Жексенбі, 23 Маусым 2024
Дат 2215 5 пікір 1 Мамыр, 2023 сағат 15:54

Ұранхаевқа айтар датым бар...

1997 жылы Семей облыстық мәртебесінен айырылып, Шығыс Қазақстан облысына қосылғанда, онсыз да атом зардабын тартып келген қала жұртшылығының көңілі қатты қапаланған еді. Заманында Алаш Ұлттық Жерлі Автономиялық Республикасының астана болған киелі мекеннің, ұлылардың кіндік қаны тамған, ілім-біліммен ағартушылықтың іргетасын қалаған қаланы Тәуелсіздікке қол жеткен кезде қысқартып, өзге облысқа тәуелді ету - халыққа оңай соқпады.

Тәуелсіздік алғанда өз тәуелсіздігінен айырылған Семейдің ел алдында жүрген зиялы қауымы мее қоғам белсенділерінің облыс орталығы мәртебесін қайтаруды сұрап, Үкіметке маза бермей келгені де шындық. Ел тілегі қабыл болып арада ширек ғасыр өткенде 2022 жылғы 8 маусымда Қазақстан Президентінің 2022 жылғы 4 мамырдағы Жарлығымен жеке Абай облысы құрылды. Бір-бірімізден сүйінші сұрап, балаша қуанып көзімізге жас алғанымызда күні кеше ғана. Облыс болып құрыла салысымен Семей қаласының ондаған жыл бойы шешімін таппай келе жатқан жаңа қала төлтаңбасы бірге қабылданып, оған екі қуандық. Абай атамыздың аруағы жебегені болар.

Осыған орай, Семей педагогикалық институтының, көркем-өнер факультетін бітіріп, ұзақ жылдар сызу, сурет пәнінен сабақ беріп, зейнетке шыққан ұстаз ретінде өз түйген ойымды ортаға салсам деймін. Айтар ойымның тақырыбы, жаңадан шаңырақ көтерген Абай облысына қабылданған брендбугіне қатысты болып отыр. Жаңа облыс болып ашылған соң, оның өнімдерін, туризім саласын, танымалдығын арттыру өзекті мәселе екені түсінікті. Дегенмен облыстың бетке ұстар төлтаңбасы деп табылған бренбугі қандай талғаммен қабылданғаны түсініксіз. Эстетикалық, көркемдік жағынан сапасыз жасалғаны бірден байқалады. Түсінуге ауыр. Ізденіс аз, қарабайыр дүние, білім мен мәдени ағартушылық жайлы түсініктемесіне мүлде сай келмейтіні байқалады. Бар қазақтың рухани мақтанышына айналған данышпан Абайдың есімін осыншама келеке жасауға кімдердің жүректері дауалап, дәттері жетті екен?! Өзге бір өнімдік атау болса сөз басқа еді...

Алайда туындаған мәселе Ұлы Абайдың есіміне қатысты болып отыр ғой. Мұны қандай комиссия қабылдаған? Және ол адамдардың бейнелеу өнерінен, руханияттан хабарлары бар ма? Көзі қарақты адамға қамыс қиықтарын еске салатын брендбуктің бір-бірімен қиылыспайтын, үзіліп қалып отыратын үш бөліктен тұратынында байқауға болады. Желіде пікір жазған адамдардың түгелге жуығы брендбукті қолдамады. Ағымдағы жылдың 4 мамырында құрылғанына бір жыл толатын облыс әкімдігі елдің талабына құлақ аспауды әдет қылған сыңайлы.

Мәселен, Ұлытау облысы халықтың сөзіне құлақ асып, жұрттың көңілінен шықпаған төлтаңбаларын бірден алып тастады. Маман ретінде, қамыстан құрап жасалғандай сүйкімсіз, көзге қораш брендбукті көрген сайын намыстанам. Тіпті ағартушылықты былай қойғанда, қарындаш шығаратын фабрика деуге ауыз бармайды. Семейдің дизайнерлерінің кәсіби деңгейі жоғары еді ғой. Алдыңғы толқын ағаларының талғамы осындай төменгі деңгейде болса, өскелең ұрпаққа қалай өнеге бермекпіз? Абай атамыздың есімімен аталған жаңа облыстың төлтаңбасына қазақтың даласындай кемеңгер ақынының бейнесін, облыстың ерекшелігін көрсететін бейнесін жасауға дизайнерлеріміздің қабілеті жетпеді ме? Байқауға қатысқан жобалардың арасында лайықты нұсқаларда болды. Деңгейі төмен жоба таңдалып алынғаны жанға батады. Комиссиядағы жауапты адамдардың жеке талғамы бар дегенмен, брендбуктің түсінікке жеңіл, көңілге қонымды болуы ескерілмеген. Брендбуктің «облысы» деген жазуы болмаса мүлде түсініксіз шимай болып шығар еді. Қала аэропортының маңдайшасындағы ұлттық сипаттағы «АВАІ» логотипі қазіргі облыстың қолданыстағы брендбугінен көш ілгері деуге болады. Абай облысының жауапты тұлғалары артық қыламыз деп тыртық қылғаны көзге бірден байқалады. Бұл облыстың танымалдығын, өңірдің беделін арттырады деп айтуға келмейді. Облыстық мәртебенің берілуін ел болып тіледік. Сондықтан оның әр игілікті бастамасына бей-жай қарай алмаймыз.

Көп жыл сурет сабағынан жас ұрпаққа тәлім-тәрбие берген ұстаз ретінде облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевқа айтар датым бар: "Құрметті Нұрлан Телманұлы! Ұлы ақынның есімін иеленген Абай облысын деңгейі төмен брендбук арқылы күлкіге айналдырмаңыздар. Қазіргідей заманауи жетістіктерге қол жеткен заманда брендбукті дұрыс таңдай алмағандарыңыз неткен өкінішті еді. Қазақ "айтпаса, сөздің атасы өледі" дейді. Данышпан Абайдың есіміне Абай болыңыздар. Абай атамыздың есіміне лайықты брендбук қабылдауларыңызды өтініп сұраймын".

Мұратбек Ағзашұлы,

суретші, зейнеткер ұстаз

Семей қаласы

Abai.kz

5 пікір