Сенбі, 20 Сәуір 2024
46 - сөз 5122 20 пікір 5 Сәуір, 2023 сағат 12:40

Жарапазан айту мәдениет пе, әлде қайыршылық па?!

Есіме еріксіз мына бір уақиға орала берді...

Қазір телефонда қаптап жүрген жарапазаншылар. Бала-шаға емес, білдей-білдей өнер иелері. Осыны көрген сайын көңілім күпті бола берді...

Бала кезім. 90 жылдардың басы еді. Кешкісін сабақ қарауға отыра бергенім сол еді, үй сыртынан жарапазан айтқан 3-4 баланың үні естілді. Мен елең етіп үйден шыға жөнелдім. Жеңгем жарапазаншыларға татті ұстатып, азын-аулақ тиын да берді. Ақшаның шетін көрген жерден менің ішім қылп етіп, таныс балалар болған соң үйдегілерге білдірмей ере жөнелдім. Он шақты үйге бардық. Бәрі тәтті-кәмпит, кей үй ақша да берді. Дәніге түстік.

Ауылымызда 90 жастан асқан қадірлі қартымыз бар еді, қомақты ақша дәметіп сол үйге де соқтық. Біз жарапазан айта барғанда қария есік алдында дәрет алып отыр екен. Құманын қойып қойып, қыбыр етпей тыңдап алды да, қараңғыда тани алмады ма, әлде, әдейі істеді ме; шетімізден «сен кімнің баласысың?»,- деп сұрап шықты. Әбден сұрап болған соң, шекесін шеңбектеп, төмен қарап отырып:

- Жә, балалар, жарапазан айтып жүр екенсіңдер, осы салттың түпкі шығу тарихын білесіңдер ме? - деді. Біз үнсіз бас шайқадық.

Ақсақал сәл күрсініп, ендеше тыңдаңдар! Мына жүргеніңнің қай қайсысың да бардам жердің балалары екенсіңдер. Жарапазан айту сендерге жараса қоймас. Салт-дәстүрдің озығы мен тозығы болады. Қазір ешкім аш жүрген жоқ. Сондықтан бұл дәстүрдің тозығы. Бұрын аш-жалаңаш кедейлер байларды жағалап жан баққан. Ораза ұстаған қарау байдың жүрегін жібітіп, тамақ сұрап жеу үшін жарапазан айтқан. Үйің, үйің үй екен,

үйдің көркі ши екен.

Ақ төбедей көрінген,

Қандай байдың үйі екен... деп басталуы да тегін емес. Байға көпшік қоя сөйлеп, көңілін аулап, тамағын тауып жеген. Яғни, бұл қайыршыршылықтың бір түрі... Мындай қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған заманда жамандық шақырмай, үйлеріңе барыңдар! Бұдан кейін бұндай жамандық жасамаңдар! - деп қайтарғаны әлі есімде. Содан кейін біз тұрған ауылда біз де, бізден өзге де жарапазан айтқан жоқ...

Ал, қазір заман одан да жақсы. Бірақ, мына саңырау құлақша қаптаған жарапазаншыларға «қойыңдар!» дейтін қария көрмедім. Дорба мен домбыра көтеріп жарапазан айтып жүргендер өздерін қатты мәдениетті сезінетін сыңайлы.

Ақсақалдыкі жөн десем, жаппай қайыр тілеп кеттік пе деп қорқам...

Әлгі ауылымыздың қарты қателесті ме, әлде бүгінгі жарапазаншылар қателесіп жүр ме?

 

Тұрсынбек Кешубай

Abai.kz

20 пікір