Сәрсенбі, 27 Қыркүйек 2023
Ғибырат 1816 1 пікір 18 Мамыр, 2023 сағат 13:42

«Қайран, Шәмші». Аяқталмай қалған фильм...

«Өнерін сыйлаған жұрт өрге шығады, дәстүрін сыйлаған жұрт төрге шығады» деген тәмсіл бар.

Жақын арада республикалық «Қазақстан» телеканалынан Қазақстанның Еңбек Ері, халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Мемлекеттік Гимнің авторы, композитор Шәмші Қалдаяқовтың творчествосына арналған үлкен концерт Астана қаласынан көрсетілді. Зәулім сарайда өткен ауқымды шараға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған зиялы қауым өкілдері қатысқанын көрдік. Залда жиналған халық Шәмшінің әр орындалған әніне қуанып, зор ынтызарлықпен қосыла шырқап отырды. Осы бір тамаша көрініске қатты тебіренген мен көзіме келген ыстық жасты әрең іркіп отырдым. Міне, жаңа, жаңғырған Қазақстан! Міне, өзінің талантты тұлғасын тұғырына қондырған қазақ елі! Мақтануға тұрарлық оқиға...

Осыдан отыз үш жыл бұрын өзім куә болған оқиға еріксіз есіме түсті. 1990 жыл. Шілде. Радиоқабылдағыштан беріліп жатқан сұхбатты құлағым шалып қалды. Сұхбат берушінің дауысы қарлығыңқырап шығады. Әңгіме өнер, ән туралы өрбіді. Айтқандары ұнап отыр. «Кім болды екен?» деген қызығушылығым өрши түсті. Журналистің «Шәмші аға» деп  кезекті сұрағын берген кезде өзімнің бала кезден әнін тыңдап өскен Шәмші Қалдаяқов екенін түсіндім. Сұхбат аяқталды, ал менің ойыма мектепте оқып жүрген кезім есіме түсті.

ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов «Қаратау тәжі-Кентау» деп сұлулығына тамсанған кеншілер қаласы шынында көркем де, әсем қала. Тау-кен саласында «жылдам бұрғылау» (скоростная проходка) жөнінен әлемдік рекордтарды бірнеше мәрте жаңартқан, экономикалық-әлеуметтік мәдени жағынан республикада атағы шыққан шағын қалалардың бірі емес, бірегейі болды. Кәрі Қаратаудың баурайында орналасқан осы шағын қалада менің балалық, балдәурен шағым өтті.

Көктемнің жайма-шуақ күндерінің бірінде №2 мектеп-интернатындағы сынып жетекшіміз Хасенов деген ағай ән сабағында: «Ал, балақайлар бүгін біз мына бір тамаша әнді  үйренеміз», - деді.  Қолындағы бір  жапырақ  қағазда ән  мәтіні.  «Әннің авторы сүйікті композиторымыз Шәмші  Қалдаяқов» деді де, өзі шырқай жөнелді. «Ана туарлы жыр» әнінің әуені мен тамаша сөзі бәрімізді бірден баурап алды.  Шалғай ауылдардан  келіп,   мектеп-интернатта  оқып жатқан қара домалақ балалар алыста қалған аналары есіне түсіп, көздеріне жас алды. Сүйемелдеуші аккордеоншы бала бізден 4-5 сынып жоғары оқитын, кейіннен ел таныған талантты композитор   Сейдолла Бәйтереков еді...

Міне, менің Шәмші ағамен таныстығым осылай басталды.

Радиоқабылдағыштан шырқалған «Бақыт құшағында» әні қалықтап барып басылды. Шәмші аға әңгімені ары қарай жалғастырды.

Япырай, Шәмшіні өзін көрмек түгілі дауысын өз құлағыммен алғаш есітуім. Аңыз ағаның көзі тірі екенін, бұл өмірде бар екені мен үшін үлкен жаңалық болды. Ол кезде Алматыдағы «Қазақтелефильм» студиясында тырнақалды туындыларым «Халимат тағдыры», «Жоқшы», Мұстафа Өзтүрік туралы «Барып қайт, балам, ауылға!» фильмдерін телеэкранға шығарған кезім. Қайтсем де Шәмші ағаны тауып алып, киноға түсірсем деген идеяның дәл сол кезде келгені рас.

Жұмысын енді бастаған жас режиссерді ұлы композитор Шәмшімен эфирде кездестіргені үшін   жасы жүзден асқан қазақ радиосына рақмет айтамын!

Ақиқатына жүгінсек, өткен ғасырда 90-жылдардың бас кезінде композитор  ағамыздың  бейнесін,  өзімен аралас-құралас үзеңгілес жолдастары болмаса, жалпы халық біле бермейтін еді. Шәмші Қалдаяқовтың тұсында кино, телевиденинің республикамызда дамыған кезі емес пе? Ол кездері   теледидарды қоса қалсаң әншілеріміз ән айтып, ақын-жазушыларымыз өлеңдерін оқып, алдыңғы қатарлы жұмысшы, малшы қауымы, колхозшылар жалынды сөздерімен есте қалатын. Өкінішке орай,олардың ортасында халқы шын сүйіп қабылдаған Мұқағалиға да,  Жұмекенге де,  Шәмшіге  де және басқа ұлы тұлғаларымызға орын табылмады.

Ұлт мүддесі үшін толағай қызмет еткен қазақтың зиялы өкілдерін дәріптемеу саясаты өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан бастау алып, ол үрдіс еліміз тәуелсіздік алғанға дейін қатаң түрде  ашық жалғасын тапты.

1990 жылы Шәмші Қалдаяқовтың 60 жылдығын атап өтудегі кедергілер, қиыншылықтар туралы  жазушы Оразбек Бодықовтың «Шәмші туралы жыр» кітабында егжей-тегжейлі жазылған.  Орекең Шәмшімен бірге егіз қозыдай болып, композитордың өмірінің соңғы үш жылында жұптары ажырамай бірге жүрді. Жамбыл облысының бірінші хатшысы Хасен Бектұрғанов қала маңыңдағы дүнген ауылынан үй құрылысын жүргізуге жер берген. Сол жерде үйдің іргетасын ғана қалап үлгерген Шәмші ағамыз Х. Бектұрғанов қызмет ауыстырған соң салам деген үйін бітіре алмай, тек гараж салып алған екен. Сол жерде қайран Шәмші аға он жеті жылдай тіршілік кешкен. Бұл жәйттер композитор туралы кино түсіріліп біткеннен кейін белгілі болды.

Шәмшінің гаражында Орекең мен Шәкең қоңыр күрең шайдың үстінде таңды атырып талай әңгіме-дүкен құрады екен. Ұлы композитордың аузынан шыққан әрбір сөзді қалт жібермей, қағазға түсіріп, өзіне қайта оқып беріп, Шәмші ағаның түзетулерімен ризашылығын алып отырған.

Мен Шәмші туралы 1991 жылы композитордың көзі тірісінде «Қазақтелефильм» студиясында «Қайран, Шәмші», 2010 жылы композитордың 80 жылдығы қарсаңында «Қазақфильм» киностудиясында толықметражды «Шәмші», 2012 жылы «Қазақстан» телеканалына арнап «Шәмші Қалдаяқов» атты  үш фильмді осылай үш кезеңде түсірдім. Кейінгі түсірілген фильмдерде Шәмші туралы тың деректерді фильмге мүмкіндігімше кіргізуге тырыстым. Бірақ Шәмші әлемі тұңғиық, терең, қанша зерттесең де таусылмайды.

Композитор өзінің алпыс жылдығын атап өту жайына ерекше мән беріп, алаңдап, мазасыз күй кешкен. Сол кезде жанында жүрген Орекеңнің еңбегі орасан зор болды. Жазушы биліктің талай есігін батыл ашып, Шәмшінің алпысқа толғанын айтып, атаусыз, атақсыз қалмауын өтінді. Сол жылы Шәуілдір ауданының Құрметті азаматы атағы беріліп, сол кездегі аудандық кеңестің төрағасы Мұхамедқасым Шәкіровтің қолдауымен ауданда 60 жылдығы тойланды. Осындай жергілікті жердің көкірегі ояу азаматтары Шәмшіні қолдарынан келгенше қолдағанымен астанамыз Алматы жақ үнсіз қалды.

1989 жылы мерейтойының қарсаңында алған атағы жайлы жазушы Оразбек Бодықовтың мына әңгімесін беруді жөн көрдім.

«Шәмшінің бұл өмірде тартқан тауқыметі аз емес-тін. Әйтсе де, оған «Қазақ ССР-ы өнеріне еңбегі сіңірген қайраткер» деген атақ берілер ма екен? - деп күтіп жүрген күндердің сарсылдырған азабын айтып жеткізуге тіл жетпейді.

Бұл 1989 жылдың жаз айы болатын. Біздер Шымкенттің түбіндегі Ленинск деген ауылда  Темірбеков  Райымқұл  деген  музыкант  жігіттің  үйінде  қонақ болып отырғанбыз. Таңертенгілік газетті қарап отырған Шәмшінің дауысы оқыс шықты.

- Мә! - деді ол маған газетті ұсынып. - Мына указды оқы.

Мен қарасам, газетте Шәмшіге «Қазақ ССР-на еңбегі сіңген мәдениет қызметкері» деген атақ берілген жарлық жарияланыпты. Екеуміз бір-бірімізге жалт қарастық. Сағаттың тықылы тоқтап қалғандай болды.  Жүрегімізде жүретін бір әдемі сарын бар еді, ол да сап тиылды... Ал, ең бастысы, екеуміздің бар үмітіміз бірден үзілді. Әсіресе Шәмшінікі.

Себебі, бар өмірін шығармашылықпен өткізген Шәмшіде не еңбек кітапшасы, не стаж жоқ болатын. Сондықтан да оған зейнетақы тиісті емес-тін. Егер оның композиторлық еңбегі бағаланып, «өнер қайраткері» деген құрметті атақ алса ғана арнайы зейнетақы алатын. Ал, «үздік мәдениет  қызметкеріне»  ондай ерекшелік тиіс емес.

-  Ие, бәрі бітті... Тынды...  -  деді Шәмші терең күрсініп.  -  Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын, деген екен біреу...

-  Апырай, неге бұлай етті?  Олардың бұл ісі сізді композитор емес, автоклуб бастығы дегені ғой, - деп қалды Райымқұл.

Ие, кім десе о десін! Әйтеуір, Шәмшіге зейнетақы жоқ. Бүкіл қазақ халқына отыз бес жыл  рухани  азық  берген  Шәмші,  енді  алпыстан  асып  еңкеюге айналған шағында көк тиынсыз қалды деген сөз бұл.

- Дүниеде не нәрсе терең? Қай көл? - деді Шәмші даусы әрең шығып.

- Білмеймін. Мүмкін, Байкал шығар...

-  Жоқ, көңіл, - деді Шәмші.  -Бірақ, сол көлдің өліге айналғаны жаман... Құдайым, Байкал суала көрмесін.

Мен Шәмшіге жалт қараған едім, есіл ер жылап отыр екен. Ол екеуміз үш жыл бірге жүргенде, мен Шәмшінің шын жылағанын көрген емеспін. Жүрегі нәзік, өзі сезімтал Шәмші оп-оңай көңілі босап, көзіне үйірілген қос тамшыны үзіп тастап отырушы еді. Ал, бұл жолы шындап жылады. Әлдекімдердің оңдырмай атқан оғына, қолынан бар келгені ғой, көз жасымен жауап берді. Шәмші -  бала сияқты қорғансыз, кейуана секілді дәрменсіз  еді.  Сондай адамды жылату адам жүрегіне қуаныш егетін әсем әнді жылатқадай боп сезілді маған. Міне, композитордың 60-жылдығы қарсаңындағы болған оқиға».

1990 жылы Шәкең өзінің қойын кітапшасына «Мен қоғамға да, адамдарға да тәуелді емеспін. Мен тек Құдайға ғана тәуелдімін!» деп жазба қалдырыпты.

Бұл, заманға күйлемеген, заманы илемеген, Тәңірден өзгеге бас имеген асқақ рух иесі Шәмші Қалдаяқовтың бишара пенделерге берген жауабы болса керек.

«1991 жылдың 25-26 қаңтарында Шәмшінің мерейтойын Алматыда атап өту үшін кірмеген есігіміз де, тесігіміз де қалмады. Бәрі қарсы болды. (Орталық комитет, Мәдениет министрлігі). Бізді қолдамады. Жүрегі нәзік Шәмші үшін бұл адам көтере алмас ауыр соққылар еді. Талай жерге үмітпен кіріп, дел-сал болып шықтық. Ең соңында жалынып, жалбарынған бізге Мәдениет министрлігінен, Қазфилорманияның шағын залына, абыр-дабыр жасамай тыныш өткізіңдер деген нұсқау берілді. Салымыз суға кетіп енді қайттік деп жүрген біз үшін мұның өзі той іспеттес еді» дейді жазушы Оразбек Бодықов.

Бұл Шәмші Қалдаяқовтың көзі тірісінде сүйікті қала Алмтыда өткен ең алғашқы да, ең соңғы концерті болды. Концертке сол кездегі қала әкімі Заманбек Нұрқаділовтен басқа бірде бір лауазымды тұлғалар бой көрсетпеді, елемеді, ескермеді.

Қаңтар айындағы сол концерт алғаш рет киноға толық түсіріліп алынды. Шәмшіні көргенде кірпіше жиырыла қалатын сол кездердегі лауазымды басшылар мына оқиғаны еріксіз есіме түсіреді.

1978 жылы Жүргеновтің 80 жылдығы Алматыдағы партия тарихы институты жертөлесінде өткен. Сонда Ғабит Мүсірепов сол кездегі мәдениет министрі Еркінбек Жексенбековке қарап: «Еркінбек, қарағым!  Екі «Волгаң» бар екен. Бірақ түк бітірмей отырсың. Түк бітірмегенің сол, мына Жүргенов қайраткерді құлағың естіді. Ат-арбамен, полуторкамен жүріп-ақ, Қазақстанда 4 мыңдай, бір Алматының өзінде 18 мектеп салдырғанын былай қойғанда, опера және балет театрының іргетасын өзі қалап кетіп еді. 3 мың адам еркін отыратын опера театры тұрғанда 150 адамдық жертөлеге жинап отырсың. Кең залға халықты жинамадың ба? Еңбегі бар еді ғой!» деген екен ұлы жазушы Ғабең.

1991 жылы қатты науқастанып ауруханада жатқан Шәмші Қалдаяқовқа Алматы қаласының сол кездегі әкімі Заманбек Нұрқаділов үлкен азаматтық танытып, Шәмші Қалдаяқов пен Әсет Бейсеуовке Қазақстанның Халық әртісі деген құрметті атағын алуға септігін тигізді. Бұл атақ берілгеннен кейін Шәмші небары 2 ай 10 күн өмір сүріп, дүниеден өтті. Он бес жылдан кейін - 2007 жылы «Менің Қазақстаным» әні еліміздің Гимніне айналды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. 2023 жылы «Еңбек Ері» атағы берілді. Бірақ мұның бәрі тым кеш еді. Әрине, ештен кеш жақсы деген, дей тұрғанмен Қадыр Мырза ағамыздың :

Қалдырмай ескерусіз бір ісін де,

Талантты қадірлеңдер тірісінде!

Кейде біз ондайлардың жасы түгіл

Келеміз қадірлемей ірісін де! - деген бір шумақ өлеңі көп нәрсені аңғартқандай.

1991 жылы Шәмші аға туралы фильмнің алғашқы кадрларын түсірдім. Сонда деймін да, кино, телевидениенің ғарыштап дамыған жетпіс-сексенінші жылдары ұлы композитор Шәмші Қалдаяқов ескерусіз қала берген екен. Оның әндері радиодан беріліп жатты. Бірақ, бет-бейнесін халық экраннан көрмеді. Бұл сонда сол кезеңдегі кейбір лауазымды қызметкерлердің іштарлығы мен трайбализм уына шалдыққандардың Шәмшіге деген теріс көзқарасы ма? Жазушы, драматург Оразбек Бодықовтың «Шәмші Қалдаяқов туралы жыр» атты кітабының құндылығы сонда, онда композитордың бізге беймағлұм соңғы үш жылындағы қиын өмірін қаз-қалпында бейнелейді.

«Өнердің жаны - құштарлық, жауы - іштарлық» дегендей Шәмшінің сол кездері шетқақпай  болғаны рас.

Бала кезімізден Шәмші әнімен ержеткен мен үшін ағаның образын деректі фильм арқылы өзі сүйген, өзін сүйген халқына жеткізу негізгі мақсатым болды. «Мұңдасарға кісі жоқ, сөзді ұғарлық» деп Абай атамыз айтқандай бұл да болса ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың жаралы жанына демеу болар деген үлкен үміт еді. Себебі сол кездері көпшілік халық, әндерін жатқа айтқанымен, сүйіп орындағанымен көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған Шәмшінің бұл өмірде бар-жоғынан бейхабар еді-ау.

Фильм Шәмші ағаның адами қасиетін, болмысын толық қамтитын болуы керек деп шештім. Керекті материалдар жинамақ болып, архивтерді ақтару үшін кинофото мұрағатында болып, қанша іздесем де Шәмші ағаның бейнесін кинохроникалардан таба алмадым. Ұлттық кітапханадан алпысыншы жылдардың басында шыққан әндерінің ноталарын ғана таптым. Басқа мардымды ақпараттар болмай шықты. Бұл мені тығырыққа тіреді. Енді не істеу керек деген ой мазалай берді.

Киносценарий жазу үшін де көп нәрсені зерттеу керек. Шәкең туралы бірдеңе біледі-ау деген адамдардан сұрастырып едім: «Еее, Шәмші Алматыны тастағалы қашан.  Оны Жамбыл, Шымкент жақтан ізде» деп кеңес берді. Сөйтіп қатты қиналып жүргенімде, Құдай беріп, «Лениншіл жас»,  «Оңтүстік Қазақстан» газеттерінде жазушы, драматург  Оразбек  Бодықовтың «Шәмші  Қалдаяқов туралы  жыр»  деген  повесінен үзінділер жарияланды, өзіме керекті біраз мағлұматтарды сол газеттерден алдым.

Бұл кітап 1994 жылы жарыққа шықты. Фильм түсіріліп біткеннен кейін Шәкең туралы көп мағлұматтарды осы кітаптан оқып білдім. Әттең, кино түсіріліп жатқанда  осынау көп  мағлұматтан құлағдар болғанымда киноға кіргізер едім-ау деп өкіндім. Бірақ сәті түсіп 2010 жылы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген «Шәмші» атты толықметражды фильмде осы олқылықтарды түзетуге тырыстым.

Қайран Шәмші, Орекеңе бар сырын ақтарған екен. Басынан өткен оқиғаларын, әңгіме-дүкен,  әзілдерін жазушы мұқият қағазға түсіріп отырған. Шәмшінің композиторлығы бір басқа, оның тігісін жатқызып әңгіме айтқанда тыңдармандарын өзіне баурап алатын әңгімешілдігі бір басқа екен. Ал, Шәкеңнің тапқыр да, ұтқыр анекдоттары айналасындағыларды бір жалықтырған емес. Композитор қазақтың халық әндерінің тарихын өте жақсы білген. Әсіресе, Ақан Серінің «Шырмауық» әнін тыңдаудан бір жалықпаған.

Ахау, дүние жалған,

Өтті-ау арман.

Сұм тағдыр шырмауықтай,

Шырмап алған.

Ақан серінің осы бір өлең шумағы Шәмші тағдырымен үндесіп жатқандай... Ал, Естайдың «Қорланын» Шәмшінің өзі орындағанда, қанатын жайған құстай екіленіп, тебіреніп, нақышына келтіре орындайтынын талай жұрт тамсана айтқанын есіттік.

1991 жылы қаңтар айында Шәмші ағамыздың 60 жылдығы Алматыдағы концерт залында өтті дедім ғой. Екі күн қатарынан болған концертке халық көп келді. Сол жолы Шәмші ағамен кездесудің реті келмеді. Айналасында қаумалаған қарапайым халық қошеметтеп-ақ жүр екен. Қуанып қалдым. Бұл жерде әңгімелесудің  реті келмес, кейін жеке сөйлесерміз деп шештім.   Алайда, мұнымның қате  екенін кеш түсіндім, себебі, тағы да Шәмші ағамызды таба алмай  қалдым. Ол кісімен жүздескенімше де тамылжыған тамыз айы келіп жетті. Шәкең Шымкент қаласынан менің үйіме телефон шалып, алдағы аптада Алматыға келетінін ескертті де, «барған соң хабарласам» деді. Бұдан бұрын сұхбаттасып көрмеген адаммен кездесуге іштей дайындалып жүрдім.

Сол екі арада жол түсіп Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласында тұратын Толстой ағаның үйінде қонақта болдым. (Ол кезде Шәмші ағаның Жамбылда тұратынынан хабарсызбын. Негізі Шәкең өзінің тұрақ жайын өзге түгілі жақын жолдастарына да көрсетуге намыстанып жүреді екен). Әңгіме үстінде Шәмші ағаны киноға түсірсем деген ойымды айтқанымда, сол кездері музыка училищесінің мұғалімі болып қызмет атқаратын Ұлдар жеңгем:

- Шәмші Қалдаяқов ағамыз осы үйдің құрметті қонағы болып, мына төрде отырған, - деп жатыр. Оқиға былай болған екен. Ерте көктемде Шәмші аға, өзінің «Жигули» маркалы автокөлігіне керекті құрал-саймандар іздеп, Жамбыл облысының «КамАз» орталығында директор болып қызмет істейтін ағаның жұмыс орнына келеді. Жұмыс бөлмесінде бір топ жігіттер отырған екен. Жұпыны киінген қарапайым адам есіктен кіріп келгенде алғашында бәрі атақты композиторды тани қоймапты.

- Мен Шәмші ағаларың болам, қарақтарым, тұлпарымның аяғы ақсап, дем жетпей, «емдеу» керек болып тұрғаны, - деп сыпайы ғана бұйымтайын айтады. Сол сәтте ағай:

- Шәмші аға, Сізді танымайтын қазақ қазақ емес, кешіріңіз, - деп атып тұрып амандасады. Сонда Шәкең табан астында әзіл-қалжыңға бой алдырып былай дейді: - Іші қабысқан бір аш Қасқыр: «Жемтік іздеп, ауылға жақындасам болды, ауылдың бір топ иттері «әндетіп» алдымнан шыға келеді. Ойпырмай, біреуін де танымаймын, олар мені қайдан танып қояды осы. Оған апаң да аң-таң, мен де аң-таңмын», – деп бәрімізді бір күлдіріп алды.

Сонымен автокөлігі жөнделісімен, ағай Шәкеңді үйіне апарып, құрметті қонақ етіп сыйлап жіберген екен. Шәмші аға, сонда өзінің жағалбайлы руынан, ата-бабалары көне, шежірелі Созақ жерінен екендігін, ал өзі Әл Фараби сынды ұлтымыздың ұлы тұлғалары туып-өскен қасиетті Отырар жерінде дүниеге  келгенін мақтанышпен айтыпты. «Шәмші аға біздің түп нағашымыз болып шықты» деген еді сонда ағай.

Шәмші аға айтқан уақытында келіп, телефон шалып, Құрманғазы оркестірінің ғимаратында болатынын айтты. Салып ұрып сонда бардым. Далада аптап ыстық болғанымен, бұл жерде салқын екен. Анадай жерде, басында қазақы оюланған тақиясы бар Шәмші ағамыз әнші Зейнеп Қойшыбаевамен әңгімелесіп тұр. Жандарында ешкім жоқ. Жүрексінгенімді білдірмей жандарына тақау келдім. Міне,  сәті  түсіп  көптен  сөйлесе  алмай  жүрген   Шәмші  ағаның  жанында тұрмын.  Орта бойлы,  қарапайым  киінген. Шырайлы  жүзінде  ақ  қырау шалған мұрты да өзіне жарасып тұр.

- Ассалаумағалейкүм, аға,  –  деп амандасып қолын алдым.  – Сізді киноға түсірем деп, әбден мазаңызды алып, артыңыздан қалмай жүрген Тілеген Ахмет деген ініңізбін деп қол алысып  амандасып жатырмын.

Шәкең Зейнеп апайға: «Осы уақытқа дейін «сізді киноға түсірсек» деп ешкім келмеген еді, «мені түсіріңдер» деп мен де ешқайда бармаған екем. Ал, мына інім қайда жүрсем де тауып алып, «сізді қайтсем де киноға түсіруім   керек» деп ниет қылып жүр екен, мен келісімімді бердім», - деді. Апай да «Шәке-ау, сіз түспегенде киноға кім түсуі керек?» деп  қолдап жатты.

- Шәмші аға, мен сіздің жиеніңіз боламын, - деймін ғой өзімді жақын тартып.

- Әй, жиен ел болмас... - деп жылы жымиып Шәмші аға еркелете арқамнан қақты.

- Аға, «Желке ас болар – майы болса, жиен ел болар - малы болса» деген тәмсіл бар ғой, - дегенімде Шәмші аға да, Зейнеп апа да рахаттана күліп алып:

- Айналайын інім, бір жағы қалжың, бір жағы әзілім  ғой, - деп мейірлене ағалық ықыласпен үн қатты. Осы алғашқы кездесуден-ақ  мен  Шәмші ағаның сыпайы мінезі мен қарапайымдылығына, мейірбандығына, өзіне ғана тән кішіпейілділігіне, сұхбаттасын сүйкімділікпен бауырына тарта білетініне  әбден тәнті болдым.

Қуанышымда шек жоқ. Сол жерде болашақ фильмнің жоспарын ақылдасып та үлгердік. Шәкең:  «Бір айдың  шамасында Шымкент жаққа барып келермін, содан кейін жұмысты бастайық» - деді. Біз осылай  келістік.

Мен болашақ фильмнің жобасын ойластыра келе, мынадай шешімге келген едім.  Шәкең кезінде  Қиыр Шығыста төрт жылдай әскери қызметте командир болған екен. Кім біледі, сол бір Сахалиннің қарлы бораны мен теңіз толқындарынан,  салқын  жазы  мен   күзгі  суықтарынан  бір  мезгіл тыныстап отырғанда, алыстағы көне, қасиетті Отырар  есіне  түсіп, сарғайған сағынышынан небір әуендер туған шығар...

Фильм Шәкеңнің әскери қызметте жүрген жері – Сахалин аралынан басталуы керек. Бұл бір жағынан, 60-қа келген ағамызды 25-інде жүріп өткен жерлерін аралатып көңіл сергітіп қайту еді.

2010 жылы композитор Қалдыбек Құрманәлінің идеясымен, «Қазақфильм» киностудиясының президенті Ермек Аманшаевтың қолдауымен толықметражды «Шәмші» атты кино менің режиссуралығымда жарыққа шықты. Қалдыбек шарқ ұрып іздеп жүріп Ақтөбе қаласынан Шәкеңнің Сахалинде әскери қызметте бірге болған досын тапты. Ол өз сұхбатында: «Шәмші, мандолинада тамаша әндер орындайтын. Ол аспапты Қиыр Шығысқа өзімен бірге алып барды.  Сонымен қатар, офицерлер клубында вальс билегенде айдын көлде қалықтап жүрген аққу іспеттес сыңарын шыр айналдырып біздерді тамсандырып жіберетін» деп еске алады.

Сонымен, Сахалинге ұшу үшін, бір ай бұрын билет алу керек екен.

Алматы-Хабаровск, одан әрі басқа көлік дей ме, әйтеуір не керек билет қолда, Енді Шәмші ағаның келуін, тағатсыздана күтіп түсіру тобы сақадай сай отырдық.

Шәкеңнің «келемін» деген уақыты да болды. Бірақ ол кісі келмеді. «Апыр-ай, не боп қалды екен?»  деген ой мазалай берді, уәдесіне берік жан екенін, жүріс-тұрысында жинақылық, ұстамдылық бар екенін алғашқы кездесулерден-ақ сезіп қалғам. Дереу Шымкенттегі туысына хабарластым. Сөйтсем, Шәкең аяқ-астынан науқастанып қалыпты, қазір Арыс санаторийінде емделіп жатыр екен.  «Енді қайттім?»  деп не істерімді білмей жүргенде сол жақтан ақын досы Сабырхан Асанов ағамыздың келе қалмасы бар ма... Телефон арқылы хал-жағдайын сұрастырып жатырмын. «Шәмші ағаның хәлі өте нашар, қиналып жатыр, кеше Шәуілдір колхозындағы қарындасының үйіне әкелді» деді ол кісі. Сол күнгі «Алматы- Шымкент» жүрдек пойызымен оператор Аман Ысмайылов екеуміз асыға жолға шықтық. Мақсатым - қайткен күнде де ауылға барып, ағаның хәлін білу, ыңғайы келсе киноға сөйлетіп түсіріп алу болды. Түні бойы ұйықтай алсамшы. Ойлар сан-саққа жүгіреді, оған пойыздың дөңгелектерінің тарсылы қосылғандай...   Таң  ата  көзім  ілініп  кеткен  екен. Пойыз тоқтап тұр. Шымкенттке келіппіз. Такси жалдап, 150 шақырым жердегі шағын ауылға жеткенімізше, түс ауып қалған еді. Тып-тыныш ауыл көшесімен жүріп келеміз. Әркімнен сұрастыра келе, үйді де таптық. Асай-мүсейлерімізді көтере-мөтере аулаға кіріп келсек, қайран Шәмші аға есік алдында екі иінінен әрең дем алып, ауладағы ағаш көлеңкесінде отыр екен. Көрмегеніме бір айдың жүзі болып қалған еді, қатты жүдеп кеткенін бірден байқадым.

Сау етіп біздің тосын келуіміз Шәмші аға үшін күтпеген жай болды.

Үш күн орнынан тұра алмай, қатты қиналып жатқан Шәкең біз келердің алдында ғана басын көтеріп, есін жиып отырғаны сол екен. Қанша қиналып отырса да сыр білдірмей, біраз әңгіме айып, «Қайықта», «Бәрінен де сен сұлу», «Менің Қазақстаным» әндерінің шығу тарихын баяндап берді.  Сол отырған жерінде айтқандарының бәрін кинотаспаға түсіріп алдық. Бұл кинокадрлар түгелімен телефильмге енгізілді. Басында көгілдір елтірі терісінен тігілген бас киімі, көзінде мұң, науқастан, әлдебіреулердің қиястығынан қажыған Шәкеңнің қолында темекі... Бұл бейне көрермендердің есінде қалған шығар деген ойдамын.

Жақында Астанада өткен үлкен концертте де Шәмшінің осы бейнесі барынша қолданылды. Кейіннен осы кинокадрлар кітаптарға, журналдарға да басылып шығып, елге тарап кетті. Осы уақыт ішінде дәмді сорпа да дайын болған екен. Шәкеңді көп қинамай, үйге кіріп, қазақша жайылған дастарханға келіп, малдас құра жайғастық.  Шәкең ыстық сорпаны шынтақтап жатып  ішкендей болды. Дастархан үстінде, бізді жөндеп күте алмағанына өкінгендей: «Інім Тілеген, мына аурудан айыққан соң біз кино түсіруді шағалалы Шардарадан бастайық, ол жерде кино түсіруге бар жағдайды жасайтын, жақсылап күтіп алатын  інілерім бар»...  Ол сөзін аяқтай алмай, ұзақ жөтеліп алып ауыр күрсінді.

Сол жылы Отырар ауданының мерей тойына дайындық жүріп жатқанын, Шәкеңнің оған қосар  үлесі - ақын Сабырхан Асановтың сөзіне жазылған «Отырардағы той» екенін өз аузынан естідік. «Мазасын алмайық, дем алсын» деген оймен ол кісіге денсаулық тілеп, аудан орталығына  тарттық. Көне Отырар жерінде киноға кіретін біраз эпизодтар түсірілді, содан, бір кездері Шәмші  ағамыз өнер жолын бастаған Тәшкен қаласына  барып, керекті деген жерлерді түсіріп қайттық.

Бұдан кейін Шәмші ағаны түсіріп алуға мүмкіншілік болмайтынын мен қайдан білейін...  Бәрімізде де «Сауығып кетер» деген үлкен үміт болды... Амал не... Алланың ісіне шара бар ма?..

Шәкеңнің аяқ-астынан науқастанып қалуына байланысты, толыққанды фильм түсіруге жағдай  келмеді. Телефильмде мандолинамен Шәмші әнін шырқап отырған ауыл тракторшысының  бейнесі, шағын колхоз клубындағы концерт, композитор әнін тыңдауға  келген көрермендер сұхбаты, ат жарысы, ауыл базарынан түсірілген кинокадрлар  Шәмші ағаның туған жері  - қасиетті Отырардың қарапайым өмір сүріп жатқан еңбек адамдары еді.

Шәкеңді сол ауылда жатқан жерінен Алматыға алдырып, Совминның ауруханасына жатқызған  ақиық ақын Мұхтар Шаханов ағамыз болатын. Әйтпесе, тек коммунист шенеуніктер емделетін ауруханаға партияға да мүше емес, өмірінде компартияға жағымпазданып бір ән жазбаған Шәмші Қалдаяқовты кім жолата қояр дейсің?..

Фильмді монтаждау үсітіндемін. Ол кезде қазіргідей видео жоқ, кинопленкаға түсіреміз, оның да өз қиыншылықтары жетерлік, көп уақытты алады... Күнде жұмыстан соң Шәкеңе бір соқпай  кетпеймін, жаңа  газеттер апарып, фильмді монтаждау барысынан хабардар етіп тұрамын.

1991 жылдың 30 желтоқсанында Шәкеңді ауруханадан үйіне алып кетуге келдік. Отбасына барып жуынып-шайынып демалғанын қалады. Шәкең осы екі айда қатты әлсіреп қалыпты. Тіпті, әлсіздіктен өз аяғымен жүре де алмай қалған екен. Түсіру тобының салдырлап қалған ескі  «Кубань» автобусына дейін коляскаға отырғызып жүргізіп келем...  Шәмші ағада үн жоқ. Ауыр ой үстінде. Лифтімен үшінші қабаттан түсіп келе жатқанда: «Міне, осындай  күйге  түстік, қарағым», деп ауыр күрсінді Шәмші аға. Көп сөйлемеді.

Шәкеңді үйіне алып келіп, отбасының ортасында киноға түсіріп алудың сәті түсті. Ұлдары – Әбілқасымды рояльда, Мұхтарды скрипкада ойнатып түсіріп алдық. Екеуі де музыкант, консерватория бітірген.

Жаңа жылдың алдында композиторлар Шәмші Қалдаяқов пен Әсет Бейсеуовке «Қазақстанның халық әртісі» деген атақ берілді дедім ғой. Соны Шәмші ағаға айтқанымда:

-  Рахмет, елеп-ескергендеріне, - деп селқос қана айтты да төсегіне жантайып ұзақ үн-түнсіз жатып қалды.

Сағындырған Сахалин де, басқа да түсіруге жоспарланған эпизоттар сол арман күйінде қала берді...

Бір кездері Дінмұхаммед Қонаевтың Шәмші ағаға сыйға берген үш бөлмелі пәтерінде, Шәмші туралы фильмнің соңғы кадрлары түсірілген еді.

Үйдегі түсірілімді аяқтап, кетуге жиналып жатқанбыз. Үйден нан ауыз тимей кетіп бара жатқан жігіттерді байқаған Шәкең: «Жігіттер, сәл кідіре тұрыңдар», - деді де бөлмеге қарай бет алды «Шәке, әуре болмаңыз», - деп артынан мен де кіргем. Шәкең қалтасынан кілтін алып, бұрышта тұрған кішігірім теміржәшікті ашып, ішінен ертеректе шыққан бір бөтелке Мәскеудің айрықша ақ арағын алып, «Жаңа жыл келіп қалды ғой. Қасыңдағы ана жігіттерді сыйла», - деп маған ұсына берді. «Шәке, бұл жерде ішетін адам жоқ», - деп рақметімді айтып, сыйын өзіне қайтардым. Ал, Шәмші ағаның осыдан көп жыл бұрын Ақан серінің басына тәу етіп барып келгенінен соң тентек суды сап тиғанын Орекең кітабынан кейінірек білдім. Қайран, Шәмші аға, сол сәтте «Қуыс үйден құр шықпа» деген ұстанымды ұстап, пәленбай жыл пайдаланылмай жатқан шишаны жігіттерге сыйлайын дегені ме екен деп ойладым.

Сонымен не керек, фильмнің монтажын бітіріп, көшірмесін жасайтын цехқа тапсырдым. Дегенмен, көңіл шіркін көншімеді. Себебі, Шәкеңнің науқасына байланысты «айтылуы керек еді-ау», деген көп нәрселерді іске асыра алмадым... Тек қана Шәмші ағамды ірі планда, үлкен ой үстінде түсіріп алғаныма шүкіршілік еттім. Сол кадрларға қарап отырып, ол кісінің бетжүзінен, көз жанарынан өзі өмір сүрген уақыт табын сезімтал жүрек сезер деп ойлаймын.

Фильмдегібасты эпизодтардың бірі, Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әніне арналған. Ол әннің шығу тарихын киносұхбатта қысқаша баяндап берген еді.

1986 жылдың желтоқсан көтерілісі кезінде, мен Алматы көркем-сурет институтында оқып жүргенмін. Оқиға басталардан бір күн бұрын, 16-нан 17-не қараған түні жатақханадағы студенттер жанталасып ұрандар жазып жатты. Бір топ жігіт түн жамылып, қала жастарын алаңғашығуға үгіттеу үшін, қаладағы студенттер жатақханаларына аттанып кеткен.

Мен үшін желтоқсан көтерілісі осылай бастау алған еді. Студент жастар таңғы сағат сегізде ұрандарын ұстап, алаңға шықты. «Менің  Қазақстаным» әнімен рухтанып, мұздай қаруланған әскерлерге қарсы жан аямай қатты қарсылық көрсеткені көпке аян. Орталық алаңға жиналған  бостандық сүйгіш жастардың көзінен жас парлап шырқаған «Менің Қазақстаным» әні алаңды ғана емес, бүкіл әлемді сілкінткендей еді.

Кадрда: Қарт ана жалғыз өзі трибуна жанындағы тепкішекте отыр. Әжім басқан бет жүзінде қасірет табы көрінеді. Бұл ұл-қыздары жапа шеккен көп аналардың біреуі еді. Алыстан бүлдіршіндер хорының орындауында «Менің Қазақстаным» әні естіледі, ол бірте-бірте күшейе түседі. Экранда желтоқсан көтерілісінен көріністер өтіп жатыр. Бұл -  КГБ тыңшыларының жасырын түсіріп алған деректі кинобейнелері болатын.

Міне, қарта ана, жазықсыз жазаланған өрімдей жастардың көз жасы, жосадай болып қандары төгілген алаңда отыр. Құлағына шыңғырған сәбиінің дауысы есітілгендей. Ол орнынан әзер тұрып сылбып басып кетіп бара жатыр. «Менің Қазақстаным» жастардың орындауында күшейе түсті.

1992 жылдың ақпан айында кезекті кино түсіру қамымен бір аптаға жолсапарға шықтым. Ол жақта жүргенде де болашақ фильмнің тағдырына алаңдаумен болдым.

Іссапардан Алматыға келе жатып, пойыздағы радиодан қайран Шәмші Қалдаяқовтың қайтыс болғанын естідім. Екінші вокзалдан тура Ғабит Мүсірепов атындағы жастар театрына тарттым.  Халық көп жиналған екен, келіп жатқандар легі толассыз. Оңашада тұрмын. Көз алдымнан өзім көрген Шәмші ағаның бейнесі көз алдымнан кинодағыдай өтіп жатты. Мен Шәмші ағамен үнсіз қоштастым.

«Біз Шәмшінің дүнгендер ауылындағы осы тұрағынан соңғы рет 1991 жылы қыркүйек айының 30 жұлдызында аттандық. Ол гараждан шыға бере өз үйіне тінти қарап біраз бөгелді. Енді қайтып бұл тұрағына келмейтінін сезген секілденіп, көзіне жас алды.

- Қой, Шәмші, қапаланбай аттан. Құдай қаласа, бірер айда қайта ораламыз, - дедім мен.

-Дәм татайық, - деді Шәмші.

Сөйтті де, түкпірден бір дорба құрт алды. Маған бір уысын берді.

- Қалғанын қалтаңа салып ал. Кей кездері ермек қыларсың, - деді ол.

Оны күтірлетіп жеп қоятындай менде де қайсібір тіс бар дейсің. Сол құрт менің жан қалтамда ұзақ жүрді. Соны ауруханада жатқан Шәмшіге (25 ақпан, 1992 жыл) бердім.

- Ойпырмай, әлі сақтап жүр екенсіз ғой, - деді ол құртты қолына алып. - Әкеліңізші, бір тістеп дәм татайын, қайран ауылымды, айналайын апамды есіме алайыншы.

Мен сол сәтте Шәмшіге ауылдың дәмін соңғы рет таттырып тұрғанымды білмеппін. Бірақ, мұның бәрі кейін болды. Ал, қазір...

Шәмші гараж үйінен бірден аттанғысы келмей біраз бөгелді. Әр нәрсені сылтауратып, үй жағына қарай берді... Көзі жасаурап, тұтыға берді.

-Ореке олай-былай бола кетсем әжетіме жарар деп аздап жиған ақшам бар. Ол мына машинаның бір қуысында. Сол есіңізде болсын, - деді ол деміге сөйлеп.

- Қой, Шәмші, айтпа қай-қайдағыны! - дедім мен оған күш бергім келіп күшейе сөйлеп.

Бірақ, жүрек шіркін бір нәрсені сезді-ау деймін, дір ете қалды.

Шәмшінің соңғы тұрағынан біз осылайша аттандық. Қазір ойлап тұрсам, Шәмшінің мәңгілік көз жұмуына сол сәтте 149 күн қалған екен.

Уа, оқушым, егер сен Жамбылдан Алматыға баратын тас жолмен жүре қалсаң, шаһардан шыға берістегі дүнген ауылының бір шетінде, үлкен жолдың дәл езуінде тұрған бітпеген үйдің қаңқасын, оның қасындағы гаражды көресің. Сол гараждың бір бұрышында өз мекен-жайын, тіпті, жақын достарына білдіруге де намыстанып 17 жыл өмір сүрген қазақтың атақты композиторын есіңе ал! Сен оның дархан талантына басыңды и! Композитор деген дардай аты болмаса, бұл дүниеден көбіне көргені рахат емес, мехнат болған қазақтың аяулы азаматына сырттай болса да сәлем бер, табиғат саған Шәмшінің талантын берсе де, тағдырын бермеуін тіле, тіле, уа досым! «Арқалағаны алтын болса да, түйенің тамағы тікен» деп, атам қазақ қалай біліп айтқан, жамағат!». (Жазушы, драматург О. Бодықовтың «Шәмші Қалдаяқов туралы жыр» атты кітабынан үзінді).

Ұлы композитордың өмірінің соңғы айларындағы эпизодтардан осы үзіндіні келтіре кетуді жөн көрдім.Себебі бір айдан кейін келем деген қайран Шәмші ағаны осы күндері біз, кино түсіру тобы, Алматыдан Сахалинге алып кету үшін тағатсыздана күтуде едік.

Менің Шәмші ағамен кездесуімді Алла тағала композитор өмірінің соңғы айларына ғана  жазыпты. Ұлы адамның сол бейнесін мүмкіншілігім болғанша, қаз-қалпында таспаға  түсіріп  алып  қалуға тырыстым. Бірақ...Шәмші ағаның науқасына байланысты ойға алған мақсатым орындалмай қалды.

Шәмші аға, қайтыс боларынан бір күн бұрын, халін сұрай барғандарға, өзі туралы түсірілген  тұңғыш фильмді көргісі келетінін айтыпты... Олар болса мені іздеп студияға келеді, фильмді  сұраса, ондағылар көшірмесі дайын болмағанын айтып шығарып салыпты...Қайран, Шәмші аға...

«Қайран, Шәмші» фильмінің атын осылай атауымды жазушы Оразбек Бодықов өтінген еді. «Қайран, Шәмші» 1991 жылы алғаш түсірілген телефильмнің аты.

Астана. Зәулім сарайда композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына және құрметіне арналған үлкен концерт жалғасын табуда. 65 жыл халқының рухани азығына айналған Шәмші әндері қазақ ұлты барда, қазақ рухын шалқытып,асқақтата бермек! Концерт залында орнатылған үлкен лэдэкранда басында көк елтірі шапкісі, қарапайым костюмі, ойлана тартқан түтінді темекісі, өзінің қоңыр дауысымен жүрегін жарып шыққан әндерінің тарихы туралы айтқан әңгімесі.

Бұл өмірден қоңыр тіршілік кешіп өткен ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың кейінгі ұрпаққа азық болар кинодағы жалғыз бейнесі. «Вальс королі», «Ән падишасы» атанған Шәмші Қалдаяқов өзінің туған елі жаңарған, жаңғырған, Қазақстанының аспанында тәуелсіздіктің көк туы желбірегенінде лайықты бағасын алуда, ала бермек. Ал, Шәмші Қалдаяқовтың ұлтының жанын тербейтін рухани азығына айналған сазды әндері қазақтың өзіндей кеңпейіл жазиралы  даласында қызғалдақтай құлпырып, қарлығаштай шырылдап, ақ тұлпардай кісінеп әр жүректе  мәңгілік шырқала береді.

Тілеген Ахмет,

Режиссер

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Алашорда

Тіл жанашыры – Нәзір Төреқұлов

Бағлан Ташимов 2233
Білгенге маржан

Хилда Хукхэм. Ұлы қолбасшылар...

Бейсенғазы Ұлықбек 2109
Ақмылтық

Билік мыңқ етпеді

Ғаббас Қабышұлы 2477