Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Әне, көрдің бе? 2610 22 пікір 20 Сәуір, 2023 сағат 14:08

«Үштік газ одағы»: Қазақстан Ресей үшін «тұрып бере» ме?

Сәуір айының 14-і күні ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған қазақстандық делегация Самарқанд қаласында өткен ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысқан еді. Сол аралықта Ресей, Қазақстан және Өзбекстан газ одағын құруды қызу талқылапты. Мұны ТМД СІМ қорытындысы бойынша өткен брифингте Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров мәлімдеді.

«Өзбекстан, Ресей және Қазақстан арасындағы газ одағы барлық қатысушыға тиімді», - деді Лавров. Оның сөзінше, ТМД СІМК отырысы барысында газ одағының мәселесі талқыланбаған. Себебі аталған жайттың ТМД-ға тікелей қатысы жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың қараша айының соңына таман ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге ресми сапары кезінде Путин «Үштік газ одағын» құру идеясын айтқан болатын. Ол Ресей газын Орталық Азия арқылы Қытай нарығына шығармақ ниетін ашық жеткізген. Ал Қазақстан Мемлекет басшысы елге оралғаннан кейін екі күн өткен соң бұл идеяны қабылдамайтынын мәлімдеген еді. Содан соң сол кездегі ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов та газ одағын құру мәселесін талқыламағанын жеткізді. Өзбекстан да Кремльдің жобасынан бас тартқанын хабарлады.

Ресей СІМ басшысының орынбасары Михаил Галузин 26 желтоқсанда ТАСС-қа берген сұхбатында: «Үштік газ одағын» құру идеясы Ресеймен қатар, біздің әріптестеріміз – Қазақстан мен Өзбекстанның да қызығушылығын тудырады. Осы саладағы өзара іс-қимыл энергетикалық қажеттілікті, халықтың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы мен әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін қажет.

Өзбекстан Республикасының жобаға қатысу, қатыспауына келер болсақ, президент Путин 9-желтоқсанда Бішкекте өткен ЕАЭО Саммиті аяқталғаннан кейін, баспасөз мәслихаты барысында ықтимал энергетикалық альянс құру бойынша жұмыс басталғанын атап өтті. Ресей серіктестері осы бағыттағы бірлескен іс-қимылдарға дайын. Идеяны жүзеге асыру үшін ешқандай маңызды кедергілер жоқ», – деген еді.

Ал биыл қаңтардың 11-і күні Үкімет отырысынан кейін премьер-министр Әлихан Смайылов БАҚ өкілдерінің сұрағына: «Қазіргі уақытта үш жақты газ одағын құру бойынша ресми ұсыныс алған жоқпыз. Алған кезде оны қарастыра жатармыз», – деп жауап берді.

Айпара әлем алдында абыройдан жұрдай болған көршіден ұсыныс түсіпті ақыры. Кремль үшін санкциялардан айналып өтуге тиімді «Газ одағын» құру мәселесі қызу талқыланып жатқан екен. Мұны РФ СІМ қуана-қуана хабарлады. Енді Лавровтың сөзін желеу етіп, Үкіметке сұрақ қойсақ болатын шығар: «Газ одағын» құру Қазақстанға несімен тиімді? Бұған дейін Ресей, Қазақстан және Беларусь арасындағы кедендік одақтан еліміз не ұтты, неден ұтылды? Ал Еуразиялық экономикалық одақтың қызығын Ресейден басқа қай ел көрді? Бұл бастама табанының бүрі жоқ солақай көршіміздің соңынан экономикалық вакуумге бастайтын төте жол болмас па екен?

Асылан Қуанышұлы

Abai.kz

22 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3516