Жұма, 19 Сәуір 2024
Билік 1803 7 пікір 24 Мамыр, 2023 сағат 13:12

Ұлттық қор халық мүддесі үшін жұмыс істей бастайды...

Ұлттық қордың қаржысы халық мүддесі үшін жұмыс істей бастайды. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Мәжіліс қарауына түскен «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына қатысты осылай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін Мәжіліс депутаттары Ұлттық қордан балаларға бөлінетін жәрдемақы мәселесі жөніндегі заң жобасын қарауға кірісті.

Аталған заң жобасы келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асатын Мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға» атты бағдарламасы бойынша әзірленіп жатыр.

Бұл – Президент жүзеге асырып жатқан ауқымды реформалар бағдарламасының негізгі бастамаларының бірі.

Аталған бастама туралы Президент былтырғы жылдың 1 қыркүйек күні жариялаған Жолдауында айтқан болатын.

Мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға» жобасы жас қазақстандықтардың кәмелет жасына толған кезінде өзінің баспана жағдайын жақсартуына немесе білім алуына мүмкіндік береді.

Осылайша, Президенттің әлеуметтік маңызды бастамасы заң тұрғысынан рәсімделіп, Ұлттық қордың қаржысы халықтың мүддесі үшін жұмыс істей бастайды», - деп жазды Е.Қарин.

Еске салайық, бүгін Мәжіліс «Ұлттық қор – балаларға» құжатын қарауға алды.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ҚР Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға» жобасын 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосу мақсатында әзірленді. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнаулы жинақтаушы шоттарында жинақталатын болады.

Abai.kz

7 пікір