Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Арылу 2375 6 пікір 10 Мамыр, 2023 сағат 14:06

Дерусификация: Мемлекет - қазақтікі...

Бірақ, Ресейдің қызметінде жүргендейміз!

Ата заңымызда (Конституция) Мемлекеттік тіл -  қазақ тілі болған соң, алдағы уақытта мемлекеттік қызметке қабылданатын жастардан, осы тілде емтихан тапсыруды қалайда заңдастыру қажет. Онсыз болмайды.  Сонымен қатар, қазіргі мемлекеттік салада жұмыс жасап  жүрген  азаматшалар  мен азаматтарға жарты жыл уақыт беріп, аттестациядан өткізу жөн болары еді. Биліктегілердің санасы мен түйсігі жетсе, бұл әрекеттердің бәрі улттық идеология болып есептеледі және соған қадам басқанымызды аңғартады. Бұдан қорқатын ештеңе жоқ. 

Елдегі уақыты жеткен тағы бір өзекті нәрсе – онамастика саласы. Республика аумағындағы әрбір өлкенің құрамындағы елдімекендер мен аудан, қала, сондай-ақ, кейбір облыс орталықтары болып саналатын қала атауларын өзгертуді жылдамдату керек. Егер, жоғарғы биліктің шамасы келмесе, онда Мәжіліс және аудан, қала депутаттарына рұқсат етіп, солардың көтерген ой-пікірлерін қолдап, орынсыз жалтақтыққа салынбай, дер уақытында көмектесу керек-ақ. Бұған еліміздегі ешбір этнос өкілдері қарсы болмайды. Олардың тіпті, қақысы да жоқ. Ресейдің қабағына қарай беруді тыю қажет. Түрікмендер мен Өзбектер Красноводск пен Гагарин қаласын баяғыда өзгертіп тастаған. Ал, біз әлі күнге дейін жүрміз.

Сонымен қатар, біздің Қазақ мемлекетіндегі банктердің, әсіресе екінші дәрежедегі қаржы ұйымдарының атауы неліктен өзге тілд болып  келеді?! Мысалы айтқанда: «Хоум банк», «Forte  банк», «Freedom (Фридом)  банк» тағы басқа... Осыларды, мемлекеттік тілде атауға құдыретіміз   жетпей ме?! Біз Еуропа құрлығында тұрған жоқпыз ғой. Қазақстан - ұлттық  және азиялық мемлекет! Сондықтан, мыналарды соза бермей, өзгерту жөн болары еді. Тіпті, жасы үлкен  қазақтың қарттары мен қарияларының тілі де келмейді. Әрдайым, сөзін түзеп жүргеніміз!   Мысалы: «Хоум банкті»  -  Шаңырақ,  Жанұя, сондай-ақ, қайсыбір  банктерді: Алтай, Алатау,  Жетісу, Оқжетпес, тағы басқа қазақтың қасиетті сөздерімен және атаулармен атауға болары еді  ғой.

Бұл, әрине,  Қазақстан  Ұлттық Банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматовқа ескерту. Егер, реті келсе, жоғарыда айтылған банктердің және біз айтпаған өзге де банктердің тізімін қарап, атауларын мемлекеттік тілде қайта атау.

Сондай-ақ, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы туралы айтқым келіп отыр. Палатаның кәзіргі төрағасы Райымбек Баталов мүлде мемлекеттік тілде іс жүргізе алмайтын адам секілді. Бұл азаматты жамандайық деп отырғанымыз жоқ, кір де жақпаймыз. Дегенмен, бұл азаматты,  осындай жоғары дәрежеге көтеріп керегі жоқ еді. Қазақ мемлекетінде жүріп, мемлекеттік тілге жауапкершілігі жоқ адам, алдағы кезеңде қалай жұмыс істемек. Өзге ұлттың азаматтары қазіргі күннің өзінде қазақ тілінде сайрап тұрғанда, мынандай кадрлардың бізге керегі  қанша!  Мұндай кадрларды  жұмысынан босату  керек, әйтпесе, бұлар Мемлекеттік ұлттық идеологияны алға  бастырмайды. Ресейдің жерінде, солардың қызметінде жүрген адамдар сыйақты. Және тағы айтарым, мынандай кадрлармен біз еш уақытта ұлттық мемлекет бола алмаймыз! Біздің елімізге, тәжірибесі мен жауапкершілігі жоғары, сауатты да  білікті ұлттық мамандар керек!

Бейсенғазы Ұлықбек

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

6 пікір