Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3401 0 пікір 2 Мамыр, 2013 сағат 09:14

Әбдірашит Бәкірұлы. «Империялық мүдделер» үстем еткен заманда Қазақстан қайтпек?

Іріткі іштен шықты

Тарихтағы барлық катаклизмдер: соғыстар, мемлекеттердің күйреуі, тарихта жойылуы - елдің ішкі дағдарысының және сыртқы саясаттағы әлсіздігіне байланысты. Сондықтан барлық тәуелсіз елдер өз мүмкіндіктерін дұрыс бағалай отырып, экономикасын дамытуға, мемлекеттік қуатын арттыруға, халықаралық беделін нығайтуға ұмтылады. Ол үшін сыртқы саясатты шебер жүргізумен қатар, оны ішкі мәселелермен де толық үйлестіріп отыру міндет. Яғни, мемлекетте тәуелсіздікке қауіп төнетіндей форс-мажорлық жағдай орнамауы тиіс. Мұндай іс «өмір деген алып мұхитта» (Абай) кемесін жарға соқпай жүре алатын майталман саясаткердің ғана қолынан келмек. Ондай саясаткер, біріншіден, барлық әрекетін ел мүддесімен ұштастырады; екіншіден, соның арқасында саясаткердің өзі де халқының тұлғасына, рухани символына айналады. Мысалы, бұрындағы қазақтың Асан қайғысы мен Абылайы, билері мен жыраулары, мұндағы ел басқарған Д.Қонаев, ұлы жазушы М.Әуезов, ақындар Қ.Аманжолов, М.Мұқатаев және т.б. осы биікке көтерілді. Өзге елдерден үнді халқының ұлы М.Гандиді, Д.Неруді атасақ жеткілікті...

Іріткі іштен шықты

Тарихтағы барлық катаклизмдер: соғыстар, мемлекеттердің күйреуі, тарихта жойылуы - елдің ішкі дағдарысының және сыртқы саясаттағы әлсіздігіне байланысты. Сондықтан барлық тәуелсіз елдер өз мүмкіндіктерін дұрыс бағалай отырып, экономикасын дамытуға, мемлекеттік қуатын арттыруға, халықаралық беделін нығайтуға ұмтылады. Ол үшін сыртқы саясатты шебер жүргізумен қатар, оны ішкі мәселелермен де толық үйлестіріп отыру міндет. Яғни, мемлекетте тәуелсіздікке қауіп төнетіндей форс-мажорлық жағдай орнамауы тиіс. Мұндай іс «өмір деген алып мұхитта» (Абай) кемесін жарға соқпай жүре алатын майталман саясаткердің ғана қолынан келмек. Ондай саясаткер, біріншіден, барлық әрекетін ел мүддесімен ұштастырады; екіншіден, соның арқасында саясаткердің өзі де халқының тұлғасына, рухани символына айналады. Мысалы, бұрындағы қазақтың Асан қайғысы мен Абылайы, билері мен жыраулары, мұндағы ел басқарған Д.Қонаев, ұлы жазушы М.Әуезов, ақындар Қ.Аманжолов, М.Мұқатаев және т.б. осы биікке көтерілді. Өзге елдерден үнді халқының ұлы М.Гандиді, Д.Неруді атасақ жеткілікті...

Тек халық емес, әлемдегі билік атаулы өз елінің қуатты болғанын қалайды! Бұған мысқылмен қараудың қажеті жоқ, себебі «ұлттық мүдде», «күшті мемлекет» - кез келген билік түрінің өмір сүруінің жалғыз шарты. Себебі мемлекетсіз (халықсыз - Ә.Б.) билік те болмақ емес! Алайда мемлекет дамуында «ұлттық мүдде» жеке мүдденің көлеңкесінде қалса, сөйтіп билік өзін мемлекеттен бөлек санап, барлығын «ақшаның күшімен сатып алуға болады» деген принципті қалыптастырса, онда мұндай мемлекеттің ғұмыры халықтың емес, осы билік түрін өмірге әкелген адамның ғұмырымен ғана өлшенеді. Ал бұл, әрине, өтпелі әрі өкінішті дүние... Мысалы, ХХ ғасырда өз елін тонаған диктаторлар аз болған жоқ. Бірақ олардың құрған «мемлекеттері» де олардың өздерімен бірге жойылып отырған.

Соған қарамастан әлемде мемлекеттер арасында «мәңгілік империялық үстемдік» үшін күрес үздіксіз жүріп жатады. Оған ұмтылған елдердің барлығы өзара бәсекелес бола отырып, геосаяси үстемдікке ие болуға тырысады. Әрине, ондай алып мемлекеттердің өз ішінде шешілмей жатқан шаруасы шаш етектен болуы мүмкін. Бірақ сонда да олардың сыртқы саясаты тек бір ғана - «геосаяси үстемдік арқылы өз елінің қуаты мен ықпалын арттыру» атты принципке бағынады. Ал ондай саяси амбициясы жоқ елдер, керісінше, ұтқанынан - ұтылғаны көп, тапқанынан - жоғалтқаны көп... Мысалы, табиғи және адами ресурстары қазіргі Қазақстанды «империялық мүддедегі» елдер қатарына жетелеуге жеткілікті еді. Бірақ біздегі «ішкі қайшылықтар» ондай мүмкіндікті жоққа шығарды. Керісінше, өзге «империялық елдер» өздерінің ішкі қайшылықтарын біздей «әлсіз» мемлекеттердің көмегімен шешіп отырудан бас тартпайтынын көрсете бастады. Оларға «сыртқы саясат» дегеніміз - «империялық мүдде». Ол туралы У. Черчилль «мен тек ағылшын мүддесін ғана білемін» деген... Бұл саяси принцип қазір де сол күйінде іске асырылуда. Мысалы, коррупцияға белшесінен батып, өз ішінде мәселелері шешілмей жатқан Ресейдің өзі де сыртқы саясатында «ресейлік мүддені» алға тартуын тоқтатқан емес. Оның аракідік өзі секілді «империялық мүддесі» бар АҚШ-пен текетіреске келіп қалуының да себебі содан, АҚШ-пен «парламенттік бейбіт соғыс» жағдайына көшуі де осының көрінісі.

Жалпы, «империялық мақсаттағы» елдердің өзге әлемге қатысты ұстанатын саяси және басқа әдістері мол. Бірақ ол туралы ең қысқа да нұсқа түрде Джон Перкинстің «Исповедь экономического убийцы» кітабында айтылған. Содан үзінді келтірейік, онда бұрын АҚШ-тың жалдамалы «экономикалық киллері» болып қызмет атқарған ол былай дейді:

«Біздің, американдық экономикалық киллерлердің, негізгі міндеттері - табиғи байлығы мол, немесе АҚШ үшін стратегиялық маңызы бар елдердің басшыларын қалай да торға түсіру болып табылады. Ол елдердің басшыларына керемет бір жобаларды ұсына отырып, бізге тәуелді банкілерден көп мөлшерде қарыз алуға көндіреміз. Осы жоба жүзеге асса - ол басқарып отырған мемлекет керемет көркейіп кетеріне сендіреміз. Егер біздің бұл ойымыз толығымен іске аспаса, онда олардың билеушілерінің өз халқынан жасырған байлығын, заңсыз әрекеттерін анықтап, халықаралық сот арқылы құрықтауға тырысамыз. Ақыр соңында тығырыққа тірелген басшыны қамқорлыққа алатынымызды ескертіп, оны тізгіндеп ұстауға қол жеткіземіз. Соңында ол біздің саяси, экономикалық және әскери талаптарымызды орындап отыруға мәжбүр болады...».

Әрине, мұны оқып шыққаннан соң әркімнің көкейінде: «Осында айтылғандардың барлығы бізге жақсы таныс секілді?» деген сұрақ туатыны анық... Дұрыс, оның жауабы бізге даяр: ол - осы көктемде көтерілген «Референдум сұрақтары» болып шығады...

Әрине, Джон Перкинстің бұл «жаназасын» тек АҚШ-тың әрекеті деп біржақты түйіндеуге болмас: әлемдік империялардың бәрі де осындай ортақ тәсілге жүгінеді және жерасты қазба байлық қоры азайған сайын, олардың қорқаулығы қаталдана түсуде. Қазіргі шиеленіскен геосаяси жағдайлар - осы «империялық текетірестердің» нәтижесі! Ал олардың «жаулап алу» әрекеті қашан да «өз қуатын дұрыс пайдалана алмаған», «экономикасы тәуелді», «ұлттық мүддесі қорғалмаған» және ең бастысы - «шикізат қоры мол» елдерге қарай бағытталған... Қазақстан барлық жағдайы бойынша «осы желдің өтінде тұрған ел» болып қалуда! «Әттең» демеске лаж жоқ... Себебі біздер алыстағы қолы ұзын АҚШ қана емес, екі бүйірдегі «империялық мүдделері» жоғары Ресей мен Қытайдың қыспағында тұрмыз. Бүгін тек Қытайға тоқталумен шектелеміз.

 

Қытай факторы

Қытайдың демографиялық қуаты - 1млрд 300 млн адамнан асады. Территориясы - 9560 мың шаршы км, әлемде Ресей мен Канададан кейінгі үшінші орында тұр. Геосаяси тұрғыдан орналасқан жері геосаясат орталығы болуға өте қолайлы. Бұрындары «Қытай экономикасы 2050 жылы ғана бірінші орынға шығады» деп болжанған еді. Алайда жақында ғана «ПрайсУотерхаусКуперс» халықаралық аудит компаниясы Сеул қаласында 2013 жылы 10 ақпанда өткен конференцияда:

 

  • «2017 жылы Қытай өзінің экономикалық дамуы жағынан АҚШ-ты басып озады. Ол кезде Қытайдың жалпы ішкі өнімі халқының тұтыну қабілетімен қоса алғанда 20 трлн долларға жетеді. Ал 2030 жылы бұл көрсеткіш Қытайда - 30,6 трлн, АҚШ-та - 23,4 трлн, Үндістанда - 13,7 трлн, ал қазіргі үшінші орында тұрған жапондар 5,8 трлн доллармен 4-орынға сырғиды» , - деп мәлімдеді.

 

Қытайдың валюта қоры - 91 млрд доллар. Бұл жағынан ол жапондар мен тайваньдардан кейінгі орында тұр.

Таяудағы онжылдықта Қытай экономикасы жыл сайын 7% өсетін болады. Бірақ оның ішкі мәселелері жоқ емес: мысалы, бала тууды шектеуге байланысты жылдар өте Қытай халқы «қарт ұлттар» қатарына қосылады. Сол кезде, яғни шамамен 2050 жылы, Қытай экономикасының қарқыны баяулай бастайды. Себебі қазіргі арзан жұмыс күшінің арқасында әлемдегі негізгі экспорттаушы ел болып отырған Қытайда жұмыс күші қымбаттайды. Сондықтан Қытай өндірісі мен тауарлары үнемі елдің ішкі сұранысын қанағаттандыруға мәжбүр болады - экспорт көлемі азайып, Қытай экономикасы «ішкі модернизация» фазасына көшеді. Сол себепті Қытай қазірден бастап өзінің артық өндірістік қуатын халқы тығыз, жұмыс күші арзан Вьетнам, Индонезия секілді елдерге қарай ауыстыруды бастады...

Бірақ шикізат қоры мол Қазақстан бұл тізімге ілікпейді, себебі Қазақстанда экономиканың әртараптануы «демографиялық әлсіз» елде жұмыс күшінің жетіспеушілігіне ұшыратуы мүмкін, әрі ең бастысы - Қытайға аса қажет шикізат импортын шектеуі мүмкін. Сондықтан Қазақстанға қатысты жоғарыдағы Дж.Перкинс айтқан тәсіл ғана тиімді болып қалмақ...

Шикізат қорын игеруде Африка елдері және Қазақстан Қытайдың ерекше назарында. Себебі қазіргі Қазақстанда өндіріс деңгейі төмен, жұмыссыздық жоғары. «Жұмысшы әулеті» дәстүрі өндірістің жойылуымен бірге келмеске кетті. Бұл - Қытайға кенеттен келген сый, таптырмас амал! Соны сылтау етіп, Қытай Қазақстандағы шикізат өндірісіне квотадан артық жұмысшы тартуды, қазақ жұмысшыларын теңсіз жағдайда ұстауды және басқа заңсыз әрекеттерін «маман тапшылығы» деген сылтаумен жүзеге асыра бастады. Бұл - Қазақстанның шикізаттан басқа бағытта дамуын шектеу және өндірісті «қытайландыруды» көздеу саясаты. Ал бұған «өзіндік амбициясы жоқ мемлекет» ашықтан-ашық жол беріп отыр. Олай болса, Қытай үшін Қазақстанның мәңгі-бақи шикізатқа тәуелді ел болып қалғаны қажет деуге болады. Сондықтан Қытай экономикалық экспансиясын шикізат көздерін өз қолдарына алу арқылы жүзеге асыруда. Ол үшін қаражатты аямай төгуде. Себебі империялық «мәңгілік мүддесі» бар елдер 40-50 жылдан кейін әлемдегі қазба байлық таусылатынын, құны да шарықтап кететінін біліп отыр. Қазірден бастап осы стратегиямен әрекет етуде. Ал мол байлықтың үстінде отыра, «қолы аузына жетпей» отырған мешеу елдер қазба байлықтарын амалсыз өткізіп беруде.

Бірақ әділетке жүгінсек, Қазақстан осы күйге түскен Африка елдері қатарында тұрмау керек еді! Себебі осыдан 20-25 жыл бұрын Қазақстан табиғи қуат жағынан, халқының сауаттылығы жағынан Қытаймен тең дәрежеде бола алатындай әлеуетке ие еді! Тәуелсіздік бізге сол әлеуетті одан әрі дамытуға мүмкіндік ашты... Алайда бодандық әсерінен «империялық айбынын жоғалтқан ел» болып қалғандықтан, біз ол мүмкіндікті пайдалана алмадық. Керісінше, біздің қазіргі кейбір әрекетімізге қарай отырып, біз туралы «бодандық қамытын іздеген ел» дегендей тұжырымға келушілер болуы мүмкін... Мәселен, осы уақытқа дейін еліміздің шикізат қорына иелік еткен АҚШ-тың, Еуроодақтың айтулы компаниялары Қазақстанға жаңа технология әкеліп, шикізат өндірісінен басқа саланы дамытуға үлес қоспауда. Біз армандаған «шетелдіктер келеді, зауыттар салады, олар өз инвестициясын (пайдасын) тапқан соң, зауыт өзімізге қалады» және т.т. әңгімелер босқа қалды. Қазақстан экономикасының шикізаттан басқа саласына енген инвестиция көлемі өте аз екені осыны білдіреді...

Әңгімеге қайта оралсақ, алып елге айналуға бет бұрған Қытайдың сыртқы саясаты мынадай принциптерге негізделеді: 1) Жаһанданудан туындайтын залалдың алдын алып отыру; 2) Сырттан төнетін экономикалық және саяси қауіп-қатерді болдырмау; 3) Ішкі саяси жағдайдан туатын қауіп-қатерді реттеу; 4) Әлеуметтік-экономикалық қатерлерді - яғни, адам санының өсуі, жұмыссыздық, денсаулық, оқу-білім және т.т. шешу; 5) Қытай идеологиясына төнер қауіпті болдырмау; 6) Қытайдың экономикасының халықаралық бәсекелестікке төтеп беру мүмкіндігін және оның да инвестициялық мүмкіндігін дұрыс бағалау, іске асыру; 7) Басқа елдердегі Қытайға қарсы пікірді ескеру, оның алдын алу; 8) Экономикалық дағдарыс кезінде Қытайға тиер зардаптың алдын алу.

Енді осы аталғандарды талдар болсақ, шынында да, дәл бүгін Қытайға АҚШ, Ресей, Еуроодақ, Жапония тарапынан тікелей төніп тұрған қатер жоқ екенін көреміз. Қытай олардан қауіптенбейді, бірақ мына мәселені ескеруге мәжбүр: 1) Қытайдың «Еуроодақ - АҚШ - Оңтүстік Корея - Жапон одақтастығы» секілді сенімді одақтасы жоқ екенін; 2) Ол елдер тарапынан, әсіресе соңғы кезде Ресей тарапынан бәсекелестіктің арта бастауын; 3) «Қытайдың әлемдік экономикадағы табысы коммунистік идеологияға қауіп төндірмей ме?» деген алаңдаушылықты. Бірақ бұл Қытайдың әлемдік экономиканың белді буыны болып қалуына кедергі емес. Керісінше, әлемдік экономикаға интеграцияланған сайын, Қытайдың өзі ондағы басты «ойыншыларға» қауіп төндіре бастайды. Ал бұл әлем тарапынан Қытайға қарсы бәсекелестік күресті күшейте түседі. Ендеше бұл «әлемдегі бірде-бір ел Қытайды «өз әріптесім» деп ешқашан да санамақ емес» дегенді білдіреді. Қытай барлық уақытта да оларға бөтен болып қала бермек. Тіптен шекаралас Ресей мен Ортаазиялық мемлекеттер де Қытайды «өзім» деп қабылдай алмайды... Олар да Қытаймен әрбір қадамын аңдып басуда. Реті келсе, өзара қатынаста қолданбайтын қысым түрін Қытайға қолдануға әзір. Яғни, пешенесіне осындай «мәңгілік жалғыздық» түрі жазылған Қытай өздерінің ішкі тұрақтылығының «сыртқы жағдайларға» тәуелді бола түскенін біліп отыр. Сол себепті ол оны қалай да - тіпті репрессиялық жолмен болса да - реттеп отыруға мәжбүр. Бұл факторлар - Қытайдың дамуын тежеуші факторлар. Осыны ескере келе, Қытай қазіргі авторитарлық социалистік демократиядан батыс үлгісіне жақын «нарықтық демократияға» көше бастауы мүмкін. Бірақ бұл қадам Қытайдағы жетекші Коммунистік партияға бәсекелес саяси күшті өмірге келтіре алады. Ендеше бұл да Коммунистік партия үшін «бас ауыртарлық» шаруа болып тұр.

Қытай - коррупциямен қатал күресуші ел. Бірақ елде «нарықтық демократияның» пайда болуы «ірі капиталдың билікке келуін» жеделдетуде. Ал капиталдың дендеп енуімен бірге осыған дейінгі «социалистік», не «нарықтық демократияның» орнына «коррупцияланған авторитаризмнің», немесе «коррупцияланған диктатураның» билікке келуі ғажап емес. Ондайлар билікке келсе, 1 млрд 300 млн халқы бар алып мемлекет әлеуметтік апатқа (жарылысқа) ұшырауы мүмкін. Ондай «жарылыс» өздері де коррупцияланған авторитаризмді бастан кешіп жатқан бірқатар көршілері - Солтүстік Корея мен Орта Азия республикаларына оңай тимесі анық. Тіптен әлем де одан қауіптенуде! Сондықтан Қазақстан да осы қауіптің алдын алуға, одан сақтануға қазірден бастап кіріспесе, ертең кеш қалуы мүмкін!

Қазақстанда ірі мұнай кеніштеріне иелік етуші Қытай компаниялары заң бұзуға жол береді. Оған коррупцияланған шенеуніктердің болуы да әсер етуде... Мысалы, өткен жылы Жаңаөзен оқиғасынан кейін, онда барған елбасы «мұнайшылардың талабын дұрыс» деді. Бірақ елбасының мұнайшылардың әрекетіне берген бұл бағасына дейін жергілікті билік бір жылдан астам уақыт бойы тек шетелдік компанияның «намысын жыртып» келді. Яғни, бұл қытайлық компанияның өз елдерінде ешқашан жасай алмайтын коррупциялық әрекеттерге Қазақстанда ешкімнен жасқанбай бара алатынын көрсетті. Оның үстіне бұл «Қытай өзге елдердегі стратегиялық маңызды қазба байлықты өзіне қарату жолында барлық астыртын амал-тәсілдерді қолданудан, қажет болса - сол елдегі коррупциялық ахуалды да кеңінен қолданудан бас тартпайды» деген қорытындыға жетелейді. Мінеки, бұны жоғарыдағы «экономикалық киллердің» жан айқайының жаңғырығы демеске лаж жоқ... Осыдан сақтанбасақ болмайды!

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ,

философ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 16-17 (192-193) 02 мамыр 2013жыл.

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2277
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3596