Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 2981 2 пікір 24 Сәуір, 2023 сағат 14:58

Патшалар тағдыры

(«Томирис» хикаятынан үзінді)

КРЕЗ*

Табанының астына кестелене төселген ағаш отынның жұқа жаңқалары желдің үрлеуімен түтіндене бықсып, бірте-бірте жана бастаған. Әп-сәт­те тұтанған жалынның сумаңдаған қызыл тілі лаулаған отқа ұласты.
Жалғанды жалпағынан басқан, айдарынан жел есіп, атақ-даңқы жер жарған айбынды патша, қаһарлы әскері дүйім елді қорқыныштан қалтыратқан Лидия елінің дәулескер билеушісі Крез, бүгін басын қасірет шалып, көкірегі қарс жарылуда. (айрылуда)

Күні кеше ғана қоршауда қалған елінің астанасы – Сарды қаласын барша елімен бірге жанталаса қорғасқан жолбарыс жүректі он төрт жауынгері – енді өзімен бірге қадаудай-қадаудай он төрт бағанға байланып, тірідей отқа қақталып, шыбын жандары шырқырауда.

– Өңім бе, мынау түсім бе? Сайқымазақ тағдыр, бұйра құмдақта құйрығын бұлғаңдатқан қырмызы түлкі ме едің? О, сұм дүние! Қайран дәурен! Дәл осылай абыройсыз аяқталарыңды біліп пе едім?

– Талай-талай қиын-қыстауларда меселімді қайтармай демеген, үмітсіз тығырықтардан жол көрсеткен, Аполлон, теріс айналып кеткенің бе? Не жаздым, саған? – Алаулап жанған аждаһа от­тың ыстық лебі денесін қарып, Крездің жан даусы шықты.

– Қайран Солон*, сәуегей Солон! Сенің астарлап айтқан сөздеріңе құлақ аспаған екенмін-ғой! Ақымақ басым, астамшылықпен мән бермеген екенмін-ғой! Қап, қап! Әт­теген-ай! Данышпан екенсің-ғой, сен Солон! О, құдайым! Қалай ғана адастым! Қалайша алжастым?

Қабырғаларына қаланған әрбір кірпіші, көшелеріне төселген әр тасы өзіне ерекше ыстық көрінетін, төрткүл дүниені тамсантқан Лидия патшалығының айбарлы да салтанат­ты елордасы – Сарды шаһары міне, көз алдында жермен-жексен күйреп жатыр.

Қаланың төменгі сағасындағы жыпырлаған жатаған үйлер лаулап жануда. Жоғарғы тұстағы Акрополь да аспандата тұтанған от жалынға шарпылып, үгітіле құлап жатыр. Айналаның бәрі қара қошқыл аралас қызыл өрт, көк түтін. Қаусай қиратылған үйлер, ғимарат­тар. Қан-жоса қырғын. Көшелерде таудай үйілген өліктер, ыңырсыған шала-жансар денелер.

Парсы жауынгерлері қолдарына түскеннің бәрін қиратып, қарсы кездескендерді найзаға іреп, лақтыруда. Жеңімпаз Кирдің* әскері шыр-пыр етіп, балаларын ажалдан алып қашқан әйелдерді де аяр емес, сәбилерін найзаларымен түйреп, өздерін қылыштарымен кескілеп, ойран салуда. Кезіккен қыз баланың қайсыбірін зорлап, зомбылық жасап, қайсыбірін шаштарынан сүйрелеп, арқанмен шырмай құлдыққа байлап, әуре-сарсаңға түсіруде.

Дүние астан-кестен. От-ойран, жандарына араша сұрап жалынған, құдайларынан сауға сұрай жалбарынған халық, жантәсілім берген адамдар.
Күні кеше ғана бұйра-бұйра толқындары шілденің аптабында жанға жайлы салқын самалымен қоса, елдің қазына-ырысына айналған алтын құмдақтарды да шайып әкелетін Тмола өзені міне, бүгін қып-қызыл қанға бөккен.

Әріректе құдірет­ті Кибелла құдайына арналып салынған храм да талан-таражға түсіп, от жалын құшқан.
Жаһаннамның жеті батпан азабынан бетер қасірет­ті көзімен көріп тұрған бұғаулы Крез патшаның денесін лаулаған от­тың кезекті толқыны шыжғырып өт­ті.

Осы жан түршігерлік оқиғаларды міз бақпастан үнсіз бақылап отырған Кир, орнына біреу шегелеп қойғандай қалт қозғалар емес. Крез патшаның салтанат­ты сарайының айрықша сәні болған алтындатылған мәрмар таққа бүгін өзі отырып, ғұмырлық мақсатына жеткендей, нығыздала түседі.
Ал Крездің жан дауысы шығып жатыр;

– О, Аполлон! Не жаздым саған? О, қайран елім, көз алдымда қан жоса қырғынға ұшырап, қынадай қырылғаның ба? Қайран бала-шағам, түп-тұқияным, қандыбалақ Кирдің пышағынан баудай түсіп, бауыздалып кете барғаның ба? Сарды, салтанатым, берекем! Әр кірпішін ыждаһатпен өзім қалаған, мәуелі бау-бақтары мен көгілдір майса гүлзарларын армансыз аралаған еңселі астанам! Талан-таражға түсіп, осылайша күл-талқан күйрегенің бе? О, құдайлар! О, Аполлон, не жаздым сендерге?
Күшейген жел уілдей түсіп, Крездің зарын еміс-еміс айналаға таратуда. Қыбырсыз отырған Кир оқыс қозғалып, Крездің сөздерін шала-шарпы естіп, ұмсына түсті. Айналасында – жапа-тармағай жайғасқан әскер басылары, шенді-шекпенділер, уәзір, кеңесшілер, жасанған жасақ, күзетшілер. Олар да патшаларының әнтек қимылын жіті бағып, өкпек желдің өтіне құлақтарын түрді.

Жанымен арпалысқан Крездің ешкіммен жұмысы жоқ. От жалын құшып, пышырлап жанып жатқан айналасындағы он төрт жауынгерінің қайғысы бәрін басып кеткен. Әлгі балғын бозбалалар ажал құшып, жан-тәсілім етерінің алдында естуге құлақ шыдамас ащы айқайға басып, шырылдап жылап жатыр. Жандарына сауға сұрай құдайларына жалбарынып, отпен арпалысуда. Сөйтіп, Крездің қасіретін одан сайын тереңдете түсуде.
Крездің ойына қапелімде Солон қайта оралды:
– Қайран дүние! Көзден бұл-бұл ұштың ба? Қадіріңді білмеп пе ем? Солон! Данышпан екенсің ғой? Бәрін алдын ала болжап, емеурінмен білдірген екенсің ғой! Қайран, Солон! Құдіретіңе сенбеген екенмін! Астамшылдықпен мойындамаған екенмін! Тәкаппар менмендік адастырған екен, менің сорлы басымды!

– Қайран, Солон! Сөзіңе құлақ астым ба? Бәле түртіп, ордамнан қуып шыққандай болмап па ем?

Желдің ағысы анық жеткізген Крездің соңғы сөздері Кирді елең еткізді. Айналасындағылардан мағынасын сұрап еді, ешқайсысы мардымды жауап бере алмады. Кир ашуға мініп, қолындағы асатаяғын сермеп қалды:

– Анау не деп сандырақтап жатыр? Біліңдер қане!
Айналасындағылар дүрліге жорғалап кет­ті. Бірақ адуын желдің екпінімен үдей бастаған от бет­терін шарпып, жақындатар емес. Тіпті Крездің айқайымен ұласып, өрши түскендей. Айтқанын істетіп үйренген Кир ақыра бұйырды:

– Өшір от­ты! Тоқтат! Жабылыңдар! Шығарыңдар, жұлып алыңдар, ана сорлыны сумақай ажалдың құшағынан!
Алайда, отқа аласұра шүйлігіп, жапатармағай өшірмек болған жасақтардың істері еш кет­ті. От одан сайын лаулап, Крездің жанын бұрынғыдан бетер шыжғыра түсті.

Крез жанұшыра ышқынып, ащы айқайға басты:
– О, құдайым! О, Аполлон, құтқара гөр, мына тажалдан! Мұндай азапқа салғанша, жанымды дереу ала гөр!

Кенет, Крездің жан дауысын көкзеңгір естігендей, аяқ астынан ала жел туып, аласуан дауыл гуілдеп, шатыр-шұтыр найзағай ойнап, ағыл-тегіл жаңбыр жауды. Дауылдың арты нөсерге ұласып, лаулаған от­ты әп-сәт­те өшіріп тастады.

Тумысынан ырымшыл Кир мұны өзінше түсінді. Крезді осыншама қатыгездікпен жазалаған ісін көктегі құдайлар құп көрмеді деп түйсінді. Сондықтан мұның пиғылына қарсы екендіктерін әп-сәт­те дауыл тұрғызып, шатыр-шұтыр найзағай ойнатып, нөсер төгіп, лаулаған от­ты өшіріп тастаумен білдірді деп қабылдады.

– Қане, алып кел, алдыма! Көйлекшең туған ер екен!
Лезде жандайшаптары дырылдатып сүйреп, Крезді Кирдің алдына жүгіндірді.

– Ал Крез, шыбын жаның бір ажалдан аман қалды! Дәм-тұзың әлі таусылмаған екен! Жалбарынған құдайларың араша түсті! Дегенмен әлгінде от жалынға қақталған тұсыңда, басыңа сауға сұрап кімді есіңе алдың? Ащы айқайыңның жартысын естісек, қалған жартысын жел ұшырып әкет­ті. Кімге жалбарынып, кімнен араша сұрадың? Ал айт, әңгімеңді! Бөліс бізбен! Пышағын жалаңдатып, төбеңнен төнген қасапшы Ажалдың шеңгелінен аман қалдың. Көңілің бір уақ орнына түссе, сырыңмен бөліс!

Крез маңайында тұрған сақшыдан су сұрап, оны қақала-шашала сіміріп, ұзақ-сонар әңгімеге көшердей сыңай таныт­ты.

– Е, жұлдызың оңынан туған Кир патша, сұм ажалдың сырықтай құрығынан кім құтылған дейсің? Талай дүниені тітіреткен жанкешті патшалар да, замана аужайын айнытпай болжаған ақылгөй даналар да уақыт құйынымен қаңбақ боп ұшып, келмеске кеткен жоқ па? Сен де, мен де бір күні сүйтеміз!
Осы кезде қырғынға ұшырап, тас-талқан қиратылып жатқан қаланың акрополь жағынан – опырыла құлаған кезекті ғимарат­тың, шыңғыра жасқанған халықтың айқай-шуы естілді.

Крез селк етіп, шошына сөйледі:
– О, құдірет­ті, жарты әлемнің билеушісі Кир патша! Мына көздеріне қан құйылған қаныпезер жауынгерлерің не масқара істеп жатыр?

Кир оқыс бұрылып:
– Қалай не істеп жатыр? Менің жеңімпаз баһадүрлерім сенің астанаң Сарды қаласын күл-талқан қиратып, дәулет-ырысыңды шайқалтып жатыр. «Дүние алма кезек» деген – осы!

Крез келіспегендей басын шайқады:
– Жоқ, Кир патша! Олар ендігі жерде сенің ырзығыңды шайқалтып, сенің дәулетіңді талан-таражға салып жатыр!

– Ажал құшағын қоян-қолтық құшқаннан кейін ақылыңнан алжаса бастаған екенсің! Ей, талайсыз сорлы, көзіңді аш! Мынау сенің астанаң Сарды қаласы! Анау қырылған халық – сенің халқың! – деп ақырды Кир.
Крез айылын жиған жоқ:

– Қателесесің, Кир патша! Бүгін сен жеңдің! Сенің Айың оңынан туды. Ырысты елімді бодандап, ризығымды шайқалтып, жерімді жаулап алдың! Олай болса, ендігі жерде Лидия сенің мемлекетіңнің бір пұшпағы, мынау Сарды шаһары – сенің ордаң! Ал оның тұрғындары қарамағыңа көшкен сенің халқың! Сондықтан анау ойрандалып жатқан менің емес, алдымен, сенің ошағың! Шайқалып жатқан сенің дәулетің! Таланып жатқан сенің жұртың! Пышақ үстінен үлестіріліп жатқан сенің қазынаң! Ал солай емес деп көрші!
Кир қапелімде не айтарын білмей қалды. Айналасына қызараңдай шаншылып, ашу үстіне мінді. Бірақ Крездің айтқанын жоққа шығара алмады. Оған қоса, осы уақытқа дейін Крездің де бақуат­ты ел басқарған айбынды патша, атақ-абыройы дүйім елге жайылған әйгілі билеуші екендігін есіне алып, сабасына түсті. Оның да түп-тамыры терең, осал еместігін мойындап, ашуын ақылға жеңгізіп, іштей бір мәмлеге келді.

Сөйт­ті де, қаһарынан сескенсе де жанында міз бақпай қас-қабағын аңдып тұрған қолбасшысы Гарпакқа гүр етіп бұйрық берді:
– Гарпак, тоқтат анау ойранды! Әскерлер қанжығасына осы байлағандарын қанағат етсін! Доғарсын, талан-таражды! Сабаларына түссін! Қостарына қайтсын!

Сол-ақ екен, Гарпак бастаған бірнеше қолбасшы әскерлерімен дүрліге көтеріліп, шаба жөнелді. Кир орнынан шалт қимылмен көтеріліп:

– Байқаймын, мынау сен қаламаған ойран жаныңа әбден батқан сыңайлы! Бақ-талай алдамшы! Ойсырай жеңілгеніңді мойындамасқа шараң жоқ! Мамыражай заманың, сайран салған күндерің келмеске кет­ті! Ендігі тағдырың менің қолымда! Мен шешемін, қалған дәм-тұзыңның мөлшерін! Жә, бүгінге осы да жетер! Апарып қамаңдар, Крез патшаны! Бірақ дәрежесіне сай болсын! Ертең жалғастырамыз, қалған әңгімені! – деді.
Кир кілт бұрылып, сарай төріне кете барды. Жасақшылар қолы бұғаулы Крезді қамауға алып кет­ті.

Гарпак бастаған бір топ әскербасылары қаланы талан-таражға салып, қырғынға бөктіріп жатқан жауынгерлерді тоқтатумен әлек.
Әлгі күзетшілер Крезді күні кеше ғана өзі маң-маң басып, маңғаздана аралайтын төл сарайының қараңғылау бір тұйық бөлмесіне қамады.
Таң алакеуімденіп атып, айнала Күн шапағына бөлене бастаған шақта хан сарайының мәслихат өткізетін үлкен, жарық бөлмесіне кешегі жұрт қайта жинала бастады.

Қолбасшылар, уәзір-кеңесшілер, бай-шонжарлар, басқа да шенді-шекпенділер төрдегі хан тағын айнала шоғырлануда. Бірнеше сақшы қол-аяғы кісендеулі Крезді жетектеп алып келіп, хан тағының алдына тізе бүктірді.

Сол-ақ екен, сән-салтанатымен малына киінген, бірақ түсі сұсты Кир кіріп, төрдегі тағына жайғасты.

Ал мәртебелі Крез, сөйле! Мынау бас шаһарыңды, еңіреген еліңмен қоса жер-топырақпен тегістеп жібере жаздап, ақыры, аман қалдырдық. Оған өзің де шырылдап ара түстің. Жә, делік, тумысынан тіл-құлағы кеміс, сақау балаңның да қысылтаяңда тілі шығыпты деп естіп жатырмын. Оған да шүкір де! Ал қабырға бәйбішеңді қорғай алмағаның, өзіңе серт! Он төрт күн қаланың бар қақпасын қымтап алып, пүшәйман тағдырларына мойынсынбай өлермендей қарсыласқан халқыңның кінәсі де бес елі. Әрине, алдымен, оларды сондай берекесіз тірлікке жетектеген сен кінәлісің!

 

Талай-талай қанды қырғындарда жүректері шайлықпаған менің сайыпқыран әскерім – тас қамал бөгет­терді талқан ғып бұзатын топан судан еш кем емес. Ол өзіңе таныс жәйт. Ұзақсонар текетірестен кейін, ақыры қалаңның бас қақпасын бел ортасынан қақ айырып, шаһар ішіне лап қойған сарбаздар, жолындағыны таудан құлаған тасқын судай жайпап, ешкімді таңдап, талғап жатпайды. Қайсысы жау әскері, қайсысы бай-шонжар, қайсысы ханның әйелі, әйтпесе, құл-құтан – оларға бәрібір. Кездескенін баудай түсіріп, бауыздай салады, не зорлық-зомбылық жасайды. Сондықтан қатын-қалаш, бәйбішең бе, әлде, құл-құтан-күзетшің бе, ашынған ашқарақ жауынгерлерімнің қолынан қаза тапса, ол – бұлтартпас соғыс заңы. Мәнісі өзіңе таныс. Талай қан майдан соғыстарда өзің де сөйткенсің.

– Ал мен сенің жаныңды алмайтын болдым. Түні бойы қабырғаммен кеңесіп, сондай шешімге келдім. Қасымда боласың, кеңес бересің. Кеңестеріңе құлақ асамын ба, аспаймын ба, менің шаруам. Әзірге осы сарайдан бір жәй табармыз, содан кейін бірге жүресің. Сен үшін алтыннан арнайы кілетке жасатып, соған салам да, бұралқы ит­тің күшігіндей мойныңа қарғы бау салып, қайда барсам да жетектеп алып жүремін. Бұған не дейсің?

– Не дейтіні бар? Қалған ғұмырымда мынадай дүние-тозақта тіршілік кешу маған да оңай болмас. Маңдайыма жазылғаны сол болса, көнемін де! Біресе жүзін, біресе түзін көрсететін сайқымазақ тағдырдың дегені болады да… Дүние алма кезек, Кир! Оны сен де ұмытпағайсың!

Кир кенет­тен қарқылдап күліп жіберді. Айналасындағылар қапелімде не болғанын түсінбесе де, қосыла күліп жатыр.

– Қарай гөр, далбасасын! Қол-аяғы кісендеулі болса да, маған айбат шегеді-ай, бәтшағар! Қыл үстінде тұрған сорлы тағдырыңның Аполлонның емес, мына менің қолымда екендігін ұмытпағайсың, Крез?! Ашуыма тие берсең, өзің таспалап шығарған қара бақырыңа да татымас шыбын жаныңды мәңгілік серуенге ат­тандырып жіберуден де тайынбаспын! Соны есіңнен шығарма! Әйтпесе, бақ тайған анау сормаңдай басыңды шауып алып, астанаңның бас қақпасының маңдайына қағып қоярмын, әлі! – Кир ашуға булықты.
Крез міз баққан жоқ. «Масқара боп, кешегі ата жауыңның басыбайлы құлына айналғаннан асқан не қасірет болушы еді?» дегендей, басын төмен салбыратып:

– Қайран, Солон, дана екенсің ғой. Сен жеңдің, мен ақымақ жеңілдім – деп, мұрнының астынан бірдеңелерді міңгірлеп, айналада болып жатқан оқиғалардың енді өзіне түк қатысы жоқтай, селсоқ тұра берді.
Кир сәл сабасына түсіп, Крездің күбір-сыбырынан кешегі беймәлім сырдың астарын түйсініп, ықыласын басқа арнаға бұрды.

– Иә, Крез! Кердеңдей бермей, жөніңе кел!
Крез есі кіресілі-шығасылы қалыпта басына түскен ауыр нәубет­тің себеп-салдарына жауап іздегендей өз-өзімен сөйлесіп тұр.

– Шіркін-ай, жаһанды жалпағынан басып жүрген жер жүзіндегі патшалардың барлығы, Солон, сенімен бір әңгіме-дүкен құрып, ақылыңа құлақ асса-ғой! Дүние-жалған дәл осылай ойран болып, тауы шағылмай бүтін болар ма еді?!
Кир манағы адуын көңілдің ауанынан шыға алар емес.

– Ал, Крез тәубаңа кел! Кеше лаулаған отқа тірідей қақталып жаның шырқырағанда, әлгі құдайыңды шақырып едің! Кім ол? Ажалмен арпалысқан сұрапыл шақта жанұшыра еске алған Солоның кім? Мен білмейтін ол қай құдай? Соның жәйін айт, одан да!

Крез, атышулы Лидияның айбарлы патшасы, бүгін қалың қайғы құшағында. Сапқа тұрса, жер қайыстырар қол жиған, есепсіз байлық иесі, дәулет­ті де әулет­ті билеуші саналатын Крездің бүгін басынан бағы тайып, барша қаһарынан да, қазына-қорынан да, сән-салтанатынан да жұрдай болып, әбден еңсесі түскен. Кирдің ойламаған жерден шапқындап келіп, аңдаусызда бас салатынына тіпті сенбеген еді.

Уақытында, сонау бағзы замандарда қалыптасқан үрдіс-ұстаным, ата-бабаларынан жалғасқан байырғы әдет бойынша қаперіне де ілмей кемсітіп, астамшылықпен қатарына қоспайтын Парсы мемлекетінің патшасы міне, бүгін оған әкіреңдеп, алдында нығызданып отыр.

«Япырмау, талай-талай табысты соғыстардан түскен қазына-байлықты сауғалап салып, мыңдаған тұтқындар мен құл-құтанды сабылтып тұрғызған мынау хан сарайының төріндегі алтын тағына шоңқиып отырып ап, бұған, Крезге, әкіреңдеп бұйрық беретінін қайтерсің! Сұм дүние-ай, зымиян екенсің-ғой!»

Заманында бүткіл Азия құрлығында ең құдірет­ті Ассирия, Мидия, Лидия, Вавилон, Египет секілді бес алпауыт мемлекет болса, соның бірегейінің патшасы болған, қашан да асығы алшасынан түсіп, жарты дүниені жаулап алған, есебі жоқ мол қазынаға кенеліп, күн түстес күмбездері аспанмен астасқан салтанат­ты сарайлар салғызған, алтын, күмістен бұрын-соңды болмаған теңге-тиындарды шығарып, ел ішіндегі, қала берді, бүкіл құрлықтағы басты-басты керуен жолдарының бойында ақылы қонақүйлер ашып, баж салығын тағайындаған, сөйтіп, байлығы еселеп артып, абыройы да атақ-даңқы да шартарапқа тараған сайыпқыран Крез, міне, қазір өзінің де, сол патшалығының да күл-талқан күйреу шағын басынан кешіріп отыр.
Әкесі Алиат­тан мұра болған патша тағын құдайлардың ерекше сыйы деп қабылдаған ол, жарғақ басы жастыққа тимей күндіз-түні тынбай шапқылап, көрші елдерді қорқыныштан қалтыратып, талай халықты қан-жоса қырғынға ұшыратып, бодан қыла басып алған. Талай-талай алынбас тас қамалдарды күл-талқанын шығарып қақырата қиратқан, жуан ортасында атышулы темір құрсаулы ат­ты кавалериясы жүретін даңқты Лидия әскерін құрған да осы Крез еді. Сол тегеурінді әскермен Азия құрлығының жартысынан астамын жаулап алып, Кіші Азиядағы тұғырлы грек қалалары: Эфес, Милет, Трояны да жаулап, бір жағы Қара теңіз, екінші жағы Жерорта теңізі, сонау «қызылөзен» Қызыл-Ырмақ; грекше айтқанда Галистің жағалауына дейін жетіп жататын алып мемлекет құрған Крез, бүгін тағдырына нала. Қайғы-қасірет­тің тұңғиығына терең батқан.

«Кінәлі кім? Алтын көрсе, жолынан таятын Дельфінің сәуегей көріпкелдері ме, әлде солардың далбаса жорамалына сенген менің ырымшыл ақымақ басым ба? Сондағы ұшан-теңіз байлық: саф алтыннан, таза күмістен құйылған қаншама ыдыс-аяқтар, сәнді бұйымдар, лағыл, асыл тастардан қашалған әшекейлер, қыруар қазына сыйласам да, Дельфінің сәуегей көріпкелі Пифия санымды соқтырып, алдап кетпеді ме? Көріпкелдік қасиетіне кінәратсыз сеніп едім-ғой! Алдап соғып, жеті батпан қасіретке батырғанына не себеп? Құпиясын өзіммен бірге көрге алып кетер ме екенмін?!»
Крездің санасы ынты-шынтысымен өткенге ауған. Көз алдынан қас қағым сәт­те бұлбұл боп ұшқан базарлы ғұмыры өткен сайын көкірегі қарс айрылады. Бірақ келмеске кеткенді қайтаруға дәрмен жоқ.

«Жоқ, бәріне өзім кінәлі, ырымшыл, кертартпа аңғалдығым кінәлі. Дельфі көріпкелінің айтқан жорамалын әлде бұрыс түсіндім бе? Ақиқатын дұрыс парықтамай қара басты ма, мені?! «Егер соғыс ашсаң, ұлы империяны қиратасың» деп хабар бермеп пе еді, көріпкел Пифия?! Иә, сондай сәуегейлік айтқан. Мен бұл хабарды ала сала соғысқа дайындала бастадым. Қол жинап, бағынышты елдердің ең тәуір деген жасақтарын алғызып, әскер түзіп, іле-шала Кирға қарсы соғысқа ат­тандым. Бүкіл дүниені асау екпінімен тітіреткен атақты «темірқұрсау ат­ты әскерім» алдында, қыруар жасақ қапталымда Каппадокияға шұғыл ат­танбап па едім?».

Әлгі көріпкелдердің тағы бір кеңесі бойынша Крез Спарта мен Афиныға тәжірибелі елшілерін жіберіп, нәтижесінде Спартамен парсыларға қарсы одақ құрып, Каппадокияда бірге майдан ашпаққа жолға шығады. Атақты Галис өзенінен өтерде асау сарқырамаға тап болып, Милет­тің данышпандарының бірі Фалестің ақылымен көлдің жарты суының бағытын бұрып, арғы бетке өте шыққан. Содан, парсыларға қарайтын Каппадокияның айналасындағы елді мекендерге қырғын салып, құт-берекетін қашыра бастады.

Кир да қарап қалмай, қалың әскерімен Каппадокиядағы Птерия қаласына суыт жетіп, Крездің әскерімен осы қала тұсында бетпе-бет кездесті. Крездің сенгені – атышулы ат­ты кавалериясы. Қабат-қабат темір-сауыт жасанған, сабы ұзын сумаңдаған найзаларын көз ілеспес жылдамдықпен ұршықтай үйіріп, қарсы келгенді мысымен де, сұсымен де қалтырататын ат­ты әскері еді.

Алайда, Кир айласын асырып кет­ті. Әскерінің барша азық-түлігі мен сауыт-саймандарын артып, соңынан үнемі еріп жүретін бура сан, қара нар түйелерін жүктерінен босатып, үстеріне жауынгерлерін қондырды да, алдыңғы шепке шығарды. Олардың соңынан жаяу әскерін, ат­ты әскерін, басқа да жасақтарын сапқа тұрғызып жауға лап қойды. Құйрықтарына байланған шыбықтары лаулай жанып, боздап, буырқана тапырақтап шауып келген түйелерді көрген лидиялық ат­ты әскер, қапелімде олардың ащы айқайынан, асау арынынан шошынып, бетпе-бет килігуден шегіне қашқақтаған кезде артқы лектегі жаяу әскермен соқтығысып, оларды баса-көктей таптап, нағыз сергелдеңге түсті. Кирдің әскері болса, осы оңтайлы сәт­ті ұтымды пайдаланып, аңтарылған жаудың есін жиғызбай, лек-легімен шабуылдап, лидиялықтарды бірталай қырғынға ұшырат­ты. Лидиялықтардың атақты темір құрсаулы ат­ты әскері майданға шешуші бетбұрыс әкелмек түгілі, бастығырылып, опат бола жаздады.

Әлқисса, парсылар мен лидиялықтар соғыстың алғашқы күні бірін-бірі бірталай шығынға ұшыратса да, ақтық жеңіске жете алмады. Содан ба, Крез түлен түрткендей бұзылып, Кирдің әскері сан жағынан да сапа жағынан да өзінен басым түсті деген үрейге беріліп, соғысты одан әрі жалғастырудан бас тартып, келесі күні кенет­тен еліне тартып отырды.

Мұндайды күтпеген Кир, лидиялықтардың басты күші – ат­ты әскерінің талқан болған түрін көрген соң, енді ақтық жеңіске жеткенше тоқтамауға бел буды. Сөйтіп, бір түнде үдере көшкен Крездің соңына түсіп, ақыры, Лидияның астанасы – Сарды қаласының іргесінен бір-ақ шықты.

Ал келе сала әскерінің негізгі бөлігін тарата бастаған Крез, өзінің кешірілмес бейқамдығынан Кирдің қақпанына мықтап түскенін кеш түсінді.
Амалы құрып, Спартаға шұғыл елшілерін жіберіп, қалған-құтқан әскерінің басын құрап, қала маңына жинақтай бастады. Сөйтіп, Сарды қаласының алдындағы шөбі аздау алаңқайға асығыс-үсігіс жинақтаған әскер қолын өзі бастап шықты. Жақында ғана екеуара сұрапыл соғыста көл-көсір төгілген қанның иісі әлі мұрындарынан кете қоймаған, нартәуекелге бел буған Кирдің қаныпезер әскері ақтық ұрысқа сақадай-сай дайын-тұғын. Аласапыран шайқастың тағдыры тез шешілді. Кирдің әскері Крездің әр тараптан зорға жинақтап үлгерген, бас аяғы шашыраңқы құру-шұру әскерінің әп-сәт­те тас-талқанын шығарды. Лидиялықтар ойсырай жеңіліп, жан сауғалаумен шегіне қашқан кезде, парсылар қанды сойқанды сала отырып, қалаға олармен бірге кірді.

Кир әскерлеріне Сарды шаһарын талқандап, талан-таражға салуына рұқсат берсе де, Крездің өз басына тимей, тірілей алдына әкелуін бұйырды. Парсы падишахы өзінің осы шешімінің дұрыс болғандығын кейін түсінді.
Қаланың көше-көшелеріне тасқын судай қаптап, өршелене шабуылдай кірген парсы әскері әп-сәт­те шаһарды тас-талқан етіп, от-жалынға орады. Ақыры Акропольға жетіп, оны да жермен-жексен қиратып, енді патша сарайын өртеп-тонай бастағанда ғана Кир – өзі жанын арашалап алып қалған Крездің берген алғашқы кеңесіне құлақ асып, жауынгерлерінің сойқан шапқынын тоқтатып еді. Соның арқасында қала түгел қирамай, жартылай аман қалды.
Дәл осы жолы күтпеген жерден таңғажайып оқиға болып еді. Хан сарайына баса-көктеп кірген парсы жауынгерлері көз ілеспес жылдамдықпен патшаның бәйбішесі мен оның айналасындағы құл-құтан, қызметші-күтушілерін баудай түсіріп бауыздап, енді Крездің өзіне бас салған тұста – тумысынан меңіреу-мылқау, ғұмырында тілі шықпаған жарымжан кіші ұлы қорқыныштан шыңғырып, айқайлап жіберген еді.

– Ол – Крез патша! Патшаға тимеңдер! – деп шыңғырып, бейшара мылқау баласы осынау қысқа ғұмырында өзегін тұңғыш жарып шыққан ащы айқайымен айналасындағылардың жанын түршіктірген. Сөйтіп, басқаны былай қойғанда, туған әкесі өмір бойы көзіне ілмей, тіпті ғаріп жанның бар-жоғын да есепке алмай, адам санатына қоспай келген сол кемтар баласы қысылтаяңда Крездің жанын аман алып қалған еді. Содан қаһарлы Кирдің қатаң бұйрығына сәйкес, парсы жауынгерлері Крезге тиіспей, Кирдің алдына жеткізген болатын…

– Иә, Крез паnша! Қалың ойға шомып кетіпсің, біздің сұраққа жауап бер!
Манағыдан өткен өмірін саралап, ой құрсауында теңселіп тұрған Крез селк ет­ті.

Солон

Әкесі Алиат­т елу жеті жыл патшалық құрған Лидияның алтын тағына мұрагерлік жолымен отырған кезде Крез отыз бес жаста болатын. Аз ғана уақыт­та көршілес елдердің бірқатарына табысты жорықтар жасап, мемлекетінің іргесін кеңейт­ті. Төрт құбыласын түгендеп, жан-жағын қымтап, керегесін бекіт­ті.

Ең алдымен, Эгей теңізінің жағалауында орын тепкен: ел аузында тараған аңыздарға сайса, іргетасын кезінде жауынгер амазонкалар қалаған, халқының саны жүз мыңнан астам, Антика әлемінің жетінші кереметі саналатын – Артемида храмы көркіне көрік қосып тұрған Эфес қаласын жаулап алды. Келбеті ай мен күнмен таласқан Эфес шаһарының ерекше даңқ-дақпыртын – сол қаланың тұрғыны саналатын, «дүниенің бастауы – от», «еш нәрсе бір орнында тұрмайды, бәрі – ағын» деп жалғанға жария салатын Гераклит секілді ғұламалары да аспандатып тұратын.

Крез келесі кезекте – батыс жағалауын Эгей теңізі шайып жатса, солтүстік аумағын Геракл шығанағы тұйықтап тұрған Иония полисінің жауһары – Милет шаһарына да ат басын бұрған болатын. Не керек, Крез сол даңқты жорықтарында аталған танымал қалалардан бастап, Кіші Азияның батыс бөлігін түгелге жуық тізе бүктіріп, мемлекетінің өрісін алтын құмдақтарға толы Галис өзеніне дейін кеңейт­ті.

Сөйтіп, Крездің атақ-абыройы шартарапты жайлап, оның дәулескер жаугершілігіне қоса, шексіз байлығы жөнінде де алуан аңыздар тарады.
Осы тұста дақпырты жер жарған ырысты Лидия еліне жан-жақтан: табыс көзін іздеген, жаһангерлік қызығушылықтан делебелері қозған талай саудагер-алыпсатарлардың есепсіз керуендері көш түзей бастады. Оған қоса, «жақсыны көрмекке» демекші, дүниенің түкпір-түкпірінен, әсіресе атышулы Эллададан әйгілі ойшыл, ғұламалар, сайыпқыран саяхатшылар да қатынай бастады.

Сондай айтулы жаһангерлердің бірі – афиналық заңгер, сарабдал саясаткер, ақын, философ, заманындағы Грекияның «Жеті данышпанының» бірі саналатын Солон да Сарды шаһарына қонақтап келген болатын.
Бастапқыда Крез Солонды жылы қабылдады. Атақ-даңқына сай сый-сияпат көрсет­ті. Елімен таныстырды, жетістіктерімен бөлісті. Тіпті бірнеше күн өткен соң, уәзірлеріне арнайы тапсырма беріп, қазына сарайының да есігін аштырды. Тау-тау боп жиналған есепсіз байлықтарын: інжу-маржан, алтын-күміс, асыл тастарын көрсетіп бақты.

Содан, Солонның қайтар шағында арнайы қонақ қылып, ас берді. Жеке қабылдап, дәмін алдына жайды.
Қабылдау барысында Солонның риза көңілін байқағаннан кейін көкейінде жүрген сауалын қойды:

– Ал қадірлі Солон! Сенің атақ-даңқың жер жарады деп естимін. Іргелі қайраткер, беделді заңгер, оның бер жағында ғұлама ойшыл ретінде Афиныға, оның халқына істеген қызметің ұшан-теңіз деседі. Халық айтса, әрине, қалт айтпайды. Соңғы жылдары жаһангерлік талабың ашылып, дүние шарлап жүрген көрінесің. Талай елді араладың, қисапсыз жандармен дидарластың. Көргені көп, өнегесі мол даналардың санатындасың. Олай болса, айтшы қане, – бұл дүниеде сәулетіне дәулеті сай, абыройы мен даңқы теңдес бақыт­ты жан бар ма? Болса, кімді атар едің?

Солон іркілген жоқ.

– Иә, патшам, ондай адамды білемін. Менің топшылауымша, ол афиналық Телл.
Крез қапелімде күтпеген жауаптан абдырап қалды.

– Ал онда айта отыр, неге әлгі Теллді дүниедегі ең бақыт­ты жан деп атадың?
Солон Крездің емеурінін түсінбей, ашық-жарқын ойымен бөлісті.

– Әлгі мен еске алған Телл өз елінің шынайы марқасқаларының бірі еді. Афинының ырысты шағында дүниеге келсе де, ғұмырында небір аумалы-төкпелі замандарды басынан кешірді. Соған қарамастан, көппен бірге шаңырақ көтеріп, үбірлі-шүбірлі болды. Іргесі кең, құт­ты отау құрды. Өмірінің береке-ырысына айналған қабырғалы әулетін, барша ұл-қыздары мен немере-шөберелерінің қатарын шашау шығармай, замананың асау толқындарынан аман алып шығып, баянды өмір сүрді. Отаны Афинаның жарқын болашағына өзі де, бүткіл үрім-бұтағы да табысты қызмет істеп, сыйлы, қадірлі әулет иесі атанды. Тіпті Афинаның Элевсин бағытына жасаған әскери жорығында қол бастап, айрықша көзге түсті. Жауды тықсыра отырып, сол шайқаста қаһармандықпен қаза тапты. Афина халқы оның көрсеткен қайратына сай, әрі елге істеген қызметіне ризашылығын білдіре отырып, үлкен құрметпен, мемлекет­тік деңгейде ақ жауып, арулап қоштасты. Сөйтіп, Телл мырза – өзін қадір тұтқан қабырғалы елінің, төрт көзі түгел үбірлі-шүбірлі әулетінің алдында абыроймен мәңгілік мекеніне жол тарт­ты.
Мұны естіген Крездің делбезесі бұрынғыдан бетер қозды.

– Ал, жақсы, солай-ақ болсын делік! Теллден кейін кімді атар едің?
Солонның бұл жолы да жауабы дайын боп шықты.

– Теллден кейін ең бақыт­ты жандар деп Клеобис пен Битонды атар едім. Аргостың осы қос тумасы шама-шарқыларынша дәулет­ті тұрмыс құрды. Ағайынды екеуі қара өгіздей қайрат­ты, сұрапыл күш иелері еді. Маусым сайын өтетін айтулы атлет­тік жарыстарда тірі жанға дес бермей, жүлденің бәрін жеңіп алатын.

– Сол тұста аргостықтар жыл сайын Гера құдайына бағыштап мейрам өткізетін. Әлгі қос ноянның аналары Гера құдайдың қадір-қасиетін дәріптейтін беделді дәруіштерінің бірі болғандықтан, оны мейрам кезінде храмға пәуескемен алып бару – қалыптасқан дәстүр болатын. Ал сол күні шаруа қамымен егістікте жер жыртып жүрген қара-ала өгіздері уақытысында үйлеріне келе алмай қалады. Содан әлгі екі жігіт аналарын пәуескеге отырғызып, күйменің барша ноқта-қамыт, саймандарын өздерінің иықтарына артып, Гера құдайдың храмына жаяу айдап әкелген екен. Аргостықтар олардың бұл тірлігіне әбден риза болып, аналарының құрметіне арнайы дұға бағыштап, осындай сәулелі перзент­терді дүниеге әкелгеніне ризашылықтарын білдірген екен. Сол тұста, жерлестерінің қошеметіне бөленген аналары Гера құдайдың құдіретіне салынған храмның ең қадірлі қызметшісіне айналыпты. Алайда, ағайынды қос батыр аналарының алдындағы перзент­тік парыздарын атқарғаннан кейін, сол храмда көз іліндіріп, демалмақ болған кезде дәм-тұздары таусылып, кенет­тен көз жұмады. Мұны көрген аргостықтар аңырап қалған кейуанаға басу айтып, құдайдан оның тілеуін тілеп, өле-өлгенше ыстық ықыластарымен бөлісіп, бұйырған дәм-тұздарын алдына тартып құрмет­теп өткен екен. Ал ағайынды Клеобис пен Битонды қасиет­ті Дельфінің әулиелерінің санатына кіргізіп, қалаларында ескерткіш-нышан орнатыпты.

Бағанадан бері Солонның ұзақсонар әңгімесін зорға тыңдап отырған Крез бұл жолы көкейіндегі өкпе-назын шыдамай ақтара салды.

– Солон! Қанша күннен бері құрмет­ті қонағым ретінде сый-сияпатымды көрсетіп, құшақ жая қарсы алып жатырмын. Өзіңді көпті көрген дана, дүниенің қыр-сырын таныған сұңғыла ойшыл, ысқаяқ саясаткер деп естуші едім. Апырмай-ау, сонда мына менің пақыр басымды, кемерінен асқан мынау бақ-берекемді – жаңағы өзің мадақтаған қарапайым жандардың санатына қосуға жарамағаның ба? Құрығанда солармен теңгермегенің бе? Бұл не жұмбақ? Бұл не сыр?

Әу баста, «дүниедегі ең бақыт­ты адам кім?» деген сауалын қойғанда, Крез ең алдымен өзінің қара басына мадақтар күткен еді. Солонға барша қазына-байлықтарын айқара ашып тастағандағы мақсаты да сол болатын. Дүйім елді аузына қаратқан атақты ақын, ғұлама ойшыл, айтулы саясаткердің аузынан мадақ сөздерін естимін бе деген есекдәме емеурін еді. Үміті ақталмады. Солон ондай пейіл білдірмеді. Тумысынан адам баласынан мұндай қайырымсыздықты көрмеген Крез бұлқан-талқан ашуланды.
Сөйтсек, Солонның жауабы дайын екен.

Крез! Өкінішке қарай, біз бір-бірімізбен түсінісе алмай отырған сияқтымыз. Маған келетін болсақ, рас, құдай қолдап, замананың талай аласапыран белестерінен сүрінбей өтіп келе жатырмын. Оған Афина халқына аз да болса жасаған адал еңбегім, шын ықыласпен төккен маңдай терім себеп шығар. Адам нені болса да пиғылынан таппай ма?
Ал мына дүние – шыркөбелек, өзгерімпаз емес пе? Адам баласының бір ғұмыры түгілі, замана ағысы, тіпті мәңгілік саналатын табиғат­тың өзі үздіксіз түлеп, жаңғырып отырмай ма? Сондықтан бүгінгі ризық ертеңгі тіршілікке де арқау болады деген қателік болады.

Сен менен – жалпы тіршіліктің баяндылығын емес, өз бақ-талайыңның бағасын сұрадың! Олай болса, айтайын. Менің пайымдауынша, адамның басы – жаратқанның добы, оның тағдыры – өзіне беймәлім ережелерге бағынады. Иә, есепсіз мол қазынаңды көрдім. Қараса, қиырынан көз талатын, талай-талай бақуат­ты елдердің басын құраған патшалығыңның көлемін де байқадым. Алдыңда құрақ ұшқан мың сан халықтардың көңіл-көкейін де сездім. Алайда, осы береке-байлықтың барлығын өміріңнің аяғына дейін аман сақтап, игілігіңе толық жарата алатыныңа кәміл сенесің бе?
Менің топшылауымша, қай пенденің болмасын өміріне, тағдыр-талайына, мейлі, ол қарапайым жан болсын, тіпті дүниені тітіреткен патша болсын, ғұмырының соңғы күніне дейін баға беруге болмайды. Соңғы демі таусылып, жалғанмен қоштасарда ғана оның тағдырының тұтас, толық ақиқаты ашылады. Баяндылығы, яки, бақытсыздығы әйгілі болады. Талай-талай жаһанды жалпағынан жайпап өткен, қаһарынан қан тамған айбынды патшалар да, бай-бақуат­ты шонжарлар, сайыпқыран жаһангерлер де уақыты келген кезде – аптапта ала құйын айдаған қаңбақтай бұл жалғаннан өте шыққан. Алдамшы тағдырдың ызғарлы желінің адам-пенденің қауақтай басын қалай қаңғалақтататынын өзің де талай көріп жүрсің. Сол әзәзілдің аңдаусыз жанға бақ-береке, өлшеусіз байлық-мансап сыйлап, кейіннен соның бәрін жалмап жұтып, жоқ қылып, құсадан жер жастандыратынын да жоққа шығармайтын шығарсың?! Сондықтан мынау байлық-ырысың асып-тасқан, үбірлі-шүбірлі әулетіңмен кемеріңе келе толысқан шағыңда мен сенің бақытыңның базарына баға бере алмаймын.

Тек, аумалы-төкпелі замана ағыстарынан солардың бәрін аман-есен, төрт көзі түгел алып шығуыңа тілектестік білдіремін, – деп, Солон әңгімесін қайырды.

Әрине, талай-талай жойқын жорықтарда сыйынған құдайлары меселін қайтармай бақталас жауларын да, аңдысқан дұшпандарын да ойсырата жеңген, есепсіз қазына-байлыққа кенеліп, атақ-даңқ пен билік құдіретіне әбден мойынсынған Крезге Солонның бұл сөздері ұнамады. Одан әрі сұхбат­тасудың жөнін таппай, салқын қоштасты.

Әлқисса, тірідей отқа қақталып, тағдыры қыл үстінде тұрған шақта Крездің есіне алған оқиғасы осы еді.

(Геродот­тың шығармаларының желісімен)
* Крез – Лидияның соңғы патшасы, б.з.б. 595–546 жж.
* Солон – Афинаның (Ежелгі Грекия) саяси қайраткері, философ, реформатор. б.з.б. 640–559 жж.
* Кир – Кир II, «Құрыш», Ахеменидтер әулетінен шыққан парсы патшасы. Туған жылы белгісіз, – б.з.б. 530 ж.

 

Ермек Аманшаев

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3544