Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Саңлақ 5350 5 пікір 27 Наурыз, 2023 сағат 12:38

Тарихи жеңіс

Қазақстан футбол құрамасы финалдық сыны 2024 жылы Германияда өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу ойынында Дания құрамасын 3:2 есебімен жеңді!

Бұл – қазақ футболшыларының Дания командасымен бесінші рет белдесуі болатын. Осыған дейінгі төрт ойында да дат құрамасы жеңіске жеткен еді. Кеше «Астана-Аренада» өткен кездесуде де әуелі қонақтар қанжығасын оңай майлайтындай көрінген. Олардың алғы шептегі жас шабуылшысы Расмус Хейлунд 21 және 36-минуттарда екі гол соғып, өз командасын алға шығарды. Бірінші тайм біткенде «Ірі есеппен ұтылып, масқара болмасақ жарар еді» деген ойға берілмеген қазақ жанкүйері аз болмаған шығар. Дегенмен аздаған үміт те жоқ емес-ті. Өйткені матчтың алғашқы бөлігінде біздің жігіттер, жалпы алғанда, жаман ойнамаған-ды.

Екінші таймда Қазақстан құрамасы сол алған бетінен тайған жоқ. Осыдан төрт ай бұрын ғана Қатар жасыл алаңдарында өткен әлемдік доп додасына қатысқан мықты командаға қарсы, қанша қиын болса да, тайсалмай ойнады. Ақырында өз айып алаңында қолымен ойнаған Йонас Виндтің қателігінен соң төреші пенальти белгіледі. Оны Бақтияр Зайнутдинов мүлтіксіз орындады. Бұл – ойынның 73-минуты еді. Алда әлі жиырма шақты минут бар. Қазақстан құрамасы арынын ірікпей, алға ұмтыла берді. 86-минутта команда капитаны Асхат Тағыберген 30 метрдей жерден ғаламат соққы жасап, Каспер Шмейхель қорғаған қақпаның торын бұлк еткізді – есеп теңесті! Ал арада небәрі үш минут өткенде сол қанаттан Ян Вороговский қарсылас айып алаңына әуелете тамаша пас тастап еді, жасыл алаңға соның алдында ғана шыққан Абат Айымбетов баспен жеңіс добын соқты – 3:2!

«Астана-Аренаға» жиналған отыз мыңға тарта жанкүйердің қуанышында шек болған жоқ. Теледидарға телмірген миллиондардың да жүрегі жарыла жаздағаны анық. Енді ше, Дания секілді даңқты команданың – осдан екі жыл бұрын ғана Еуропа чемпионатының қола жүлдесін олжалаған мықты ұжымның сағын сындырып, үш ұпай жырып алу оңай емес. «Тарихи жеңіс» деп тәпсірлеп отырғанымыз да сондықтан.

Бірінші ойында, өкінішке қарай, Словениядан 1:2 есебімен жеңіліп қалған едік. Мына керемет жеңіс сол өкініштің уытын қайтарғандай болды. Қазақстан құрамасы келесі ойынын 16 маусымда Сан-Мариноға қарсы өткізеді.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz 

5 пікір