Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Қазақтың тілі 3081 14 пікір 28 Наурыз, 2023 сағат 13:31

Қазақ тілін оқытуды жүйесіздік жайлаған

Иә, мектепте болсын, балабақшада болсын, жоғары оқу орындарында болсын дым жүйе жоқ. Қазақ тілін ең көп оқытатын мектеп. Мәселен қазақ мектебі бірінші сыныптан он бірінші сыныпқа дейін қазақ тілін 1000 сағаттан артық оқиды екен. Орыс мектебі де соған шамалас. Нәтиже төмен. Тіпті орыс мектептерінде нөлге жақын.

Мен мұның бәрін осы саланы ұйымдастырудағы жүйесіздіктен көремін. Оқулық нашар. Оқулықтың шығатын жері – бағдарлама. Біз осыған дейін отыз жыл ішінде бірнеше бағдарлама ұсынып бекіттік. «Түбін тексермей еліктеуді маймылша еліктеу»,-дейді ұлт ұстазы Ақымет Байтұрсынұлы. Соңғысын (жаңартылған бағдарламаны) солай еліктеп сырттан импорттап әкелдік. 2017 жылдан бері, міне алты жыл болды, бұл бағдарлама әлі сіңбей жатыр.

Қазақ тілін жүйелеп оқыту тарихы ұлт ұстазы Ақымет Байтұрсынұлы еңбектерінен басталады. Одан кейін кеңес кезіндегі тіл деңгейлерін әр сыныпта бөлек-бөлек оқыту жүйесі болды. Тәуелсіздік алған жылдары «Жаңа буын оқулықтары» деген атпен жаңа оқулықтар жазыла бастады. Әр кез орта мектепті он екі жылдыққа көшіреміз деген ұсыныстар айтылып, тіпті соған арнап бағдарлама жазылып, пилоттық оқулықтар да шығарылды. Абай мектебі желісін дамыту идеясымен қазақ тілі мен әдебиетіне тереңдетіп оқытатын бағдарлама жазылып бекітілді. Қазір қолданыста. Бірақ әлі оқулықтары жоқ.  Ал жалпы орта мектепке арналған бүгінгі қолданыстағы жаңартылған бағдарламаға сын көп. Ол бағдарлама алғаш шыққан кезде грамматика мүлде жоқ еді. Оны әлгі жасырын авторлар әр жаңа оқу жылында жолай жапсырып отырды. Сонда деймін-ау бағдарламаның бекітілетіні,  әділетке тіркелетіні қайда қалды деп  аң-таң болып жүрдік. Жаңартылған бағдарламадағы кемшілік тек грамматикаға ғана қатысты емес екені күннен күнге айқындалып, бұны түбірімен өзгерту керек екендігі белгілі болды. Сол үшін жаңа стандарттар жасалып, соған сәйкес жаңа бағдарлама жазу қолға алынды. Ниет дұрыс. Бірақ бұның ұйымдастырылуы қате. Дайын болған соң министр ол бағдарламаны ашық қоғамға шығарамыз дейді. Қуырдақтың көкесі сонда болайын деп тұр.

Егер о баста бағдарламаның тұжырымдамасын, (концепциясын) ғылыми көпшіліктің алдына салып, пысықтап алғанда мұндай болмас еді. Мамандар өздері жасаған өнімін кез келген ортаның, тіпті парламенттің алдында да қорғап жауап беретін еді. Оны ашық қоғам алдына салудың қажеті де болмас еді.

Бұның барлығы алдыңғы жарамай қалған жаңартылған бағдарламаны жасағандардың жаңа жасалып жатқан мына бағдарламаның ішіне араласып, республикадағы тілші мамандармен кең түрде талқыламай, жасырып тығып істегендерінің кесірі.

Жаңартылған бағдарламаны кезінде өздерін қанша жасырғанымен Назарбаев Зияткерлік мектебінің мамандары әкеліп кіргізді. Жоғарыда ұлт ұстазы айтқандай, түбін тексермей, маймылша еліктеді.  Иә, қателеспейтін адам жоқ. Тек түк істемей отырғандар ғана қателеспейді. Алайда олар әкелген бағдарлама жарамай қалды ғой. Енді оны түзетуге қайта солар кіріскені түсініксіз. «Методом проб и ошибок» тәсілімен жұмыс істеу өресіздердің тәсілі. Еліміз бойынша отызға жетпейтін мектебі бар, өздерін зияткерлік мектеппіз деп атайтын ұжымның о баста орта мектептің барлығына тұтас реформа жасауына мүмкіндік берілгенінің өзі қате қадам. Басқа пәндерді былай қойғанда қазақ тілі мен әдебиетін қылышынан қан тамып тұрған кеңес кезінің өзінде өз мамандарымыз жазатын. Мектепке ең құрығанда ғылыми-әдістемелік жағынан негізделген бағдарлама жасап бере алмаса, үкімет Алматыдағы Тіл институтын, Астанадағы Тіл орталығын, Ы.Алтынсарин академиясын не үшін асырап отыр?

Мәселе әлі шешілмеген. Біз қазір әлі сол жаңартылған бағдарламаны қабылдаған 1916 жылғы нүктеде тұрмыз. Бағдарлама жасау бұл ғылым. Бұнда ғылыми жұмыс жазудың барлық тәртіптері орындалуы керек. Алдымен, бұған дейін не істелді, олардың кем-кетігі артықшылығы,кәдеге жарайтыны талдану керек. Алдымызда

1. Ақаң салған із, үлкен арна жатыр;

2. Кеңес кезіндегі оқулықтар бар;

3. Тәуелсіздік алған кезде жаңа буын оқулықтары шықты;

4. 12-жылдық мектепке арналған пилоттық оқулықтар болды;

5. Қазіргі қолданыстағы жаңартылған бағдарламаны сараптау керек;

6. Абай мектептер желісінің бекітілген бағдарламасы бар.

Жаңа бағдарламаның осылардан артықшылығы, ұстанымы ғылыми-әдістемелік жағынан тастай болып негізделуі керек еді ғой. Қазіргі жасалып жатқан жаңа бағдарламаның жобасын көрдім, жүйе жоқ. Грамматиканы оқыту бойынша баяғы тәуелсіздік алған кездегі жаңа буын оқулықтарының ұстаныма қайтып кепті.

Алдымен тұжырымдамасы (концепциясы) жасалуы керек еді ғой. Соған сәйкес, бағдарламаның қаңқасы түзіліп ғылыми көпшіліктің алдында талқыланып, бір пікірге келуіміз керек болатын. Басты нәрсе бастау  нүктені (точка отчета)  анықтап алуымыз керек. Пәннің негізгі (басты) мақсаты не? Алдымен соған тоқайласып алуымыз керек.

Мұның бірде бірі істелген жоқ. Тағы тығып әкеп, шикі бірденені мектепке енгізбекші. Бұл жаулық емей не?

Бижомарт Қапалбек

Abai.kz

14 пікір