Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Дін мен тін 2815 12 пікір 27 Наурыз, 2023 сағат 12:54

Жаратушыдан хабар алған Жанат

Инстаграмда 2 миллион жызылушысы бар, журналист Жанат Бақыттың соңғы жазбалары мен айтқандары қоғам назарын аударды. Бірде: «Қазақтың Кенесары, Махамбет бастаған батырларының рухы дүниеге қыз болып келіп жатыр», - десе, енді бірде Алланың миссиясының аяқталғанын, намаз оқу мен ораза ұстаудың қажеті қалмағанын айтуда.

Мұндай күпірлік сөздердің жұрттың жағасын ұстатқаны даусыз. Бір қауымы Жанаттың әрекетін «жын тигенге» баласа, жақыннан танитындар «жұмыстан шығарылуы мен ағасының қайтыс болуы санасына салмақ салып, сеңсоқты күй кешіп жүр», - дейді. Тіпті, көптеген адамдар Қазақстан діни басқармасына хат жазып, оның әрекетіне баға беруді, тыйым салуды өтініпті.

«Хәкім Абай: «Алла тағала - өлшеусіз, біздің ақылымыз - өлшеулі. Өлшеулімен өлшеусізді білуге болмайды» деп айтқан. Осы ретте барша мұсылман қауымын, барша отандасымызды журналист Жанат Бақыттың сөзіне еріп, дәстүрлі сенімімізге селкек түсіріп, ел ішінде арандатушылық тудырудан сақ болуға шақырамыз. Қасиетті Рамазан айында мұндай ауыр сөз айтып, ел ішінде наразылық тудырып алудан сақ болайық. Тұтқан ораза қабыл болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Алла тағала тәуелсіздігімізді баянды етсін», - делінген әлеуметтік желіде тарап жүрген ҚМДБ ның орынбасар төрағасы Ершат Оңғардың көпке арнаған үндеуінде.

Дінтанушы Қайрат Жолдыбай да Жанатқа діни ұстанымының қате бағытқа түсіп кеткенін түсіндіру мақсатында кездесуге тырысқанын, бірақ қарсы тараптың бас тартқанын жеткізуде. «Кемел адам» кітабының авторы Қайрат Жолдыбай да, «Тікток имам» атанған Нұрлан қажы да Жанаттың жазбаларын Буддизмнің реинкарнация ағымымен байланыстырады. Жанаттың соңғы тікелей эфирде айтқан: «Балық дәуірі аяқталды. Алланы жіберіңдер, Мешіттер мен молдалардың, шіркеу мен әкейлердің (поптың) қажеті қалмады», - деген сөзінен әлемде көп тараған ислам мен католог дінін жоққа шығарып тұрғаны анық байқалады.

Реинкарнация – Бұдда дінінде қайтадан туылу, дүниеге қайта келу ұғымын білдіреді екен. Аталмыш діннің тәпсірлерінде жазылуынша «адам өлген соң, дүниеге қайта келеді. Тірі кезінде жасаған жақсылықтарының салмағына қарай көкке шығады, Асураға (үңгірдегі әулие), адамға айналады. Тірі кезінде жасаған жамандықтарына қарай тозаққа түседі, албастыға, хайуанға айналады. Бұл «алты айналым» деп аталады екен. Өлген адамның неге айналатынын жантәсілім сәтіндегі денесінің қызуына қарап, болжауға болады – мыс. Денесі табанынан бастап суыса, төбесі ыстық болып тұрса – әулиеге, көзі ыстық болып тұрса – көкке шығады, жүрек тұсы ыстық болып тұрса – адамға айналады – мыс. Басынан бастап ішіне дейін суыса, қарыны ыстық болып тұрса – албастыға, тізесі ыстық болып тұрса – хайуанға, табаны ыстық болып тұрса – тозаққа түседі – мыс.

Жанаттың көктемдегі, наурыз бен ораза кезіндегі әрекетіне пікір білдірген жоғардағы дін өкілдерінен басқа, діни теологтардың пікірін, жан-жақтылы сараптамасын байқамадық. Керісінше Жанат бірер сағат бұрын фейсбук парақшасында: «Сенің айтып жүргенің дұрыс, Жанат. Сөзге ермей, қорқып қалмай, еңсеңді тік ұстап жүргеніңе алғыс. Осы екі күннің ішінде жаныңда шулап жүргеннің бәрі артқа шегінді. Саған сенбей қалды, басын шайқады, қорқып жүр. Берілме. Әзірге 6 адам тұр қасыңда, жүректері таза.

Ақсарбаз арамыздағы келісім бойынша, Планета иесі енді – Аналық негіз. Ол су патшайымы. Жаңа дәуірде ол өз жұмысын біледі. Жарады, тазалайды, қорықпаңдар.

Сен ештеңеден қорықпа, өзім қасыңдамын, батырлық бердім. Керек кезінде жолдау айтып отырамын. Жаңа деңгейің құтты болсын, оят, ісіңді орында», - деді жаратушы деп жазба жариялады.

Abai.kz

12 пікір