Сенбі, 20 Сәуір 2024
Билік 2361 19 пікір 29 Наурыз, 2023 сағат 13:56

Бүгін: Мәжіліс ант берді. Үкімет сөгіс естіп, доғарысқа кетті

Бүгін ҚР Парламентінің Мәжілісіне су жаңа сайланған депутаттар ант берді. Мәжілістің сегізінші шақырылымда 6 саяси партиядан 69 депутат пен бір мандатты округтер бойынша сайланған 29 депутат жұмыс жасамақ.

Ант қабылдау рәсімі

ОСК мен экзит-полдың есебінше, Мәжілістегі айқын басымдыққа «Аманат» партиясы ие. Одан бөлек, Ауыл, Ақ жол, Республика, ЖСДП және КХП партиялары да Мәжіліске өткен.

«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен Тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін», - делінген ант мәтінінде.

Дәл осы мәтінде бүгін 98 депутат ел-жұрттың алдында айтты. Айтты да қызметтеріне кірісіп кетті.

Президент не деді?

Онан соң VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясы ашылды. Жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Бірқатар реформалық мәселелерді талқыға шығарды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясының ашылуында көтерген мәселелері:

БІРІНШІ. Іскерлік белсенділікті ынталандыру қажет.

ЕКІНШІ. Еліміздің өндірістік әлеуетін барынша арттыру маңызды.

ҮШІНШІ. Инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарау қажет.

ТӨРТІНШІ. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беру қажет.

БЕСІНШІ. Адам капиталының сапасын барынша арттыру керек.

АЛТЫНШЫ. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды қолдау – басты міндеттің бірі.

ЖЕТІНШІ. Адам құқығын қорғау жүйесін нығайтуды жалғастыру керек.

СЕГІЗІНШІ. Мемлекеттік басқарудың тиімділігін және стратегиялық жоспарлаудың сапасын көтеру қажет.

«Соңғы жылдары әлемде теңдессіз геосаяси, экономикалық және технологиялық өзгерістер болды. Осыған орай, біздің кейбір стратегиялық құжатымыз өзектілігін жоғалтты. Сондықтан «Қазақстан – 2050» стратегиясын» түбегейлі қайта қарау қажет. Яғни, бұл құжатты қазіргі жаһандық үдерістерді ескере отырып, ел дамуының ұзақ мерзімге арналған басымдықтарын айқындайтын стратегияға айналдыру керек. Жалпы, кез-келген жұмыс мұқият жоспарлануы керек. Сонда мемлекеттік саясат стратегиялық сипатқа ие болады және тұрақты жүзеге асырылады. Сонымен бірге еліміз кез келген сын-қатерге төтеп бере алады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мәжілісті Қошанов қайта тізгіндеді

ҚР Парламенті Мәжілістің төрағасы лауазымына Ерлан Қошанов сайланды. Ерлан Қошановтың кандидатурасын Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов ұсынды. Дауыс беру нәтижесі бойынша палата депутаттары ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы қызметіне Ерлан Жақанұлы Қошановты бірауыздан сайлады.

«Бұл сенім мен үшін үлкен мәртебе, сондай-ақ халқымыздың алдында зор жауапкершілік. Сондықтан палата депутаттарымен бірге сайлаушылардың аманатын, Мемлекет басшысының реформаларын жүзеге асыру үшін тәжірибемді, бар күш-жігерімді саламын деп уәде беремін», - деді Мәжіліс төрағасы.

Қошановтың екі орынбасары сайланды

Онан әрі палата төрағасының екі орынбасары сайланды.

Дауыс беру барысында отырысқа қатысқан 97 депутаттың 96-сы Альберт Раудың кандидатурасын қолдап, 1 депутат қалыс қалды.

Осыдан кейін Мәжіліс төрағасы 2-ші орынбасары лауазымына Дания Еспаеваның кандидатурасын ұсынды. Дания Еспаеваның кандидатурасын 94 депутат қолдады, бір депутат дауыс берген жоқ, 2 депутат қалыс қалды.

Мәжілісінің комитеттері саны мен атаулары өзгеріссіз қалды.

Осылайша Мәжіліс комитеттерінің саны мен атауы мынандай құрамда қалатын болды:

  1. Аграрлық мәселелер комитеті
  2. Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті
  3. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті
  4. Әлеуметтік-мәдени даму комитеті
  5. Қаржы және бюджет комитеті
  6. Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті
  7. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясында Премьер-Министрдің кандидатурасын сайлауда жеңіске жеткен «Amanat» партиясы ұсынатынын айтты.

«Мен Премьер-министрдің кандидатурасын сайлауда жеңіске жеткен партия Мемлекет басшысына ұсынуға құқылы деп айттым. Осы ретте, саяси жауапкершілік те сол партияға жүктеледі», - деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев Үкіметті сынады: Министрлер шешім қабылдаудан қорқады

Тоқаев VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясында мемлекеттік аппарат пен норма шығару қызметін бюрократиясыздандыру тиісті деңгейде жүргізілмегенін айтып сынады.

«Былтыр мемлекеттік аппарат пен норма шығару процесінің қызметін бюрократиясыздандыру бағытында маңызды жұмыс басталды. Ең маңызды мәселелер бойынша сапалы заңдарды тез қабылдау үшін қажетті жағдайлар жасалған.

Алайда, мойындау керек, шынайы бюрократиясыздандыру болған жоқ. Үкімет бюрократия мен ведомстволар арасындағы, Үкімет пен Президент Әкімшілігі арасындағы көптеген келісімдерге сәйкес келетін маңызды шешімдерді қабылдаудан бас тартады.

Министрлер шешім қабылдаудан қорқады, жауапкершілікті әріптестеріне немесе қарамағындағыларға жүктейді. Мұның бәрі қолайсыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыған дейін Әлихан Смаиылов басқаратын Үкімет өздерінің доғарысқа кететінін, жаңа Үкімет жасақталғанға дейін міндеттерін уақытша атқаратынын мәлімдеген еді.

Abai.kz

19 пікір