Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
1390 0 пікір 20 Мамыр, 2023 сағат 17:16

Марқұм болған өрт сөндірушінің анасына III дәрежелі «Айбын» ордені табысталды

Төтенше жағдай бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев 2023 жылы 8 мамырда Іле-Алатау табиғи паркіндегі тау баурайында өртті сөндіру жөніндегі жедел топ құрамында қызметтік борышын өтеп жүріп қаза тапқан сержант Арслан Құрманбековтің анасы Құрманбекова Бақытгүл Жолдасбекқызына III дәрежелі «Айбын» орденін тапсырды.

Президенттің 15 мамырдағы Жарлығымен қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Алматы қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №7 ӨСБ аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Арслан Құрманбеков қаза тапқаннан кейін ІІІ дәрежелі «Айбын» мемлекеттік наградасымен марапатталды.

Азаматтық қорғау сержанты Құрманбеков Арслан Жолдасбекұлы 1994 жылы 23 тамызда Алматы облысы Талғар қаласында дүниеге келген.

Еңбек жолын 2015 жылдың желтоқсан айынан бастап Алматы ТЖД «СПиАСР» ММ № 9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы болып бастады.

Алматы ТЖД «СПиАСР» ММ № 1 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші, аға өрт сөндіруші-құтқарушы болып жұмыс істеген.

Алматы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің № 7 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы лауазымына 2019 жылы тағайындалған еді.

И.Күлшімбаев министрлік атынан марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтып, батыл әрі ержүрек батырды тәрбиелегені үшін алғысын білдірді.

 

Abai.kz

0 пікір