Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Жаһан жаңғырығы 2606 15 пікір 3 Мамыр, 2023 сағат 13:17

Путиннің «бомбасына» АҚШ-тың жауабы

Былтыр 21 қыркүйекте «Әскерге ішінара жұмылдыру» үндеуінде қаһарына әбден мінген Владимир Владимирұлы аспаннан жай түскендей АҚШ бастаған Батыс елдеріне: «это не блеф!» деп, «соңғы ескертуін» жасады.

«Айтылған сөз - атылған оқ» екені рас болса, тұтас жер шары жоқ болудың алдында-ақ, тұрды. Алайда араға үш ай салып 2022 жылдың 7 желтоқсанында «Адам құқығы жөніндегі кезектегі бір отырысында» дәл осы сөзін кері қайтарып алған Путин: «Ресей ядролық қаруды бірінші болып қолданбайды, оған тек қорғаныс құралы ретінде қарайды», - деп арты бос екендігін көрсетті.

Ресей диктаторының бұлайша шұғыл ат басын бұруына не себеп болды? 2000 жылғы 2-ші шешен соғысы мен 2008 жылғы Грузияға қарсы ашқан соғысы сәтті аяқталып, 2014 жылы Қырым түбегін оп-оңай басып алған аюдың осы ретте айтылған сөзі қалайша оқ болмай шықты? Сол кезде бұл сұрақ біраз адамдарды мазалағаны рас. Тек АҚШ-тың бір топ саясаттанушылары ғана Путиннің: «Прошу прощения! На самом деле то, что я сказал, было блефом», - деп әлем алдында айтқанын жұтып қоятынын болжап білген екен. Себебі бойларын үрей билеген Батыс көсемдері аюға қарсы қандай да бір шара қолдану үшін, әуелі Гарвард унивеситеті т.б. білім ордаларына, «Құрметті политологтар, отанға қызмет етудің уақыты жетті, бұған сіздер не дейсіздер?» - деп қолқа салыпты-мыс. Сол кезде «ғалымдар» бір ауыздан Путиннің «ескертуін» қағаз бетіндегі бомбаға теңеп, «оның оғы атылмайды!» деп АҚШ президентін жұбатады.

Сұрақ: Ғалымдардың бұл сенімі қайдан пайда болды?

Ғалымдар тобы Ақ үйден міндетті алған бойда Лейтс-Джордждың «Операциялық кодексы» формуласына жүгіне отырып, әрі қарай Путин туралы терең зерттеді. 1951-1953 жылдары «Қырғиқабақ соғыс» басталып, АҚШ-тың құпия барлау мекемесі Иосеф Сталин және Саяси бюроның сыртқа сыр білдірмей, үлкен шешімдерді ылғи да перденің артында отырып жасайтынын байқап, енді «жаңғақты» қалай шақсақ екен деп бастарын қатырғаны бар. Ақыры, Натан Константин Лейтстің екі еңбегі «Саяси бюроның операциялық кодексі» («The Operational Code of the Politburo») (1951)  және «Большевизмді зерттеу» («A Study of Bolshevism») (1953 ж) көмекке келеді. АҚШ-қа сол елден қоныс аударып, кейін Американың ғылыми талдау мектебінің күрделі жаттығуынан өткен еврей ғалым «операциялық кодекстың» формуласын 20 тарауға бөліп, онда саяси көсемдердің мінездемесінен бастап, олардың шешім қабылдауға негіз болатын барлық атрибуттарын ашып береді. 1967 жылы осы негізде Александр Л. Джордж тұжырымдамасы «формулаға» жаңа ұғымдар енгізіп, «Операциялық кодекс: Саяси көшбасшылар және олардың шешімі туралы зерттеуде назардан тыс қалған әдістеме» (The «Operational code»: A neglected Approach to the Study of Political leaders and Decision-Making) атты еңбек жазады. Ол Лейтстың ұзын сонар 20 тарауын, 2 арна 10 тармаққа айналдырып, саяси көшбасшыларға жан-жақты сараптама жүргізуге негіз етеді.

Лейтс-Джордж формуласы «саяси көшбасшылардың» үлкен шешімге бару үшін екі арнадағы 10 ерекшеліктерін тексеріп білу керек дейді:

Философиялық бағытындағы 5 сенімдері

*Саяси әлем негізінен үйлесімділікте ме, әлде қақтығыста ма?

*Саяси құндылықтарды жүзеге асырудың перспективалары қандай?

*Халықаралық саяси арнадағы дамуына болжау жасай аламын ба?

*Тарихи үдеріске қаншалықты «басқару» немесе «ықпал» ете аламын?

*Тарихи дамудағы «кездейсоқтық» жағдайлар қандай рөл ойнайды?

А. бойынша толық сараптамадан кейін, Лейтс-Джордж формуласы саяси көшбасшының 5 инструменталдық өлшемдеріне назар аударады:

*Саяси әрекетті немесе міндетті таңдаудың ең жақсы тәсілі?

*Мақсатқа жететін ең тиімді жол?

*Саяси әрекеттің тәуекелділігі қалай есептеледі?

*Шараны ілгерілету үшін ең жақсы «уақыт»?

*Көзделген мүдделерді алға жылжытудың құралдары мен рөлі қандай?

Лейтс-Джордждың берген «формуласына» немесе әдістемесіне жан бітіру  үшін, кез-келген саяси тұлғаның бойындағы барлық қасиеті мен кері ерекшеліктеріне тоқталуға тура келеді. Осы орайда АҚШ-ғалымдары Путиннің тұлға ретінде оның ақпараттық кеңістігіндегі алуан тақырыпта сөйлеген сөздерін, сондай-ақ, оның жеке өмірі туралы толық мағлұмат алуға тырысқан. Олар әуелі 2014 жылы Украинаның Қырым түбегін басып алудағы дикатордың жасаған әрбір қадамына ден қойған. Путин әуелі Түбекке аяқ астынан «жасыл адамдарды» қаптатып, «олар Ресей жауынгерлері емес, біз олардың кім екенін де білмейміз!» деп әлемге  ақталған. Қырымды басып алған бойда барлығын ұмытып, Ресей телеарнасына шығып шапкісін аспанға атып, халқына мақтанып, істің жай-жапсарының әрбір деталына тоқталғанынан ғалымдар тобының түйген ойы «Бұл енді бұнымен тоқтап қалмайтыны анық!».

Осы оймен Путинді жақын жерден бақылаған маман тобы, Ресей 2021 жылдың аяғы 2022 жылдың басында Украина шекарасына әскерін орасан зор көлемде топтастырып жатқанын айтып, бірден Ақ үйге дабыл қағып, «соғыстың жақындағанын» ұқтырады. Мамандардың бұл жасалған қорытындысы АҚШ барлау мекемесінің қол жеткізген құпия деректерімен үндесіп жатқанын көрген АҚШ президетінің өзі мінберден әлем жұртшылығына «Ресей егемен Украина жеріне 2022 жылы наурыз айының басында басып кіреді» - деп, дөп басып жария еткен еді. Бірақ көп адамдарға бұл ауыл баласының ит-құстан сақтану туралы айғайындай естілді. Демек, АҚШ таяп қалған соғысты анық болжам жасай алған бірден-бір ел ретінде жаһан қауымының сеніміне ие болды. Ал, көбіміз аталған елдің бұлайша Мәскеудің жасар қимылының төбесінен осылайша дәл түсуінің себебін біле бермейтініміз анық. Ақ үйдің одан толық хабары болғандықтан, Путин 2022 жылы қыркүйекте «это не блеф!» деп батыс елдеріне сес көрсеткенде дереу мамандар тобына қайта қолқа салады.

Жоғарыдан тапсырма алған саясаттанушылар «Операциялық кодекске» қайта оралып Лейтс-Джордж моделіндегі большевиктер «қарсы жағы өзінен ірілеу болып, қарама-қарсы қатты келсе, бастапқы нысананың орындаламайтынына көзі жеткен бойда кері шегініс жасайды...», дегенін аңғарып, 1962 жылдың қазан айындағы Кеннеди-Хрущевтың ара айқасын еске алды. Ол кезде Кеңес одағы Кубада ақыры ядролдық қару қоймайтын болып, тез шегініс жасағаны әлі есемізде. Әуелі қарсы жақты үркітіп, қорқытумен басталған қозғалыс, мақсаты іске аспайтын болған соң, әп-сәтте-ақ шегініс жасаудың жолын қарастырған Никита Хрущевке қарағанда Путин өте қатігез. Ол «айтылған сөз - атылған оқ» ретінде, алған бетінен қайтпаса ше, деген қосымша сұрақ ғалымдар тобын тағы мазалады. Осы кезде сараптамада отырған көрнекті АҚШ ғалымдары «формуланың» саясат әлемінің көсемдерінің жеке өміріне назар аударуды ұмытпауға шақырғанын еске алып, Ресей диктаторының осал тұстарына ой жүгіртеді: Путиннің қабылдауында болған Эммануэль Макрон орынсыз ұзын үстелдің бір бұрышына отырғызылғаны; бұл күндері алыс-жақын сапарға Владимирұлы тек бронды пойызбен шығатыны; Алексей Навальныйдың әшкерелеуімен бізге мәлім болған оның Қара теңіз жағажайындағы зәулім сарайы мен Алина Қабаева екеуінің «махаббатасуы», сондай-ақ Путиннің қызы екеуі жер-жерге тыққан миллиардтаған активтері, т.б. диктатордың шалқып өмір сүріп жатқандығынан хабар береді. Ондай болса Путин өмірді өте жақсы көретін «нәзік жан» болғаны ғой, оның қалған диктаторлардан қандай айырмашылығы бар? Жоқ! Ол шындығына келгенде өте қорқақ адам. Бұл жасалған қорытындыларын Ақ үйге жеткізген ғалымдар тобы, өздерінің стратегтеріне Мәскеуге қарсы дереу «Батыстың еселенген қатаң ескертуін» жеткізуді сұрады.

Нәтижесінде, АҚШ президентінен сенімді телефон арқылы және ақпараттық кеңестікті пайдаланып Путиннің өзіне қысқа да нұсқа: «Украина жеріне тактикалық бомба лақтыратын болсаң, сені «Армагеддон» күтіп тұр», - деген хабарды жеткізеді. Міне, өзіне әу баста жау еткен, қорқытып аламын ба деп жүрген АҚШ-тың «шалынан» осындай үрейлі жауап келді. Осылайша араға үш ай-ақ уақыт тастап Путин «ескертуін» қайтарып алды деп жоғарыда жаздық. Осыны бақылауда ұстап отырған Батыс елдері енді батпаққа батқан Ресейді «болотаның» тереңіне қарай итеруге бел байлаған сияқты.  2023 жылы 20 сәуірде Киевке ат басын бірінші рет тіреген НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг аталған әскери одақ Украинаны өзінің толыққанды мүшесі ретінде құшағына алатынын ашық айтты. Әрі осы елді үздіксіз қарулармен қамтамасыз ететінін жеткізді.

Бұл қысқа мақаланың қорытындысы не?

Біріншіден, Путин «стратег емес, орайшыл (оппортунист) саясаткер!» «Көсем» ретінде ол баяғы Саяси Бюроның мүшелерінен айырмашылығы жоқ: екеуі де өткен күннің белгісімен болашаққа жолдау алады, жасаған әрбір «стратегияық» қадамы тек өткен күннің нұрына бөленіп, қол жеткізген жеңісін қайталауды армандай береді. Біреуге берген уәдесін табан астында бұза салу олар үшін түкке де тұрмайды. Әйтпесе 2009 жылы Путиннің өзінің қол қоюымен Ресей, АҚШ және Ұлыбритания Украинаның егемендігіне кепіл білдіргенін әлем ұмытпаған еді. Тіпті жақында ғана (2023 жылы 21 наурызда) Қытай КПС Ши Жинпинмен арадағы бірлескен коммюникиде Ресей өз тарапынан үшінші елге ешқандай ядролдық қаруды шығармайтын болып екі жақ уәделескен еді. Арты не болды? Шидың табаны Бейжіңге тиер-тиместен Мәскеу Беларусь топырағына тактикалық ядролық қаруын тұрғызатынын айтып хабар таратты.

Екіншіден, Лейтс-Джордждың зерттеуі СССР заманындағы Саяси бюро мен бас хатшыны негіз еткені, бүгінгі Путинді тұлға ретінде сол қалыпқа салып шығара салуға болады дегендік емес. Бүгінгі Владимир Владимирұлы саяси тұлға ретінде мемлекеттің  тізгінін  уысында ұстағаны, елінің тұтас мүддесінен  өзінің жеке арманын  жоғары қойып, және оған ешкімнің қарсы келе алмауында. Нәтижесінде «Путиннің Украинамен соғыс бастауының себебі – жеке реніші мен кек алу ниетінде» болғанын білдік, яғни аталған елге шабуыл жасауға шешімді 2021 жылы наурыз айында-ақ қабылдап қойған.

Үшіншіден, Батыста, әсіресе АҚШ-та «cаясаттану ғылымы/political science» мемлекеттің бағытына үлкен ықпал жасай алатын білім саласына айналғаны. АҚШ-та ғылымның бұл саласы XIX ғасырдың орта кезеңінде дами бастап, XX ғасырдың екінші жартысында баршаға әйгілі болды. Ол АҚШ-тың державалық деңгейін сақтап қалуға үлкен үлесін қосты, әрі зор құрметке ие болды. 1989 жылы Нью-Йорк Таймс газетінің бетінде Фрэнсис Фукуяманың «Тарихтың соңы» атты мақаласы жарияланғанын білеміз. Онда 1991 жылы СССР-дың түбегейлі құлайтынын болжап, пост-кеңестік заманда әлемде «жаңа саяси жүйе орнайды», деп шапкісін аспанға атады. Биполярлық идиялогияға бөлінген әлем Батыстың құндылығын негіз еткен бірполярлық саяси жүйеге айналады-мыс. 1992 жылы әуелгі мақала тұтас бір қомақты монографияға айналып, «Тарихтың соңы және соңғы адам» (The End of History and the Last Man) деген атпен басылып шығады. Әрине мұндай жүйенің орнатылуына қарсы шығатын күштің де молынан болатынын автор ауызға алғысы келмеген болар.

1996 жылы онымен келіспейтінін бірден білдірген Гарвард университетінің профессоры Сэмюэл П. Хантингтон ойын түйіндеп «Өркениеттер қақтығысы және әлемдік тәртіпті қайта құру» (The Clash of Civilizations and the Remaking of World Order) атты еңбегін жазды. Онда халықты келе жатқан басқа арнадағы  өркениеттер, оның ішінде Батыс пен мұсылман әлемі арасында үлкен қақтығыстың келе жатқанын ескертіп, дабыл қағады. Нәтижесінде 2001 жылғы 11 қыркүйекте Аль-хайданың АҚШ-қа жасаған террористік шабуылы, толық дәлелденген Хантингтонның тұжырымының,сондай-ақ, жалпы әлемге  өркениетте саясаттану ғылымының қаншалықты маңызды екенін аңғартты.

Қортынды: Путин не демейді шххха не жемейді; батыстың палитологтары болар іске болжам жасап олжалы болса, біздің саясаттанушылары болған іске талдау жасап қызылтанау болады.

Жігер Жанәбіл

Нью Вижн Еуразия орталығы

Abai.kz

15 пікір