Жұма, 19 Сәуір 2024
Билік 2487 3 пікір 29 Мамыр, 2023 сағат 11:55

Батыл қадам бақ әкелгей...

Мемелекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мырза жуырда ғана ҚХР-ның Шиан (Чаң- ан) қаласына барып, ҚХР-ның мемелекет төрағасы Ши Жинпиң мырза шақырған Орта Азия мемелекет басшылары бас қосқан саммитке қатысып қайтты.

Саммит жәй мәжіліс емес, халықаралық келелі істерді кеңеспен шешіп, келісім жасалатын үлкен іс-шара. Әрине, қай елдің қай қаласында ашылсын, қатысушы елдер басшылары әуелі, өз ел халқының мүддесін ойлайтыны да, мемелекетінің мүддесін қорғайтыны да белгілі. Ендеше Қазақстанның мемелекет басшысы Тоқаев мырза да біріншіден – өз елінің қауіпсіздігіне кепілдік ету, екіншіден – шетел қаржысын тарту арқылы қажетті зауат ашу, жол салу, кен ашу мүмкіндіктерімен ел экономикасын дамыту, үшіншіден – еліміздің ішкі жағдайындағы ең өзекті мәселелерінің бірі болған қымбатшылық пен жұмыссыздықты технологиясы дамыған, қаржы салу мүмкіндігі бар елдермен болған халықаралық шартты ұйымдар аясындағы өзара мүдделестік  қарым-қатынастарды күшейту жолымен шешуге кіріскен елінің болашағы, халқының әл- ауқаттануы жолында жасалған батыл қадам деп есептеймін.

Олай болса атап өткен осы үш қадамның дұрыстығына да дәлелдер іздеп көрейік:

  1. «Өз елі қауіпсіздігіне кепіл боларлық достық қарым-қатынасы бар мүдделес ел байланысын нығайту» қандай қажеттіліктен туындап отыр?

Қазақстан  ұзақ жылдар бойы осы мазмұн-формадағы қарым-қатынас салмағын Ресейге салып та, сүйеніп те келген. Ресейдің Украина еліне «арнайы операция» желеуімен ашқан  шапқыншылық, ірге кеңейту соғысы бастағалы бұл мазмұнды байланыс әлсіреді. Әлсіреп қана қоймай «Украинадан кейінгі ірге кеңейтудің  қауіп-қатері бізде болама?» дейтін халықтың жүрегіне күдік ұялады. Оның үстіне Ресейдегі ішінара журналистер мен билік саласындағы кейбір пысықайлар да Қазақстанның шекарасы, мемелекеттілігі туралы көптеген арандату сипатындағы улы өсектерін таратты. Оған еліге қалған кейбір орысқұл ішкі күштерден болған мемелекет қауіпсіздігіне қатер төндіретін теріс пиғылдар да ол жер, бұл жерлерден белең бере бастады. Осындай жағдайда әскери қуаты да, экономикалық қуаты да шекті, халық саны аз жас мемелекет үшін мемелекет басшысының бірінші қадамда әскери күш-қуаты мықты, экономикасы дамыған, Ресейден кейінгі екінші орында тұратын ұзақ лениялы шекара байланысы бар мүдделес ел – ҚХР-мен байланыс жасап, өзара селбестік орнату қадамы өте дер кезінде болған дұрыс қадам деп қараймын.

  1. «Ел жағдайы ішкі мүмкіндіктері арқылы шет ел қаржысын тартып, қажетті зауат, жол салу, кен аштыру арқылы табыс көзін молайтып, жалпы халық игілігіне жарату».

Қазақстан сынды құлашты кең сермеу мүмкіндігі әлі де шамалы ел үшін бұл таптырмас орай. ҚХР-ның экономикалық дамуына негіз болған соңғы жарты ғасыры да осындай негіздермен мәйектенген. Әлемнің көптеген елдері зауат ашты, жол салды, кен барлады. Есесіне халыққа көп салалы жұмыс көздері ашылып, халықтың әл-ауқаты жақсарды. Мемелекет өте көп салалы салық кірісімен әлуеттенді. Шетелден барған кәсіпкерлер инжинерлер, жұмысшылар,  ҚХР еш жерін басып алған жоқ, тартып алған жоқ, азаматтық алып қалып та қалған жоқ. Мемелекеттік заңды келісімшарт негізінде әр тарап өз ісіне өзі жауапты болды. Уақыт-мерзімі толғанда шығып кетті, салған зауат, жол, кен, бәрі де сол өз елінде қалып, күні бүгін ел игілігіне жарап жатыр. Бұдан Қытай халқы еш жамандық көрген жоқ, озық ел инжинер-мамандарымен селбесе жұмыс жасай жүріп, жергілікті жәй жұмысшылар да  маманданды, өнер игерді. Заңы күшті, жемқорлыққа қатаң тиым салынған, халқының ұлттық рухы үстем, мемелекетшілдік санасы ашық елді ешкім де басып ала алмайды. Оның үстіне Ши төрағаның  жемқорлыққа, қиянатқа, парақорлыққа, ұрлыққа, төрешілдікке, бөлшектенушілдікке, заңсыз діни теріс пиғылды қимылдарға қарсы ауқымды саясаты Қытай елінде аса қомақты табыстарға жетті.

Осының бәрі де біздің ел басшыларына да, жәй халқына да үлгі, өнеге болуға тиісті маңызды қадамдар.

  1. «Ел іші жағдайында өзектілігі әлі де басым болып тұрған қымбатшылық пен жұмыссыздықты тежеу» мәселесі де халықаралық және елішілік заңды келісімшарттармен, шет ел қаржы көздерін тартып, көптеген қажетті жұмыс орындарын ашу арқылы халыққа қажетті тұтыну бұйымдарын молықтыру, жалпы халықты жұмыстандыру жолдарымен ғана шешілетін маңызды түйін. Бұл да мемелекет басшымыз Қамым-Жомарт мырзадағы үлкен көрегендік. «Жаңа Қазақстан» идеясының маңызды бір қадамы деп қараймын.

Мемелекеттің дамуына, халықтың жалпы бетті жұмыстанып әл-ауқатын көтеруіне пайдалы мұндай батыл қадамды жалпы ел болып қолдау керек.

«Анадан да, мынадан да қауіп бар» деп күдікпен өмір сүргеннен гөрі, көз алда еңсемізді көтертпей басып тұрған жемқорлық, парақорлық, даңғаза мақтан-бәсекелі шашқыштықпен күресуіміз, дамыған елдердегі (әсіресе қытай жұртындағы) еңбекқорлық, қажырлы-қарапайымдылық, ұқыптылықтан үйренуіміз керек.

Ал, әр дәрежелі басшыларымызға ҚХР-ның төрағасы Ши Жинпиң мырзаның жемқорлыққа, парақорлыққа, төрешілдікке қарсы батыл қадамдары ту болу керек деп қараймын.

Осындай болғанда ғана мемелекеттің орнықты дамуына, халықтың алаңсыз баяшат өмір сүруіне өзіміздің «қожайындық рух» салауатымызбен көп болып  кепілдік ете аламыз.

Жұмашәріп  Шәһадатұлы,

педагог, жазушы

Abai.kz

3 пікір