Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4248 0 пікір 1 Қыркүйек, 2009 сағат 03:43

Айбын АҚПАТША. «Мұқаң тірі болса, не дер еді?...»

Орыс композиторлары А.Ахматова, М.Цветаева, Е.Евтушенко сияқты ұлы ақындарының өлеңдеріне ән жазып, олардың онсыз да биік тұғырларын одан сайын асқақтатқаны мәлім. Мұндай құрметтен қазақ ақындары да құралақан емес. Қазақ поэзиясындағы Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Мұхтар Шахановтардың әнмен өрнектелген өлеңдерін топтастырса, әрқайсысы бір-бір кітапқа жүк болары анық. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың аударманың албарына сыймайтын асау жырларына ән жазып, талғампаз тыңдармандардың талап үдесінен шыққандар да аз емес.

Орыс композиторлары А.Ахматова, М.Цветаева, Е.Евтушенко сияқты ұлы ақындарының өлеңдеріне ән жазып, олардың онсыз да биік тұғырларын одан сайын асқақтатқаны мәлім. Мұндай құрметтен қазақ ақындары да құралақан емес. Қазақ поэзиясындағы Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Мұхтар Шахановтардың әнмен өрнектелген өлеңдерін топтастырса, әрқайсысы бір-бір кітапқа жүк болары анық. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың аударманың албарына сыймайтын асау жырларына ән жазып, талғампаз тыңдармандардың талап үдесінен шыққандар да аз емес.

Бұл орайда, «Сарыжайлау», «Дариға, домбырамды берші маған», «Сөнбейді, әже, шырағың» сияқты тамаша әндердің авторы Нұрғиса Тілендиевтің еңбегі бір төбе. Фариза Оңғарсыноваға арналған өлеңді оқшау көрсеткен Әбиірбек Тінәлиевке де, «Сәби болғым келедіні» домбыраның шанағында өксіткен Тұрсынғазы Рахимовқа да ән сүйер қауымның алғысы шексіз. Сол сияқты, «Есіңе мені алғайсың» Мұқағалидың төрт томдығындағы мықты өлеңдердің бірі ғана болып қалар ма еді, егер Елена Әбдіхалықова оған ғажап ән жазбағанда?! «Тоқта, ботам, атаң келеді артыңданы» боздатқан Сәбит Оразбаевтың дауысы да баршаның көкірегінде жатталып қалды. Басқа бірде-бір әнші осы әнді дәл Сәбит Оразбаевтай әсерлі айта алмайтын сияқты. Классик ақындардың шығармаларын тірілтіп жүрген композитор Қалдыбек Құрманәлі де «Қариялар азайып бара жатырды» жаңа белеске көтергені анық.
Бұрындары Мұқағалидың жырларына мүйізі қарағайдай мықты композиторлар ғана ауыз салатын. Соңғы жылдары ақиық ақын есімі елге елеусіз жас әншілер мен әуесқой композиторлардың да «кәдесіне» жарап жүр. Алайда, кейбіреуін тыңдап отырғанда көкейіңді «Мұқағалиға ұрынбай-ақ қойғаны дұрыс еді!» деген наз түрткілейді. Тіпті, «Көтере алмайтын шоқпарды беліне байлағандарға» күйінетін сәттерің де көп.
Мәселен, қазақ эстрадасында жаңадан пайда болған бір топ «Жалаңаяқ қыз» атты әнді орындап жүр. Әнді тыңдап отырып, Мұқағалиды аяйсың. Орындаушылардың кәсіби өрелерінің таяздығына, жауапсыздығына қапаланасың. Әнші жігіттер «жалаңаяқ, жалаңаяқ» деген бір сөзді жүз рет қайталаған кезде, өлең барлық қуатынан айырылып, бүгін бар, ертең жоқ қарадүрсін әндердің біріне айналатындығына амалсыз иланасыз. «Жалаңаяқ қызды» ақынның кітабынан оқып отырып, жаңбыр астында қалған құлын мүсінді арудың суретін елестетуші едік. «Көктен тамшылап тұрған лирика осындай-ақ болар!» деп тамсанушы едік. Ал әнде осы сиқырлы әсерді ұшты-күйлі жоғалтып алғанда жүрегіміз ауырды. Құр даңғырлаған музыка, секектеген жігіттер. Ұлы ақынды қорлаудың бір мысалы осы деуге болады.
Мұқағалидың «Аңса, жаным» атты өлеңіне жазылған әнді осыдан бірнеше жыл бұрын Бақыт Шадаева үлкен сахнаға алып шығып еді, қазір тыңдармандар оны ұмытып та қалды. Себебі, сазының деңгейі сөзінің өресінен әлдеқайда төмен жатыр.
Мұқағалидың ең алғаш қазақ оқырмандарына жарқ еткізіп танытқан өлеңі - «Өмір сүрейік алмасып». Индира Расылхан оны «Аққайың» деген атпен шырқайды. Шынын айту керек, «Аққайыңды» ән ретінде қабылдау қиын. Мұңлы музыка мен әншінің зарлы дауысы мәтіннің қырық қатпарын аша алмаған. Мұқағалидың сөзіне жазылған өзге әндерді ыңылдап айтып жүрген адамдарды кездестіріп жатамыз. Бірақ, Индира Расылханның орындауындағы шығарма туралы олай дей алмаймыз. Себебі, «Аққайыңда» ән жоқ, тек баяу, мұңлы ритм ғана бар.
Жаңа әндердің бәрін бірдей күресінге тастаудан аулақпыз. Мейрамбек Бесбаев «Көзіме көрінбесең, көрінбе сен» деген Мұқағалидың сөзіне жазылған әнді орындайды.
Көзіме көрінбесең, көрінбе сен,
Күнім боп тұра бергін көгімде сен.
Бұлт болып шуағыңда тұтыла қап,
Нөсер боп селдетіп мен төгілмесем» деген қайырмасына келгенде, еркіңнен тыс қосылып кеткеніңді байқамай қаласың. Композитор туралы әңгіме басқа. Әннің әрленуі де, Мейрамбектің дауысы да мәтінмен шебер үйлескені көңіл қуантады.
«Каспий» тобының орындауындағы «Жарығым-ай», Ерболат Құдайбергенов рэп жанрында өңдеген «Сүйгісі келе берер сүйген ерін», «Сәт триосының» репертуарындағы «Қайтеміз көнбегенде...» біршама әсерлі шыққан дүниелер. «Нұр-Мұқасан» мен «МузАРТ» топтары «Бақытыңды жырлайды», «Сенің көзің...» сияқты шығармаларды да өз деңгейінде алып шықты. Аталған әндер түрлі хит шерулерде топ бастағаны - жақсылықтың нышаны.
Ал «Ғашықпын, шын ғашықпын сол адамға» деп шырқайтын әнші қыздың есімі есте қалмапты. Бәлкім, әп-әдемі өлеңді тұғырынан тайдырған әншінің өзі де, әні де тыңдармандардың санасынан тез өшіп қалғаны дұрыс та шығар?!
Ауладағы жастар да, үлкен сахнадағы әншілер де жиі шырқайтын бір ән бар. «Ұнатамын» деп аталады. Сөзі Мұқағалидыкі, әнін жазған белгілі композитор, бард әншісі Табылды Досымов.
«Ұнатамын мен сені, дегенменен,
Көрмегенді өзгеден сенен көрем.
Өз обалың өзіңе, өзіңнен көр,
Ғайып болсам бір күні егер де мен»,
- деп келетін әннің жарық көргеніне жиырма жылдан асса да, әлі күнге ескірген жоқ. Ән авторы Табылды Досымов өлеңнің екінші шумағындағы «Сенің ғана ырқыңа бас алдырып» деген жолға аздаған өзгеріс енгізіп, «ырқыңа» деген сөзді «еркіңе» деп алмастырыпты.
«Ұнатамын мен сені,
Арманымдай еңселі,
Жүрегімнің бөлшегі,
Ұнатамын...
- деген қайырмасын да өз жанынан қосқан. Өзінің айтуынша, ұлы ақынды «түзеткеніне» көңілі күпті болған Табылды Досымов жаңа әнін жұртқа жаймас бұрын, ең алдымен ақын Жұматай Жақыпбаевқа алып барыпты. Жұматайға гитарамен орындап беріп, «Аға, Мұқаң тірі болса, не айтар еді?» деп сұраған ғой. Жырдың да, әннің де парқын түсінетін ақын:
- «Әй, бала, Мұқаң тірі болса «керемет ән» деген болар еді. Айта бер», - деп композитордың көңілін демдеген екен.
Бұл оқиғаны неліктен тілге тиек етіп отырмыз? Бүгінде Мұқағали Мақатаевтың шығармаларына ауыз салғыш әуесқой композиторлар мен әншілер көп. Саф өнердің бағасын түсіріп жүргендердің бір парасын жоғарыда тізбелеп өттік. Солар Мұқағалидың мұрасына қол сұғар сәтте Табылды Досымов сияқты өз-өздеріне «Мұқаң тірі болса, не дер еді?» деген сауал қоя ма екен?!

«Нұр Астана» газеті, 27.08.2009

 

0 пікір