Сенбі, 20 Сәуір 2024
Арылу 2718 11 пікір 18 Мамыр, 2023 сағат 15:05

Орта Азияның Қытайдан басқа шығар жолы бар ма?

Қытайдың ежелгі сауда қаласы Сианға Орта Азия басшылары жиналды, Қытай төрағасы бір-бірлеп қабылдап жатыр. Бұл Орта Азия мен Қытайдың басшыларының кездесуі әлем назарында, оның бұлай болатыны әрине түсінікті. Қазіргі геосаяси жағдайға байланысты Ресейдің әлсіреп, Қытайдың үстем орынға шыққаны Украинаға соғыс ашқалы бері әлем ақпаратына тілге тиек болып жатыр.

Ал енді бұл геосаяси салдардан басқа әрине, ең бастысы сауда екені белгілі. Орта Азия Қытайдың «Бір жол – бір белдеуінің» өзегі (шығар ауызы) саналады. Теңізге шығар жолы жоқ Орта Азияның Қытайдан басқа сауда әріптесі жоқ екені белгілі. Отыз бір жылдан бері Қытай Орта Азияның басты сауда әріптесіне айналды. Осы жолғы кездесуде де жан-жақты сөз болатыны белгілі. Ал енді Орта Азияның Қытайдан басқа шығар жолы бар ма? Сауда тынысын ашатын жолдары бар ма? Осы мақсатта біз экономист Ербосын Нұрмұқанұлының пікірін білген едік.

Ербосын Нұрмұқанұлы:

- Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық мәдени, дипломатиялық қарым-қатынастарды ішкерлей дамытуды мақсат етіп отыр. Оның ішінде экономика өте маңызды, экономика халықтың тұрмысы мен күн көрісіне қатысты мәселе.

Бұл жерде Қытай жалпы әлемдегі қазіргі тұтыну нарығы ең үлкен мемлекет. Яғни Америкадан қалса Қытай, бірақ, Қытайдың ішкі тұтыну нарығы биыл болмаса келер жылдары Америкадан да асып түсуі мүмкін. Қазір әлемде кімнің тұтыну нарығы ең жоғары, ең күшті болса сол әлемнің қожасы болайын деп тұр. Американың тұтыну нарығы әлемде бірінші болып тұрғаннан кейін, оның үстіне оның ғылым-техникасы жан-жақты күшті болып тұрған соң дүниежүзінде бірінші орында тұр.

Ал енді Қытайдың да әзіргі тұтыну нарығы сол Америкамен құйрық тістесіп келе жатыр. Егер көптігіне қарайтын болсақ Үндістанның тұтыну нарығы Қытайдан жоғары болуға тиісті. Бірақ бұл жерде халықтың санасына және тұтыну деңгейіне байланысты. Америкада 300 миллион халық болғанмен де олардың тұтыну деңгейі өте жоғары. Қытайдың соңғы кездегі тез қарқынмен дамуының және экономикасының тез көтерілуі арқасында, халықтың тұтыну өресінің жоғарлауына байланысты ішкі тұтыну нарығы өте күшейіп кетті. Сол үшін барлық мемлекет Қытайға өзінің тауарын шығаруды, Қытаймен жұмыс жасауды тек қана біз емес бүкіл Еуроодақ т.б елдер қызығушылық танытып армандап отыр.

Бұл жағдайда мынадай мәселе өмір сүреді, бұл державалардың ішінде экспорттаушы ел емес болашақта тұтынушы ел күшті елге айналады. Қазірдің өзінде солай, егер біз сол тұтынушы елге барлық экономикалық тағдырымызды байлап тастайтын болсақ, онда сол елдің ашса алақанында жұмса жұдырығында қаламыз. Сол үшін қайту керек дегенде, әр кім өзінің айналасындағы стратегиялық, экономикалық және ұлттық қауіпсіздігін жан-жақты ойлайтын болса, өзінің іргелес көрші жатқан, бір-біріне қауіп төндірмейтін туысқан бауырлас елдер, яғни, Орта Азиядағы бес елдің өзі ортақ бір тұтыну нарығын қалыптастыратын болса, бұл Орта Азияның экономикасының, жүйеден Қазақстан экономикасының қауіпсіз өсуіне пайдалы. Алда-жалда Қытаймен дипломатиялық болмаса басқа жақтардан болсын келіспеушілік туындайтын болса, онда Қытай болды, сенің тауарыңды біз алмаймыз деген күні Қазақстан ырықсыз орында қалады, сонымен бірге саяси дүрбелең туып, елде тұрақсыздық орнауы мүмкін.

Сондықтан Қытайдың, Ресейдің екі алпауыт елдердің ықпалында қалмаймыз десе, Орта Азияда 60 миллион халық бар, бұл аз рынок емес. Ортақ рынокты қалыптастыру үшін осы елдер бірігіп өз күнін өздері көрген дұрыс деп ойлаймын.

Әрине Қытаймен экономикалық байланысты үзу болмаса кеміту мүмкін емес. Бірақ қазіргі тіл деңгейін сақтап, сонымен бірге, Орта Азия өзінің ортақ экономикалық одағын қалыптастыру керек. Ортақ ішкі нарығын жүргізсе онда жоғарыдағы алпауыт екі елге тәуелділіктен арылуға болады. Сол үшін ең алда тұрған үлкен мәселе басқа - «Алыстан арбалағанаша, жақыннан дорбала» дегендей, көршілес елдермен ортақ экономикалық рынок қалыптастыру керек.

Енді Оңтүстік Азия – Пәкістан, Үндістан, Араб елдермен де байланысты дамыту керек. Үндістанның нарығы да дүниеде тез қарқынмен дамып келе жатқан маңызды экономикалық тұлға. Қазір әлемде экономикалық өсімі ең жоғарғы деңгейде дамып отырған ел ол – Үндістан. Сегіз пайызға дейін жетті. Жан саны Қытайдан асып түссе, жалпы ішкі өнімі Англиядан асып түсіп, қазіргі кезде бесінші орынға көтерілді. Дәл осындай қарқынмен дамитын болса Германиядан асып түсіп, Жапониядан да асып түсіп, үшінші орынға аяқ тіреуі мүмкін. Сондықтан бұл Үндістанның болашақтағы тұтыну нарығы мен өндірісі барлығы да Қытайдың орнын баспаса да, өкшесін басатын үлкен нарық болып қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда Оңтүстік Азияны да мықтап ұстауға тиістіміз, онда тұрған ешқандай қиындық жоқ. Ортада Ауғанстан бар, сосын Өзбекстан бар, ол елмен экономикалық тұлға болатын болсақ, ары қарай қауіпсіз өткелдің біріне айналуы мүмкін. Ары қарай Үндістан мен Пәкістанмен жұмыс жасауға болады.

Сол үшін Қазақстан саясатта, дипломатияда көп векторлықты қолданса онда экономикада да көп веторлық бағытты қолдану керек. Сонда ғана Қазақстан өзінің саяси дипломатиялық және экономикалық тәуелсіздігін сақтайтын болады.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

11 пікір