Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Тағайындау 3094 51 пікір 12 Мамыр, 2023 сағат 15:48

Жиын: Жазушылар одағы төрағасын сайлау қалай өтті?

Бүгін Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театрында Қазақстан жазушыларының кезекті XVI құрылтайы өтті. Жиынға республиканың әр өңірінен келген 538 жуық ақын, жазушылар қатысты. Құрылтай басталмас бұрын залға жиналған қауым 5 жыл ішінде өмірден озған қаламгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Жазушылар одағын 2018 бері басқарып келе жатқан ақын Ұлықбек Есдәулет Түркі дүниесі жазушылар одағының төрағасы болып сайлануына байланысты қызметтен кетті.

«Қазақстан Жазушылар одағының басшылығынан кеткеніммен, одақ мүшелігінен, әдебиеттен кетіп жатқан жоқпын. Қашан да өз қатарларыңызда қаламдас, үзеңгілес болып қала беремін. Қолымнан келгенше әдебиет жүгін арқалай бермекпін»,- деді Ұлықбек Есдәулет.

Одақтың экс-төрағасы 5 жылдан бері атқарылған шаруалар туралы есеп беру баяндамасын жасады.

«Жазушылар одағының мүшелерін жасартып, тамырынан жас қан жүгіртуге ұмтылдым. Жастардың жолын ашуға күш салдым. Ол үшін облыстық филиал басшыларының ұсыныстарына көбірек көңіл бөлінді. Жаңадан ашылған Түркістан, Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарында, Қонаев қаласында одақ филиалдары жұмыс істеп жатыр»,-деді Ұлықбек Есдәулет.

Жиында сондай-ақ Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, жазушылар Дулат Исабеков, Кәдірбек Сегізбаев, ақын-драматург Иранбек Оразбаев, Мәжіліс депутаты, ақын Қазыбек Иса және басқалар сөз алып, әдебиеттің толғақты мәселелеріне тоқталды.

Құрылтайдан соң басқарма жиынында жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мереке Құлкенов Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы болып сайланды. Одан басқа кандидат болған жоқ.

Сондай-ақ оның орынбасарлары белгілі болды. Төрағаның бірінші орынбасары болып ақын Нұржан Қуантайұлы тағайындалды.

Abai.kz тілшісі жиынға қатысушы бірқатар қаламгерден пікір алып көрді.

Анар Шамшадинова, ақын:

-  Жарыссөзге шыққандар бұрыннан осы одақтың төрағаларымен жұмыстас болып жүрген, осы төңіректе жүрген ағаларымыз. Аймақтардан келген немесе жаңадан мүше болған жастар тарапынан ешкім болған жоқ. Баяғы әңгімелер айтылған сияқты. Басқарма хатшылары туралы айтқым келіп тұр. Маңғыстау облысы бойынша, мені қосқанда, 4 адам басқарма мүшесі болдық. Бүгін төртеуміздің де фамилиямызды және бізден басқа да 7 мүшесі бар Маңғыстау филиалының бірде-бір мүшесінің фамилиясын естіген жоқпын. Тек қана одақ филиалының төрағасы болады дегенді ғана естідік. Дегенмен бұрынғы басқарма мүшелерінен бірде-бір адамның болмауы, әсіресе, аймақтардан келген, алыстан келген ақын-жазушылардың басқарма мүшелігіне енбеуі, олардың санын 100 адам деп шектеп қоюы, сондай-ақ жарыссөздің үстінде мынаны қосу керек, ананы ұмытып кетті деп, сол жерде отырып қосып отырғанын дұрыс деп есептемеймін. Алдын-ала жазылған тізім болса, оны одақ мүшелерімен ақылдасып шешу керек еді. Мен өзім бұл тізімнен қалыс қалдым. Одақтың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген қаламгер ағаларыма, әріптестеріме ешқандай айтар сыным жоқ. Дегенмен Нұрлан Оразалиннің кезінде одақтың жұмысы бұдан да қарқындырақ болды деп есептеймін.

Арман Әлмембет, жазушы:

- Болып жатқан сиез осыған дейінгі сиездердің ішіндегі ең тынышы сияқты. Бұрын бәрі «Оразалин кетсін» деген тілекпен келді ғой бұл жерге. Кинода «антагонист» дейді ғой жағымсыз кейіпкерді, бұл жолы жағымсыз кейіпкер кім екенін өздері де білмей қалған сияқты. Бәрі бір тарап болды. Бір байқағаным, жазушылардың дені осы инерциямен кете беруге бейілді екен. Сондықтан да бір өзгерістің сырттан келуіне бұл кісілер жол бермейді. Өздері соған риза, жалпы алғанда. Осыдан 10 жыл бұрын «мемлекет жазушыларға қамқорлық жасасын, мемлекет қарауына алсын» деген сөз сол кезде де айтылған. Сол сөз әлі айтылып жатыр екен. Ол болмайтын шаруа. Тәуелсіздік алған кезде «үкімет шығармашылық одақтардың ноқтасын сыпырып, бостандыққа жібере салды. Соны мемлекетке қайтарса екен» деген пікір айтылған. Адам керісінше ноқтаны сыпырғанға қуану керек. Мемлекет еркіндік беріп тұрған кезде, қуанып, жұмысты жүргізіп кетуідің орнына бұл кісілер қайтадан сол ноқтаға ұмтылды. Бұл сырт көзге өте бір сүйкімсіз нәрсе.Бірақ оны кімге айтып түсіндіресің?

Енді хатшылықтың рөлін күшейту керек. Қанша кіріс кірді, қанша шығын шықты, қандай жұмыстар жүріп жатыр? Хатшылық алдында тоқсандық есеп берілуі керек деп ойлаймын. Төрағаны бақылап отыратын деңгейге шығуы керек. Содан кейін Жазушылар одағы нарыққа жұмыс істеу керек. Мемлекеттен ақша алуды қою керек. Мемлекеттік тендерлерге, басқа жобаларға қатысқан күннің өзінде басқа қоғамдық ұйымдармен тең дәрежеде қатысуы керек. Одақты ерекшелеп, мемлекеттен жақсылық көрген сайын, үкіметке тәуелді бола түседі.

Нағашыбек Қапалбекұлы, жазушы:

- Бұл сиезді көптен күткен едік. Бұның ерекшелігі жиынның алдында жазушылар өте белсенділік көрсетті. Өздерінің ұсыныс-тілектерін алдын ала әлеуметтік желілерде, газеттерде жариялады. Бағдарламалар ұсынылды. Бұрын қанша сиезге қатыстым, бірақ мұндай белсенділік көрмедім. Бүгінгі жиынға келген делегатттардың пікіріне қарасам, бәрі де бүгінгі әділетті, жаңа Қазақстанға сәйкес Жазушылар одағының жаңаша құру жөнінде өз пікірлерін ұсынып жатыр. Бүгінгі сөйлегендер, баяндама жасағандар, арнайы келгендердің сөзі осы пікірге саяды. Бұл өте дұрыс. Бүгінгі қазақ әдебиетін жасаған егде адамдар. Сондықтан оларды ысырып тастауға, «бұлар қарттар, үлкендер» деп айтуға болмайды. Олар осы әдебиетке күш-жігерін жұмсағандар. Оларға құрмет керек, бірақ жастарды да ұмытпауымыз керек. Сондықтар ауыл-ауылдан талантты жастарды шақырып, осы жерде семинарлар өткізетін бағыттарды дамытуымыз керек.Бұл сиез жұмысты жаңа бағытқа өзгертеді деп кәміл сенемін.

 

Abai.kz

51 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3516