Жұма, 29 Наурыз 2024
Талқы 2417 7 пікір 9 Мамыр, 2023 сағат 15:06

Ұлт болудың азабы...

№29. ҚХА және Ұлт құру


Менің кейбір әріптерім Қазақстан халқы ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» тақырыбындағы ХХХІІ сессиясы «Ұлт құру» ұранымен өткендігін жазады. Мен сессияға қатысқан жоқпын, әдетте шақырушы еді, осы жолы шақырмады.

Жалпы сессияны өткізу оңай емес, оған ұзақ уақыт дайындалады, сөйлейтін адамдар арнайы іріктеледі. Оларды бір ай бойы Астанға жинап, биік мінбеден сөйлеуге дайындайды: баяндаманың мына тұсында дауысыңды көтер, мына тұсында төмендет, мына тұсына келгенде Елбасына қарап көзіңді ойнатып былай деп айт т.б. Әйтеуір, Назарбаетың кезінде ҚХА сессиясы шоу форматында өтетін, қазір де солай шығар. Менің Сессияның қалай өткендігінде шатағым жоқ, қалай өткізсе солай өткізсін, бір жыл Үкімет үйінде қамалып отырған КХА күнделікті шаруадан мезі болып, осылайша бір шер тарқататын болар. Мені осы Сессияда «Ұлт құру» ұранының көтерілуі қызықтыралы және ойлантады. Маған өтініш айтқан әріптестерім де тарихшы және этнограф ретінде өз көзқарасыңызды білдіріңізші дейді, яғни оларға да осы ұранды талдау маңызды.

Ұлт құру

Ұлт құру - орыс тіліндегі нациестроительстьво сөзінің тікелей аудармасы. Бұл Совет кезеңінде ғылыми және көпшілік қолды әдебиетте айналымға енген ұғым. Біз ол кезде «түрі –ұлттық, мазмұны –социалистік» ұлт құрып жаттық. «Мазмұны –социалистік» деген сөз шартты деп есептеңіздер, шын мәнінде мазмұны – орыстық деген дұрыс. Мәскеу «орыстық» дегенді ең бақытты, ең тарихи, ең озық - тағы басқа ұғымдардың баламасы ретінде ұсынатын, біз, яғни ұлттық республикалар оны сөз жоқ қабылдайтынбыз. Сіз ұлттық республикалардың Совет кезеңіндегі гимдерін оқып қараңыз- бәрінде де адамзат көшінің соңында қалған біз сияқты халықтарды алға, бақытқа, болашаққа жетелеген «ұлы орыс халқы» бар.

Парадокс мынада еді: 1917 жылғы большевиктердің төңкерісіне дейін Ресейде бізді «отарланған халық», «туземецтер», «инородцы» деп, яғни әр нәрсені өз атымен атайтын, ал 1917 жылдан кейін орыстық совет үкіметі бізді іні, қарындас деп атай бастады, бірақ бір, не екі саты өзінен төмендеу, бөлектеу, жабайылау т.б. Міне, сол советтік кезеңде «түрі –ұлттық, мазмұны –социалистік» ұлт құру өте өзекті болды.

Бірінші рет бұл тақырыпқа аспирантураға түскен кезде ғана жақсылап көңіл аудара бастадым, оған дейін жұрт қатарлы ғана білетінмін. Бірінші курсқа түскен аспирантқа ол кезде жатақханадан орын береді. Үш адамдық бөлмедегі орнымды іздеп келсем бір маңғаз ағамыз отыр, заңгермін дейді. Бізде кезінде Құқықтану және философия ғылыми-зерттеу институты болатын, сонда докторантурада екен. Ол кісі жұмасына бір рет кітапханаға шығады да, бір боқша кітап әкеледі. Полиграфиялық сапасы жақсы, ақ қағазға басылған, қалың кітаптар,. Көпшілігі әр республикада жүріп жатқан «национально-государственное строительство», оның барысы және тәжірибесіне арнап Мәскеуде серия болып шыққан кітаптар.

Біз архив шаңын жұтып, іздегенімізді айлап таба алмай, қиналып жүреміз, кейбір керек кітаптар ОҒК- дан табылмай Межбиблиотечный абоненттегі қыздарға жалынып Мәскеу, Петербор, Омбы кітапханаларынан алғызамыз. Ағамыз болса кітаптарының беттерін ашып, қатар-қатар тігінен қояды да көшіріп жазады да жатады. Орысшасы нашарлау еді, біреуінен бір сөйлем, екіншісінен екі сөйлем алады-ау деймін. Ағамызбен анда-санда әңгімелесіп әкелген кітаптарын қарап қоямын, бірінен бірі аумайды, стандарт. Барлығы да өз тарихын 1917 жылдың Қазан төңкерісінен бастайды да, әрі қарай бесжылдықтармен жалғастырып кетеді. 1917 жылға дейін мемлекет, ұлт болды ма деген сұрақ бұл авторларды аса қызықтырмайды.

Ол кезде тарихшыларда Қазан төңкерісіне дейінгі тарих аздап бар еді. Бірақ біздікілер «Добровольное присоединение Казахстана к России» дегенді қойып, «Добровольное вхождение казахских земель к России-ге» көшкен ғой. Диссертацияның көпшілігі 01 шифрына, яғни КПСС тарихы және ол шифрмен қорғағандар маңғаз, біз сияқтыларға жолықса сен «колонизация» деген сөзді неге қолданасың, қара тізімге ілініп қалма деп ақыл айтады. Кейін көпшілігі азаматтық тарихтың маманы болып шықты, ал сол кездегі диссертацияларын көрсеңіз совоктың иісі мұрынды жарады.

Сонымен «ұлт құру» КСРО-ға алдымен одақтас болып енген, бірте-бірте кіші ұлыс қатарына түскен біздер сияқты елдерге ұсынылған идеологемма. Бұл идеологемманы біз қабылдадық, қабылдамағандарды қуғындадық, әлі де ұлт және мемлекет дегенді өзімізге қатысты мойындамаймыз, бәрін де жаңадан бастағымыз келеді. «Ұлт құрудың» ар жағында қазақ ұлтын, мемлекетті, ұлтшылдық және мемлекетшілдік дәстүрлерді мойындамау жатқанын оп оңай көруге болады. Ол мәселелерге келесі посттарда тоқталамыз

 

Жамбыл Артықбаев

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2277
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3594