Жұма, 29 Наурыз 2024
Үшбу хат 3073 20 пікір 22 Мамыр, 2023 сағат 18:01

Жанпидалық жасаған Азамат еді!

                                          Қазақстан Республикасының
                                                     Президенті Қ.К.ТОҚАЕВ мырзаға!

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Қазақстанға 40 жыл бойы тажал болып, Ертіс бойы тұрғындарының жүздеген кәрі-жасын ажалға жем етіп, мыңдағанын мүгедектікке ұшыратқан Семей атом-ядролық полигонын жаптыруға алғаш ресми қарсылық жасаған, 1989-жылы ақпан айының 20-күні СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы М.Горбачевқа полигондағы сынауды шектеп, басқа жаққа көшіруді талап етіп жеделхат жазған Азаматымыз Кешірім Бозтаевтың туғанына алдымыздағы шілде айында 90 жыл толады.

Кешірімнің хаты Кремльді, әрине, дүрліктірді. Горбачев құрған Мемлекеттік комиссия ақпанның 28-күні Курчатов қаласына, одан соң  Семейге келіп, жұртшылықпен бірнеше кездесу өткізді. Содан кейін облыс партия комитетінің 1-хатшысы Кешірім Бозтаевтың кабинетінде полигон мәселесін талқылау жөнінде бірлескен мәжіліс өткізіледі. Өзінің аузын жабуға келгенін білген К.Бозтаев комиссиямен қатты айтысып, ақырында жеңген. Ол мәжілістің стенографиялық есебін оқығандар: «Біздің Кешірім Бозтаев – нағыз қаһарман!» деп жүрді.

1993-жылы, К.Бозтаевты жасының алпысқа толуымен құттықтаған  хатында Президент Н.Ә.Назарбаев мырза былай депті (үзінді):

«Құрметті Кешірім БОЗТАЙҰЛЫ!

Өміріңіздегі аса елеулі жәйт – жасыңыздың 60-қа толуымен шын жүректен құттықтаймын!

...Сіздің Семей ядролық полигонын жабу туралы мәселені шешуге, атомдық сынаулардан зардап шеккен жұртшылыққа әлеуметтік қамқорлық көрсету жүйесін жасауға қосқан үлесіңіз теңдессіз!..

Кешірім Бозтайұлы, ыстық ықыласпен құттықтап, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, мол бақыт тілеймін!

Қазақстан Республикасының президенті -  Н. НАЗАРБАЕВ.

25 маусым, 1993 ж.  Алматы қаласы».

Ақиқатты айтқан!

Алайда, К.Бозтаев қайтыс болғаннан (1999 ж.) кейінде: «Семей полигонын біз жаптық!»; «Семейдегі атом-ядролық полигонды мен жаптырдым!»; «Полигонды біз емес, бір обком секретары жапты-ау?!» дегендей дақпыртты сөз көбейді. Ақырында полигон жайында ресми жиындар өткізілгенде К.Бозтаевтың аты-жөні аталмайтын болды. Әлі де солай. Өте өкінішті!.. «Елім үшін, халқым үшін жанымды қиюға бармын!» деген нағыз Адамның, Азаматтың аруағын аттап кету, тіпті мұсылмандыққа жат қарекет емес пе?!

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Семей полигонына қарсы күресті ресми жолмен бастап, халықтың, КСРО Ғылым академиясының вице-президенті Е.Велихов, басқа да көрнекті мемлеке және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, журналшы-жазушылар қостап, ядролық сынауларға, қару-жарақты шығаруға қарсы халықаралық ұйымдар қолдап, соның нәтижесінде зұлмат полигонды  жаптыру мақсаты іске асқан  Кешірім БОЗТАЕВҚА «Қазақстанның Халық қаһарманы» атағын беруді өтінеміз! Бұл – жасы 90-нан асқан біздің ғана емес, Кешірім марқұмның кім болғанын жақсы білетін мыңдаған қазақстандықтардың тілегі, деп біліңіз.

Қазақстанды жаңарту істеріңізге сәттілік тілеуші:

Мыңбай Рәш,

ақын, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер.

Уахап Қыдырханұлы,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2264
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3553