Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 3049 17 пікір 16 Мамыр, 2023 сағат 12:50

Путиннің жалғыздығы...

Украина президенті Зеленский өткен сенбі, жексенбі, дүйсенбі күндері Еуропаның жетекші төрт елінде қысқа мерзімде сапарда болды. Нәтижесі ауыз толтырып айтарлықтай. Миллиардтап көмек берген мемлекет басшыларын айтпағанда, Рим папасының өзі Украинаның тілеуін тілеп отырғанын жеткізді.

Онымен салыстырғанда бір жыл бұрын ғана «әлемнің нөмірі екінші әскери державасы» деп әспеттелген Ресей президенті Путиннің күні нешік?! Былтыр да ел аралап, қыдырғаны шамалы. Саясаттанушылар «ресейдің артқы ауласы» санайтын Орта Азияда ғана болды. Онда да береке таппай қайтты. Самарқан саммитінде Үндістан үкіметбасы Моде: «Қазір соғыстың заманы емес», - деп бетіне айтса, Астана саммитінде Тәжікстан президенті Рахманов: «Сен бізге кеңес кезіндегідей қарауды қой», - деп заманның өзгергенін есіне салды.

Жаңа жылдан бері елден қарыс қадым аттап шықпады. Аттап шығу былай тұрсын, Халқаралық Гаага соты «соғыс қылмыскері» деп танып, шартсыз тұтқындауға үкім шығарды.

Жетім қыздың тойындай болып өткен Путиннің кезекті «9 мамыр» әскери парады да кеңес заманының келмеске кеткенін, құндылықтардың өзгергенін, держава ойынының ақырласқанын анық көрсетті. Кезінде фашизмге қарсы тізе қоса соғысқан 14 республиканың жартысының өкілі ғана қатысты. Оның алдында Маскеуге Қытай басшысы сапарлай келіп кеткен еді. Ол сапар Путин күткендей өзінің жеңісі емес, Қытай басшысының пайдасына жазылды. Кремль қожайыны Путиннің былтырдан бергі сыртқы өрісі осымен ғана шектеліп тұр.

Путиннің жалғыздығы былтыр Украинаға аталмыш «арнаулы операциясын» бастағанда елден ерекше көзге түскен. Өзінің қолбасшыларымен, Франция президенті Макронмен кезіккенде екі басы арқан бойы үстел қойғанынан-ақ бірден айқын байқалған. Оны сатып кетіп, шетелге бас сауғалағандар оның оқшауланып, ешкімге сенбейтін болған уақытын корона вирустың таралуымен байланыстырады. Бір рет ауырып тұрған соң орыс басшысы адамдардан бойын аулақ ұстау қағидасын берік ұстанған. Оның осы өзгелермен байланыста аралық ұстауы, ортадан оқшаулануы, анығында жалғыздығы өлшеусіз салдарға кіріптар еткен. Жүйеден осы жолғы соғыста да оңбай жеңілуіне әкеліп соққан. Зеленский сияқты ел арасында жүрмеген соң нақты фактімен санаса алмай, көзі көлегейленіп, ақиқи шындықтан алшақ, бір жақты, жеке дара шешімдер қабылдаумен болған. Қазірде өз әлемінен шыққысы келіп тұрған жоқ сияқты. Сыртқы және ішкі себептерде оған жар берейін деп тұрған жоқ.

Украина тарабы шығыс оңтүстікті қойып, солтүстігіндегі Ресейдің үш облысын нысанаға ала бастады. Орыс әскері жаулап алған төрт облыста дауалдар тұрғызып, жер қазып, мықты бекініс орнатып алғаны белгілі. Соны бес саусағындай білген украин стратегтері солтүстіктен шеп ашып, партизандық ұрыс салып, онсызда сарқылуға айналған Ресейдің әскери әлеуетін бір жолата құртпақшы.

Қызыл алаңда өткен Жеңіс парады Путинге аз кем уақыт болса да өзін оқшау еместей сезіндіргенімен, оның жалғыздығын одан ары үдететін түрі бар. Өз жерінен Украинаға соғыс ашуға рұқсат берген Путиннің ең адал қолдаушысы Лукашенко әлі ес жимай жатса, Орта Азия елдері басшылары бірі қалмай күні ертең Қытайға барады. Онда оларды Қытайдың орыстың да көз құртына айналған сауда келісімдері күтіп тұр.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

17 пікір