығыз қарым-қатынасы болуыне ешкім қарсы емес. Ол деген оп-оңай. Ресей мен Беларусьтің «одағына» қосылу керек. Сонда барлығымызда да ядролық қару болады. Бұл менің жеке пікірім. Бұл жалпы мүмкін дүние деп есептеймін. Стратегиялық жағынан біздің бірігуіміздің таптырмас мүмкіндігі туғанын түсінуіміз керек», - депті.

Мәскеу сапарынан соң Ақорданың баспасөз қызметі «Қазақстанның ешқандай саяси одаққа мүшелікке өтуге ниетті емес» екенін ресми мәлімдеді.

Ал президент Тоқаев Беларусь президенті Лукашенконың бұл сөзін «әзіл» деп бағалады.

«Жақында Беларусь Республикасының Президенті Александр Григорьевич Лукашенко Қазақстанға одақтас мемлекетке кіруді ұсынды. Мен оның әзіліне лайықты баға бердім. Бұған ешбір қажеттілік жоқ.

Ядролық қаруға келетін болсақ, бізге бұл қару қажет емес. Себебі біз Ядролық қаруды таратпау туралы шарт пен Ядролық қаруды сынауға тыйым салу туралы шартқа қосылдық. Біз осы халықаралық құжаттар аясындағы міндеттемелерге адал болып қала береміз», - деді мемлекет басшысы.

Қазақстанды «Ресей-Белорусь одағына» тартып жүрген Лукошенконың идеясын қолдау тұрмақ, Қазақстанға ендігі ЕАЭО одағынан шығуды қарастырған дұрысырақ.

Abai.kz

17 пікір