Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
1635 3 пікір 19 Мамыр, 2023 сағат 18:10

G7 саммиті: Зеленский Жапонияға барады

Украина президенті Владимир Зеленский "Жетілік тобы" саммитіне қатысу үшін Хиросима қаласына келеді. Бұл туралы Kyodo агенттігі, сонымен бірге The New York Times, The Washington Post және CNN ақпарат құралдары Жапония үкіметіндегі дерккөздерге сілтеме жасай отырып хабарлады.

Reuters агенттігі болса мұндай мәліметті Еуроодақтағы дереккөзге сүйене отырып таратты.

Киев әзірге мәліметті ресми түрде растаған жоқ.

Зеленский кеңсесі президенттің сапарлауы мүмкін екенін жоққа шығармады, бірақ "бәрі ұрыс алаңындағы жағдайға байланысты" болатынын ескертті.

Bloomberg мәліметінше, Зеленский Араб елдері лигасының Сауд Арабиясында өтетін саммитіне қатысқан соң АҚШ әуе күштерінің әскери ұшағымен Жапонияға жетеді. Жақында Украина президенті Италия, Германия, Франция және Ұлыбритания елдерін аралап, Киевке қару-жарақтың жаңа партиясын жеткізуге келіскен.

Зеленскийді Хиросимадағы саммитке Жапония премьер-министрі Фумио Кисида биыл наурызда Киевке келген уақытта шақырған. Жақында ғана Кисида Украина президенті саммитке онлайн-форматпен қатысады деген. Жапония сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Зеленский саммиттің жексенбідегі отырысына видеобайланыс көмегімен қосылады.

Украинадағы соғыс және Киевке Ресей басшылығына төтеп беру үшін көмектесу - дамыған жеті мемлекет басшысының кездесуінде талқыланатын мәселелердің бірі. Үш күндік саммит 19 мамырда Хиросима қаласында басталды.

Abai.kz

3 пікір