Сенбі, 20 Сәуір 2024
Дін мен тін 2104 7 пікір 25 Мамыр, 2023 сағат 11:11

Дін мен тін: Хиджаб жарнама ма?

Осы кейінгі кездері елімізге кеңінен танымал, әсіресе, жастардың жүрегін жаулап алған әнші-әртістеріміздің жаппай жамылғы жауып, тұрмысымызға мүлдем жат киім - хиджабқа оранып алып жүргендігі көңілге әртүрлі ой оралтады.

Осылар шынымен қасиетті дініміздің хақ жолына түсті ме, әлде өздерін елден ерекше көрсетуге тырысып, сәнге айналдырды ма? Болмаса, мұның астарында біз білмейтін құпия сыр бар ма? Мүмкін, ол өзге біреулердің еліміздің талай ғасыр қалыптасқан қасиетті әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін аса бір жымысқы тәсілмен біржолата жойып жіберуге бағытталған, қулығына құрық бойламайтын қауіпті әрекет пе? Мұны қазіргі өте бір қуатты қару - қаржы көзімен істемесіне кім кепіл?

Менің бұлай ойлауыма жақында ғана әлемжеліде белгілі тележүргізуші Динара Сәтжанның бір пікірі түрткі болды. Танымал журналистің пайымдауынша, хиджаб кию де орасан табыс көзі, оны киюге келісім бергендерге жарнама есебінде мол қаржы ұсынатын көрінеді. Мұны ол өзіне өте таныс әйгілі блогерлердің өз аузынан естіген екен.

Әрине, мен мұны дәп осылай деп кесіп-пішіп айта алмаймын. Алайда, жазылатындары мыңдап емес, миллиондап саналатын блогерлердің негізгі табыс көзі жарнамадан түсетін мол қаржы екендігі, олар соның арқасында шалқып өмір сүріп отырғандығы ешкімнен де құпия емес. Ал енді осындайларға Саудия секілді шалқыған бай мемлекеттің бірі әлгіндей ұсыныс жасаса, тегін дүниеге қызыққан бір пенденің көне кетуі әбден мүмкін ғой. Ал саудиттерге ондаған емес, жүздеген миллион теңге де көп дүние емес қой. Ал бұл түптеп келгенде қаржының күшімен өздерінің салт-дәстүрлерін өзгелерге таңу секілді үлкен бір терең саясат болып табылары сөзсіз. Бұған біз бей-жай қарасақ, күні ертең сан соғып қаларымыз сөзсіз. Бұл алдын ала байбалам емес, тек құлаққағыс қана. «Сақтансаң, сақтармын» деген мақал бекер атылмаса керек.

Айтпақшы, блогер демекші, біз де, құдайға шүкір, әлемжеліде миллиондаған жызылымдары бар блогерлерден кенде емеспіз. Олар қазір жастардың жаппай еліктейтін, өздеріне үлгі тұтатын танымал жандарға айналды. Мәселен, Кәмшат Жолдыбаева мен Мөллір Әуелбекованың жазылымдары 3 миллионннан асып жығылады. Олардан Рамина Тайыпова да кем түспейді. Мұныкі 1 милллионға жетеді. Оның ізін Бота Болабекова басып келеді. Оныкі әзірше 500 мың ғана.

Ал енді бір сұрақ. Осыларға ортақ нәрсе не? Жауабын айтпаймын. Өздерің табыңдар. Бала емессіңдер ғой. Егер жауабын таба алмасаңдар, кейін айтамын.

Жайберген Болатов

Abai.kz

7 пікір