Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Әдебиет 2232 0 пікір 30 Наурыз, 2023 сағат 12:46

Жүректі қалай жұбатам?

Жалған дүние ғана емес, Абайын сабатқызған, Мағжанын қаматқызған, талай ақынды иттерге талатқызған Өлең де әйел адамға қайбір опа береді дейсің! Олар сонда да жігіттермен жарыса жүріп, жүректегі шер-шеменді жырымен ерітеді. Жалғыздықтан құтылар жол іздейді. Гүлзакираның өлеңдерін оқып отырып та осы сөздің шындығына көз жеткіземіз.

Гүлзакира Әбілдаева Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірді. Шиеттей бала-шағасын жеткіземін деп, Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде, «Пионер», «Мәдениет және тұрмыс», «Білім және еңбек» журналдарында, Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйі мен Әдебиет қорында, Қазақ телерадио корпорациясының Қазақ радиосы «Шет ел жаңалықтары» бөлімінде жұмыс істеп, талай есікті тоздырды. Бірнеше ұжымдық жинақтарға жырлары енген ол «Таңғы дауыс» атты жалғыз кітабының жарық көргенін місе тұтып өмірден озды. Місе тұтпаған да шығар, оған жарық дүниенің берген мұрсаты осы болды.

Сіздерді ақын қарындасымыздың бір топ өлеңдерімен қайта қауыштырғым келіп отыр.


Гүлзакира ӘБІЛДАЕВА

(1956–2004)

ТАҢҒЫ ДАУЫС

Шыққанда Күн, сал самал белеңде есіп,
Өрекпіген кеудемде өлең көшіп,
Тұсаулықты жасырған көк шалғында
Шық шырағын шалдықпай келем кешіп.
Шұғылаға шығыс бет шомылғандай,
Ақбөкендер тосады жолыңды аңдай.
Шымқай қызыл шып-шымыр таң бояуын
Қос уыстап сімірем шөлім қанбай.
Қуаныштан тауысып бар ақылды,
Жанарымда тамшы жас дара тұнды –
Айдын көлге, аққуым, қонғаныңда
Күн нұрына сүйкеп ақ қанатыңды.
Толқын туып ғайыптан тал денемде,
Сөз беремін арлы ой, арлы өлеңге.
Мен сенбеймін осынау жарқын таңның
Дидарында жамандық бар дегенге!
Ізгілік боп маздасын көшелі ойым,
Қысастықтың шоғын еш көсемеймін.
Атшы, таңым!
Мен сенің шуағыңды
Бұрымыммен өзімнің қоса өрейін!

ЖҮРЕКТІ ҚАЛАЙ ЖҰБАТАМ?

Қияңқы тағдыр қыстықпас жерде қыстығып,
Сен салған салмақ жан-жүрегiме түстi нық.
Сап-салқын өңiң елестеп кетсе көзiме:
«Сүймеймiн сенi!
Сүймеймiн сенi!
Сүймеймiн!..» –
деймiн ышқынып...
Қоңырқай кеште құла бiр дөңнен ән құлап,
Есiме түссе екеуiмiз құрған сән жұмақ,
Жiгiт бiткенге жiбiместей болған жүрегiм:
«Сүйесiң оны!
Сүйесiң оны!
Сүйесiң!..» –
дейдi қан жылап...
Қып-қызыл нұрын алдымнан төгiп қына таң,
Шабытым жебеп,
Тамырда ойнап бұла қан,
Өзiмдi жырмен жұбатармын-ай,
алайда...
Өзiң деп соққан жүректi қалай жұбатам?!

САҒЫНЫШПЫСЫҢ?

Сағынышпысың сарғайған,
Сабылып жеткен шалғайдан?
Сандуғаштарын сайратып,
Сезiмiм мұңды толғайды ән.
Толғайды-ау дейсiң егiлiп,
Жеткiзбей қашып, тегi, үмiт,
Ынтызар жанарларымнан
Ып-ыстық жасым төгiлiп.
Өртiм боп шықтың, күрсiнсем,
Дертiм боп, жаным, тұрсың сен.
Тастасам дағы мың серпiп,
Түсiме енiп жүрсiң сен.
Сырымды жанға айта алмай,
Шалқарым шексiз шайқалмай,
Қамығып жүрем,
Күндерiм
Ұрланып қашып, байқалмай.
Қуанышпысың, мұңбысың,
Қамажай көркiң нұр өптi.
Көзiңнiң қадап сүңгiсiн,
Жаралап кеттiң жүректi.
Күйретiп кеттiң, жаным-ау,
Күлкi емес менiң күлкiм де.
Өз бақытыңды танымау
Мүмкiн бе, айтшы, мүмкiн бе?

* * *

Сағынышым кеудемде қоздасын кеп!
Қарлы қаңтар!
Марғау ай...
Түн де ұзақ-ты...
Сырғанаған жүзімнен көз жасым боп,
Жабыңқы аспан қойнынан жұлдыз ақты.
«Табысарсың қайта...» – деп бүр атты үміт,
Саған қарай жол шығып жүрегімнен.
Терезеге телміріп,
Жылап тұрып:
«Жұлдызым жоғары...» – деп тіледім мен!

* * *

Махаббат мұңыменен
Түсiп ап бөтен iзге,
Бiз ендi шыныменен
Табыспай кетемiз бе?
Осы ма қаусатқаның
Дүмбiлез дауыл – қайғы.
Жанардың моншақтарын
Кiрпiгiм ауырлайды.
Сен мұны сезгенiңде
Табар ең ақырғы емiн.
Тұңғиық көздерiңде
Жолдарым жатыр менiң.
Қатыгез бұл өмiрде
Қалайша тұрақ табам?
Жұбатар жүрегiңде
Жұбанбай жылап барам...

* * *

Қамығып жүрген шағымда
Жүрегiмдi орап жалынға,
Сағыныш-мұңға малынған
Хат келдi сенен тағы да.
Жанардан жасыл жай ақты
Бояуын бұлтқа жалатқан.
Бозторғайымды оятты
Сен жақтан атқан абат таң.
Көңiлден қашып мұңды күн,
Керiм де, керiм ән салып,
Кемел ойларға сүңгiдiм,
Келер күндердi қарсы алып.
Айналдым сенен, ақылдым,
Мұңайған, шақта жебедiң.
Шырқау биiкке шақырдың,
Тұп-тура тартып келемiн!

КҮЙЗЕЛУ

Жүрегiмнiң түбiне терең бойла.
Абай.

Қайда... қайда кешегi тұнық қылық,
Өзге бiр көз кеттi ме сыр ұқтырып?
Өлiп-өшiп тұрмайсың бұрынғыдай,
Қарсы аласың суықтау,
Сұлық тұрып.
Баспалаған барыстай тау шатқалын
Елегзимiн, үмiтiм қаусап қалып.
Баяғыдай аялап алақаның,
Тарамайды шашымды саусақтарың.
Ақылдым-ау, ерен саз, ерек үндi,
Нендей күнә бойымнан көре бiлдiң?
Саған керек болмасам,
Мойындаман
Өмiрге де өлшеусiз керегiмдi.
Бiрiмiзге бiрiмiз өлiп-талып,
Қаншама рет маздадық сөнiп барып!
Бездiң бе сен бейуақыт, бозторғайым,
жанарымнан жалғандық көрiп қалып.
Сырымды ашып сапарлы серiкке сан,
Аптығымды ертеңге сенiп басам.
Адыр мiнез ақының емес пе едiм,
Кiм ұғады жайымды сен ұқпасаң?!

* * *

Өзгерді...
Бәрі өзгерді...
Сен де...
Мен де...
Көк атты ұқсас көңіл көлденеңге.
Өзіңді есіме алам кешеу күзде,
Сезімнің қоламтасы сөнбеген бе?
Сенімен сенім қосқан кез есімде,
Шынымен сол күндерден безесің бе?
Сүлеймен кекті буға айналдырған
Кеудемнің дию жатыр көзесінде.
Іргемнен күздің желі есті есіре,
Қоймайды-ау уақыт гүлді өшпесіне.
Табысқан біз екеуіміз тамбурында
Өзгерді пойыздардың кестесі де.
Қыс келсе, бұрқырайды қыр ақпаны,
Оралмас сол бір көктем жырақтағы…
Дариға-ай, сен деп соққан жүрегімнің
Дүрсілі өзгермейді бірақ-тағы!

* * *

Есіңде ме жапандағы жалқы бақ,
Мөлдір аспан,
Мөлдір ауа,
Шипа түн?
Тұңғыш рет саусақтарың қалтырап,
Бұрымымнан сипадың.
Еркімді алып беймәлім бір бұла ағын,
Құшағыңа үнсіз келіп құладым.
Көрдім сонда жанарыңнан жақұтты,
Көрінбейтін жұлдызымның шуағын.
Құмыр түннің қызығына көз қанбай,
Тұрдық солай...
Тұрдық солай қозғалмай.
Мына әлемнің шалқар-шалқар шаттығын
Тек біздердің бағымызға жазғандай.
Бақыт түгіл, қайғысы да шекердей
Ғашықтарды бақытсыз деу бекер ғой.
Біз бөлінсек: жасыл ғұмыр – жер шары
Қарс айырылып, қақ бөлініп кетердей!

Топтастырып ұсынған Байбота Қошым-Ноғай

Abai.kz

0 пікір